Қоғам • 12 Қараша, 2020

Қоныс аударушыларға – жайлы үйлер

152 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Солтүстік Қазақстан облысындағы Есіл ауданы – өңірдегі ежелгі аудандардың бірі. Ол бұрынғы Ленин және Мәскеу аудандарының бірігуінен құрылған. Мұнда қазір 23,5 мыңдай адам тұрады. Соның ішінде экономикалық белсенді топқа жататындар саны 13 мыңдай. Жыл басынан бері жұмыспен 1400 адамды қамту жоспарланса, бүгінгі таңға дейін соның 1200-і жұмыспен қамтылған. Ауданда жұмыспен қамту клубы да жұмыс істейді. Онда жұмысқа орналасу бойынша ақыл-кеңестер беріледі. Осындай көмектің арқасында жыл басынан бері 15 адам жұмысқа тұрыпты. Сонымен бірге мұнда бос жұмыс орындарына жәрмеңке де ұйымдастырылады. Биыл онда 90 жұмыс орны ұсынылған.

Қоныс аударушыларға – жайлы үйлер

Мемлекеттік ішкі көші-қон бағдар­ла­масының шеңберінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмыс күші артық аудандардан ха­лық­ты Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыс­­­тарына көшіруге шешім қабылдағаны белгілі. Солтүстікке қоныс аударуға не­гі­­зінен 18-35 жас аралығындағы жұ­мыс­сыз азаматтар келіседі. Өйткені еңбек ету белсенділігі жоғары осы жастағы азаматтардың көпшілігі белгілі бір салада білімін жетілдіргісі келеді, енді бірі жоғары біліміне сай маман болуды көздейді, тағы бірі жеке кәсібін ашуды көздейді. Әсіресе құнарлы қара топыраққа жылыжайлар тұрғызып, жеміс-көкөніс өсіргісі келетіндер көп.

Халық өте тығыз орналасқан Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент секілді қала­лар мен Оңтүстік өңірлерде қалаған жұмысына орналасу немесе жеке кәсібін дөңгелетіп әкету екінің біріне бұйыра бермейді. Керісінше, жұмыс күші тапшы солтүстік аймақтарға білікті мамандар ауадай қажет. Сонымен қатар солтүстік өңірлердегі ауылдық жерлерде бала саны аз балабақшалар мен мектептер де жетерлік. Есіл ауданында да «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының шеңберінде тұрғызылған кейбір ауыл­дар­дағы тамаша мектептерде бала саны мүлде аз болып, қаңырап қалудың аз-ақ алдында тұр. Сондықтан да ішкі миграцияның мұнда пайдасы зор.

Оңтүстік пен батыстан қоныс аудару­шы­ларға мұнда ескі үйлер ұсы­ныл­май, құны бір млн теңгелік жаңа үйлер са­лы­нуда. Осы жылдың аяғына дейін Есіл ауданына да 60 тұрғын үй салу жоспарланған еді. Бүгінгі таңда соның жартысы қоныстандырылды. Сонымен бірге аудан орталығы Явленка селосында 27 пәтерлі жайлы үйдің де құрылысы аяқталды. Жуырда облыс әкімі Құмар Ақсақалов осы және басқа да жаңа үйлер­дің тұрғындарымен кездесті. Соның ішінде Түркістан облысынан көшіп кел­ген Әділхан Төлтаевтың отбасы да бар. Олар осы 27 пәтерлі үй орналасқан көшеде салынған жеті жаңа үйдің біріне қоныстаныпты. Үй иесі осында жұмысқа кіріп, балаларын қазақ мектебі мен балабақшасына орналастырған екен. «Бізге берілген үй кең әрі жарық. Әзірге жылы және жайлы болып тұр. Біз мұнда қатты суық болады дегенді естігенбіз, ондайды әлі көрген жоқпыз. Бірақ басқа адамдар өмір сүре алса, біз де үйреніп кетерміз», деп ойлаймын дейді ол.

Сонымен бірге Ә.Төлтаев бұл жердің жаз бен күздегі табиғаты өзіне қатты ұнағанын айтты. «Аққайыңды ормандар қарап тұрғанда көзіңді қуантады екен», дейді ол. Әділхан өзінің алдағы жоспарлары қатарына жылыжай ашып, жеміс-жидек өсіруді және дүкен ашуды межелеп отырғанын да айтты. Осындай оптимистік пиғылдағы азаматтар солтүстіктің болашақтағы тегеурінді тұрғындары болатынына сенгің келеді.

Жалпы, облысқа Түркістаннан ғана емес, Алматы мен Шымкент қалаларынан да көшіп келушілер бар. Былтыр Сол­түстік Қазақстанға барлығы 2333 адам көшіп келген болса, биылғы меже 2500 адам. Биыл оларға арнап жеті жүздей үй салынады, қазір оның негізгі бөлігі тұрғызылған. Облыс әкімі өсімнің сақталатынына сенетінін айтты.

Жоғарыда айтылған 27 пәтерлі үй әлеу­меттік әлсіз топтарға жататын отба­сы­ларға берілген. Кең әрі жарық үй­лер­ге түскендердің бірі төрт балалы – Екатерина Сальникованың отбасы екен. Ол әкімге өзінің алғысын жеткізді.

 

Солтүстік Қазақстан облысы