Қоғам • 12 Қараша, 2020

Зағип жандарға арналған ақылды сүйену таяғын жасады

544 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия-биология бағытындағы оқушылары Ғаламаддин Асқар, Сағынбек Талғатұлы физика пәні мұғалімі Дамир Еркмалиевтің қолдауымен зағип жандарға арналған автоматтандырылған сүйену таяғын жасап, патент алды.

Зағип жандарға арналған ақылды сүйену таяғын жасады

Былтыр қыркүйекте 12-сынып оқушылары Ғаламаддин мен Сағынбек роботтехника бойынша жобасын бастады. Олар зағип адамдарға арналған автоматтандырылған сүйену таяғын жасап, мектепішілік конкурстан өткен еді. Олар кейін бұл жобасын республикалық жарыста және Назарбаев Зият­кер­лік мектептерінің арасында ғылыми жобадан желілік сайыс­­та қорғап, екеуінен де 1-орын алды.

Автоматтандырылған сү­йе­ну таяғы – зағип, көзі нашар көретін жандарға көмек болатын инновациялық құрал. Ол жолда кездесетін кез келген кедергіні оңай анықтайды әрі дезориентация жағдайында көмекке шақыруға мүмкіндік береді. Себебі touch батырмасы бар. Таяқ жерге құлаған жағдайда дыбыс шығарып, қолданушының оны іздеп табуына көмектеседі. Белгілі бір жерге жету үшін
«А нүктесінен В нүктесіне дейін» функциясын қолдануға болады. Оның үстіне таяқта телефон нөмірлерін сақтап, қоңырау шалу мүмкіндігі бар.

Бұл жобаның ең басты ар­тық­шылығы – таяқ дөңге­лек­терінің айналуынан пайда болатын механикалық энергияның жүйені толықтай энергиямен қамтамасыз етуі. Таяқтың құрас­тырушыларының бірі Ғала­маддин Асқардың айтуын­ша, жоба идеясы зағип адамның ин­тернет­тегі сұхбатын көрген­нен кейін пайда болған.

– Көзі көрмейтін адам әңгі­месінде гаджеттерден ән, аудио­кі­тап тыңдай алатынын, ақшаны да санауға мүмкіндігі барын, яғни көп нәрсені өздігінен жүзеге асыра алатынын айтты. Бірақ оның бір жерден екінші жерге баруға шамасы кел­мейді екен. Сол кезде Са­ғын­бек екеуіміз осы пробле­ма­ны шешуді мақсат етіп, Дамир Еркмалиевтің көмегімен сүйену таяғын жасауды қолға алдық, – дейді Ғаламаддин.

Құрылғының жиналу меха­­низ­мі де ерекше. Ол барынша тез, әрі оңай кішірейтіліп, қоғамдық көлікке отырғанда қолға алуға ыңғайлы етіп жасалған. Салмағы 2 килоға жетпейді, жиналуына 7-8 секунд қана жеткілікті. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандар оны тез жинап, көлікке отыра алады.

– Таяқты жасау идеясын же­тіл­діре келе оның прототипін құ­растырдық. Ең алғаш таяқ жай ғана конструктор түрінде болды, одан кейінгісі әлдеқайда жетілді, қолдануға арналып жасалды. Кейін жоба бойынша оның мүмкіндіктерін көбейтіп, үш­інші таяқты жасадық. Бұл құ­рылғының құрылымы күрде­лі­рек әрі ыңғайлырақ болды. Жалпы, прототипті жасауға 7 айдай уақытымыз кетті. Енді ең басты жұмыс – осы жобамыздың пайдасын көпшілікке көрсету. Таяқтың тигізер пайдасы мол. Бізді қолдайтын инвестор тап­сақ, зағип жандардың өмі­рі­нің жеңілдеуіне, өздігінен діттеген жеріне барып-келуіне сеп­ті­гі­міз­ді тигіземіз деп үміт­те­немін, – дейді Ғаламаддин.

Сүйену таяғындағы құры­лым­дық бөлшектерді қозғал­ту механизмдерінің дизайны оның жинаулы күйінде не­ғұр­лым аз орын алуын қам­та­масыз етеді. Ол оңай құйы­ла­тын, әрі композициялық мате­риал­дар­дан жасалған. Бүкіл құ­рылым тех­ни­калық минимализм стилінде құрас­ты­рылған, әрі адамдардың жеке көлік қа­жет­тіліктерін қана­ғат­­тан­ды­ру­ға бағытталған. Қара­па­йым да ыңғайлы.

Жобаны бастаған екі жігіт те биыл мектепті үздік бітірді. Қазір Сағынбек Абу-Дабидегі Нью-Йорк университетінде Computer Science мамандығы бо­йынша, ал Ғаламаддин Ко­рея­дағы KAIST-те Electrical engineering мамандығы бойынша білім алып жүр.

– Түлектеріміз қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды шешу үшін университет қабыр­ғасында да идеяларын жан­дандыруды жоспар етіп жүр. Бұл – мектеп, ұстаздары үшін үлкен қуаныш және ұстаздары талантты тү­лек­те­ріне әрдайым сенім артады, – дейді Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы Аида Зайнуллиева.

 

Маңғыстау облысы