Қоғам • 14 Қараша, 2020

Астана медицина университетінде Татуласу орталығы құрылмақ

605 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Болашақ 7000 дәрігер білім алып жатқан астаналық медициналық ЖОО-ны – Астана Медицина университеті қабырғасында республика аумағында алғаш рет медициналық дауларды шешу үшін Татуласу орталығы құрылмақ, деп хабарлайды Egemen.kz

Астана медицина университетінде Татуласу орталығы құрылмақ

Орталықтың ашылу салтанаты "Медициналық ұйымдар мен пациенттер арасындағы дауларды шешуде медиацияны қолданудың мәселелері мен болашағы" атты дөңгелек үстелден кейін өтті. Іс-шара денсаулық сақтау саласында қазіргі уақытта әлеуеті жоғары саналатын жанжалдарды шешу үшін медиацияны қолдану тәжірибесіне қатысты өзекті мәселелерді шешудің диалог алаңына айналды. Дөңгелек үстел медициналық және сот қоғамдастығының өкілдері, қоғамдық ұйымдар, медиаторлар, практик заңгерлер, медициналық, заң Жоғары оқу орындарының ғылыми-педагогика саласындағы қызметкерлері, сондай-ақ медициналық дауларды шешуде медиацияны қолдану тәжірибесін зерттеуге мүдделі тараптардың басын қосты.

Медициналық құқық және этика кафедрасының меңгерушісі Ж.О. Тілембаеваның сөзінше, "қазіргі қоғам медицинадағы қателіктер мен медицина саласындағы көмек сапасының ақауына қатаң көзқарас ұстанады. Пациент күткен нәтижелерден сәл ауытқудың өзі жанжалға бастап, қоғамда ауқымды резонанс тудырады. Дәрігерлер мен пациенттер арасындағы жанжал өткір сипат алып, сотқа дейін жетеді".

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, медиацияны қолдану арқылы пациенттердің құқығын қорғау  жүйесін құруға соңғы жылдары әлемнің көп елі басым назар аударуда. Кейбір елдерде медициналық қызмет көрсетуге байланысты істерді сотқа дейінгі және соттан тыс қараудың бұл жүйесі пациенттің құқықтарын қорғау тұрғысынан омбудсмен институты деп аталады; бірақ дауды белгілі бір дәрежеде қарастыру тәсілі ретінде медиация әдісі қолданылады. Пациенттердің құқығын белгілі бір дәрежеде қорғау институттары Австрия, Финляндия, Грекия, Норвегия, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ, Израиль, Венгрия және Словенияда бар.

Заңнамалық және құқықтық ақпарат институтының Конституциялық, әкімшілік заңнама және мемлекеттік басқару бөлімінің басшысы Б.Қ.Нұрғазинов өз сөзінде медициналық даулардың шешімін табу тәжірибесін дамытатын Татуласу орталығының Астана медициналық университеті қабырғасында құрылуын қолдайтынын атап өтті.

Қазіргі уақытта денсаулық сақтау Министрлігінде 72 мыңнан астам дәрігер мен 175 мың орта медициналық қызметкер тіркелген, сондықтан медицналық мекемелер үшін медиациялық орталықтар құру өзекті, себебі дәрігер мен пациент арасында дау туғандай ұжым мүшелері арасында да кикілжің туып қалуы ықтимал, сондықтан денсаулық сақтау саласында медиацияны дамытудың болашағы бар.

Мұндай бастамалар Қазақстанда іске аса бастады. "Соттар денсаулық сақтау саласында медиация кабинеттерін ашуда. Мәселен, 2019 жылы 11 маусымда Ақтөбе соты қалалық емханалардың бірінің ғимаратында "Татуласу: сотқа дейін, сотта" қанатқақты жобасының аясында Ақтөбе қаласы сотының өкілдері, судьялар, медиаторлар, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасы мамандары мен медициналық қызметкерлердің қатысуымен медиация кабинетін ашты", деді Б.Қ.Нұрғазинов.

Тарихқа көз салсақ, Қазақстанда медиация институтына ұқсас институт болған, бұл Билер соты деп аталады. Халық арасында беделді саналатын Би көшпелілер арасындағы дауды қарап, бір-бірімен дауласқан тараптарды татуластырған.

Медиацияны қолдану бойынша қазіргі халықаралық тәжірибеге назар аударсақ, айталық, Германияда бұл мәселелер судьяның құзыретіне кіреді, судья тараптарға сот талқылауының жүруі мүмкін екенін ескертіп, сот медиациясын іске  асырады.

Медицинадағы медиацияның даму келешегі туралы ойларымен кәсіби медиатор Ж.Ж.Үсіпбекова бөлісті. Оның айтуынша,  медиация процедурасы қазір әзірге медициналық қауымдастықта әлі кең таралмаған. Алайда соңғы уақытта медициналық қызмет көрсету саласында даулар саны артып келеді, соның ішінде медициналық қызмет көрсету туралы келісімшарттың орындалмауы немесе тиісінше орындалмауы, пациентке қызмет көрсетілмесе де қызмет ақысы үшін шоттың шығуы, ақысыз медициналық қызметтердегі сапаның төмендігі.

Бұқаралық ақпарат құралдарындағы сыни нысандар қаржылық шығынға батырып, беделге айтарлықтай нұқсан келтіреді.

Медицина саласындағы медиация институтын сәтті дамыту үшін әрі дауларды баламалы түрде шешудің, сондай-ақ өзара тиімді әрекеттесуді қалыптастырудың бір түрі ретінде медициналық медиацияны дамыту қажет. Медициналық білімі бар кәсіби медиаторларды оқытып, дайындау және медициналық кадрларды дайындауда медиация, психология, конфликтология, келіссөздер процесі сынды пәнаралық оқытуды қолдану маңызды.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша, қатысушылар ұсыныстарын алға тартты, атап айтқанда медицналық дауларды шешу мақсатында Астана Медицина университетінің жанынан құрылатын татуласу Орталығына медиацияны қолдану тәжірибесін енгізу ұсынылды. Заңнамалық реттеу тұрғысынан медиация тәртібімен бұқаралық-құқықтық дауларды шешу міндетті болатын істердің санаттарын анықтау бөлімінде Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы мәселені пысықтау ұсынылып, Қазақстан Республикасы заңнамасы құзыретті тұрғыда қорғайтын пациенттердің құқықтарын ғана емес, сонымен қатар медицина саласындағы мамандардың да мүддесін қорғап, ескеру механизмдерін белсенді дамыту мәселесі де қаралды.

Білім беру бөлімінде медицина қызметкерлері арасында медиация құзыреттігін, пациенттермен және олардың туған-туыстарымен тиімді қарым-қатынас жасау дағдыларын, болашақтағы тәжірибеде дауларды (кикілжіңдерді) шешу және алдын алу мақсатында "Медициналық медиация" пәнін оқу процесіне енгізу ұсынылды.