
Егер топонимика – географиялық объектілерді зерттейтін тіл білімінің саласы болса, топонимия мемлекет, әкімшілік аумақ, елді мекендер мен жер-сулардың сыр-сипатын білдіретін атаулардың жиынтығы. Ал кейбір кезде белгілі бір атау, негізгі ғылыми және практикалық қызметімен қоса, мемлекеттілік пен егемендіктің басты белгілерінің бірі болатыны да бар. Оған еліміз егемендік жариялап, ең алдымен, мемлекеттің жаңа атауын бұрынғы Қазақ Кеңестік Социалистік Республиканың орнына Қазақстан Республикасы деп атауы айқын дәлел бола алады. Тек содан кейін еліміздің мемлекеттік рәміздері: елтаңба, әнұран, ту қабылданды. Осындай ерекше жағдайды ескере отырып Президент Н.Ә. Назарбаевтың топонимика ғылымына да көп көңіл бөлетіні көпшілікке мәлім.
Егер топонимика – географиялық объектілерді зерттейтін тіл білімінің саласы болса, топонимия мемлекет, әкімшілік аумақ, елді мекендер мен жер-сулардың сыр-сипатын білдіретін атаулардың жиынтығы. Ал кейбір кезде белгілі бір атау, негізгі ғылыми және практикалық қызметімен қоса, мемлекеттілік пен егемендіктің басты белгілерінің бірі болатыны да бар. Оған еліміз егемендік жариялап, ең алдымен, мемлекеттің жаңа атауын бұрынғы Қазақ Кеңестік Социалистік Республиканың орнына Қазақстан Республикасы деп атауы айқын дәлел бола алады. Тек содан кейін еліміздің мемлекеттік рәміздері: елтаңба, әнұран, ту қабылданды. Осындай ерекше жағдайды ескере отырып Президент Н.Ә. Назарбаевтың топонимика ғылымына да көп көңіл бөлетіні көпшілікке мәлім.
Оған топонимика туралы Президенттің төмендегі өте орынды пікірі дәлел бола алады. «Жалпы, бізде топонимика әлі де болса онша дамымай келеді ғой деймін. Қазақстандағы барлық жер атауларының сөздігін шығарып, қай атау қандай жағдайда, қандай мағынамен қойылған, ол сөздің түпкі түрі қандай болған дегенді ғылыми тұрғыдан анықтап, көрсету керек. Жеріңе қойылған ат еліңнің ұрпақтарға қалдырып кеткен хаты сияқты ғой» («Егемен Қазақстан», 14.10.2011 ж.).
Президент Н.Ә. Назарбаев бұдан бұрын да «Ана тілі» (11.05.2006 ж.) газетіне және қазақ тілді газеттердің бас редакторларына берген сұхбаттарында да топонимикаға үлкен мән беретінін, тарихи атауларды қалпына келтірудің, қазақ атауларының орыс тіліндегі нұсқаларындағы транслитерациялық бұрмалаушылықтар мен қателерді түзетудің керектігін ескерткен болатын.
Әрине, топонимиканың қоғам өмірінде алатын орны өте зор деп айтуға болады. Өйткені, адамдардың өмірлік, өндірістік және қоғамдық іс-қимылдары өзіндік атаулары бар көптеген объектілерден тұратын географиялық ортаның барлық аясында, нақты аумақтық кешендерде өтеді. Сондықтан географиялық объектілердің атаулары барлық уақытта сан-алуан міндеттерді орындайды, оларсыз ешбір қоғамдық формацияның өмір сүруі қиындыққа соғар еді. Барлық бағытта әрқилы ақпараттармен халықаралық тұрғыда алмасудың өскелең тасқыны географиялық атауларды біздің күнделікті өмірімізге өте қажетті және міндетті атрибуттарға айналдырды. Топонимдер ұдайы толыға және жаңара отырып, өткен қоғамның да, қазіргі қоғамның да жан-жақты сұраныстарына қызмет етті және қызмет етуде, олар тарихтың жалғастырғыш құралы бола отырып, болашақ ұрпақтарға да қызмет етпек.
