26 Қараша, 2013

Бізді биіктететін бағдарлама

382 рет
көрсетілді
28 мин
оқу үшін

Қазақстан бүгінде экономикалық жағынан жан-жақты жаңғырған, іргелі өркениетті елдердің қатарына еніп отыр. Елімізді алға бастап, барлық жетістіктеріміздің көшбасшысы болған тәуелсіз мемлекетіміздің Президенті Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ең алдымен, халықтың тұрмысын, оның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Жолдауда, әсіресе, жастарға Үкімет тарапынан барынша қамқорлық пен қолдау көрсетуге маңыз берілген.

Қазақстан бүгінде экономикалық жағынан жан-жақты жаңғырған, іргелі өркениетті елдердің қатарына еніп отыр. Елімізді алға бастап, барлық жетістіктеріміздің көшбасшысы болған тәуелсіз мемлекетіміздің Президенті Н.Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында ең алдымен, халықтың тұрмысын, оның әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруды көздеп отыр. Жолдауда, әсіресе, жастарға Үкімет тарапынан барынша қамқорлық пен қолдау көрсетуге маңыз берілген.

Ізденген адамға жұмыс табылады

Осындай баянды бағдарламалардың бірі «Жұмыспен қамту-2020» бағдар­ла­масы аясында заманға сай мамандық иелерiн дайындау, тұрақты жұмысқа орналастыру, кадрлардың бiлiктiлiктерiн жетiлдiру жолға қойылды. Мұның өзі жұмыссыз жастардың үмiтiн оятты. Әсiресе, тәжiрибесi жоқ жас мамандарға мұндай бағдарлама кең көкжиек ашқандай. Елбасының қолдауымен жастардың жұмысқа орналасуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр.

«Жастар практикасы» еліміздегі ЖОО мен орта білім ордаларын бітірген, бірақ әлі өз мамандығымен жұмыс таба алмай жүрген жастарды тұрақты жұмыспен қамтуды, оларға қолдау көрсетуді көздейді. Жастар саясатқа, билікке етене араласа бастады. Ел дамуына өзіндік үлес қосып, ел экономикасын, әлеуетін, тұрмыстық деңгейін қалыптастыруға ықпал етіп келеді. Қазақстанның мәдени өркендеуін де қолға алып, ілгері жылжуда. «Қазақстан-2050» Стратегиясында Президент елді дамытудың ұзақ мерзімді бағдарламасын нақты белгілеп берді. Онда барлық сала қамтылып, еңбек қоғамын құрудың алғышарттары қарастырылған. Соның ішінде жас­тар мәселесіне де тоқталып, олардың әлеуметтік жаңғырту үдерістерінің бас­тамашысы және қозғаушы күші бола алатындықтарын, жастарды техникалық және кәсіптік білім алуға тарта отырып, жаңарту мен жаңашылдыққа қарай бас­тау қажеттігін атап көрсеткен еді.

Мен де «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту орталығынан «Ақбұлақ» АҚ-қа жолдама алғанда жұмысқа орналаса алар ма екенмін деп ойланғаным рас. Басты мақсатым үш ай көлемінде өз білімім мен тәжірибемді ұштастырып, жұмысқа деген құштарлығымды көрсетіп, өз мамандығым бойынша қандай да болмасын тәжірибе жинақтау еді. Осы уақыттарда ұжым мені қолдап, бағыт-бағдар беріп, жұмысқа алды. Сондықтан, мен үшін осы кәсіпорында жұмыс істеу құрметті әрі жауапты, сонымен қоса қызықты.

Кәсіпорында әлеуметтік жұмыс орындары мен жастар практикасы жыл сайын белсенді түрде ұйымдастырылуда. «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асыруға бағыт ұстап, мен сияқты жас мамандарға қол ұшын созып, жұмысқа алған компания басшысы Айбек Сағиевке зор алғысымды білдіремін. «Ақбұлақ» АҚ ұжымына сәттілік тілей отырып, кәсіпорынның биік белес­терге көтерілуіне өзімнің де үлес қосатынымды мақтаныш тұтамын. Осы тұста Елбасымыз «жастары мықты елдің жасары да, асары да мол», деп бізге үлкен сенім көрсеткенін әрдайым еске алып, сол сенімінің үдесінен көрінуге ұмтыламын.

