Қоғам • 13 Қараша, 2020

Ардагерлерді алаламайық

244 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Биыл мамыр айының басында Мемлекет басшысы «Ардагерлер туралы» заңға қол қойды. Бұл – ардагерлер қауымы сағына күткен заң еді. Осы заңның аясында «Ардагер» деген атымыз бен затымызды, әлеуметтік құқығымызды, қоғамдағы өз орнымызды заңмен бекітіп, айшықтағандаймыз. Алайда аталған заңда ҰОС, Ауғанстан, Ирак, Қарабақтағы, тағы басқа да жекелеген соғыс ошақтарының, сондай-ақ 1986-1987 жылдардағы Чернобыль апатының зардабымен күресу бағыттары ғана негізге алынған сияқты. Тіпті өзіміздің Семей сынақ алаңы да, ештеңе болмағандай-ақ, Чернобыльдің көлеңкесінде қалып қойған тәрізді.

Ардагерлерді алаламайық

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Тағы бір ғажабы, осы заңның еш жерінде ҚазКСР деген ұғым жоқ. Сондай-ақ ҚазКСР-ін еңбек сіңірген кенші, металлург, құрылысшы, басқа да мамандар: қоғам қайраткерлері, лауреаттар, дербес зейнеткерлер, сол кездегі КСРО ордендерінің иегерлері де түбегейлі алынып тасталған. Мәселен, мен Кеңес кезіндегі ең жо­ғар­ғы награданың бірі – Ленин орде­нінің иегерімін. Енді қазір тәуел­сіз­дік алдық, Ленин келмеске кетті, ендеше Ленин орденінің де құны көк тиын деген қисынға салу – тарихқа, сол кезеңде еңбегі еленген адамға жасалған қиянат деп білемін. Өйткені біз Ленинге емес, сол кезде КСРО құрамында болған Қазақстанға қызмет етіп, осы елдің өсіп-өркендеуіне, осы жердің гүлденуі жолында еңбек еттік. Мұның сыртында, соғыс жылдары, соғыстан кейінгі шаруашылықты қайта қалпына келтіру жылдары таңның атысынан күннің батысына дейін бел жазбай жұмыс істеп, еңбек майданына араласқан адамдардың да орден-медальдары ескерусіз қалып отыр.

Қазір біз ат төбеліндей ғана аз қалдық. Мен мұның ақшасын іздеп отыр­ған жоқпын. Уақытында берілген ең­бектің моральдық өтеуі сол бұрынғы деңгейінде қалса деген ниет. Сол атақ, құрмет иегерлері кешегі КСРО құрамындағы Қазақстанға Отаным деп, жан аямай еңбек еткен нағыз ерлер-ардагерлер екенін тағы бір еске салып, шындығына келгенде, осы заң да соларға арналған құрмет, тарихи дерек болуы керектігін айта кеткім келеді.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тоқ­саныншы жылдардағы күрделі кезең­нің қиямет-қиынына төзіп, жеңіп, аз жылдың ішінде, алдыңғы 50 елдің қатарына ену жолында айтса сенгісіз ерлікпен нағыз патриотизмнің үлгісін көрсеткен, рухы биік ардагерлер де осы жандар еді. Сол себепті Қазақстан Одақ құрамына қарап тұрған уақытта жергілікті шаруашылықтар мен зауыт-фабрикаларда жұмыс істеген еңбек адамдарының адал маңдай терімен келген атақ-марапаттары «Ардагерлер туралы» заңда лайықты бағаланғаны жөн.

Осы заңды оқыған сайын маған Қазақстан Республикасының заңы емес, көшірме сияқты көрінді. Жоға­ры­да аталғандай, ҰОС, т.б. жерлерде болған төтенше жағдайлардың айналасынан шыға алмапты.

75 жыл бейбіт өмір кешіп, оның соңғы 30 жылында, тарихи қысқа мерзім ішінде, егемен елдік, әлем бі­ле­тін тәуелсіз мемлекет құрып үлгер­дік емес пе?! Бұл кезеңнің киелі құнды­лы­ғын қайда қоямыз? Иә, біз жоғарыда аталғандай, кешегі ардақты да, абыройлы халықтың қа­лау­лысы, елдің елеулісі едік қой. Ал мына капитализм, нарық келгелі біз кімге айналдық, қай елдің азаматымыз?!

Бізге керегі, Ата заңымыз – Конс­ти­туцияны айналып өтпейтұғын, ке­піл­­­дігін бұлжытпай орындайтын, осы заң­ның негізіне құрылған (жер бай­лығын, кен байлығын тонамайтын, ак­цио­нерлерін қорламайтын) заманауи ка­питализм!

Енді заңға қайта оралсақ:

ҰОС ардагерлерін анықтаған кезде, жоғарыда аталған оқиғалардың шеңберінде: соғысқа қатысқандар, соғыс мүгедектері, соғыстың жетім-жесір­лері түгелдей қамтылған сияқты (4,5,6-баптарға сәйкес) онысы әбден жөн.