Ғылыми және практикалық маңызы бар топонимдерден табиғаттың әртүрлілігі, табиғи ресурстардың барлығы не жоқтығы, жер бедері құрылымының түр-сипаты, сыртқы пішіндері, ландшафтылардың ала шабырлығы, әр жердің климаттық және гидрографиялық ерекшеліктері, су көздеріндегі судың сапасы мен мөлшері, флора мен фаунаның бұрынғы және қазіргі жай-күйлері туралы, жайылымдардың өнімділігі мен маусымдылығы туралы, белгілі бір аумақтың экологиясының жұтауы, сондай-ақ, табиғи және басқа объектілердің өзіндік ерекшеліктері, саны мен сапасы, ішкі құрылымы мен мәні бір ортаға қатыстылығы, тұрған орны және басқа елеулі қасиеттері мен белгілері айнадағыдай анық көрінеді және тағы басқадай мағлұматтар алуға болады.
Лексикада бұрыннан тұрақталған жергілікті атаулар жаңадан ұйымдастырылған әкімшілік-аумақтық және шаруашылық бірліктерді, елді мекендер мен олардың жеке бөліктерін, жаңадан ашылған пайдалы қазбалардың кен орындарын атаған кезде практикалық сұранымдарды жақсы қанағаттандырады. Топонимдердің танымдық және ағартушылық маңызы өте зор.

Еуразияның 5,0% аумағын қамтитын Қазақстан жерінің көлемі бойынша дүние жүзінің ең ірі мемлекеттерінің бірі болып табылады және осы көрсеткіш бойынша дүние жүзінде Ресейден, Канададан, Қытайдан, АҚШ-тан, Бразилиядан, Австралиядан,Үндістаннан, Аргентинадан кейін 9-орын алады. Осындай кең-байтақ аумақта жасалып, қорланған, ата-бабаларымыз кейінгі ұрпақтарға мұраға қалдырып кеткен, миллиондаған эндогендік (жергілікті халық өз тілінде берген) топонимдер халықтың жадында сақталуының арқасында біздің заманымызға дейін жетті. Бірақ, өкінішке орай, бұл орасан көп атаулар әлі күнге дейін бір жерге толығымен жиналмай, жүйеленбей және жан-жақты зерделенбей келеді. Географиялық атаулардың ең толық жинағын ірі масштабы топографиялық карталар қамтиды. Оларды жасаған кезде географиялық атаулармен әрі қарай жүргізілетін жұмыстардың негізі қаланады, сондықтан, дүние жүзі елдерінің көпшілігінде географиялық атауларды ретке келтіру, оларды стандарттау жөнінде жұмыстарды ұйымдастыру мен тікелей орындау мемлекеттік топографиялық-геодезиялық қызметке кездейсоқ жүктелмеген.
Географиялық атауларды жинау мен жүйелеу аясында Қазақстанда жүргізіліп келген жұмыстар мен олар туралы ақпараттар егемендік алғанша бұрынғы КСРО-да жиналған әулетке сүйеніп келді. Қазақ КСР-ындағы географиялық атауларды каталогтау жұмыстары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде, кейбір министрліктерде, ведомстволарда және ғылыми мекемелерде жүргізілді. Олар мамандандырылған (тақырыптық) тізімдер жасады және оларды оқтын-оқтын жеке анықтамалықтар түрінде басып шығарып отырды. Дәлірек айтқанда, 1989 жылға дейін оқтын-оқтын қайта басылып шыққан бұрынғы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің «Әкімшілік-аумақтық бөліну» атты анықтамалығында 10,8 мыңға жуық әкімшілік-аумақтық бірліктер мен елді мекендердің атаулары жинақталды. Ол ұзақ уақыт әртүрлі карталар мен атластарды жасауда және басып шығаруда негізгі нормативтік құжат қызметін атқарады. Бірақ, ол транслитерация тұрғысынан алғанда ешқандай сын көтермеді. Онда көптеген атаулар бұрмаланып берілді де, бір кезде жергілікті органдардың сол дұрыс ресімделмеген қалпында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесіне тапсырылып, одан кейін оның Жарлығымен бекітіліп отырды. Анықтамалықтың тағы бір кемістігі – ол әрқашанда орыс тілінде басылды да, қазақ тілінде нұсқа болмады. Және оған жер-су атаулары кірмеді. Анықтамаға кірген қазақ атауларының басым көпшілігі орыс тілінде бұрмаланып, қате жазылып келді.
