Өлең екен өмірімнің мәні шын,
Өлеңімде сезімім мен намысым.
Әр өлеңім – халқыма жазған хаттарым,
Халқым мені сол арқылы танысын! –
деп, мұрат-мақсатын тұлпар ғып, таудай талабын қамшы ғып, ылғи да қасымыздан табылып, көз алдымызда жүрген Наршадан – Таластың Наршасынан қапияда айырылып қаламыз деп кім ойлаған.
Өлең екен өмірімнің мәні шын,
Өлеңімде сезімім мен намысым.
Әр өлеңім – халқыма жазған хаттарым,
Халқым мені сол арқылы танысын! –
деп, мұрат-мақсатын тұлпар ғып, таудай талабын қамшы ғып, ылғи да қасымыздан табылып, көз алдымызда жүрген Наршадан – Таластың Наршасынан қапияда айырылып қаламыз деп кім ойлаған.
«Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері», «Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі», «Талас ауданының құрметті азаматы» деген ресми атақтарын айтпағанда, алғашқы кітабы жарыққа шықпай тұрып-ақ аты алысқа кеткен, даңқы дүйім елге жеткен, соңғы жылдары сырқаттанып қалған сүйікті жарына: «Сенен бұрын мен кетейін. Сен аман бол, сенің алдыңда мен кетейін» деп мұңын шаға буынын бекітіп, өзін де жігерлендіріп, жары Болған әпкені де қайрап қоятын Нәкеңнің, бір қарағанға, арманы жоқтай көрінеді. Алла тілеуін берген екен, бала-шағасының, отбасының ортасында, ешкімге ешқандай салмағын салмай-ақ, ауырмай-сырқамай-ақ қас-қағым сәтте кете барыпты деп жұбатысты бір-бірін артында қалған халқы, қалың орман оқырманы.
Педагогикалық психологияда «үнемі жақсы ойласаң санаң сәулеленіп, келешек жолың даңғылданып, жақсылыққа тез жетесің» деген қағидат бар. «Ешкімге пайдаң тимесе – өмір сүрмегенің» деп білген Наршаның өзіме қол созған көмектерін есіме алдым. Санамалап теріп шығу мүмкін емес екен. Өзіндік ерекшелігімен, сан қырлы қабілетімен, жан-жақты азаматтық тұлғасымен көзге түскен аудандық редакция қызметкері – жас ақынды менің ауылдастарым ең алғаш рет өткен ғасырдың сексенінші жылдары біздің ауылымыз – «Талас» кеңшарының республика, Одақ көлемінде аталып өткен 50 жылдық мерейтойында көріп, таныған болатын. Кейін, Шымкентте оқыған, студент кезімде туған ауданымның «Ленин жолы» газетіне жарияланған өлеңдерім мен мақалаларыма өз ой-пікірін білдіріп, ақылын қосып, жазып жіберетін Нәкеңнің хаттарының дені жеке мұрағатымда әлі күнге сақтаулы. Мен ол кісіні өзіме рухани ұстаз санайтыным сондықтан.
Ауылға оралып, мұғалімдік қызмет атқарып жүрген мені Ақкөлде тұратын суырыпсалма ақын Шорабек Айдаров айтысқа тартты. Ұлттық құндылығымыз – айтыс өнерін дамытып, тарихта аты қалған Ұлбике Жанкелдіқызының мұраларын насихаттау мақсатында біздің ауылда облыстық ақындар айтысын ұйымдастырды.
«Ленин жолында» «...Үшаралды ақындар ауылы дегенді байқамай айтып қалған жоқпыз. Осы ауылда Үміт Битенова деген ақын қыз тұрады. Үміт – анасының, ақынжанды жарының ғана емес, Үшаралдың Үміті, бүгінгі Ұлбикесі! Қолда бар алтынның қадірін білмеуден аузымыз аз күйген жоқ. Үміттің тағдырына құрметпен, қамқорлықпен қарау – Үшарал халқына, ауыл ағаларына сын (Н.Қашағанұлы. «Ленин жолы», 16.09.1989 жыл)» деген Наршаның көлемді мақаласын оқып, айтыстан бас жүлде алған менің әкесіз өскен жасық көңілім көзіме қуаныш жасын алдырған...
