Аймақтар • 16 Қараша, 2020

Абаттанған Абай ауданы

832 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Ұлылардың мекенінде – Шыңғыстаудың етегінде хакім Абайдың мерейтойы дүркіреп, дүрілдеп өтпеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Абайдың 175 жылдығы ысырапшылдыққа жол берілмей, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін қажет болды. Ақынның туған елінде халықтың әл-ауқатына серпін беретін 19 жоба іске асырылып, ауданның ажары арта түсті.

Абаттанған Абай ауданы

 

Қазақтың ғана емес, адамзаттың ойшылы Абай рухына тағзым етіп, оның қара сөздеріне, ойлы өлең-жырларына терең бойламаған адам кемде-кем шы­ғар. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жы­лы Абай ауданына келген сапарында: «Қазақтың ары мен намысы, ақылы мен жүрегі, ұлы Абайдың аруағына басымды идім» деп, баба рухына тағзым еткені ел есінде.

 

Құнанбай рухына құрмет

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­тың алғашқы Жарлықтарының бірі ұлы ақынның 175 жылдығын мерекелеуге арналып, «Ұлы Абайды ұлықтағанда, оның әкесі Құнанбайдың ел алдындағы еңбегін ұмытпауымыз керек» деген-ді Мемлекет басшысы. Әрине, Абайдай ұл өсірген Құнанбай рухына құрмет көрсетілуі тиіс еді. Құнанбай сұлтан өз заманында қайраткерлігімен, әділ де қатал шешім қабылдайтындығымен ерекшеленген тұлға. Оның балуандығы мен найзагерлігі де болған екен. Шешендігімен, тілінің өткірлігімен де көзге түскен. Яғни кешегі өткен Алаш зиялылары бағалағандай, дала данышпаны – Құнанбай мен оның әулеті жерленген Ақшоқының қазақтың тарихында алар орны бөлек.

Абай Құнанбайұлының 175 жылды­ғын мерекелеу қарсаңында Құнанбай және оның әулеті жерленген қорым аумағы кеңейтіліп, толығымен абаттандырылды. Зират ішіндегі тозығы жеткен белгітастар жаңартылды. Алаңына тақтатас төселіп, келушілерге қолайлы болу үшін қалқалар қойылды. Қоршау ішіне тайға таңба басқандай етіп, ұлы Абайдың әкесіне арнаған сөздері жазылды. Маңайы құлпырған гүлдермен көмкерілді.

Ең бастысы, елімізде тұңғыш рет ұлы Абайдың кемеңгер әкесі Құнанбайға арнап, оның өмірі мен қайраткерлік қыз­метін дәріптейтін Құнанбай музейі бой көтерді. Музей ішінде заман тала­бына сай жабдықталған конференция және экспозициялық залы бар. Соны­мен қатар мұражай меңгерушісінің бөл­месі, екі қонақ бөлме, намазхана, асхана және санитарлық торап бөл­ме­лерімен жасақталған. Осы музей арқылы қазақ халқының Құнанбай дәуі­ріндегі құндылықтар мен ұрпақтар сабақ­тастығы жаңғыртылып, қажының ел тари­хындағы сіңірген еңбегі дәріптелмек. Музей­дің экс­позициялық залына ұлылар меке­ні­нің тарихынан, өнер мәдениетінен, тұр­мыс-салтынан көрініс беретін құнды жәді­герлер, бағалы бұйымдар, тұрмыстық зат­тар тағы басқа танымдық дүниелер қойылды.

Абай ауданында жұмыс сапарымен болған Даниал Ахметов музей қазақ халқының құндылықтарымен ұрпақтар сабақтастығын сақтау тұрғысынан өте маңызды нысан екенін ерекше атап өткім келеді деген еді. Шындығында, музейге келушілер ұлылар мекенінің тарихына, мәдениетіне, тұрмыс-салтына қанығып, ондағы қойылған құнды жәдігерлермен танысып, рухани азық алып қайтары сөзсіз. Қазақ руханияты үшін атқарылған қыруар шаруаны аудан әкімі Жарқынбек Байсабыров тиімді үйлестіре білді.

