Қазақстан • 13 Қараша, 2020

Дәурен Абаев ауыл әйелдерінің III форумына қатысушыларды құттықтады

302 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев Қазақстанның ауыл әйелдерінің III форумына қатысушыларды құттықтап, ерлермен қатар елеулі еңбек етіп жүрген нәзік жандылардың жұмысына сәттілік тіледі, деп хабарлайды Egemen.kz

Дәурен Абаев ауыл әйелдерінің III форумына қатысушыларды құттықтады

Қазақстанның ауыл әйелдерінің III форумында Дәурен Абаевтың құттықтау хатын ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Ләззат Рамазанова оқып берді.

"Қадірлі ханымдар! Баршаңызды Қазақстанның ауыл әйелдерінің III форумының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын. Ауыл мен әйел – қай кезде де қазақ үшін қастерлі де киелі ұғымдар. Бәріміздің тамырымыз ауылдан, ғұмырымыз әйелден басталады. Қазір де ел халқының 40 пайызының астамы ауылды жерде тұрады. Сондықтан ауылды дамыту – мемлекеттік саясаттың басты басымдығының бірі. Бұл ретте әйелдердің әлеуетін күшейтуге әрқашан мән беріледі. Себебі өздеріңіздің экономикалық үлестеріңіз, әлеуметтік жауапкершіліктеріңіз жылдар сайын артып келеді", дейді Дәурен Абаев.

Оның айтуынша, бүгін де әйелдер өз кәсіпорнын ашып, шаруа қожалықтарын басқарып, бірегей өндірісті іске қосып, мыңдаған адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Оған қоса өскелең ұрпақты тәрбиелеп, отбасы құндылықтарын сақтауда алатын орындары да ерекше маңызды.

"Сонымен қатар сіздер білім беру, денсаулық сақтау, бизнес саласын дамытуға үлкен үлесі қосып келесіздер. Оған қоса "Жасыл экономиканы", цифрлық технологиялар мен инновациялық жобалардың дамыту ісінде де ауыл әйелдерінің үлесі зор. Ал Мемлекет басшысының бастамалары бұған қосымша серпін береді. Мысалы Президентіміз биылғы Жолдауында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының өзіндік толық қамтамасыз ету, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, еңбек өнімдерін екі есе арттыру, агроөнеркәсіп кешені өнімінің экспорттық көлемін екі есе арттыру сияқты тапсырмалар берді. Сіздер де осы міндеттерді жүзеге асыруға зор үлес қосып жүрсіздер. Алдағы уақытта да ерлермен қатар елеулі еңбек ететіндеріңізге сеніміміз зор", деді Дәурен Абаев.