Саясат • 12 Қараша, 2020

Психотропты заттар: Саналы ұрпақтың санасын уламайық

841 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ұлт тамырына балта шабудың бірден-бір жолы – оның санасын улау. Алуан түрлі ақпараттық шабуылдарды емес, ертеңгі ел үмітінің денсаулығына, ой­лау қабілетіне, тұрмыс-тірші­лігіне тікелей әсер ететін тура мағынасында айтып отырмыз. Мәселен, ел жастарын елітетін есірткі саудасы тыйылмай тұр. Өткен он айдың өзінде осы есірткі мәселесіне қатысты 1950 қылмыстық іс тіркелді.

Психотропты заттар: Саналы ұрпақтың санасын уламайық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрлігінің ­алқа отырысында есірткі бизнесіне қарсы жұмысты жандандыру туралы тапсырма берген болатын. Бүгінде есірткі өнімінің заңсыз айналымы ішкі істер органдарының қатаң бақылауына алынған. Ал полицияның күш-жігері есірткі саудасымен айналысатын ұйым­дасқан топтардың әрекетін құ­рық­тауға және есірткі тасымалының жо­лын жабуға бағытталып отыр.

«Өткен 10 айда полиция осы заң­­сыз есірткі айналымына қатысты 1950 қылмысты анықтады. Соның ішін­­де есірткіні заңсыз саудалау фак­­тісі 1123-ті құраса, контрабан­да фак­ті­сі 87-ге жетіп отыр. Тәр­кі­лен­ген есірт­кі көлемі 3 тоннаға кө­бей­ді. Со­ның ішінде есірткінің син­те­тикалық тү­рі 90 килоға артқаны бай­қа­лады. Есірт­кі саудасымен айналы­са­тын ұйым­дасқан 6 қылмыстық топ­тың қыз­меті тоқтатылды. Соның нә­ти­же­сінде, мұндай ұйымдасқан қыл­мыс­тық топтардың 5 жетекшісі мен қыл­мыстық топтың 21 мүшесі жа­­уап­кершілікке тартылды. Оларға қа­­тысты 33 қылмыстық іс қозғалды», дей­ді Есірткі қылмысына қарсы іс-қи­­мыл департаментінің бастығы, по­­лиция генерал-майоры Тілеген Маткенов.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары 7 есірткі зертханасын жойды. Аталған операция барысында зертханадағы қолданысқа дайын 65 кило есірткі мен есірткі әзірлеу кезінде қолданылатын 140 литр химиялық зат (прекурсор) тәркіленді. Қара базарда бұл өнімнің құны 1 млрд теңгеден асатын көрінеді. Сондай-ақ жуырда еліміздің ішкі істер органдары ресейлік әріптестерімен бірлесіп жүргізген операция барысында Алматы қаласында тағы бір есірткі зертханасының көзін жойыпты. Операция барысында 3 ал­матылық азамат қамауға алынып, олардан 10 килоға жуық мефедрон тәркіленді.

Заң бұзушылар өнім өндіруді қыл­мыстық топ мүшелерінің бірінің үйінде жолға қойыпты. Ал шикізатты шетелден тапсырыс беру арқылы алдырып отырыпты. Осылайша, да­йын өнімді Алматыда өткізуді жос­парлайды. Тінту барысында есірткі әзірлеуге қажетті химиялық реактивтер, құрылғылар, компоненттер, ауа желдеткіш жүйелер тәркіленді. Бұл операцияның нәтижесінде құны 240 млн теңге болатын мефедронның 40 мыңнан астам бір реттік дозасы заңсыз айналымға жіберудің жолы кесілді.