Ал еңбек ардагерлерін анықтаған кезде: «КСРО-ның Социалистік Еңбек Ері; үш дәрежелі «Даңқ», үш дәрежелі «Еңбек Даңқы» ордендерінің иегерлері, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болғандар. Сондай-ақ соғыс жылдарындағы КСРО-ның орден, медаль­дарымен наградталғандар» дей келе, «наградталмағандар да» дей салынған, шамасы Ұлы Отан соғысы кезінде тылда еңбек еткен «алты айлықтарды» меңзеген болу керек? Мұны қалай түсінеміз?

Маған берген «Куәлікте» былай деп жазылған:

«Предъявитель удостоверения имеет право на льготы и преимущес­тва, установленные законодательством для лиц, награжденных орденами и медалями СССР за самоотвер­женный труд и безупречную воинс­кую службу в тылу в годы Вели­кой Отечественной войны. УДОС­ТО­ВЕРЕНИЕ БЕССРОЧНОЕ И ДЕЙ­СТВИТЕЛЬНО НА ВСЕЙ ТЕР­РИ­ТО­РИИ СОЮЗА ССР. (18.12.1991 г)».

Бұл жерде ерекше еске алар жайт, соғыс біте сала, 1945 жылы 6 маусымда КСРО-ның Жоғарғы Кеңес Пре­зи­диумі­нің Жарлығы мен «За доблестный труд в Великой Отечест­вен­ной Войне 1941-1945 гг.» медалін арнайы шығарып ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне ерекше құрмет көрсеткен еді. Тағы бір ерекшелігі, сондағы әрбір еңбек жылы екі жылға бағаланып, 01.01.1998 жылға дейінгі зейнеткерлікке шыққандардың еңбек өтіліне қосылып жазылған болатын. Бұлардың «6 айлықтардан» ерекшелігі де, құндылығы да осында еді. Өкінішке қарай, жергілікті әлеуметтік салада қызмет атқаратын кейбір жауапты азаматтар, осы бір уақыт ерекшеліктеріне жауапсыз қарайтын сияқты.

Әрине, арада 75 жыл уақыт өткен­нен кейін «ақылгөйсу» оңай, мен бұл жерде «6 айлықтарға» қарсы болып отырған жоқпын, дегенмен де әр уақыттың, тек өзіне тән тарихи құндылығы, ерекшелігі бар ғой. Бұл біздің тарихымыз, тарихты бұр­ма­лауға, уақыт өте жаңа кезеңге лайық­тап жуып-шайып, жауапсыздық таны­ту­ға болмайды!

Жоғарыда айтылған пікірлерді қортындылай келе, мынаны айтқым келеді: осы заңның 6-бабының бірінші тармағына сәйкестендіріп, мына бір толықтыру сұранып тұрғандай.

Жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңес­ті­ріл­ген ардагерлер қатарына:

«Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мін­сіз қызметі үшін бұрынғы КСРО-ның ордендерімен, медальдары­мен марапатталған, сондай-ақ 1998 жылдың 1 қаңтарына дейін, зейнет­ақы тағайындау үшін, тылдағы еңбек­тің әрбір жылын екі жылға теңестіріп, еңбек өтіліне қосып жазыл­ған адам­дар­ға» деп қосса, орынды да, бүгін көзі тірі қалған бірен-саран қария­ларға көрсетілген зор құрмет болар еді.

Осының дәлеліндей, ҰОС жеңі­сі­нің 55 жылдық құрметіне ТМД үкі­мет­тері басшыларының 1999 жылғы 8 қазандағы Кеңесінің шеші­мі­мен, тек ҰОС жылдарында КСРО-ның орден, медальдарымен мара­пат­талғандарға ғана «1941-1945 жыл­да­ры соғыс ардагері» деген төс­бел­­гісін арнайы тапсырған болатын. Осыған орай, Елбасының, мені (бізді) құттықтауында «Сіздің және Сіз­дердің ұрыс даласы мен еңбек майданындағы ерлігіңіздің ұлылығы халық жадынан ешқашан өшпек емес. Барлық ауыр сындардан Сіздер абыроймен, жеңіспен өттіңіздер. Сіздерге біз өмір бойы қарыздармыз. Сізге және сіздің туған-туыстарыңызға зор денсаулық, игілік пен бақыт тілеймін» делінген. Әрине, бұл мәртебелі алғыс қой, осыларды заңдастырсақ, нұр үстіне нұр болар еді-ау!

Осының бәрін «ежіктеп» жазып отыр­ғаным, сол кезде «қаратабан» жандардың төгілген маң­дай тері, еткен еңбегі ҰОС арда­гер­ле­ріне теңестіруге тұрарлық ерлік еді!

  

P.S. Мен елімізді алдыңғы қатардағы 50 елдің көшіне қосқан ардагерлер қауымының кенжесіндей көзі тірі куәгерлерінің жұрнағымын. Тоқсан жасқа келіп отырмын. Біз көп едік, бүгіндері санаулы ғана қалдық, Отаным деп отқа түскен, елім деп еңіреген ұрпақтардың өкіліміз. Біз ештеңе сұрағанымыз жоқ, керісінше біз бәрін бердік! Ұрпақ алдында арымыз таза! Астанамызды салдық, еккен ағашымыз орман болды, ұрпақтарымызды оқыттық, өсірдік! Еліміздің билігін де, халқымыздың жарқын болашағын да Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастаған жастарымызға ұлы сеніммен тапсырдық!

 

 

Қасымқайыр Дүйсембаев

 

Қостанай облысы,

Рудный қаласы