Руханият • 16 Қараша, 2020

Қайран, Нарын!..

1329 рет
көрсетілді
65 мин
оқу үшін

Еліміздің батысында көркем табиғаттың символына айналған, бөкейліктердің мақ­танышы Құм-Нарын деген жер бар. Жер бедері дөңесті, жазық, басым көп­шілігі Нарын құмы деп аталатын Қандыағаш, Дүйсе және Жасқұс атау­лы үш орманды алқаптан құралып, шығыстан батысқа қарай созылып барып сілімтірленіп шағылға айналып кетеді. Осы үш орманды алқаптың аралығында әртүрлі көлемде бір-бірімен тұтасып жатқан ашық жерлер кездеседі, олар негізінде жазғы мезгілде шабындық, ал күзгі, қысқы уақыттарда мал жайылымына пайдаланылады.

Қайран, Нарын!..

Қалың орманның ішінде теңіздің толқынындай биік құм төбелер күн­нің арайлап атқан, қызарып батқан ша­ғындағы сәулесімен құбылған кезде, Нарынды жаяу жүріп араласаң сың­ғыр­лап ағып жатқан өзені мен жар­қыраған көлі болмасада, ашық аспан ас­тын­дағы дендропаркте жүргендей се­зінесің деп, тек қана көрген, болған адам ғана бағалайды.

Елімізде жаратылыстың бізге қал­дыр­ған табиғатының ерекшелігімен, көр­кемдігімен болмаса, басқа жерлерде байқалмаған құбылыстарымен, әдейі қолмен істегендей үңгірлер, биіктен сар­қырап аққан құлама өзендерді, басқа шет­тен келген туристерге көрсететін тамаша жер­леріміз көп қой, солардың қа­тарына біз­дің Құм-Нарынды да жат­қызуға болады.

Еділ мен Жайық өзендерінің аралы­ғында орналасқан ірге тасы 1801 жылдары қаланған Бөкей Ордасының елі­міздің тарихында алатын орны бө­лек. Бөкейліктер қай қоғамда болмасын, уақыт талабына сай талай саяси оқи­ғаларды бастан кешті. Сондай-ақ бұл оқиғалардың тек Бөкей Ордасына ғана емес, тұтас Қазақстан тарихында алатын орны бөлек.

Хан Бөкей өзінің ставкасын Нарын­ның етегіне орналастыруы тектен тек емес, бұл жердің қысы жайлы, жазы ерте шығады, тұщы су өте таяздан алы­­нады, жері көкорай шалғын, малға аса қолайлы.

Барлық табиғи жағдайды ескеріп, хан Бө­кей, «болашақты пайымдаған ағаш егеді» демекші, көрегенділігімен құм көш­­кінінен қауіптеніп, ағаш отырғызуды ерте ұйымдастырған. Қазіргі орман содан қалған, ал оны бөкейліктер болса, ата-бабалардың бізге қалдырған ама­наты деп бағалайды және көздің қар­ашығындай қорғайды.

Құм-Нарынның отырықшы халыққа берер ырысы мен пайдасы айтарлықтай. Әсіресе үлкендердің айтуына қарағанда, өткен ашаршылық жылдары қызыл құм­да өсетін құмаршығы мен құм ара­лығында менмұндалап майысып тұрған жидесі, жаппай елдің күнкөріс тамағына айналды. Оның таңдайдағы дәмін осы кезге дейін ел ұмытқан емес.

Орман алқабындағы ағаш түрлері, жергілікті ауа райына бейімделген алқа­сы, көк тіреген қысы-жазы көкпеңбек қарағайы мен ақ терегі, шілігі мен бой-жеткеннің бұрымындай иіліп тұрған боз талы, кім-кімді де өзіне тартады.

Ал даласындағы өсімдіктер дүние­сінің құрамы әртүрлі: мия, күреңше, изен, сіңбірік, бетеге және жусан мал азы­ғы үшін өте құнарлы.