Қайран Нарша ағам! Мұңая отырып – қуануды, қуана отырып – қанағат қылуды Сенен үйреніп едік. Ел ішін аралап, ауыздан-ауызға тарап кеткен Сенің айтқыштығың, тапқырлығыңның өзі неге тұрады!..
Аудан орталығы Ақкөлден Қаратауға ауысқан.
Талас аудандық мәдениет бөлімінің бастығы Нарша Қашағанұлы. Менің жұбайым Ербол оның орынбасары. Әлі көшіп келмеген, ауылынан – Ақкөлден Қаратауға таксимен қатынап жұмыс істеп жүрген Нәкеңді қалада күн де бір үй дастарқан жайып шақыратын шақ. Ербол өзінің қара «Жигулиімен» тасиды. Сондай күндердің бірінде, қонақта отырса да тамақты шұқылап қана жейтін кірпияз Нәкең қасындағы еңгезердей Ерболға:
– Ал, же, іш, Ербол! Баяғының мен сияқты игі-жақсылары жанына бір ақын, бір әнші, бір балуан, бір мешкей ертіп жүрген. Қазір бюджетте ақша аз. Сондықтан бір штатпен Ерболды ұстап отырмын – ақыным да осы, әншім де осы, шопырым да осы... – деп жұртты әбден күлкіге кенелтіпті.
1998 жылдың қаңтарында өзім қызмет етіп жүрген аралас тілді мектеп-лицейде «Ақын болып өмір кешіру оңай деймісің, қарағым» рубрикасы аясында Нарша Қашағанұлымен кездесу кешін ұйымдастырдым. Облыстық телевидение, фоторепортер, газет тілшілерімен бірге ауданның басшылары, ел ағалары, зиялы қауым және мұғалімдер мен оқушылар қатысқан осы бір ән мен жырдың әсерлі кешін Нәкең «әлі қазақтана қоймаған қалалықтарға менің тұсауымды кесіп, таныстырған, алғашқы жыр жинағымды жарнамалап таратқан тамаша бір кеш болды» деп кездескен жерде көпке дейін ризашылықпен аузынан тастамай айтып жүрді.
2001 жылы осы күнгі Ұлбике ақын атындағы мәдениет үйінде Наршаның ердің жасы елуге келген мерейтойы атап өтілді.
Мәдениет пен әдебиет, өнер десе ішкен асын жерге қоятын, қасқыр қылықтас нарықтық қоғамның қатыгез қыспағында қалып, қорғансыз қалтырап, алыста-жақында жүрген жұмсақ жүректі ақындар мен жазушылардың алақанын босқа жайдырмауға тырысып, шығармашылық жолына жарық алау, жадау жандарына жылу – алау бола біліп, Талас ауданын тоғыз жыл басқаратын Батырбек Құлекеев – Батекең темір тұлпар мінгізген бұл тойға Алматы, Астанадан Наршаның өз тілімен айтқанда, көптеген жақсылар мен жайсаңдар келді. Журналист-жазушылар Қали Сәрсенбай, Көсемәлі Сәттібайұлы, Болат Бекжандар тұщымды сөз сөйлеп, орнықты пікірлер білдірсе, Б.Байқошқарұлы, Б.Жаңабайұлы, Е.Дадабаев, Ә.Мәмешұлы сынды ел ағалары ақжарма көңілдерінен шыққан ақеділ тілектерін арнады.
Осы шақтар Наршаның нағыз кемелденген кезі еді. Таластықтардың еңкейген кәрісінен еңбектеген сәбиіне дейін «Ауыл дейтін ауыспайтын астана», «Көп адамдар көшіп жатыр Ақкөлден» атты жырларын бастарына жастанып жатып:
Аттың басын ауыл жаққа бұрмасаң,
Ақсақалға сәлем беріп тұрмасаң,
Ағайынның адал малын ұрласаң,
Қазақпын деп айтпай-ақ қой, бауырым!
– деген өлеңдерін жатқа оқитын.
«Ақындар қашан жарыған, Ақша менен киімге» дегенді арланбай айтқан Нарша:
Үндемей құл болсаң,
Мақтайды кім-кім де.
Ұлтыңа ұл болсаң
Үндемеу мүмкін бе? – деп жүріп үндемей қоя алмайтындығының зардабын да талай шекті...