Атауларды жинау мен олардың этимологияларын анықтауда қазақ және орыс тілдерінде жазылған табиғи объектілер мен елді мекендер атауларының тізбелері бар арнаулы топонимикалық сөздіктер маңызды рөл атқарады. Ғылыми тұрғыдан алғанда, ондаған және жүздеген мың жергілікті қазақтың тарихи географиялық атаулары өте құнды, бірақ олар қайтарымсыз жоғалып кетті немесе біртіндеп жоғалуда. Ашық түрде пайдалану үшін шығарылатын карталар масштабтарының іріленуіне байланысты күрт өскен қазіргі кездегі сұранымдарға Қазақстан Республикасының жиналған қолда бар топонимикалық қоры сәйкес келмейді. Ірі масштабты топокарталардан, барлық ведомстволық анықтамалықтардан, тарихи және басқа дереккөздерден жиналған Қазақстан Республикасының географиялық атауларының абсолюттік ақпараттық қорын құрудың қажеттілігі пісіп жетті. Жергілікті тамыры мен дамуының көпғасырлық тарихы бар қазақ атауларының айтарлықтай бөлігі патша заманында және кеңес дәуірінде үлкен транслитерациялық бұрмалауға ұшырады. Кейде арнаулы жүргізілген зерттеулерсіз атаулардың әуелгі дұрыс халықтық нысанын анықтау мүмкін емес. Бұл, топонимдердің мазмұнын ашуға қажетті. Мұндай топонимдер «дәстүрлі» болған кезде және олар сол қалпында дүниежүзілік карталар мен атластардың беттерінде, ресми халықаралық құжаттарда бекітіліп қалса топонимикаға үлкен зиян келтіреді. Орыс тілінде бұрмаланған атаулар өзінің ғылыми-ақпараттық құндылығын жоғалтады, халықтың заңды ренішін туғызады.
Сондықтан мемлекеттік тілде міндетті түрде ресми қолдану үшін белгіленген барлық айтарлықтай географиялық объектілердің өзіндік атаулары әртүрлі жағдайларда басқа тілдерде де мойындалуы және халықаралық шарттар мен келісімдерде, мемлекетаралық шекараларды белгілеу мен бекіту құжаттарында, халықаралық, пошталық, телеграфтық және электронды байланыстарда, интернетте, сондай-ақ, БҰҰ-ның халықаралық пайдалануға арналған барлық ресми тілдерінде карталар мен атластар жасалған кездерінде дұрыс транслитерацияланып, бірыңғай және тұрақты нұсқада жазылуы керек. Мысалы, өте үлкен мұнай-кен орны орыс тілінде Карашыганак деп дұрыс жазылудың орнына Карчаганак деп қате жазылуда.