Мөлдір Байменшина,

«Ақбұлақ» акционерлік қоғамының жас маманы.

Ақтөбе облысы.

Игіліктің бастауы – білімде

Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнайтын әрбір Жолдауында отандық білім саласын назарынан қалыс қалдырмайды. Нәтижесінде соңғы жылдары аталған саланың тамырына қан жүгірді. Ал бұл бағытта атқарылған ауқымды істерді санамалар болсақ, он саусақ түгел бүгіледі екен. Осы ретте жақындап қалған Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай, Мемлекет басшының әрбір тапсырмасын мұқият орындап отырғанымыздың дәлелі ретінде Алматы қаласы Жетісу ауданы бойынша білім саласы бағытында атқарылып жатқан істерді аз-кем айтып өтсем деймін.

Ең алдымен айтарым, Жетісу аудандық білім бөлімі Елбасының жолдауларында тайға таңба басқандай көрсетілген міндеттерді сөз жүзінде емес, іс жүзінде орындап отыр. Айталық, Мемлекет басшысының «Қазақстан-2050» Стратегиясымен сабақтасып жатқан Доктрина аясында, біз, аудандағы қазақ тілінде оқытатын оқу ордаларының санын көбейтуді алдымызға мақсат етіп қойдық. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар Жетісу ауданында бұрыннан бері жүргізіліп келеді. Осының нәтижесінде соңғы үш жылда қазақ тілінде білім алатын балалардың саны – 600 оқушыға өсті. Өткен жылы қаладағы Көкжиек ауданында ашылған №177 қазақ орта мектебінде алғашқыда 700 оқушы оқитын, айналасы бір жылдың ішінде олардың саны 1200-ге жетті. Бастысы, ата-аналардың, оның ішінде өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген көзқарасы түзелгені қуантып отыр.

Бүгінгі таңда Жетісу ауданында орта білім беретін 21 мектеп болса, олардың 5-еуі жаңа типтегі оқу ордалары. Оқушыларға тәлім-тәрбие беретін мұғалімдердің барлығы сын сүзгісінен өткен, тәжірибелі мамандар. Ұстаздарымыздың – 90 пайызы жоғары білімді. Өз басым ауданның білім жүйесі өз жұмысына ұсынықты қарайтын, білікті кадрлармен қамтылған деп сеніммен айта аламын. Қазіргі күні ауданымыздағы 21 мектепте барлығы 1462 мұғалім білім береді. Биылғы оқу жылында Жетісу ауданындағы орта мектептерде білім алатын оқушылардың саны – 17 мыңнан асып жығылғанын айта кетейін.

2012-2013 оқу жылы да біздің ауданымыз үшін табысты болды. Біріншіден, осыған дейін өткізілген ҰБТ-да үнемі бесінші орыннан көрініп, одан жоғарыға көтеріле алмай қойған Жетісу ауданы өткен жылғы оқу жылында тестілеу нәтижесі бойынша Алматының барлық аудандарын артқа тастап, бірінші орынға көтерілді. Ал түлектеріміздің орташа көрсеткіші – 92,32 балды құрады. Бұл орташа көрсеткішіміз өткен жылмен салыстырғанда 9,93 балға жоғарылады деген сөз. Екінші, соңғы 5 жылда ауданымызда 3 жаңа мектеп ашылды. «Құлагер», «Көкжиек» аудандары және Жұмысшы поселкесінде бой көтерген осынау оқу ордаларының барлығы қазақ тілінде білім береді. Соңғы жылдардың бедеріндегі жағымды үрдіс аралас мектептердегі қазақ тілінде оқитын оқушылар саны артып келеді. Өз тарапымыздан біз аралас мектептердің санын азайтып, мүмкіндігінше орыс тілінде білім алғысы келген оқушыларды орыс мектептеріне жіберіп, таза қазақ мектептерін ашу жолдарын қарастырудамыз. Бастысы, атқарған істеріміз зая кетіп жатқан жоқ.

Мемлекет басшысы өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деген болатын. Ал бұл бірінші кезекте ұстаздар қауымына ерекше жауапкершілік жүктейтінін біз жақсы түсінеміз.