Наршаның бір өлеңіне мен де ән жаздым. Әнім Нәкеңнің ойынан шыққаны соншалық, үйішілік отырыстарда болсын, сахнада болсын, «Ұмыта алмайсыңды» айтшы деп жиі қолқалайтын. Әлі күнге аранжировкадан жұтап, жарнамасы жеткіліксіз болып, әрін келтірер әншісі кезікпей, бағын ашар орындаушысы табылмай, өнерсүйер қауымның жүрек төрінен титтей де бір орын ала алмай жүрген осынау бір лирикалық әнді қайта-қайта айтудан жалықпаймыз, өзді-өзімізге қошемет көрсетіп, бір-бірімізді қолпаштап, керемет бір жасап қалушы едік. «Бұл әнді Тұңғышбайға (Әл-Тарази) апарып беремін» деп арман қылды:
Ұмытқың қаншама келсе де,
Ұмыта алмайсың мені,
Сезімді ақылың жеңсе де,
Бұл дерттің жоқ енді емі.
...Күндерді өткізген сезіммен,
Күрсініп аңсарсың талай,
Мен өзіңмін ғой – өзіңнен
Қашып құтыласың қалай.
...Кірпігің ілінбей таңдарда
Кім білсін, күтесің нені.
Махаббат туралы ән барда,
Ұмыта алмайсың мені...
Неше жыл қызмет атқарып, лицейдің директоры да болып, Аллаға шүкір, «ҚР Білім беру ісінің үздігі» дәрежесіне дейін көтерілген білім саласымен қош айтысқаныма біраз болды. Аудандық тарихи-өлкетану мұражайын басқаруға ауысқан Наршаның табанының ізі қалған мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің «Ұлбике ақын» мәдениет орталығында еркін шығармашылықпен айналысудамын. Аудан мәдениетінің дамуына өзіндік үлесі бар Наршаның бұл ғимаратта қолтаңбасы қалғанына көзім көрген жайттар мен жылжыған жылдар куә. Кенжеалы Тәукебаев арқылы тапсырыс беріп, ақкөлдік дарынды суретші Досмұратқа салдырған Нарша Қашағанұлының портретін кабинетімнің қабырғасына ілгізіп қойдым. Мұражай демекші... Наршаның осы мұражай директорлығына келуі туралы да аңызға бергісіз әңгіме қалды артында. Сол кездегі Жамбыл облыстық мәдениет басқармасының бастығы Әлібек Әмзеұлының атына өзін қызметке қабылдау туралы өтінішін Нәкең былай деп өлеңмен өріп жолдаған ғой:
Өтініш жазды еріңіз,
Тағы да сынап көріңіз.
Түбі баратын жеріміз –
Музейді маған беріңіз!
Өтініш жазды еріңіз,
Наршаға тағы сеніңіз.
Сізге де орын қамдаймын –
Музейді маған беріңіз!
...Өзінің болашағын бұлжытпай болжаған Нарағаның мұралары енді, әрине, осы мұражайдан орын алады...
Әсіресе, қайтыс боларынан аз-ақ бұрын, 2012 жылдың жаймашуақ жылы бір күнінде сұхбат алынып, Наршаның облыстық «Айна» телехабарына түсірілгені көңілге медет, дәтке қуат.
Белгілі зиялы қауым өкілдері, мәдениет және өнер қайраткерлері мен танымал тұлғалар жайлы бұл телехабардың редакторы әрі жүргізушісі, ақын Ғайни Әлімбекқызының «Елде тұрып-ақ өткір, ұтқыр сөз сөйлеп, жыр жазып жатырсыз. Өзіңізді бақытты сезінесіз бе?» деген сауалына да нар ақын сол қарапайым қанағатшыл пейілімен – өлеңі арқылы жауап беріпті:
Елде тудым. Елде есейдім. Ер жеттім.
Кісіліктің мектебінен елде өттім.
Елде жүрсе болады екен ерде екпін,
Есік жақта қалмай еркін төрлеттім!
«Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» дейтін қағиданың қамал-қабырғасын қақырата сөгіп, алақандай ауылда тұрып-ақ алысқа аты шыққан Наршаға – Нарша Қашағанұлына өзінің мәңгілік мекені де туған жерінен бұйырды.
Үміт БИТЕНОВА,
ақын, Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі.
Қаратау қаласы.