Аймақтар • 12 Қараша, 2020

Жамбылда 70 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды

259 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жамбыл облыстық жерлерді пайдалану және қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Әбілхайыр Тамабек өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында облыста бүгінде мақсатты пайдаланылмаған 70 мың гектар жердің мемлекет меншігіне қайтарылғанын мәлімдеді. Сондай-ақ, ол жерлерді қайтару жоспары 104 пайызға орындалғанын жеткізді, - деп жазады Egemen.kz

Жамбылда 70 мың гектардан астам жер мемлекетке қайтарылды

Жалпы, мемлекет меншігіне қайтарылған 70 мың гектардан астам жердің басым бөлігі жайылымдық жерлер екен. Яғни, 67 мың 574 гектар жер мал өргізуге арналса, қалған 5459 гектар жер егістік алқаптары екен. Алайда, Жамбыл және Шу аудандарында 23,0 мың гектарға жуық ауылшаруашылығы жерлері заңсыз конкурсқа шығарылған. Жер беру бойынша Жамбыл ауданында 78, ал Шу ауданында 107 қаулы заңсыз қабылданған. Бүгінде Шу ауданының әкімдігі аталған кемшіліктерді жойып, заңсыз берілген 13 мың 474 гектар жерді мемлекетке қайтарған. Оның ішінде 2670 гектар егістік, 10804 гектар жайылымдық жерлер бар.

«Облыстық прокуратура 4 ауданға тексеру жүргізген. Нәтижесінде көлемі 14,3 мың гектарды құрайтын жерге қатысты 34 қаулының заңсыз қабылданғанын анықтады. Ол бойынша 12 жауапты лауазымды тұлғаға тәртіптік шаралар қолдану ұсынылған», деді басқарма басшысы.

 

Жамбыл облысы