Мұндай қорытындыға Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығында өткен «Жасыл» экономика және ең озық қолжетімді технологиялар қағидаттарына көшу мәселелеріне арналған II Халықаралық конференцияның қатысушылары келді.
Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы басқарма төрағасының орынбасары Мақсұт Әбілқайыровтың айтуынша, жыл сайын орталықта жасыл технологияларды енгізіп, инвестиция тарту бағытында жұмыстар атқарылып келеді.
«Париж келісімінің негізінде әлем елдері экологияны, әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға септесетін экологиялық нормалар қабылдау қажет. Елімізде жаңа Экологиялық кодекстің аясында озық технологияларды енгізу көзделген. Бүгінде кез келген қаржы көздерінен салынатын инвестиция экологияға зиян келтірмеу керек. Шетелден тартылатын барлық қаражат экологиялық нормативтерге сай болып, көмірқышқыл газ шығарындарын азайтуы тиіс», деді М.Әбілқайыров.
Ол Азия Даму Банкімен шағын және орта бизнесті қаржыландыруға байланысты ауқымды жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді. Кез келген жобаны қаржыландыруға инвестиция тартылса, компанияның жұмысы зиянды қалдықтарды азайтуға бағытталуы керек. Сондай-ақ кәсіпорынның қондырғылары энергиялық тұрғыда тиімді болуы тиіс деді М.Әбілқайыров.
Салалық кәсіпорындар осы бағытта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігіне, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингіне, сол секілді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорына жүгіне алады.