Гүлнар ҚОЖАБЕРГЕНОВА,

Алматы қаласындағы

Жетісу аудандық білім бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік тұрақтылыққа қызмет ету

«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам» бағдарламасында Елбасы еліміздің 2030 жылға дейінгі әлеуметтік дамуының жалпыұлттық тұжырымдамасын жасау, әлеуметтік заңнаманы жаңарту, әлеуметтік-еңбек қатынастарының тиімді моделін қалыптастыру, қазақстандық өмір сапасын арттыру және әлеуметтік үдерістерді тиімді басқару жүйесін құру міндетттерін қойса, «Қазақстан-2050» Стратегиясында әлеуметтік саясаттың жаңа қағидаларын ұсынды. Ол бойынша әлеуметтік қауіпсіздік және Қазақстан азаматтарының бақуаттығы қоғамдағы тұрақтылықтың ең жақсы кепілі ретінде көлденең тартылып, сонымен қатар, жеке жауапкершілікті арттыру тиістілігі де атап көрсетілді.

Мемлекеттік саясат тиімділігінің негізгі көрсеткіші халықтың әлеуметтік игілігі, оның көтеріңкі көңіл күйі болып табылады. Оның жарқын мысалдарын облыс өмірінен көптеп келтіруге болады. Мысалы, 2012 жылы білім беру саласын дамытуға 35,6 миллиард теңге қаржы жұмсалды, бұл алдыңғы жылға қарағанда 6 пайызға көп. Мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту қарқыны және қолда бар резервтер 2015 жылға қарай мектеп жасына дейінгі балаларды түгелдей мектепке дейінгі білім берумен қамтуға мүмкіндік береді. Бүгінде жалпы білім беретін мектептердің барлығы компьютерлендірілген және интернет жүйесін пайдаланады. Орта және негізгі мектептердің жартысынан астамы лингофондық – мультимедиалық кабинеттермен және интерактивті тақталармен жарақтандырылған.

Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы, оған мүше ұйымдар қызметінде басым бағыттар еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру, педагогтің мәртебесін көтеру, еңбекке және техникалық қауіпсіздікке лайықты жағдай жасау, қызметкерлерді сауықтыру, олардың тұрғын үй жағдайларын жақсарту мәселелері болып табылады. Әлеуметтік, экономикалық және еңбек қатынастарының тиімді реттелуін қамтамасыз ететін әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісім және жұмыс берушілермен жасалатын ұжымдық шарт негізінде жұмыс істейміз. «Ұжымдық шарт жасаңыз!» жалпыреспубликалық акциясына қатысу шаралары барысында 627 ұжымдық шартқа қол қойылды. Педагог кадрлардың, оқушы жастардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуға байланысты міндеттемелерді жүзеге асыру жөніндегі салалық келісімдердің орындалуы – ұдайы назарымызда. Білім беру ұйымдарында еңбекақы, еңбек демалысы төлемдері, сауықтыру жәрдемақысы, педагогтердің нормативтік оқыту жүктемесі мәселелерін жүйелі шешу жолдары тынбай қарастырылады. Қоғамдық тапсырыстарды орындаған, медициналық байқаудан өткен, біліктілікті көтеру курстарына жіберілген қызметкерлердің орташа еңбекақысы сақталады.

Сала кәсіподағының маңызды қызмет бағыттарының бірі еңбек қауіпсіздігін сақтау және қорғау екені даусыз. Бұл жұ­мысқа 627 қоғамдық еңбек қорғау инспекторы бақылау жасайды. Десе де, ең­бек қорғау және техника қауіпсіздігі жөніндегі талаптардың сақталмау фактілері байқалмай қалмайды. Былтыр 236 тәртіп бұзушылық анықталып, 75 пайызы дереу түзетілді. 3 білім қыз­мет­кері түрлі дене жарақатын алды. Бақыт­сыз жағдайлардың негізгі себептері – ең­бектің дұрыс ұйымдастырылмауы, еңбек қауіпсіздігінің қарапайым нормаларының сақталмауы, еңбек және өндірістік тәртіптердің бұзылуы, құқықтық сауаттылықтың төмендігі. Өкінішке орай, жекелеген заңдар еңбек даулары мен жанжалдарын шешуді тиімді реттей алмай отыр. Мәселен, біз әлі күнге дейін 1993 жылы қабылданған кәсіптік одақтар туралы Заңмен жұмыс істеп келеміз. Онда әлеуметтік әріптестік туралы, ұжымдық шарттарды жасау мен оны тараптардың орындауы айтылмаған. Елбасының арнайы тапсырмасымен Үкімет кәсіптік одақтар туралы заңнаманы кешенді талдаудан өткізіп, жаңа жобасын ұсынды. Қабылданатын болса, кәсіподақтар қозғалысына кең жол ашары сөзсіз.

