Қазақстан • 13 Қараша, 2020

Қазақстан жолдарында 100-ден астам электронды таразы пайда болады

354 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Автомобильдің салмақ, габариттік параметрлерін өлшеудің автоматтандырылған станциялары 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар барлық автожолдарда пайда болады, деп хабарлайды Egemen.kz

Қазақстан жолдарында 100-ден астам электронды таразы пайда болады

"Алғашқы "таразы-автомат" қанатқақты режимде келесі жылдың маусым айына дейін "Екатеринбург-Алматы" автожолында, яғни Талапкер кентінің маңында іске қосылады. Ауыр салмақты жүктерді тасымалдаудың қарқындылығы жол жабындарының тозуы мен бұзылуына айтарлықтай әсер етеді. Жаңа технологияны - салмақты өлшеудің автоматтандырылған станцияларын енгізу жүк көлік құралдарының барлық ағынын салмақты бақылаумен қамтуға, барлық ереже бұзушыларды анықтауға және әкімшілік жауапқа тартуға мүмкіндік береді. Осылайша, тасымалдаушылардың тәртібі мен автомобиль жолдарының сақталуы артады, оларды жөндеуге жұмсалатын шығындар төмендетіледі", делінген ҚР ИИДМ мәліметінде.

Сонымен қатар, көліктің салмақ, габариттік параметрлерін өлшеу процесі көліктік бақылау органдары инспекторларының қатысуынсыз автоматты түрде жүргізіледі. Анықталған ереже бұзушылықтар бойынша әкімшілік практика "Сергек" жүйесінің жұмыс істеу қағидаты бойынша жүзеге асырылатын болады. Бұл адами факторды болдырмауға және көліктік бақылау жүйесіндегі әкімшілік кедергілерді барынша азайтуға ықпал етеді.

"Көлік инфрақұрылымын дамытудағы "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін Қазақстан автожолдарында 112 автоматтандырылған өлшеу станцияларын орнату жоспарлануда", делінген өткен хабарламада.