Нарынның көз тартатын табиғаты, көк орманы, жайқалған әртүрлі шөп өсіп тұрған даласы мен хайуанаттар түрі ер­те заманнан сырт ел зерттеушілері мен ғалымдарының назарына ерте ілікті. Оны байқаған хан Бөкей олардың келіп жұмыс жасауына қарсылық білдірмей, қайта қолдау көрсетіп жағдай жасаған.

Мысалы, көнекөз үлкендердің айт­қан­дарына қарағанда, Нарынның қақ ортасында аумағы 3 500 гектарға жуық «Аймекен» деген ашықтыққа, Ресей мемлекетінен келіп, ғалымдар тұқым инс­пекциясын ұйымдастырып, тек қана еркек шөп егумен айналысып, ғы­лыми жұмыс жүргізген. «Аймекен» деп аталуының өз алдына бөлек тарихы бар, ол бойжеткен қазақтың аруының атына ие болған жер.

Қазақ қыздарының кейбіреуінің шығу тегі айтулы шаңырақтан болғанымен, жеке басының саудаға түсіп, қайғылы өмірге ұшырағанын бізге жеткен жазбаша, ауызша деректерден білсек, Ай-ма-екен деген ару да осы жағдайға душар бо­лып, Нарын құмындағы бір ағаштың бұ­тағына басындағы қызыл орамалын байлап, өзінің із-түзсіз жоғалып кет­кенін, бөкейліктер аңыз ретінде осы кез­ге дейін айтып жүр.

Ресей ғылым академиясының акаде­мигі А.Г.Гель өзінің орман шаруа­шы­лығына байланысты ғылыми жұмыс­та­рының тәжірибесін, осы Ордадағы орман шаруашылығы мекемесімен байланыстырған. Бұл жұмысқа ғалымдар мен студенттерді тартып, Нарында кез­дес­пейтін, өсімдіктер мен қылқан жапы­рақты ағаш түрлерін отырғызып, құмды алқаптың ауа райына бейімделуін ба­қылады және сонымен қатар жануарлар дүниесін байытуды көздеп, қызыл қас­қыр, қамыс мысығы, қара құйрық сынды сирек кездесетін аңдарды әкеліп жіберді.

Нарында бұрын мыңдаған құс ұя салып, қиқулап құс ұшқан, қаңқылдап қаз қонған, ну қамыс пен қияқ өскен түр­лі жануарлардың мекеніне айналған «Шала-Қопа» деген аумағы су бетімен есеп­­тегенде 16 мың шаршы километр көл болды.

Кезінде хан Бөкей осы көл маңында өзінің уәзірлерімен аң аулап, серуен құрған. Бұл көлдің Нарын табиғатының тепе-теңдігін сақтау үшін маңызы зор. Оны еш уақытта сусыз қалдыруға бол­майтындығы туралы мұрағаттан та­былған деректер мен Ресейде тұратын география ғылымдарының кандидаты, до­цент Геннадий-Тюмень Галиевич Ту­рекешевтің «Хан Бөкейдің аманаты» деген құжатта ғылыми негіздегі құ­жа­тында жазылған.

Болмаса көне көз үлкендердің аузы­нан естігеніміз, Исатайдан айырылып, Махамбеттің жабыққан кезінде, Шала-Қопа көлінің жағасына тоқтап, ха­лықтың «көлдің қорықшысы» деп атала­тын қызғыш құсқа қарап:

«Ау, қызғыш құс, қызғыш құс,

Қанатың қатты, мойның бос

Исатайдан айырылып,

Жалғыздықпен болдым дос»

деп, мұңын шаққан айдын көлдің қазір суы тартылып, табаны сорға айна­лып, құр­ғап қалды. Жазда желді, дауылды күн­дері, болмаса құйын мен тұ­зы шаң­ға айналып, аспанға көтеріліп, ша­бын­дық және жайылым жерлерге зиянын тигізу­де.

Ертеректе Арал теңізі табиғи апатқа ұшырап, суы тартылып кеуіп қалғанда, теңіз табанынан атмосфераға көтерілген тұз, мұхит асып, Канада елінен табылған де­генді газет бетінен оқып таңғалсақ, қазір осы жағдай бөкейліктердің де басына келді.

