Пікір • 12 Қараша, 2020

Химия өнеркәсібі ел экономикасын алға сүйрейді

4609 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Ұлттық экономиканың стратегиялық қуатын арттыру үшін тез арада қайта өңдеу ісінің жаңа салаларын дамыту қажет. Бұл қара және түсті металлургия, мұнай химиясы, көлік құрастыру және машина жасау, құрылыс материалдары мен азық-түлік өндіру және басқа да салаларды қамтиды» деп мәлімдеп, ұлттық экономикамызды алға сүйрейтін салаларға бөлек-бөлек тоқталып, ондағы ең өзекті мәселелердің шешілу жолдарын көрсетті. Осы орайда, отандық химия өнеркәсібінің бүгінгі хал-ахуалы, түйткілді мәселелері, даму келешегі туралы ой-пікіріммен бөлісуді жөн көрдім.

Химия өнеркәсібі ел экономикасын алға сүйрейді

Тарихтан аз-кем дерек...

Қазақстанның химия өнеркәсібінің қа­лыптасу тарихы өткен ғасырлардан бас­тау алады. 1884 жылы екі кәсіпорын бол­ған, олар Шымкент сантонин зауыты және Риддер байыту фабрикасындағы кү­кірт қышқылы цехы. 1928-1930 жылдары Қазақстанның химияландыру комитеті құ­рылды. Химияландыру комитеті жанынан минералдық және органикалық шикізат, ауыл шаруашылығы, химия-фармацевтикалық, әскери-химиялық сек­циялар ашылды. Зерттеулер ең ма­ңыз­ды проблемаларды қарастырды. Бұл зерт­теулер пайдалы қазбалардың барлық түр­ін қамтыды, республикада бай кен орын­да­рының ашылуына түрткі болды және Қазақстан аумағының геохимиялық тари­хының заңдылықтарын анықтаудың ма­ңыз­ды факторы болып табылды.

Қазақстанның химия өнеркәсібінің бүкіл Кеңес өкіметі тарихында дамуын шарт­ты түрде екі кезеңге бөлуге болады. Бірінші кезеңде (1917-1957 жылдар) Қазақ­­станда химия өнеркәсібі құрылды, рес­публиканың жер қойнауы зерттеліп, 11 зауыт пен фабрика салынды. Химия ғылымындағы алғашқы жетістіктер кө­бей­ді. Екінші кезеңде (1955-1991 жыл­­дар) химия өнеркәсібін дамытуда ірі ауқымды құрылыстар бой көтерді. 17 ірі химия кәсіпорыны салынып, онда шығарылатын өнімдердің түрлері ке­ңей­­тілді.1990 жылдың басындағы көр­сет­кіш бойынша Қазақстандағы химия өнеркәсібі өнімдерінің жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 7,6%-ды құрады. Алай­да Кеңес Одағының ыдырауы, эконо­ми­калық қарым-қатынастарының үзіл­уі салдарынан 1991-2000 жылдары Қазақ­стан­да химия өнеркәсібінің құл­ды­рауы орын алды.

 

Қайта жаңғыру кезеңі

Химия өнеркәсібі құрылымындағы басым бағыт – минералдық-шикізат ресурс­та­рын кешенді пайдалану және оларды қайта өңдеуде соңғы өнімдерді жасау бо­лып табылады. Шығарылатын өнімнің ең көбі фосфор өндірісіне тиесілі. Қазір Қа­зақстан посткеңестік кеңістікте ең ірі фосф­ор өндіруші болып табылады. Атап өтерлігі, қазіргі кезде Қазақстанда химия өнеркәсібі қайта жаңғыруда. Оған мемлекет 2010 жылдан бастап жүзеге асырған индустриялық-инновациялық даму саясаты оң ықпал етті.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінен алынған ресми мәлі­меттерге сүйенсек, жаңа өндірістерді ашу­дың индустрияландыру картасы бо­йынша 2010 жылдан бастап химия са­ла­сында бірнеше инвестициялық жоба іске асырылды. Жұмыс істеп тұр­ған кәсіпорындарды («Қазфосфат» ЖШС, «ҚазАзот»ЖШС, «Каустик» АҚ) жаңғыртудың негізгі бағыттары еңбек өнім­ділігін және ресурс тиімділігін арттыру, өнім көлемін әртараптандыру және ұлғай­ту болды.

