Салтанатты жиынды ашқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева үшкүндік шараның отандық ақпарат саласының әлемдік бәсекеге қабілетті екенін көрсеткенін атап өтті.
«Үш күнге созылған Astana Media Week жобасы халықаралық журналистиканың назарын елордамызға аударған ерекше іс-шара болды. Бүгінде бүкіл әлемді әбігерге салған пандемия жағдайында әлем журналистері бір арнада тоғысып, өз кәсіптеріне деген адалдықты кезекті рет дәлелдеп отыр. Онлайн форматтағы платформада әлемнің 16 мемлекетінің көрермендері үшін 50-ден астам халықаралық медиа сарапшы өз тәжірибелерін ортаға салды. Және ең бастысы – біздің отандық журналистика деңгейі де әлемдік бәсекеге қабілеттілігіне көз жеткіздік», деді министр.
Қатысушылар АҚШ, Ұлыбритания, Швеция, Сауд Арабиясы, Ресей секілді елдерден қосылған білікті сарапшылардан саладағы соңғы өзгерістер мен трендтер туралы ақпарат алып, пандемия салдарынан өзгеріске ұшыраған медианың болашағы туралы орамды ойларын тыңдады.
«Осындай ортақ алаңда өзара тәжірибе алмасып, озық үлгілерді үйрену журналистердің біліктілігін жетілдіріп, оны жаңа деңгейге көтеретіні анық. Соның ішінде отандық медиа саланың одан әрі дамуына үлкен серпін береді деп сенеміз. «Үркер» ұлттық бәйгесінің марапаттау рәсімі Astana Media Week апталығы аясында өтіп отыр», деп атап өтті ведомство басшысы.
Қоғамдағы әр саланың өзіндік орны барын баса айтқан А.Балаева, соның ішінде журналистиканың қоғам үшін атқарып отырған еңбегін жоғары бағалады. Оның айтуынша, әрбір қызмет лайықты бағасын алуы керек. Министр қазылар алқасы жүзден жүйрік шыққандарға лайықты бағасын бергеніне сенімді екенін жеткізді.
Ақпарат саласындағы ұлттық сыйлық биыл төртінші рет табысталып отыр. Биылғы байқаудың жаңалығы – қазақ журналистикасының жампозы Шерхан Мұртаза атына арнайы аталым тағайындалғаны болды.
«Шерхан ағамыздың отандық журналистиканы дамытуда атқарған еңбегі мен қосқан үлесі өлшеусіз. Сондықтан да қазақ журналистикасының асқар шыңы саналатын Шераға атындағы марапатқа ие болу – кім үшін де зор мәртебе, биік жетістік деп білемін», деді Аида Балаева. Аталған аталым бойынша мүсінше мен 1 миллион теңгені қазақ журналистикасының ақтаңгері, публицист Қайнар Олжай жеңіп алды.
Салтанатты жиында барлығы 11 аталым бойынша үздіктер анықталды. «Жылдың үздік фотосуреті» аталымына тәуелсіз экологиялық шолушы Сәкен Ділдахмет, ал «Үздік репортаж» аталымында Kyzylorda-news.kz порталының қызметкері Нұрсұлтан Мықтыбаевтың жұмысы жоғары бағаға ие болды. Одан бөлек, «Жылдың үздік аналитикалық материалы» бойынша Strategy2050.kz порталынан Кайрат Жандыбаев, «Үздік журналистік зерттеу» аталымында «Время» газетінің журналисі Михаил Козачков, «Үздік танымдық материал» бойынша Sputnik Казахстан ақпарат агенттігінен Тимур Ниталиев марапатталды. Ал «Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі Гүлбаршын Сабаева «Жылдың үздік сұхбаты» аталымында жеңіске жетті. Сондай-ақ үздік марапатқа шығармашылық ұжымдар да ие болды. «Atyray» радиостансасындағы «Эфирде 102 FM» бағдарламасы «Радиостансадағы үздік жоба», TengriNews порталы «Үздік жаңалықтар порталы», жамбылдық «AQ JOL» газеті «Жылдың үздік газеті», «Жұлдыз» журналы «Жылдың үздік журналы» деп танылды.
Жеңімпаздарға сертификат, «Үркер» естелік мүсіншесі мен 1 миллион теңге ақшалай сыйлық табысталды.
Қауіпсіздік шараларына байланысты көрермендер марапаттау рәсімін тікелей эфирде көруге мүмкіндік алды. Биыл барлығы 470 өтінім келіп түсті. Ақпарат саласының үздіктерін беделді қайраткерлер, шығармашылық зиялы қауым өкілдері және танымал қазақстандық журналистерден құралған қазылар алқасы таңдаған.
Astana Media Week шарасының биылғы форматы қатысушылар мен қонақтарға жаңа мүмкіндіктер ашты. Білікті сарапшылардың қатысуымен өткен панельдік сессияларды сайт арқылы 25 мың, әлеуметтік желілер арқылы 10 мыңға жуық адам тамашалаған. Орта есеппен 1 панельдік сессияға 2500-ге жуық қатысушы қатысты. Министр А.Балаева шараны офлайн ұйымдастырған кезде залға осыншама адамды сыйғыза алмас едік дейді. Сондай-ақ оның айтуынша, қатысушылардың географиясы да кеңейген. Шараны Қазақстан тұрғындары ғана емес, әлемнің 16 елінен тамашалаған. Министр Astana Media Week шарасының халықаралық деңгейде өткенін айта келе, алдағы уақытта да осындай форматты қолдайтынын жеткізді.