«Шала-Қопа» көлінің мұндай жағ­дайға ұшырауының басты себебі – еріген қар, жаңбыр суын көлге құятын сай-сала­лардың ретсіз бөгелуі, әсіресе, негіз­гі су құятын жүйе – Мұратсайды бө­геп, үлкен су қорын жинақтау үшін пло­­тина­ның салынуы.

Бұл Кеңес өкіметі кезінде, 1964 жылы КПСС Орталық комитетінің май пленумының қаулысымен колхоз, сов­хоздарда суармалы егін шаруашылығын дамытуға бағытталған шаруа болатын. Бірақ бұл бөгелген су, сол кезде де, одан кейін де көзделген мақсатты өтеген жоқ.

Бұл су қоймасының болашаққа көз­дел­ген мақсаты – канал арқылы Еділ өзе­нінің суын Мұратсай су қоймасына әке­ліп, суды тазалайтын және тұщытатын үлкен гидротехникалық құрылыс салдырып, Жәнібек, Орда аудандарының хал­қын ауыз сумен қамтамасыз ету болатын. Бұл жоспар Кеңес Одағы тарағаннан кейін іске аспай қалды.

Нарын құмын қорғау, тоздырмай пай­далану жөнінде хан заманының өзін­де қатаң тәртіп болған және оның орын­далуы да әдейі бақылауда ұсталған. Хан Бөкей, одан кейін Жәңгірдің билік құр­ған кездінде, құмда қар еріп кеткен бойда, құм өңірінен мал түгел жазғы жайлауға шығарылып, күзге таман, жер қатып, ат тұяғының ізі білінбейтін кезде ғана кейін қыстағына қайтуға рұқсат етілген.

Бұл Нарынға деген қамқорлық, оның табиғатына байланысты жанашырлық көзқарас, өзінің өзектілігін ешқашан жо­ғалтқан емес. Болмаса, орман алқапта­рындағы қарағай, ақ қайың, басқа ағаш түр­лерінің өсіп-жетілуіндегі басқа жер­лер­мен салыстырғанда өзгешеліктері тал егу кезінде қатаң сақталады. Жал­пы, На­рында ағаш түрлері басқа жерлер­дегідей тұтасып жатпайды, орманшы ма­мандардың айтуы бойынша әуел бастан ойпатты шұңқыр жерлерге, әдейі ылғалы жақсы жерлерге егілген бұл үрдіс соңғы кезге дейін сақталып келді.

Бертін келе Кеңес өкіметі кезінде орман шаруашылығы мекемесінің жұмысы об­­лыс және аудан тарапынан қатаң ба­­қы­лауда болды, құмды алқаптарға ағаш егу, оның өсіп жетілуіне күтім жа­сал­ды. Ал орман бөлек-бөлек жер телім­деріне бөлініп, картаға түсіріліп, орманшыларға бекітіліп берілетін.

Бұл жұмыс бойынша мекемені А.Паршин, С.Ерғалиев жолдастар бас­қарған жылдары тиісті дәрежеде жүр­гізілді, мекемеге арнайы білімі бар маман­дар тартылды және қажетті техникамен жабдықталды.

Өйткені орман алқабын кеңейту үшін бірнеше жерде ағаш түрлеріне қарай питомниктер жасақталып, оны бағып күту, ондағы өсіп тұрған ағаш көшет­терін әр мезгілде жерге отырғызу, оңай жұмыс болмайтын. Мекеменің тұрақты 30-40 жұмысшысы болды, ал нау­қан кезінде қосымша жұмыс қол­дары тартылды.