Кәсіподақтардың облыстық кеңесі мен жергілікті филиалдары білім беру қызметкерлерін және олардың балаларын санаторлық-курорттық сауықтыру, спортқа тарту мәселелерін назардан тыс қалдырған емес. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру, сауықтыру, мектеп жанындағы, бейіндік, палаткалық лагерьлер, жөндеу-құрылыс бригадалары, сондай-ақ, көркейту, көгалдандыру бригадалары, орманшылық сияқты түрлері кеңінен пайдаланылады. 11760 оқушы демалысқа және қоғамдық пайдалы еңбекке тартылды. Денсаулық түзеу орындарында 200 білім беру қызметкері, «Солнечный» санаторийінде кәсіподақ мүшелерінің 81 баласы сауықтырудан өтті. Аталмыш шараларға 21 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалды. Сол сияқты, апатты жағдайлардан зардап шеккен білім беру қызметкерлерінің отбасыларына қайырымдылық көмек көрсету шаралары ұйымдастырылды. Астана қаласына туристік саяхат жасауға арнайы қаржы бөлінді.

Кәсіподақ ұйымына 31500 білім беру қызметкері мүше. Жыл өткен сайын олардың қатары молайып келеді. Биыл 2 мыңнан астам адам мүшелікке қабылданды. “Ұжымдық шарт жасаңыз!” акциясын өткізу барысында 3 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды. Қазір 630 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істейді. Әрине, кәсіподақ жұмысын білікті кадрларсыз жүргізу мүмкін емес. Осы мақсатта біз кадрлар оқуына зор маңыз беріп келеміз. Өткен жылы 1857 кәсіподақ белсендісі өз білімдерін жетілдірді. Кәсіподақ комитетінің жетекшілері республикалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы федерациясының халықаралық білім беру ұйымымен бірлесіп өткізген семинарға қатысты. Бастауыш кәсіподақ ұйымдарында, жұмыс орындарында кәсіподақ өміріне тікелей қатысты мәселелер бойынша кездесулер, әңгімелесулер, дөңгелек үстелдер өткізу жұмыс тәжірибесіне енген.

Қазақстан тәуелсіз даму жылдарында әлеуметтік саланы реформалау­дан бірқатар параметрлері бойынша көрші елдерден озып, жаңғырту үдерістері белсенділікпен жалғасып келеді. Кәсіподақтардың да басты мақсаты – әлеуметтік тұрақтылыққа қызмет ету болып табылады.

Назымбек ОРАЗЫМБЕТОВ,

білім және ғылым

қызметкерлері кәсіподағы

облыстық кеңесінің төрағасы.

Солтүстік Қазақстан облысы.

Халықтың саулығы – дамудың кепілі

«Біз ұлт денсаулығын жақсарту ісінде едәуір ілгерілеуге қол жеткіздік. Денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыру үшін оны ұйымдастыру, басқару мен қаржыландыру жұмысы реформаланды. Соңғы бес жылда ана өлімі шамамен 3 есеге азайды, бала туу көрсеткіші 1,5 есеге өсті». Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында осылай деді.

Елбасы айтқан елеулі өзгерістер Қызылорда облысында да байқалады. Мысалы, биыл өткен жылмен салыстырғанда ана мен бала өлімі едәуір қысқарды. Еліміздің басты капиталы адам өмірін сақтау, денсаулығын түзетуге қатысты жасалған бағдарламалар мен бөлінген қаржы тиімді жұмсалып, өз нәтижесін беруде. Аймақтағы денсаулық сақтау ұйымдарын материалдық-техникалық жарақтандыруға республикалық бюджет есебінен 928,6 миллион теңге бөлініп, оған 39 бірлік медициналық құрал-жабдықтар сатып алынуда. Оның ішінде: қалалық ауруханаға 240,0 миллион теңгеге компьютерлік томограф (КТ) және жедел жәрдем қызметіне 552,5 миллион теңгеге 13 реанимобиль, 13 мамандандырылған автокөліктер және өзге де тауарлар сатып алынған.