Топонимиканың проблемаларын терең әзірлеусіз және топонимикалық лексиканы, меншікті аттардың номинациясы (аталуы) мен олардың құрылымының заңдылықтарын зерделеусіз географиялық атауларды дұрыс жазуды сәйкестендіру мен стандарттау мүмкін емес. Сондықтан республикада орысша топонимдерді жазудың қазақша дұрыс нұсқасына қоса, қазақша топонимдерді жазудың орысша дұрыс нұсқасын да және олардың көптеген көрсеткіштері жөніндегі сипаттамаларын қамтитын Географиялық атаулардың мемлекеттік каталогын жасаудың қажеттілігі туындады. Ұлттық каталог тек ірі масштабты топографиялық карталардағы барлық географиялық объектілердің атауларын қамтығанда және каталогтың деректерін ең жиі пайдаланатын ұйымдардың нақты сұраныстарын қанағаттандырғанда ғана оңтайлы деп саналады. Бұрыннан белгілі, каталогты географиялық атауларды белгілеу және олардың ресми жазылуын тексеру үшін картографиялық кәсіпорындар, баспалар, бұқаралық ақпарат құралдары, заң шығарушы, атқарушы органдар, статистикалық және басқа ұйымдар пайдаланады. Каталогтар нормативтік сөздіктерді, карталар мен атластар үшін атаулардың индекстерін және басқа анықтамалық материалдарын даярлауға және басып шығаруға көмектеседі. Каталогты жасаудың қажеттілігі бір географиялық объектінің атауының және оған қосылатын географиялық терминдердің әртүрлі дереккөздерде әрқилы жазылуын болдырмауға әрі оларды түзетуге байланысты туындады.
Егемендік алғаннан кейінгі жылдары республиканың негізінен елді мекендері мен әкімшілік-аумақтар бірліктерінің көптеген бұрмаланған атауларын біртіндеп түзету басталды, көптеген елді мекендердің тарихи атаулары заң бойынша қалпына келтірілді. Ал бірақ бұрмаланған физика-географиялық атаулар ресми түрде қалпына келтірілмей жатыр.
Осындай маңызды проблемаларды ескере отырып және 1997 жылы қабылданған «Қазақстан Республикасындағы тілдер туралы» заңды, ҚР Президентінің 1998 жылғы 5 қазандағы № 4106 «Тілдердің жұмыс істеуі мен дамуының мемлекеттік бағдарламасы» және 2001 жылғы 7 ақпандағы № 550 «2001-2010 жылдарға арналған тілдердің жұмыс істеуі мен дамуының мемлекеттік бағдарламасы туралы» жарлықтарын орындау мақсатымен ҚР БҒМ-нің География институты Жер ресурстарын басқару жөніндегі агенттігінің «Ұлттық картографиялық-геодезиялық қоры» РМҚК-мен бірлесіп 2001 жылы «Қазақстан Республикасының географиялық атауларының мемлекеттік каталогын (сөздігін)» жасауға кірісті.
Каталогтың негізгі деректері есебінде масштабы 1:100000-дық кезекші мемлекеттік топографиялық картада көрсетілген физика-географиялық объектілер мен елді мекендердің атаулары алынды. Сонымен қатар, География институтының топонимикалық картотекасының деректері, ведомстволық, статистикалық және басқа да мәліметтер пайдаланылды. Каталогта республиканың барлық облыстары бойынша 120 мыңдай жалпы географиялық атаулары (сілтемені қоса есептегенде) қамтылды. Оның 91,7 мыңы жеке географиялық объектілердің атаулары. Соның 32,4 мыңы оронимдер (жота, тау, шоқы, төбе, қырат, үстірт, жол, төбешік, қорған, ойыс, сай, жырасай, шатқал, қолат, өзек, жыра, үңгір, жон, арал, түбек, құм, тереңсай, аңғар, қоныс және т.б. атаулар), 27,0 мыңы гидронимдер (өзен, көл, шығанақ, өзен тармағы мен тарамы, ескі арна, құрғақ арна, бұлақ (көз, қайнар, тұма), көлтабан, ұсақ қопа (ильмень), жайылма тармағы (ерік), бөген, тоған, канал, арық, сор, батпақ, құдық және т.б. атаулар), 24,6 мыңы елді мекен атаулары, 7,4 мыңы зират, 0,2 мыңы орман-тоғай, 0,2 мыңдайы аумақтық-әкімшілік бірліктер атаулары.