Өткен ғасырдың 70-80 жылдарынан бастап орман шаруашылығы үшін то­қырау кезеңі белең алды. Басшы ауыс­тырылып, мекемеге мамандығы мүл­де басқа адамдардың келуіне байланысты шаруашылық күрт төмендеп кетті. Қоғамдық мекемелерге, қосымша қосалқы шаруашылығын ұйымдастыруға болады деген сөзді желеу етіп, орман шаруашылығының кодексіне қайшы, мал шаруашылығымен айналысып, ірі қара, жылқы және қой өсірумен айналысып, міндетті жұмыс екінші орынға ауысты. Басты мәселе малды орналас­тыру, оған азық дайындауға басымдық беріліп, орманшылардың жұмысын бақы­лау өз бетімен кетті. Бұл жұмыс кез кел­г­ен адамға міндеттелді. Жалпы, орман алқабына бақылаудың жеткіліксіздігінен Нарын құмы бойындағы өсімдіктер дү­ниесіне зиянды әрекет көбейді. Тал, ші­лігі оталды, ағаштары кесіліп, шаруашы­лық­қа пайдаланылды, осының бәрі келіп Нарынның экологиялық жағдайына кері әсерін тигізді.

Өткен ғасырдың елуінші жылдары бөкейліктердің басына үлкен қасірет тап болды. 1952 жылы Кеңес Одағы Жоғары Кеңесінің шешімімен Орда ауданының 80% жер көлемі яғни Нарын құмы және Хаки сор түгелімен Капустин Яр полигонына беріліп, ядролық қару-жарақ сынағын өткізу алаңына айналды.

Барлық халық айрандай ұйып отыр­ған ата жұрты – Нарынды тастап, ақ­табан шұбырындыдан ешқандай айыр­машылығы жоқ, Орда ауданының 48 кол­хозы және жылқы, түйе заводы рес­пуб­ликамыздың басқа облыстарына, Орал облысының басқа аудандарына көшірілді.

Ол кездегі көріністі айтып көзге елес­тету өте ауыр. Орда поселкесінің орта­лық көшесімен, әскерилердің машинасына тиеген мүліктің арасында отырған адамдардың жылап-сықтаған даусы әлі есімде. Ол кезде көшеде жарық жоқ болатын, шаңды аспанға көтеріп, ағылып өте шықты. Бала болсақ та осы кезге дейін есімізден кетпейді.

Жасыратын ештеңе жоқ, әсіресе Шым­кент облысына көшірілген отбасы­лардың барған жерге үйрене алмай, ауа райының ыстығы, жылы су ішкен жас балалардың арасында шетінеу көп орын алды.

Аудан ажырағанмен Хан Ордасында бір­қатар мекемелер, орысша-қазақша орта мектеп, денсаулық сақтау мекемесі, екі қорғансыз балалар үйі, ауа райын зерттеу, байланыс, обаға қарсы күрес және орман шаруашылығы мекемелері жұмысын жалғастыра берді.

Ордада хан Жәңгірдің билік құрған кезінен бастап бірнеше ұлт өкілдері: орыс, украин, грек, татар, еврей және не­міс халықтары жергілікті қазақтармен тату­лығы жарасқан біртұтас елге айналып өмір сүрді. Бірақ олар ешуақытта өз отан­дастарымен қатынастарын үзген жоқ, керісінше, келім-кетім жиі болып тұратын. Атам заманнан бергі бөкей­ліктердің басқа ұлт-ұлыстармен қарым-қатынасы елдің мәдени, саяси және эко­номикалық дамуына үлкен әсерін тигі­зді. Әр ұлттың білімді мамандары қоғам­дық органдардың әр саласында, әсіресе денсаулық сақтау, оқу ағарту меке­мелерінде жұмыс істейді.

Ауданның таратылуынан бұл ұлт өкіл­дері де өздерінің болашағына алаң­дап, елдеріне көшу жиілей бастады. Ең соңында поселкеде бір гректің жа­н­­ұя­сы ғана қалды. Ол Антон деген аза­мат болатын, кездескенде «как де­ла?» деп сұрасаң, таза қазақ тілінде «ой, несін сұрайсың, ағайын-тумадан айы­рылғанмен, қамыққанда Шала-Қопа көлі­нің жағасына барып, құс атып, дема­латын едік, ол да құрып, әдіре қалып, кеуіп қалды ғой», деп ренішін білдіретін.