Абайдың 175 жылдығы аясындағы жұмыстардың басы ең алдымен ақынның кіндік қаны тамған, қасиетті қазақ жерінің тарихи мекені – Сырт Қасқабұлақ пен қасиет қонған, құт дарыған Ақшоқыда жүзеге асырылды. Ұлы ойшыл өмірге келген Сырт Қасқабұлақта күрделі жөн­деу жұмыстары жүргізіліп, кіреберіс 1,6 ша­қырым жолы асфальтталды. Абай­дың өмір жолы басталған қасиетті бұл жер ұзақ жылдар ескерусіз, елеусіз қа­лып келген еді. Былтыр тарихи аумақ Абай аудандық мәдениет үйінің теңге­ріміне алынып, Абай су ішкен бұлақтың басы толығымен абаттандырылып, адам та­нымастай өзгерді. Шырша, шынар ағаш­тары отырғызылып, Абайдың дом­бырасының пішінінде жасалған ны­сан басына ақынның қара сөздері жа­зыл­ған мәрмәр тастар қойылды. «Ту­ған­да дүние есігін ашады өлең» атты стел­ла тұрғызылды. Сондай-ақ рухани бай­лығымызды, салт-дәстүрімізді дәріптеу, туризмді дамыту мақсатында этноауыл ұлттық мәдени кешенін ашу қолға алын­ды. Сырт Қасқабұлақ осылайша ке­лу­­шілерге демалыс сыйлайтын, туған жер­дің қасиетін, өлеңнің рухын сезін­дірген басты нысандардың біріне айналды.

1

 

Бөріліге көңіл бөлінді

«Халық пен халық, адаммен адам білімімен теңеседі, ұлт дүниеге берген тұлғалы ұл-қыздарымен өлшенеді» деп өшпес өсиет қалдырған ғұлама жазушы Мұхтар Әуезов дүниеге келген Бөрілі мекенінің де ел тарихында орны бөлек. Абайды әлемге танытқан жазушының туған жері алып ой кемеңгерінің мерей­тойы қарсаңында қайта жаңғырды. «Бөрілі – Мұхтар Әуезовтің туған жері» стелласы жаңартылып, ауылға бұрылатын тұста аялдама орнатылды. Ондағы музей алаңы абаттандырылып, келген меймандар үшін демалатын арнайы орын мен екі қалқа қойылды. Сонымен қатар музей алдына «Білімді бала» кіші архитектура­лық мүсіні орнатылды. «Street Worкоut» ала­ңы қойылып, ауыл балаларына кез-келген уақытта спортпен айналысатындай мүмкіндік туды. Ауыл ішіне жарық тартылды. Мұхтар Әуезовтің әкесі мен анасының жатқан зиратының аумағы толығымен абаттандырылып, мердігер компанияның демеушілігімен немере ағасы Қасымбек Әуезұлы мен жеңгесі Ғалия Ахметбекқызының зираттарына мәрмәр тас қойылды. Алыс-жақыннан келген қонақтарды құшақ жая қарсы алатын қасиетті мекеннің бүгінгі көркі көз қуантатындай жағдайға жетті. Ендігі әрі, әр тасы тарихқа тұнған бұл өңірге турис­тер толассыз ағылатыны анық.

 

Жидебайдағы жаңашылдық

Құнанбай әулетіне құтты қоныс бол­ған, хакім өмірінің соңғы жылдары өткен Жидебай елді мекені ел тари­хындағы маңызы зор, киелі орын екені белгілі. 1995 жылы ақынның 150 жылдығы ата­лып өткен уақытта пайдалануға беріл­ген сәулетті кесене­лердің тастары тозың­қыраған болатын. Жаздайғы жаңбыр, аптап ыстық, қыстайғы қақаған аяз-боран, жауын-шашын тас екеш тасты да тоздырады. Күре жолдың бойынан киелі орынға бұрылатын стелла да ескірген еді. Осының бәрі сараланып, сарапталып, алыстан менмұндалап тұрған «Абай-Шәкәрім» стелласы бой көтерді. Стелла маңы едәуір кеңейтіліп, көлік тұрағы жасалды. Жолдан шаршаған туристер тынығып алатындай қалқа да қойылған. Санитарлық торап та орналастырылды. Шығыстың басқа өңірлердегідей емес, Абай еліне туристер қысы-жазы ағылуы мүмкін.