«Бүгінде синтетикалық есірткіге қарсы белсенді іс-қимыл заңнама­лық шаралар кешенін қабылдау нә­тижесінде мүмкін болып отыр. Ба­қылаудағы тізімдерге есірткінің жаңа түрлерінің 89 атауын енгізу және олардың тізбесін Үкімет қаулысымен бекіту арқылы құқықтық аумаққа барлық белгілі психобелсенді заттарды енгізуге мүмкіндік пайда болыпты. Соның нәтижесінде бүгінде 96 кило синтетика тәркіленді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен ондаған есе артық. Есірткі айналымына қатысты 650 қылмыстық құқықбұзушылық анықталып, соның ішінде есірткіні сатудың 238 фактісі тіркелді. Есірткі таратумен айналысқан 850-ден астам сайттың жұмысы тоқтатылды», дейді полиция генерал-майоры.

Жыл сайын маусым және қазан айларының аралығында өткізілетін ауқымды «Қарасора» операциясы аяқталды. Оның негізгі мақсаты – елі­міздің оңтүстік өңірінде қарасораны (конопля) өсіру, дайындау және тасымалдаумен күрес жүргізу. Сондай-ақ есірткі таратумен айналысатын (соның ішінде есірткінің жаңа түрлері) ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекетіне тоқтам салу саналады. Опе­рация қорытындысы бойынша 830 қыл­мыстық іс тіркеліп отыр. Соның ішінде есірткі сатудың – 383, есірткіні заңсыз сақтаудың – 162, қарасораны өсірудің 233 фактісі бар.

Сонымен қатар 3 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті жойылды. Оларға қатысты 7 қылмыстық іс қозғалды. Аталған қылмыстық топтардың 2 жетекшісі, 16 мүшесі қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Нәтижесінде, 21 тоннадан астам бірнеше есірткі түрі заңсыз айналымнан шығарылды. Соның ішінде 5,5 тоннаға жуық марихуана, 300 килодан астам наша (гашиш), 60 килодан астам синтетика, 250 грамм героин бар. Түркістан, Қызылорда және Қарағанды облыстарында қара­сора өсірілген 60 плантация жойылды. Аталған плантациялардың жалпы аумағы 60 гектардан асады. Сонымен бірге құқық қорғау органдары қара сораның жалпы салмағы 20 тоннадан асатын 53 мың түбін тәркілеп, көзін жойды.

Қарасораны өсірушілердің көшін Қызылорда облысы бастап тұр. Онда 48 плантация жойылып, құрамында есірткісі бар 4 мың тоннадан астам өсімдік тәркіленді. Соған байланысты 14 қылмыстық іс қарасораны заңсыз өсіру фактісі бойынша қозғалса, 3 қыл­мыстық іс есірткіні аса ірі кө­лем­де саудалағандары үшін қозғалды. Нә­тижесінде, полиция қызметкерлері күдіктілердің біреуін қолға түсірді. Мұндай қарасора егістіктерін анықтау үшін Ішкі істер министрлігіндегі Ұлт­тық ұланның тікұшақтары тартылды.

Бұған дейін құқық қорғау органдары қоғамды осындай операция жүргізілетіні туралы құлақтандырған болатын. Сол кезде әуеден патрульдеу барысында Қарағанды облысында арнайы жабдықталған екі жол талғамайтын көлікті тізгіндеген азаматтар тәртіп сақшыларынан құтылып кетпек болады. Оларды құрықтау үшін қару қолдануға тура келіпті. Қыл­мыстық оқиға орнында қара со­ра плантациясы, аграрлық техника­ларды сақтауға және өмір сүруге арнал­ған құрылыс нысандары, арық және тамшылатып суару жүйелері, бассейн анықталды. «Операция барысында құрамында есірткісі бар 468 түп өсімдік тәркіленді. Ішкі істер ми­нистрлігінің алқа отырысында Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі бизнесіне қарсы біздің қыз­метімізді жандандыру мәселесіне қатысты тапсырма берген болатын. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр», дейді Т.Маткенов.

