– Биыл қашықтан оқытудың сапасын қамтамасыз ету мақсатында Үкімет қорынан 2,4 млрд теңге бөлініп, 15 222 компьютер құрылғысы сатып алынған еді. Оның ішінде 1584 компьютер, 11586 ноутбук, 2050 планшет бар. Бұған дейін келген компьютерлердің барлығы 20 аудандағы мектептерге таратылды. Бүгін 2 мың 982 ноутбук қабылдап алып отырмыз. Қазір мамандар әр ноутбукты қосып көріп, техникалық сәйкестігін тексеріп жатыр. Қараша айының соңына дейін қалған 6 мың 856 ноутбук жеткізіледі, – деді облыстық білім басқармасына қарасты ақпараттандыру және білім сапасы орталығының директоры Ольга Козлюк.
Оқу жылы басталғалы білім басқармасы облыс оқушыларына 12 мың 500 компьютер берген. Ал жаңадан қабылданып алынған компьютерлік құрылғылар әр ауданға жіберіліп, эпидемиялық жағдай ушығып бара жатса, қашықтан оқуға жіберілген балаларға беріледі. Бірінші тоқсанда облыс бойынша 22 мыңнан астам бала сыныпта білім алды, бұл балалардың дені ауыл мектептерінде оқиды.
Орталық директорының айтуынша, келіп жатқан компьютерлердің ішінде ақауы бар құрылғылар да кездесіп қалады. Мұндай жағдайда зауыт өкілі жарамсыз компьютерді қайтып алып, орнына басқа компьютер жеткізіп береді.
– Қазір қашықтан білім алып жатқан балалардың көбі өз үйіндегі компьютер, ноутбук, планшеттерін пайдаланады. Бізге келген компьютерлер көбіне компьютерлік құрылғы сатып алуға мүмкіндігі жоқ мұқтаж балаларға беріліп жатыр. Мектеп пен ата-ананың арасында келісімшарт жасалады да, ата-ана мектеп дүниесінің бүтіндігіне жауаптымын деп қол қойып береді. Үйде сабаққа пайдаланып, кейін жағдай түзелген соң, компьютерді мектепке қайтарып береді, – деді ақпараттандыру және білім сапасы орталығы директорының орынбасары Мейрамғали Таипов.
Лицей-интернат ғимаратына түсірілген 3 мыңға жуық құрылғыны жиырма шақты бағдарламашы маман тексеруден өткізіп, тіркеуге қойып жатты. Компьютерлерді Қостанайға жеткізіп берген зауыт өкілі де осында. Мамандар қандай да бір ақау тапқан компьютерді бірден қайтарып алып, бір аптаның ішінде оның орнына басқасын әкеліп тапсырады. Бағдарламашылардың айтуынша, ешбір техникалық құрылғыдан ақау табылмаған.
– Әр ноутбуктың техникалық ерекшеліктерін тексеріп, қашықтан оқу барысында қажет пайдаланылатын бағдарламалардың бар-жоғын қараймыз. Виндоусы дұрыс ашылып, дұрыс жұмыс істей ме, құрылғының паспорты бойынша сәйкес келе ме, соның бәрін мұқият қарап шығып, дұрыс болмаса, қайтарып береміз. Оқушылар «Zoom» қосымшасы арқылы оқыған кезде Веб-камера жұмыс істеп тұру керек. Дыбысына дейін тексеріп жатырмыз, екі динамик те жұмыс істеп тұруы керек. Бүгінше 100 шақты ноутбукты тексеріп шықтым, ақауы бар техника кездеспеді, бәрі жақсы, сапалы құрылғылар, – дейді инженер-техник Шыңғыс Кенжебеков.
Жаңа компьютерлердің отандық кәсіпорында жасалғанын айта кету керек. Петропавл қаласындағы компьютер зауыты мектептерді компьютермен қамту бағдарламасы аясында қашықтан оқитын оқушыларды компьютер құрылғыларымен толық қамтамасыз етуді өз міндетіне алған. Зауыт шығарып жатқан өнімге қажет бөлшектің 30 пайызы Қазақстанда жасалған.
Қостанай облысы