Әлеуметтік инфрақұрылымдарды, ауруханаларды жаңартуда Қызылорда қаласындағы 200 төсектік перинатальды орталықтың құрылысын аяқтауға 386,8 миллион теңге бөлініп, 2013 жылдың желтоқсан айында іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар, 2013 жылы «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт пен емхана» бағдарламасы бойынша Жалағаш, Шиелі аудандарының орталықтарында ауысымына 250 адамды қабылдайтын емханалардың құрылысын аяқтап іске қосуға 1 808,9 миллион теңге және жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыруға 295,2 миллион теңге бөлініп, желтоқсан айында іске қосылмақ. Сырдария ауданы, Тереңөзек кентіндегі бір ауысымда 250 адам қабылдайтын аудандық емхана құрылысына 652,6 миллион теңге, Қармақшы ауданы, Жосалы кентіндегі бір ауысымда 250 адам қабылдайтын аудандық емхана құрылысына 581,6 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Осы бағдарлама аясында жергілікті бюджеттен 6 дәрігерлік амбулаторияның, атап айтқанда, Сырдария ауданындағы Бесарық, Айдарлы, Қазалы ауданындағы Басықара, Жанқожа, Жалағаш ауданындағы Аққыр, Шиелі ауданындағы Жақаев ауылдарында емдеу орындарының құрылысын бастауға 526,8 миллион теңге бөлініп, жыл аяғында қолданысқа беру жоспарланып отыр. Қармақшы ауданындағы Төретам кентіндегі ауылдық емхананың құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Сексеуіл ауылдық емханасының және Қазалы ауданының Қожабақы, Жалаңтөс, Мұратбаев, Түктібаев, Қызылорда қаласындағы Қызылжарма, Махамбет, Коммунизм, Шиелі ауданындағы Бидайкөл, Сырдария ауданындағы Шіркейлі, Қармақшы ауданындағы III Интернационал елді мекендеріндегі 10 дәрігерлік амбулаторияның жобалық-сметалық құжаттамаларын дайындауға 134,1 миллион теңге бөлінді. Сондай-ақ, 2013 жылы «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен 9 дәрігерлік амбулаторияның құрылысын жүргізуге 731,3 миллион теңге бөлініп, жыл соңында қолданысқа беру жоспарланып отыр. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2 денсаулық сақтау ұйымына, «Қалалық туберкулезге қарсы күрес диспансеріне» 32,8 миллион теңге, «Облыстық тері-жіңішке аурулар диспансеріне» күрделі жөндеуден өткізуге 26,9 миллион теңге қаржы бөлінсе, «Қармақшы аудандық орталық ауруханасына» күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға және мемлекеттік сараптамадан өткізуге 8,2 миллион теңге қаражат қаралды. 2013-2014 жылдарға арналған қысқы жылу маусымына медициналық ұйымдарға ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 165,4 миллион теңге бөлінді.

Қызылорда қаласындағы ауысымына 100 адам қабылдайтын емханасы бар 175 төсектік онкология орталығы құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесі дайындалу үстінде. 2014 жылға «Тіректі елді мекен» бағдарламасын іске асыру мақсатында жергілікті бюджет есебінен 3 дәрігерлік амбулатория және Арал ауданындағы Сексеуіл ауылдық емханасы мен ауылдық ауруханасының құрылысына, Қызылорда қаласындағы Тасбөгет кентінде ауысымында 250 адам қабылдайтын емхана құрылыстарын салуға жобалық-сметалық құжаттамасын дайындауға 235,9 миллион теңге жоспарланып отыр. Сонымен қатар, жергілікті бюджет қаражаты есебінен апаттық жағдайда тұрған 9 дәрігерлік амбулаториясының құрылысына 741,0 миллион теңге қаражат қаралған. Бөлінген қаржының көлемінен-ақ аймақтағы денсаулық саласына қаншалықты көңіл бөлініп отырғанын айқын аңғаруға болады деп ойлаймыз.