Заңнамалық база да қайта қарал­ды. Жаңа психотроптық заттарды есепке қоюдың тәртібі жеңілдеді. Есірткі қылмысының қазіргі шындығына жа­уап беретін қылмыстық істердің жаңа құрамы енгізілді. Бұл жерде әң­гіме есірткі пайдалануға итермелеу мен психотропты заттарды интер­нет арқылы саудалау мәселесіне қа­тысты болып отыр. Бұдан былай мұндай қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстардың қатарына жат­қызылатын болды. Ондай заңбұзу­шылыққа барған адамдарды ұзақ мерзімге, тіпті өмір бойы бас бостан­дығынан айыру көзделген.

«Бүгінде есірткіні жарнамалау фак­тісі бойынша 64 қылмыстық істің беті ашылды. Соның ішінде, 39 қылмыстық іс есірткі саудасына қатысты болып отыр. Аталған фактілер бойынша сот­қа 41 қылмыстық іс жолданды. Осы күні біз Жоғарғы сотпен бірлесе оты­рып, нормативтік қаулылар жоба­сын әзірлеп жатырмыз. Бұл қадам қыл­мыстық істерді тергеуде бірыңғай амал­ды қолдану бойынша құқықтық тәжі­рибені түсіндіруге мүмкіндік бе­реді. Аталған жұмыстардың аясында жыл соңына дейін Үкімет қаулысы қа­был­данатын болады», дейді департамент бастығы.

Есірткіні сатып алу жолдарын екі­нің бірі біле бермесе де, оған әуес­тенетін жастардың саны аз емес. Бұл ретте, жастардың психотропты зат­тарға қалай қол жеткізетінін департамент басшысы түсіндірді. «Қазір­гі кез келген жас азаматтың қолын­да телефон, гаджет бар. Интернетке қол жеткізу қиынға соқпайды. Өз ке­зе­гінде әке-шешелері де оларға дұ­рыс бақылау, қадағалау жасамайды. Ин­тер­нетте нені көріп, нені оқып, не­ні іздеп жататынын білмейді. Ал ин­тернетте неше түрлі жарнама бар. Мәселен, есірткі саудалаушылар өз өнімдерін сағыз ретінде таныстырып, сатылымға шығарып жатады. Мұндай «сағыздардың» сыртқы орама қағазы да тартымды көрінеді. Балалар сол жарнамаға қызығып, сайтқа кірген кезде синтетикалық есірткінің жарнамасы екенін түсінеді. Алып көргісі келеді», дейді Т.Маткенов.

Ал синтетикалық есірткі адам ағ­засы үшін аса қауіпті. Оған адам аз уақытта үйреніп кетеді. Бір рет пай­даланып көрген тұлғаның одан ары­луы аса қиынға соғады. Тіпті көп жағдайда құмарлықтан біржола құты­лып кете де алмайды. Ең алдымен пси­хотропты заттар адамның жүйке жүйе­сін зақымдайды. Психологиялық жағ­дайы бұзылады. Дозаны көбейтіп алған кезде жас балалар тіл тартпай кететін көрінеді. Ұлт тамырына балта шабу дегеніңіз осы.

Құқық қорғау органдары осындай оқыс оқиғаларды болдырмау, ал­дын алу мақсатында ауқымды про­филактикалық жұмыстар жүргізе­ді. «Есірткінің салдарымен емес, оның алдын алумен күресті маңызды деп санаймын. Сондықтан жергілікті ат­қарушы органдармен, профилактика жұмысын жүргізетін арнайы бө­лімшелермен жұмыс істеген кезде осы мәселеге басты назар аударамыз. Бұл жұмыс ішкі істер органдары үшін де, денсаулық сақтау, білім беру саласының мамандары үшін де аса маңызды. Жыл сайын елімізде 9 мыңнан астам профилактикалық ша­ралар өткізіледі. Оған полиция қыз­меткерлері немесе жергілікті ат­қа­рушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері міндетті түр­де қатысады. Еліміздің барлық аймағында есірткімен күрес жүргізетін ведомствоаралық штабтар қызмет ете­ді. Оның құрамына үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері енгізілген», дейді полиция генерал-майоры.