Жаңа бәсекеге қабілетті химия өнді­рі­сін іске қосу үшін Атырау, Тараз және Павлодар қалаларында Арнайы эко­­но­микалық аймақтар құрылды. Хи­мия өнеркәсібіндегі оң үрдістер сала­ның шығарылатын өнімі көлемінде бай­қа­ла­ды. Осылайша, салада жалпы қо­сымша құн 2008 жылдан бас­тап 3 есе­ге, ал негізгі мұнай-химия өнім­де­рін өндіру көлемі 2 еседен астам өсті. Химия өнеркәсібінің дамуы туралы статистикалық мәліметтерді тал­дау үздіксіз өсімді көрсетті. 2004 жыл­дан 2018 жылға дейінгі өнеркәсіптік химия­лық өнімдердің көлемі 9 есеге жуық өсіп 43,2-ден 401,1 млрд теңгені құрады, ал 2009 жылдан бастап 2013 жылға дейінгі алғашқы бесжылдық кезеңінде бұл көрсеткіш 85,5-тен 184,9 млрд теңгеге дейін екі есе өсті. Химия өнеркәсібіндегі ең­бек өнімділігі 3,7 есе, 2009 жылы – бір адамға 13 мың долларға, 2012 жылы – 48,3 мың долларға өсті.

2004-2018 жылдары саланың айтар­лық­тай дамуына қарамастан, динамикада химия өнеркәсібінің ІЖӨ-дегі үлесі өте төмен болып қалғаны рас. Мәсе­лен 2006 жылы Қазақстанның химия кә­сіпорындары шамамен 0,57%, 2009 жылы ІЖӨ-нің 0,64% өндірді. Бұл көр­сет­кіш химия өнеркәсібі орта есеппен 5% құрайтын дамыған елдердің көрсет­кі­шінен төмен. Жалпы, бүгінге дейін Қазақстанның химия өнеркәсібі 1990 жылдың басындағы көрсеткіштерге әлі жете қойған жоқ. Статистика комитеті мен Кедендік бақылау комитетінің мә­лімет­­тері бойынша, химия өнімдерінің экспорты 2016 жылы 477,6 млн АҚШ дол­ларын құраса, импорт 1817,7 млн АҚШ долларына тең болды, немесе 3,8 есе көп.

 

Мұнай химиясы өркендесе, өзге салалар да дамиды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Қазақстанның батыс өңірлері мұнай-химия кешендерін салып, жоғары дең­гей­дегі қайта өңдеу ісінің жаңа өн­діріс­тік циклдарын құру үшін инвестиция тартатын орталыққа айналуы тиіс. Бізде бүгінге дейін мұнай химиясы мен газды қайта өңдеу жүйесінің жоқтығы – ақылға қон­байтын қисынсыз нәрсе» деп атап көр­сетті.

Турасын айтсақ химия өнеркәсібінің ма­ңызды бөлігі мұнай-химия саласы саналады. Мамандардың есеп­теу­лері көрсеткендей, мұнай-химия саласы экономикаға мультипликативтік әсер етеді. Мұнай-химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемінің 1 долларға өсуі басқа сала­ларда 2,3 долларға дейін өсім бере­ді. Өйткені халық тұтынатын тауар­лардың 96%-ы мұнай-химияның қаты­суымен шығарылады. Мұнай-химия өнім­деріне халықаралық нарықтың қажет­тілігін талдау Қазақстан үшін полиэтилен, полипропилен, стирол және полистирол, этиленгликоль және бензол шығару бойынша базалық мұнай-химия өндірістерін құру экономикалық жағынан неғұрлым тиімді болатынын көрсетті.

Мысалы қазір Атырау облысындағы «Ұлт­тық индустриялық мұнай-химия тех­нопаркі» арнайы экономикалық айма­ғында пропилен және полиэтилен шығару жобасы іске асырылуда. Бірінші кезеңі жылына 500 мың тонна полипропилен шығаруға есептелген. Құны 2,6 млрд доллар, құрылыстың аяқталу мерзімі – 2021 жыл. Бір өкініштісі, бұл жоба 10 жылдан астам уақыт іске асырылып келеді және оны іске қосу мерзімі үнемі ауыстырылуда.

