Қоғам • 13 Қараша, 2020

Волонтерлік – асар емес

520 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бізде волонтерлік туралы сөз қозғағанда оны асармен байланыстыра қарау бар. Волон­терлік қызметтің ұйымдасқан немесе ұйым­даспаған түрде жүргізілетіні белгілі. Сондықтан сол ұйымдаспаған, яғни өзді­гі­нен атқарылатын бір мезгілдік, бір реттік және эпизодтық қоғамдық жұмыстар кезінде асардың кейбір белгілерінің болуы бұ­лардың арасында тек жалпы ұқсас­тық­тың бар екендігін меңзеуі мүмкін.

Волонтерлік – асар емес

Өйткені асарға шақырылғандар қауым, ұжым болып, әдетте, қора-қопсы, үй салғанда қысқа мерзімде белгілі мөлшердегі жұмысты атқару үшін көршісіне немесе сол елді мекеннің бір отбасына көмекке келеді. Сол сияқ­ты арық қазу, арықтарды тазалау, үлкен құлақтарды байлау, суландыру сынды үлкен, көлемді, көп күшті талап ететін жұмыстар, көбінесе, қауым мүшелерімен асар түрінде, қауым болып атқарылатын. Сонымен бірге егіншілікке қатысты жұмыстар да асар салу арқылы жүзеге асырылған.

Асар салу кезінде оның ауқымына қарай сол жұмысты орындау үшін берісі ағайын-туыс, әрісі ауылдастарды, тіпті бүкіл руластарын көмекке тарту дәстүрі болған. Ендеше асар шаруашылық және ғұрыптық іс-әрекет саласында ұйымдастырушылық және реттеушілік рөл де атқаратыны анық. Осындай қоғамдық жұмыстарды ұйымдастырып, жүргізудің өзінің қалыптасқан тәртібі мен тәсілі де бар. Бұл жұмыстарда жауапкершілік пен сапа болды. Асаршылар жалдамалы жұмысшылардан гөрі жұмысты тыңғылықты атқарады. Өйткені олар көршілері мен ауылдастарының алдында ұятқа қалмас үшін өз жауапкершіліктерін ерекше сезінеді. Оның үстіне ертең сондай көмекке өздері мұқтаж болу мүмкіндігін де ескереді.

Міне, осы ағайын-туыс, ауылдастардың арасындағы дәстүрлі қазақ қоғамынан бас­тау алатын асар салу іс-шарасынан бүгінгі күнге жарамды, болашаққа қажетті рухани-мәдени тұстарын алу мақсатында және қазіргі волонтерлік қозғалысқа ұлттық мазмұн мен нақыш беру тұрғысында, оған көңіл бөлген артық етпес. Тек волонтерлікті асармен, ал асарды волонтерлікпен шатастырмаған абзал. Осы жерде бір ескеретін жайт, ол бүкіл Қазақстан бойынша оның ортақ атауының жоқтығы. Мәселен, осындай асар салу ұжымдық іс-шараны Қазақстанның Батыс өңір­лерінде үме деп те атайды. Яғни асардың басқа да атауының болуы оны кәдімгі біз біле­тін волонтерлік сияқты, сырттай болса да біртұтас етіп көрсетуді қиындатады. Олай болса, волонтерлікті немен салыстырамыз: асар салумен бе, әлде үмемен бе? Әлде бұрынғы «Асар» партиясын сол кездері «Үме» партиясы деуге болар ма еді? Әрине, болмайды. Себебі солай болған жағдайда халықтың белгілі бір бөлігі бұл атаулардың мәнін түсінбей дал болып қиналар еді.

Себебі түптеп келгенде, волонтерлік жұмыстың басты шарты отбасы және жеке үй шаруашылығымен байланысты мәселелерге жол бермеу болса, ал асарда олар, керісінше, басымдыққа ие. Сондықтан болар, осы әлемдік үрдіске негізделген ұстанымдары бар волонтерлік бүгіндері қоғам дамуының басты ресурсына айналып, басқаға көмек көрсету қажеттілігі қоғамда жаңа азаматтық сана-сезімінің қалыптасуына ықпал етіп отыр.

Оның үстіне, ұйымдасқан волонтерлік тұрақты түрдегі жұмысты қажет етеді. Ұйымға мүше болған волонтер сол ұйымның жарғысы мен шешімдеріне бағынуы шарт. Алайда шынайы волонтерге ұйымға мүше болғаннан гөрі, волонтер болған маңыздырақ. Сол себепті өздерінің қатарына волонтерлерді тартатын, өздерін волонтерлік мекеме деп есептейтін ұйымдар волонтерлермен қарым-қатынастарын солардың ұстанымдарымен үйлестіріп отырады. Себебі волонтердің еріктілік қызметі оның жан-дүниесінің көрінісі ретінде ішкі сенімі мен мақсат-мүддесіне негізделеді. Сондықтан волонтерлер өз ойларын ашық айтып, оны қорғауға, тіптен егер ол мүлдем мүмкін болмаса, ол ұйымнан шығатындығын жариялап, одан кетуге толық құқылы. Ал асар сияқты қазақ ортасындағы ғұрыптық шараларда бұл үрдіс жоқ.

Ендеше, волонтерлік қозғалыс әлеуметтік жауапкершіліктің басты көрсеткіші ретінде дамыған азаматтық қоғамның жоғары деңгейін айғақтайтын құбылыс. Қазір ол қоғамның әлеуметтік дамуына үлкен ықпал етуде.

Тағы бір айта кететін мәселе, кезінде асарды, «асар салу» ұғымын «Асар» партия­сы өз мақсатында көп пайдаланғаны бел­гі­лі. Ендеше, аталмыш түсінік белгілі бір мағынада саясаттану үдерісін басынан кешірді деген сөз. Ал бұл жағдай волонтерлікпен үй­леспейді. Өйткені сарапшылар арасында волонтерлердің қызметін саясаттандыру мәсе­лесі үлкен проблемалық сұраққа айналып кетуі мүмкін деген алаңдаушылық та жоқ емес. Оның халықаралық деңгейде де ушығып тұр­­ғанының дәлелі ретінде Таяу Шығыс ел­де­ріндегі болған жағдайды еске түсірген жеткілікті шығар...

 

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ,

саяси ғылымдар докторы