Ендігі кезекте, 2013-2014 жылдарға арналған «Жол картасы» бағдарламасы аясында атқарылатын шараларға тоқталып өтсек. Денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша 2013-2014 жылдарға арналған «Жол картасы» бағдарламасы қабылданып, бағдарлама шеңберінде 2013 жылға 402,5 миллион теңге қаражат қаралды. Яғни, ана мен бала өлімін төмендету мақсатында 2013 жылға 148,8 миллион теңге, аудандық ауруханаларға тәулік бойы жұмыс жасайтын акушер-гинекологтарға – 27,1 миллион теңге, облыстық медицина орталығына санитарлық авиация жұмыстары үшін жылжымалы бригадамен қамтамасыз етуге – 4,8 миллион теңге, дәрігерлердің біліктілігін арттыруға – 28,8 миллион теңге, бала өлімін төмендету мақсатында бастапқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдарын жетіспейтін мамандармен қамтамасыз етуге – 21,8 миллион теңге, сонымен қатар, мектеп жасына және мектеп жасындағы балаларға толыққанды стоматологиялық көмек көрсету мақсатында 52,1 млн. теңге қаражат қаралды. Жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендету мақсатында есепте тұрған науқастарды тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін 15,1 миллион теңге қаражат бөлінді. Онкологиялық аурулардың алдын алу және өлім-жітім көлемін төмендету үшін химио­препараттармен қамтамасыз ету үшін 6,2 миллион теңге, амбулаторлық хирургия, функционалдық диагностика кабинеттері үшін және де аудандық емханаларды эндоскопист мамандармен қамтамасыз ету үшін 9,7 миллион теңге қаражат қаралды.

Биылғы жылдың жазғы демалыс уақытында балалар жазғы лагерьлерінде алғаш рет стоматологиялық көмекпен 6810 бала қамтамасыз етілді, оның ішінде 2876 бала сауықтырылды. Қыркүйек айы­нан бастап стоматологияға қосымша 52 миллион теңге бөлініп, қазіргі таңда аудандық және қалалық емханалармен қоса облыстағы стоматологиялық қондырғылармен жабдықталған 28 мектепте стоматологиялық көмектер көрсетілуде. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстың денсаулық сақтау саласын жандандыру мақсатында «Жол картасы» әзірленді.

Иран ШАМЕТЕКОВ,

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.

ҚЫЗЫЛОРДА.

Тіршіліктің алтын тамыры

«Қазақстан-2050» Стратегиясы тіршілік-түйсігімізге түбегейлі өзгерістер алып келген кең ауқымды құжат. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жолдауында қалыптасқан мемлекеттің тағдыршешті ұстанымына «Жасыл даму», «Жасыл көпір», «Жасыл ел» ұғымдарын алып келді. Әлем дамуының бүгінгі қарқыны мен үрдісінде табиғи ресурстар тіршілік нәрі ғана емес, мемлекет қауіпсіздігінің қуатты тұтқасына айналуда. Сондықтан, мүмкін болар экономикалық қақтығыстар жағдайында бәсекелестік пәрменін арттыру құралы ретінде, экологиялық проблемаларды шешу стратегиялық басым бағыттар қатарында тұратыны мәлім. Бұл мәселелер Қазақстан Республикасы Президенті Жолдауын түсіндіру жөніндегі ақпараттық-насихат тобының жетекшісі, Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаровтың 18 қарашада облысымызға жасаған сапарында нақтылай атап көрсетілді.

Ақмола өңірінде 4707 шаруашылық нысаны табиғат байлықтарын пайдаланушылар ретінде тіркелген. Біздің департаменттің міндеті мемлекеттік экологиялық саясатты іске асыру мақсатында экологиялық бақылау және экологиялық реттеуді қамтамасыз ету болып табылады. Талдау нәтижелері облыс аумағында қоршаған ортаның лас­тану деңгейіне сәйкес ауа бассейнінің жағдайы біршама өзгергенін көрсетті. Мұндағы негізгі әсер етуші көздер, әдеттегідей, тау-кен өнеркәсібі, сондай-ақ, жаңа кәсіпорындар саны мен қолданыстағы автокөлік паркінің ұлғаюы болып табылады. Мәселен, стационарлық ластаушы заттардың шығарынды көлемінің жалпы ауқымы 2012 жылы 37,817 тоннаны құраса, биылдың өзінде 45,3 мың тоннаға жетіп отыр. Инспекторлық тексеру шаралары барысында нормадан асып түскен шығындылар көлемі жылына 1,256 тоннаны көрсетуі елеулі алаңдаушылық тудырады.