Атап айтарлығы, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аталған Жолдауда: «Өнер­кәсіпке қолдау көрсетудің нақты шара­ларын да жетілдіру керек. Бізде жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ» деп мәсе­ленің мәнісін ашық айтты. Мәселен, елімізде дамуы тежеліп қалған саланың бірі – фармацевтика. Химия өнеркәсібінің дамуы отандық фармацевтиканы өркен­де­туге жол ашады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми мәліметі бойынша, Қазақстанда 68 фармацевтикалық кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың ішінде 3-еуі – ірі, 11-і – орта, 54-і – шағын кәсіпорындар.

2010-2018 жылдар аралығында 30 жоба іске асырылды, 3 мыңнан астам жұмыс орны құрылды және осы жобалар­ды іске асыруға салынған инвес­ти­ция­лар көлемі 45 млрд теңгені құра­ды. Нәти­же­сінде фармацевтика сала­сындағы өнді­ріс көлемі 4 есеге, 19,9 млрд теңгеден 78,8 млрд теңгеге дейін өсті. Сондай-ақ министрліктің ақпаратына сәйкес, 2019 жылы құны 58,9 млн АҚШ долларын құрайтын фармацевтика өнімдері экспортталса, ал 1136 млн АҚШ долларының өнімдері импортталған немесе ол экспорттан 19 есе көп. Фармацевтика сала­сы­ндағы өнім өндірісі 2019 жылы 18%-ға өсіп, 92 млрд. теңгені құрады. Яғни, Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, өнер­кәсіпке қолдау жасаудың нақты жү­йесі болмағандықтан, бұл салада ха­лық тұ­тынатын тауарларды шетелдерден әкелетініміз рас.

Сонымен қатар агрохимия саласында да шешімін таппаған түйткілді мәсе­ле­­лер көп. Қазақстанда минералдық ты­ңайт­қыштар нарығы латентті болып табы­лады. Себебі аграрлық өндірісті химияландыру нормадан 10 есеге төмен. Тыңайтқыштар мен пестицидтерді субсидиялау көлемін ұлғайту немесе топырақ құнарлылығының жай-күйін бақылауды күшейту жолымен агроөндірушілерді ынталандыру дұрыс шешім бола алар еді. Минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалану егіс алқаптарының құнарлығын сақтап қана қоймай, егін өнімділігін қосымша 25-30% көбейтеді. Ауыл шаруа­шы­лығы министрлігі шаруаларға ми­не­рал­ды тыңайтқыштарды пайдалануды ын­таландыруы қажет деп ойлаймын.

Тағы бір мәселе – минералдық тыңайт­қыш­тарды егістіктерге енгізу. А.И. Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының мәліметіне сәй­кес, астықты алқаптарға енгізілетін ми­нерал­дық тыңайтқыштардың ғылыми негізделген нормасы:

– фосфорлы (аммофос) – 45-50 кг/га;

– азотты (амиак селитрасы) – 90-100 кг/га;

– күрделі азотты-фосфорлы (нитроаммофос) тыңайтқышы – 50 кг/га фи­зи­калық салмақта топырақтың құ­ра­мына қарай енгізу керек. Алайда Ста­тис­тика агенттігінің мәліметіне сәйкес, 2019 жылы егіс алқаптарына нақ­тылай ен­гізілгені 8 кг/га ғана. Үкімет биз­нес өкіл­дерімен бірлесіп, келесі жылы әзір­лей­тін Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобада осы мәселелер де ескерілуі тиіс.

 

Білікті маман – дамудың кепілі

Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес, химия өнеркәсібі саласы бойынша мамандар даярлайтын ЖОО саны – 26, ал техникалық және кәсіптік білім саласы бойынша мамандар дайындайтын оқу орындарының саны – 12. Аталған жоғары оқу орындарында 2019 жылы 1534 маман даярланса, 2019-2020 оқу жылына 1309 грант бөлінген.

Осы саладағы өзекті проблеманың бірі – білікті мамандардың жетіспеушілігі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан хал­қы­на Жолдауында «Бізге елімізді ғы­лыми-технологиялық тұрғыдан дамы­ту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құ­жат қажет. Оның бас­ты міндеті ұлттық дең­гейдегі нақты мәселелерді шешуге ғылым­ның әлеуетін пайдалану болмақ» деп атап өтті.

