Аймақтар • 12 Қараша, 2020

Кеңес Одағының Батырын еске алды

363 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде Кеңес Одағының батыры Қожабай Жазықовтың туғанына 100 толуына арналған еске алу шарасы өтті.

Кеңес Одағының Батырын еске алды

Қожабай Жазықов 1920 жылы Ақтөбе облысы Байғанин ауданының  Көктүбек ауылында туған. Облыс орталығында мұғалімдер даярлайтын училищені бітіріп, ауылда мұғалім болып  жұмыс істеп жатқанда, 1942 жылдың 4 қаңтарында Темір аудандық әскери комиссариатынан  соғысқа ша­қырылған.

2-Украина майданы, 7-гвардиялық армия, 25-гвардиялық атқыштар дивизиясы  дербес барлау ротасының  взвод  командирі Қожабай Жазықовқа 1944 жылдың 25 желтоқсанында Венгрия аумағындағы шайқаста көр­сеткен ерекше ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Ол басқаратын барлаушылар тобы Сендедре қаласының түбінде  Дунай теңізі арқылы аралға жасырынып өтіп, жаудың ту сыртынан соққы беріп, алты фашист солдатын тұтқындаған. Екінші күні  барлаушылар  тобы осы аралға түнде тағы шабуыл жасап, бұл жолы жаудың  70 жауынгері мен рота командирін, тағы  үш офицерін  қолға түсірген. Будапештке баратын негізгі жолды фашистердің бақылауынан азат етіп,  Кеңес әскерінің Венгрияның аумағына қарай еркін өтуіне жол ашқан осы әскери гвардиялық құрамның сарбаздары түгел марапатталды.  КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1945 жылғы 28 сәуірдегі Бұйрығымен  Қожабай Жазықовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Оның есімі Украинаның Полтава облысы Лубны қаласындағы 25-ші гвардиялық атқыш­тар дивизиясына арналған ескерткішке қашалып  жазылған.  Екінші дүние­жүзілік соғыста  көрсеткен ерліктері үшін «Ерлігі үшін» медалі, «Қызыл Жұлдыз», үшінші дәрежелі «Даңқ», «Қызыл Ту» және Ленин ордендерімен наградталған.

Соғыстан кейін Байғанин ауданында  мектеп мұғалімі болып жұ­мыс істеп, бала тәрбиеледі, ұрпақ өсір­ді.  Батыр 1982 жасында өмірден өткен. Кездесуге келген батырдың бала­лары– Балғали, Тамара, Лаура, Мақ­пал әкелері туралы қызықты есте­ліктерімен бөлісті.