Табиғат пен қоршаған ортадағы тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі облыстық бағдарлама экологиялық бақылау және экологиялық реттеу шараларының тиімділігін арттыруды көздейді. Бұл бағытта департамент қызметкерлері мақсатты жұмыстар атқаруда деуге болады. Биылғы сегіз айда табиғатты пайдаланушылар саны 402 бірлік болса, мұнда 335 тәртіп бұзушылық фактісі анықталып отыр. Аталған нысандардың барлығына қатысты әкімшілік шаралар қолданылды. Осының нәтижесінде 14622,32 мың теңге айыппұл өндіріп алынса, қоршаған ортаға келтірілген экономикалық зиян көлемінің орнын толтыру жөнінде 11374 мың теңгенің 44 талабымыз қанағаттандырылды. Қазіргі күні шаруашылық нысанының қызметін тоқтату туралы екі арызымыз сот өндірісіне алынды.

Экологиялық реттеу мәселесінде 2013 жылдың сегіз айында 149 жобалық құжаттама сараптамаға келіп түссе, оның 84-і қанағаттандырылып, 34-іне сараптама алдында, 20-сына шара барысында бас тарту жөнінде шешім қабылданды. Есепті мерзімде қоршаған орта эмиссиясына қатысты 76 өтінімнің 29-ына рұқсат берілсе, 39-нан бас тартылды, қалған 14-і қарастырылу үстінде.

Осы ретте, биылғы жылдың нау­рыз айында облыстың экологиялық проблемалар тізімінің жаңғыртылуына байланысты кері әсердегі біршама жағдайлардың бой көрсеткенін алға тартқымыз келеді. Мысалы, Ақмола облысында қолданыстағы 547 қалдық полигонының 24-і ғана ресімделген. Аталған бағыттарға жергілікті атқарушы органдар тарапынан белсенділіктің болмауынан табиғатты пайдаланушылар салық органдарының талаптары бойынша 10 есе көлемінде айыппұл төлеуіне тура келеді. Айталық, «Бурабай-Сервис» МКК 27 миллион теңге аударуы қажет. Атбасар, Есіл және Жарқайың аудандарында органикалық иесіз қалдықтар бар. Бұл жөнінде сот шешімдері болғанымен, жаңа тізім ауқымында қосымша қаржыландыру мәселесі баяу жүргізілуде.

Біздің бақылауымыздағы су қоймалары, ағынды сулар мен тазартқыш қондырғыларының жағдайы, қорықтар гидроимараттары, радиоактивті қалдықтар көмбесі, автожолдар құрылысы ерекше назарда ұсталуда. Бұған қатысты тиянақты іс-шаралар жүзеге асырылып, тиісті қайтарым бере бастады. Дегенмен, 2013 жылы парник газдарының шығарындыларына квота бөлу туралы Ұлттық жоспарына енген мекемелерге сертификаттар бөлу өзекті мәселе саналады. Аталған жоспарға облыстағы елді мекендерді жылумен қамтамасыз ететін кәсіпорындар енгізілген. Бірақ, оның қатарында ең көп көлемде парник газдарын шығаратын (жылына 500 млн. тоннадан астам) «Көкшетаужылу» МКК болмауы экологогтарды бейжай қалдыра алмайды. Бұған қоса, квоталық сертификаты болмаған мекемелерге айыппұлдық санкцияларды шегере тұру мерзімі ағымдағы жылдың тамыз айында аяқталды. Осыған байланысты аталған мекемелерді қаржыландыру мәселесін жеделдету қажет деп білеміз.

Қайрат Әбдірәсілов,

Ақмола облысы бойынша экология

департаментінің басшысы.

Ақмола облысы.

Соңғы жаңалықтар