Кадр даярлаудағы өзекті мәселенің бірі – биыл құрылғанына 75 жыл толған А.Б. Бектұров атындағы Химия ғылым­да­ры институтының жағдайы. Институт ғалымдарының жаңалықтарын негізге алып басқа елдерде өндіріске енгізіп жа­тыр. Ал аталған институтты мемлекет тара­пынан қаржыландыру, институт ғалымдарының ашқан жаңалықтарды өндіріске енгізу сын көтермейді. Инсти­тут­та бір кездері 900-1000-ға тарта ғы­лы­ми қызметкер еңбек етсе, 2019 жыл­ғы олардың саны – 160. Институтты базалық қар­жыландыру 2020 жылдан мүлдем тоқ­та­тылған. Демек материалдық-техни­ка­лық базасы ескірген институтқа мемлекет тарапынан қолдау қажет.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарының ерек­шелігі – алдымен оларға қомақты қар­жы салу керек, содан кейін, нәтижелер көру кезінде ғылыми-зерттеу жұмыстары компанияның, сайып келгенде – елдің өркендеуіне әрдайым үлес қосады. Ғы­лым­ды қаржыландырудың әлемдік практикасы – ғылымды мемлекет қана бар­лық қажеттіліктермен қамтамасыз ете алмайтынын көрсетті. Алайда мемлекет басқа да қаржы көздерін ғылымға ақша салуға тиімді нормативтік актілер арқылы ынталандыра алады. Білім және ғылым минис­трлігі химия өндірісіне қажетті маман­дар даярлаудың саны мен сапасын пысықтауы керек. Ғылымды қаржыландырудың ғылымды дамытуға үлес қосатын жолдарын дамыту қажет.

1

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

 

Стратегиялық маңызына назар аудару қажет

Қарап отырсақ, осы кезге дейін елімізде химия өнеркәсібін қалпына келтіру және дамыту жөнінде бірнеше бағдарлама қабылданған. Көптеген бағдарлама химия саласын дамыту процестерін жандандырмады. Олар орындалмай қалды, көрсетілген мақсаттар уақытылы және толық көлемде орындалмады. Мысалы химия өндірісі саласында тіркелген 900-ге жуық серіктестіктің тек үштен бірінің ғана белсенді болуы осы салада жүргізіліп жатқан саясаттың тиім­сіз­дігін айғақтайды. Сонымен бірге олар­дың көпшілігінің тауарлық номенкла­ту­расы негізінен төмен және орта деңгейлі өнімдер. Экспорттық әлеуеті бар өнімдерің бәсекеге қабілеттік дең­гейі өте төмен. Негізгі өткізу нарық­та­ры – ТМД елдері.

Сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті өнім шығаратын және ел экономикасына мультипликативті әсер ететін салалар байқалмайды. Саусақпен санарлық инновациялық жобалар ұзақ уақыт бойы жүзеге асырылады. Бұл кәсіпорындар іске қосыламын дегенше, олардың на­рық­тарын басқа ірі әлемдік фирмалар алып қояды. Сарапшылар заманауи химияны экономиканың тиімді, салынған инвестициялардың қайтарымдылығы жылдам және еңбек өнімділігі жоғары саласы деп санайды. Демек, ең алдымен назар аударатын, қаржы бөлетін, қарқынды дамытатын сала осы.

Мысалы сырттан тасымалданатын шикізатпен жұмыс істейтін Сингапурдың химия өнеркәсібі өз экономикасының ма­ңызды саласы болып табылады және елдің жалпы өндірістік өнімінің 30%-ын береді. Бұған қоса Ресей мен Өзбекстанның химия өнеркәсіптерінің аймақтық көш­бас­шы болуы – жарқын мысал. Менің пайым­дауымша, Қазақс­тан­ның мұнай-газ кешен­інің негізгі міндеті шикізат сату емес, жұмыс істеп тұрған мұнай өң­деу зауыттарын құрылымдық жағынан қайта құру және көмірсутегі шикізатын тереңдете қайта өңдеудің жоғары сапалы өнімдерімен алмастыру мақсатында мұнай-химия кәсіпорындарын салу болуы тиіс.