Каталог қазақ, орыс тілдерінде 32 томнан тұрады. 12 облыс қазақ, орыс тілдерінде бір-бір томнан болса, Қарағанды, Шығыс Қазақстан сияқты үлкен облыстар екі томнан тұрады. Орыс тіліндегі каталог нұсқаларында әуелі қазақ атауларының орыс тілінде дұрыс жазылған үлгісі, оның жанында қазақша атаудың дұрыс үлгісі беріледі. Қазақ тіліндегі каталогтарда, керісінше, әуелі объектінің қазақша атауы, одан кейін орысша дұрыс транслитерациясы беріледі. Бұлардан кейін екі тілді каталогтардың әрқайсысында объектілердің түрі (тау, өзен, көл, елді мекен және т.б.), тұрған орны мен ауданы, өзендердің басталатын және құятын жері көрсетіледі. Орыс тіліндегі каталогтарда қысқа ғана бір сөзбен орыс тілінде әр объектінің этимологиясы беріледі. Мысалы, антропороним (кісі атынан қойылған жер атауы), геногидроним (ру атынан қойылған су атауы), фитоороним (өсімдік атынан қойылған жер атауы) және т.б. Бұл деректер орыс тілді оқушыларға атаудың мәнін түсіндіруге көмектеседі.
2013 жылға дейін каталогтың мемлекеттік және орыс тіліндегі электронды және кітаптық нұсқалары жарық көрді. Қазақстан Республикасының Географиялық атауларының мемлекеттік каталогының электронды болжамы қазіргі заманның деңгейінде ұдайы қолдауды керек ететін, объектілердің шығу тегі мен тұрған орны, сондай-ақ, басқа сипаттамалары көрсетілген, республикада да, шетелде де олардың біркелкі және тұрақты жазылуларын қамтамасыз ететін Қазақстан Республикасының аумағындағы географиялық атаулардың жүйеленген қоры болып табылады. Биылдан бастап каталогтар масштабы 1:25000 карталар бойынша толықтырылып, түзетіліп ҚР Үкіметі жанындағы Мемоном-комиссиясының бекітуімен қайтадан басылып, жарыққа шығып жатыр.
Қазақстанның барлық облыстарын қамтитын, қазақ және орыс тілдерінде шығатын каталогтарды жасау үшін жаңа нұсқаулықтың керектігі туындады. Өйткені, 1971 жылы Мәскеуде жарық көрген, КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы Геодезия-картография Бас басқармасының Геодезия, фэротүсіру және картография орталық ғылыми-зерттеу институты, Қазақ КСР ҒА-ның Тіл білімі институты және География секторымен бірлесіп әзірлеген «Қазақ КСР-ның географиялық атауларын орыс тілінде беру жөніндегі нұсқаулығы» қазіргі талапқа сай келмеді. Сондықтан аталған нұсқаулықтың негізінде География институты, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты және Жер ресурстарын басқару агенттігінің «Картография» РМҚК-мен бірлесіп «Қазақстан Республикасының географиялық атауларын қазақшадан орысшаға және орыс атауларын қазақша берудің нұсқаулығын» даярлап, баспадан шығарды (Алматы, 2002 ж.). Ол кейінгі жылдары республикада егемендіктің нәтижесі ретінде ұлттық саясат пен тіл идеологиясының аясында болып жатқан тарихи, қоғамдық-саяси оң өзгерістерді есепке ала отырып жасалды.
Мұның барлығы, ең алдымен, ұлттық стандартқа негізделген географиялық атауларды сәйкестендірудің халықаралық стандарты талап еткеніндей қазақ атауларын орыс тілінде дәлме-дәл берудің қажеттілігінен туындады. Қазақ атауларын орыс тілінде, сондай-ақ, дүние жүзінің басқа тілдерінде қолдануды сәйкестендіруде жаңа нұсқаулық оң рөл атқаратынына еш күмән жоқ.
Нұсқаулықты Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы Мемлекеттік ономастикалық комиссия бекіткен (2002 ж.). Сондықтан ол Қазақстан Республикасының барлық министрліктеріне, ведомстволарына және мекемелеріне арналған міндетті құжат болып саналады.
Сламқұл ӘБДІРАХМАНОВ,
География институтының аға ғылыми қызметкері,
Үкімет жанындағы Мемлекеттік
ономастика комиссиясының мүшесі.