Жидебайдағы «Абай-Шәкәрім» мемо­риалдық кешені де мемлекет назары­нан тыс қалған жоқ. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағ­дарламасы аясында баба рухы мәңгілік ты­ныстаған Абай–Шәкәрім мемориалдық кешені және ақынның мұражай-үйі ел мақтанышы боларлықтай жаңа нысанға айналды. Нысан заманауи талаптарға сәйкес қайта жаңғыртудан өтіп, толықтай гранит таспен көмкерілді. Кіре берісінен басталатын жаяу жүргіншілердің жолына, үстіне шығаратын жеріне дейін гранит ­тас­тар жайылды. 200-ге жуық шырша егіліп, амфитеатр төбесіне күм­без орнатылды. Кіреберіс алаңға үл­кен конструкция­лық жобалар жаса­лып, кешеннің аумағы, ішкі бөлігі толы­ғымен жарықтанды. Бірақ тарихи нысандар қанша жаңарса да, көнелігі бәз-баяғы қалпында, түпнұсқа кейпінен айырылмаған.

1

 

Тартуларға толы жыл

Көне ғимараттардан бөлек, Қарауыл ауылында 300 орындық еңселі жаңа мек­теп бой көтерді. Бұл нысан ұлы ақынның ме­рейтойы қарсаңында Абай ауданы­на жасалған айрықша тарту болып отыр. Жаңа оқу жылында пайдалануға берілген мектеп халыққа үлкен қуаныш сыйлады. Қызу қарқынмен бой көтерген нысанның сәулеттік келбеті келуші зиялы қонақтардың да оң бағасын алып үлгірді. Назарбаев зияткерлік мектебінің стандарттарына сай робототехника, ІТ техно­логия, мультимедиялық журналистика, виртуалды шындық кабинеттерімен жабдықталған. Мектеп маңайына шынар ағаштары отырғызылып, шағын архитектуралық формалар қойылған. Мұндай мектептен білім алған оқушылар алдағы күнге айқын мақсаттар қойып, биік белестерді бағындырады деген сенім мол.

Абай мерейтойы қарсаңында аудан­дағы бірқатар әлеуметтік мәселелер де оң шешімін тапты. Республикалық бюжеттен қаржы бөлініп, Қарауыл ауылындағы сонау 1976 жылдан бері жөнделмеген су құбырларын жөндеу жұмыстары қолға алынды. Тозығы жеткен су құбырының жаңаруы аудан халқы үшін тағы бір қуа­нышты жаңалықтың бірі еді. Ел игілігі үшін басталған жоба сәтті аяқталса, аудан тұрғындары 100 % таза ауыз сумен қамтамасыз етіледі. Демек, ауданның басқа ауылдары толықтай дерлік ауыз сумен қамтылған.

2020 жылы Абай елі шын мәнінде үлкен құрылыс алаңына айналды. Аудан­ның орталығы Қарауылда сонымен қа­тар, Абай саябағы салынды. Өңірде бұ­рын-соңды болмаған саябақтың есігі халыққа айқара ашылды. Мереке күндері саябақтың ішінде мәдени-рухани шаралар өткізуге болады. Тұрғындардың серуендеуіне, велосипед тебулеріне ла­йық­талған жолдары да бар. Жаздың күні саябақтың көркін су бұрқақ аша түседі. Балалар ойын алаңы да ұмыт қал­маған. Сән-салтанаты жарасқан саябақта Қарауыл ауылының тұрғындары мен келген қонақтар бос уақыттарын өткізетін орталыққа айналмақ.

Көптеген дүбірлі шаралардың, ме­рей­тойлардың куәгері болған Қарауыл­тө­бедегі жұмыстар да мәреге жетті. Бұл ны­сан ақынның 150 жылдық мерейтойы өткеннен бері ескіріп, жөндеуді қажет етіп тұрған болатын. Қарауылтөбеге апа­рар жол ағымдағы жөндеуден өтіп, жа­рықтандыру жүйесі орнатылды. Мәдени-бұқаралық, спорттық шаралар өткізілетін ипподромның ат шабатын жолдары тегістеліп, тұлпарлардың тұяғы тозбай, еркін көсілуі үшін бәйге жолы жөн­деліп, арнайы құм төселді. Дала сахнасы қайта жаңарып, көрермен отыратын трибунаның сыйымдылығы 500 адамға дейін артты. Қарауыл төбеде «Абай 175» жазуы түнгі уақытта жанып тұратындай етіліп, үлкен әріптермен жазылды.

Көпшіліктің санасына ой салсын деген ниетте Қарауыл ауылының кіреберісіне Абай Құнанбайұлының «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» сөзі жазылды. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» демекші, ұлы ойшыл бүгінгі, ертеңгі ұрпаққа осындай қанатты сөзде­рімен ой салып, тәрбиелей бермек.

Қарауылдың орталығындағы биік­тігі 8 метрлік сағат бейнесіндегі стелла орналасқан алаңға орындықтар қойы­лып, жарықтандыру жүйесі тартылды. Абат­тандыру жұмыстары жүргізілді. «Street workout» ойын алаңы қолданысқа берілді. Қарауыл ауылының кіреберіс қақпасына декоративті жарықтандырғыш элементтер толығымен орнатылды.

Абайдың 175 жылдығында жүзеге асқан 19 жоба аясында Қарауыл ауылын­дағы Мұхаметқанов, Бекбосынов, Әйге­рім, Мамай, Ұлжан көшелерінің жолдары орташа жөндеуден өтті. Сонымен қатар Құнанбай, Мамай, Бекбосынов, Абай көшелеріне тротуар төселді. Бірқатар кө­шелерге жарықтандыру жүйесі тартылды. Сөйтіп, көше жолдарының бар­лығы дерлік асфальтталып, көшелер то­лыққанды жарықтандырылды.

Қарауыл ауылындағы 20 жылдай уақыт бос тұрған көппәтерлі 2 тұрғын үй жөнделіп, қалпына келтірілді. 15 көп­пәтерлі тұрғын үйлердің жөндеу жұ­мыстары аяқталып, ауылдағы аз қамтыл­ған және көпбалалы отбасыларға берілді. Мұның барлығы ысырапшылдыққа жол бермей, Абай тойының лайықты дәре­жеде өтуі үшін атқарылған шаруалар. Аудан тұрғындарының әл-ауқатын арттыру үшін жоспарланған жобалар облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатыр.

Сол тәрізді «Нұрлы жер» мемлекет­тік бағдарламасы аясында бүгінгі уақытта жеке меншік қаражат есебінен салынып жатқан екі пәтерлі 3 үйдің құрылысы аяқталып, берілді. Тағы жаңадан екі пә­терлі 13 үйдің құрылысы басталып, жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қос пәтерлі бұл үйлердің қоныс тойын тойлау қараша айына межеленген. Осы орайда айта кетерлігі, жалпы алғанда бағдарлама аясында жыл соңына дейін 47 тұрғын үй көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға беріледі деп жоспарлануда.

«Ел ерімен еңселі» демей ме дана халқымыз. Жалпақ жұртты жақсылыққа үйретіп, жамандықтан жиренткен өз халқының кемеңгер ойшылы – Абай рухының арқасында ел бағына жаралған азаматтардың қажырлы еңбектерімен халық үшін қаншама пайдалы орындар жаңғыртылып, келешек елдің әл-ауқатын жақсартуға жұмсалатын игі істер жүзеге асырылды.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында «Той деген тойлау үшін емес, бәрімізге ой толғау үшін керек» деп атап өткен болатын. Солай болды да. Айналдырған бір жылдың көлемінде-ақ қыруар шаруа атқарылды.

Жуықта мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ақынның туған еліне жұмыс барысымен арнайы келіп, 175 жыл­дық аясында атқарылған жұмыстарды өз көзімен көріп, оң бағасын берді.

Биыл Абайдың қалың елі қазағы үшін игілігі мол, тамаша тартуларға толы жыл болды. Иә, қазақ халқы Абаймен қанша мақтанса да жарасады, өйткені Абай қазақтың маңдайына біткен ұлы тұлға. Өткенге Абайша қарап, болашақты Абай­ша саралайтын қазақ халқының ба­ғы бес елі. Ұлы бабамызды ұлықтау, ұрпақ­қа қалдырған ұлағатын ұмытпау – перзенттік парызымыз.

1

 

Шығыс Қазақстан облысы,

Абай ауданы