Химия өнеркәсібі Қазақстан үшін стратегиялық маңызға ие. Ішкі нарықтағы химия өнімдеріне деген қажеттілік жылына 3,5 млрд АҚШ долларын құраса, жыл сайын шамамен 2,4-2,8 млрд АҚШ доллары тұратын химиялық өнімді импорттайды. Сондықтан бірқатар химиялық зауыт құруға міндетті. Өйткені барлық дерлік ұзақ мерзімді болжамдар мұнай-химия өнімдерін тұтынудың қарқыны тез өсіп келе жатқанын көрсетіп отыр.

Осылайша, сарапшылардың пікірін­ше, алдағы 15 жылда жаһандық сұраныс­ты қанағаттандыру үшін 100-ге жуық этилен өндіретін, 400 пластмассалар шығаратын және аралық өнімдер өндіретін 200-ге жуық ірі мұнай-химиялық зауыттар құру қажет болады.

Егер қазіргі уақытта әлемдік мұнай-химия саласының кірісі жылына 1,6 трлн долларға бағаланса, 2050 жылға қарай олар 15-20 трлн долларға дейін өседі. АҚШ-тың химиялық нарықты зерттеу компаниясының мәліметтері бойынша, қазіргі уақытта полистиролды әлемдік тұтыну жылына 14,4 млн тоннаны құрайды, оның ішінде 3,5 млн тоннасы Еуропа елдерінің үлесіне тиеді.

Басқа елдерде мұнай химиясының қар­қынды дамуы Қазақстанда осындай өндірістер құруға кедергі емес. Себебі полиэтиленге, по­лип­ропиленге, бутадиен каучукына, поли­винилхлоридке, жоғары сапалы жанар-жағармай материалдарына, хош иісті көмірсутектердің түрлі кешендеріне және басқа да осындай өнімдерге әлемдік сұраныс үнемі өсіп келеді. Бұдан басқа, Қазақстан – мұнай-химия өнімдерінің басты тұ­тынушыларының бірі – Қытаймен шекаралас. Біздің солтүстік көршіміз – Ресейде – үлкен нарық.

Әрине, қазір біздің елімізде мұнай-хи­мия индустриясын дамыту енді ғана қолға алынып жатыр. Сондықтан да­йын өнімді сатудан түсетін пайданы ғана емес, шикізаттың өзін де жыл са­йын жо­ғалтады. Мысалы бүгінде елімізде мұнай өндіру кезінде ілеспе газ­дың көп мөлшері жағылып жатыр. Оны тиімді өңдеуге болады. Әзірше отандық мұнай-химия және химиялық өндірістер ішкі нарық қажеттілігінің 20%-ын ғана қамтамасыз етеді. Қазақстанда отандық химия және мұнай-химия өнеркәсібін дамыту үшін қажеттінің бәрі бар. Әсіресе химия және мұнай-химия өнімдеріне ел ішінде және шет елдерде сұраныс өсіп келе жатыр. Бұл ретте табиғи ресурстар­дың көптігін және маңызды өткізу на­рық­­­та­рына жақындығын да ескеру керек.

Химия жетістіктері машина жасау, автомобиль жасау, әуе құрылысы, энергетика, орман өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы салаларының бәсе­кеге қабілеттілігін айқындайды. Сон­дықтан Қазақстан өндірісінің бар­лық салаларының экономикасында химия өнеркәсібін дамыту өте маңызды. Осылайша, Қазақстан шикізат базасы бойынша бәсекелі артықшылықтарға ие бола отырып, өтпелі кезеңде минералдық тыңайтқыштарды әзірлеу және мұнай-газ химиясы секторында әлеуетті құру үшін өз ғылыми базасын дамытуға көшуі қажет.

Қазақстан Республикасының 2020-2025 жылдарға арналған индустриялық-ин­новациялық даму бағдарламасы 2019 жылы қабылданды. Аталған бағдар­ламада өңдеу өндірісінің барлық бағыт­ы қамтылған. Дегенмен, жұмсалған инвес­тиция жылдам әрі бірнеше есе­леніп қайтатын, бюджеттің кіріс бөлі­гін қомақты етіп толтыратын химия өндірі­сі­не ерекше көзқарас керек.

 

Әлімжан ҚҰРТАЕВ,

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты