Қоғам • 16 Қараша, 2020

Жол апатынан 260 адам көз жұмған

431 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жетісуда жыл басынан бері 1743 жол-көлік оқиғасы болып, соның салдарынан 260 адам көз жұмған екен. Өкінішке қарай, жол апатының көбіне жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс арттыруы себеп болып отыр.

Жол апатынан 260 адам көз жұмған

today.kz

Қара жолда қаза құшқандардың да дені жоғары жылдамдықпен жүріп, апатқа ұшыраған көліктердің жолаушылары екен. Биыл құйындай ұшып, қозғалыс кезінде апатқа ұшыраған көлік саны 503 болса, оның 102 оқиғасы адам өлімімен аяқталыпты.

– Облыс жолдарындағы жағдай күр­делі болып отырғаны рас. Жүргізуші­лер­дің жауапкершілікті сезінбеуі мен жол ережесіне немқұрайды қарауы көбі­не қайғылы жағдайға апарып соғуда. Мы­са­лы, жыл басынан бері жылдамдық режі­мін сақтамау салдарынан болған көлік апатынан 102 адам қаза тауып, 848 адам жарақат алды. Ал тағайындалған әкімшілік жазалар бойынша цифрларды алатын болсақ, көлік иелеріне облыс аумағында жылдамдық режімін асырғаны үшін 16 307 әкімшілік хаттама толтырылды, дейді облыстық Полиция департаменті жол-патруль қызметі басқармасы басшының орынбасары, полиция майоры Мейір Демеубаев.

Қазір полицейлер республикалық маңызы бар автожолдарға «КРИС-П» жылдамдық анықтау радарлары мен фоторадар кешендерін қайтадан қойып жатыр. Бұған дейін бұл қоғамдық пікірдің ауанына қарай баяулаған болатын. Есесіне, жолдардағы мұндай бақылаудың нәтижесі бірден сезіледі екен.  Мысалға, жылдамдықты анық­тау кешендері іске қосылған бір тәулік ішінде ереже бұзған 200 көлік анық­талған. Сондай-ақ тәр­тіп сақ­шылары қыс маусымынң түсуіне байланысты автокөліктердің дайын­дығына да назар аударып, ескерту жасап жатыр. Әсіресе Талдықорған–Алматы бағытындағы жолға шығатын көліктердің тиісті дайындығы төмен екен. Өйткені екі аралықтағы жолдың сапасына сенген жүргізушілер қысқы дөңгелек ауыстыру, қозғалыс бөлшек­терін жөндеуден өткізу сияқты маңызды дүниелерге салғырт қарайды.

Айтпақшы, облыста тіркелген жол-көлік оқиғасының дені Алматы-Өскемен автожолының бойында болып отыр. Өкінішке қарай, бұл маңда тек көлік апаты ғана емес, қылмыс жағдайы да жиі тіркеледі. Әсіресе күре жолдың бойында адам қағып, оқиға орнынан қашып кеткендер бой көрсеткен. Ал полиция мұндай қылмыстың ізін суытпай ашуға тырысып жатыр. Мысалы, жақында Кербұлақ ауданының 41 жас­тағы тұрғынын белгісіз көлік қағып кет­кен болатын. Ауыр соққыдан есін жимаған  зардап шегуші қаза тапқан. Түн ауа болған аппаттан кейін қылмыскер қашып кеткен екен.

– Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде апат орнынан қашып кеткен Алматы қаласының 46 жастағы тұрғыны құрықталды. Оның жеке үйінің ауласынан жаяу жүргіншіні қағып кеткеніне дәлел болатын соққының іздері бар автокөлік табылды. Дәлелдемелерден кейін күдікті адам қаққанын мойындады. Ол өзінің оқиға орнынан қашып кетуін қорқыныш салдарынан деп түсіндірді. Тіпті қылмыс жасаушы  өзін ешкім таба алмайды деп ойлаған болуы керек. Себебі түн жарымында оқиғаны ешкім көрмеген. Ал полиция істі мұқият зерделеп, санаулы сағатта қылмысты ашты. Бұл жерде  Талдықорған қаласы мен Алматы қаласының аралығындағы бақылау камераларының көмегі тиді, – дейді Көксу ауданы полиция бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Рамиль Гимадиев.

Жол демекші, күре жолдың бо­йын­да қараусыз жүрген мал басының ұры-қа­рыға жем болуы да жиілеп тұр. Жақында Талдықорған – Алматы тас жолы бойында жайылып жүрген ірі қа­ра­ны қолды қылған барымташылар қолға түсті. Кербұлақ ауданының по­ли­­цей­лері жер­гі­лікті тұрғынның 6 бас сиы­рын жайылым­нан қолды қылды дег­ен күдік­пен 25 және 29 жастағы екі аза­­матты ұста­ды. Жедел-іздестіру шара­лары барысында қолды болған сиырлар табылып, заңды иесі­не табысталды.

– Қылмысқа қатысы бар деген күдік­­пен Кербұлақ және Көксу аудан­дары­ның екі тұрғыны қамаққа алынды. Олар­дың аудан тұрғынының 6 бас сиырын ұрлаға­ны дәлелденді. Қазіргі уақытта олардың өзге де қылмыстарға қатысы бары тек­серілуде, – дейді Кербұлақ аудандық полиция басқарамасының бастығы, полиция подполковнигі Ербол Ахметқалиев.

 

Алматы облысы