Дей тұрғанмен бөкейліктер ата-ба­бадан жалғасқан құндылықтар мен әдет-ғұрыпты жоғалтпай, небір қилы кезең­дер мен ауыр сындарға тап бола тұр­са да, елдігін жоғалтпай, оны одан әрі нығайтып, налымай, талмай өткізіп, На­рын топырағын тұрақты мекеніне айналдырды.

Шөбі сүт, қонысы құт байтақ Нарын,

Халқына аямаған қолда барын.

Атақты ақын, батыр, әнші, күйші,

Еліңнен шықты сенің талай дарын.

Алты ай қыс, ақпан түтеп соқса-дағы,

Еліңді жұтатпайтын қайран Нарын, деп бекерге айтылмаған. Айналайын Құм Нарын жақсысын да, жаманын да бауы­рына басып, ешкімді де кеудесінен итер­ген жоқ. Сондықтан да он алты мың қазақ сөздігінің ішінен қадірлі «қайран» деген сөзді Махамбет Нарынға текке тір­ке­меген.

Бөкейліктер өздерінің туып-өскен өңірінің өткенімен яғни алғашқылардың бірі болғанымен мақтанады. Өткен ға­сыр­лардың қатпарына үңіліп қарамай-ақ қояйық, ол тарихтың еншісіне қал­сын. Одан бөлек, соңғы отыз жыл аралығында Хан Орда елінде ұйым­дастырылып өткізілген іс-шара­лардың өзі де жетерлік.

Біздің елдің тарихындағы елеулі уақиға болып есептелінетін, қазақтың атақты ханы Абылайдың үш жүздің ба­сын қосып, қазақ елінің іргесін қа­лып­тастыруда, мезгіл-мезгіл жоң­ғар­лар­­дың шапқыншылығынан қауіп­теніп, бо­лашақтағы қазақ елінің тұрақ­тылығы мен бірлігін сақтау үшін орын алған нарзылықтарға қарамай, Ресей мемлекетіне қосылуының 250 жыл­­дығын атап өтуге, ұлан-байтақ жері­міздің қиыр шетінде Хан Орданың таң­далуы, оған көршілес Ресей елінің бес облысының басшылар бастаған елші­л­ерінің қатысуы, Орда ауданының алпыс адамнан құралған ұлт-аспаптар ор­кес­трінің Алматыдан режиссер және әдейі музыканттар шақыртылып әзір­легеннен кейін, Мәскеуде, одан кейін Еуропа елдерінің айтулы сахнала­рына көтеріліп концерт беруі, Ресей елі­нің мемлекеттілігі үшін алатын орны бөлек азамат, Екінші дүниежүзілік соғыс­тарда шешуші ма­ңызы бар Вол­гоград – Сталинград қала­сының 400 жылдық шеруіне, Орда ауданынан шақыртылуы және Алматыдан И.Таймановтың 200 жыл­дығын атап өтуге бөкейліктердің шақыр­ту алуы, әрине көңілге мақтаныш ұялатады.

Нарын өңірі саяси шиеленістен туын­­даған мәселелерге байланысты араз­дықтың бейбіт жолмен, болмаса аталық сөзге тоқтап, ортақ келісімге келмесе, қолға қару алып қанды қақтығысқа бар­ғаны тарихтан белгілі. Исатай мен Махамбет бастаған көтеріліс осының айғағы. Хан Жәңгірдің ықпалында жұ­мыс істей жүргенмен, елдегі озбыр­лыққа төзе алмай, билікке қарсы шығып қан төгілді, болмаса Қазақстанда өкі­метін орнату кезінде Ордада ақтар мен қызыл­дар арасындағы соғыста төгілген қанның, қазіргі Ордада орнатылған ескерткіш соның куәсі. Екінші дүниежүзілік со­ғыстың жалыны да Бөкейлікті айналып өткен жоқ. Сайхын стансасында өтіп бара жатқан 201 Гатчинский ди­визиясының жауынгерлері тиеген эшелонды бомбылаудың нәтижесінде, көп адам қырғынға ұшырады.

Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен тарихи тұлғалар мен киелі жер, су атауы және батыр­лар жерленген зираттар тізімі жасақталғанда, сол тізімге «Құм-Нарын» Хан Ордасының енбеуі бөкейліктерді қатты қынжылтты.

Әрине, мемлекет шешетін мәселелер­ге, қабылдайтын қаулы-қарарларға анау-мынау айтудан аулақпыз, дегенменде, мұндай ауқымды іс-шараларға құзырлы органдардағы жергілікті, өңір басшыларының араласуы жөн болар еді. Бірақ оны ескермеген, білмеген жолдастарға не айтуға болады. Хан Ор­да­сы ауданы тараған соң, өз мәрте­бесінен айырылғаннан кейін тоза бастады, жан-жақпен қарым қатынас тоқтады. Бұрынғы атақ-даңқы төмендеп, жай ғана ауылға айналды.

Бұл жағдай Нарында туып-өскен, Алматыда тұратын зиялы қауымды, бүкіл ғұмырын ағартушылыққа арнаған, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Ғ.Зарипов және елдегі болашақты ойла­ған, көкірегі ояу білімді азаматтарды бейжай қалдырмай, жоғарғы партия, ке­ңес органдарына хат жолдап, ауданды қай­та құру жөніндегі мәселені әлденеше рет көтерді.

Бірақ бұл ұсыныс шешілмей кейінге қалдырыла берді. Ақыры соңында Орда посел­кесін орталық жасап, 1964 жы­лы Орда кеңшары құрылды. Осыған байланы­сты жан-жаққа көшкен, тамыры Нарында қалған халық елге оралды. Әйтсе де жиырма жыл басқа жерде өмір сүріп, басқа ортаға бейімделіп, сол жақ­та дүниеге келген жастар оқып, білім алып, мамандық иеленіп, елге оралмай қал­ды. Бұл кешегі кеңестік қоғамның озбыр­лығы, халықтың кір жуып, кіндік кескен, ата-бабаларының дүниеден озып, жерленген жерінен ығыстырып, полигонға айналдырып, адам баласын қырып жоя­тын қаруды сынауға айналдыруының нәтижесі.

Орда кеңшары аз ғана жылдың ішінде төрт түлік малы қатар өркендеген, экономикасы дамыған Жәнібек ауданының ірі шаруашылықтарының бірі болды, атағы облысқа, республикаға жайылды.

Алайда ауданды қайта құру аяқсыз қал­май, бөкейліктердің арманы орындалып, 1972 жылы Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің ұйғарымымен, Орда ауданы қайта құрылып, орталығы Сайхын стансасы болып бекітілді.

Ауданда жаңадан совхоздар ұйым­дастырылды. Казталовка ауданының екі совхозы Орда ауданының құрылымына берілді, жер көлемі кеңейіп, халқы көбейді. Аудан бойынша кезек күттір­мейтін, шешілуі қажет мәселелер туын­дай бастады, жол қатынасы, елді мекен­дер­мен байланыс, электр желілерін тарту, ал, ең бастысы, халықты ауыз сумен қамтамасыз ету қажет болды.

Аудан көлемінде ашық су көздері, өзен,көл деген жоқ, тек қана жер асты су қорын іздеу күн тәртібінде басты мәселеге айналды. Осыған байланысты 1984 жылы Орал гидрологиялық экспедициясының жүргізген зерттеу жұмысының нәтижесінде «Нарын» құмындағы «Аймекен» жер қойнауының астынан тұщы су көзі анықталып, осы су қорын пайдалануға шешім қабылданды. Жергілікті халықпен қоғамдық тыңдау өткізіп, елдің пікірімен бөлісу жөнінде, ешқандай әңгіме болған жоқ.

Бірақ, бұл ұйғарымға жергілікті қауым, көбінесе, Орда орман шаруашылығының қызметкерлері, соның ішінде, орманшылар қарсылық білдірді. Ғұмырының отыз жылдай уақытында орманшы болып жұмыс жасаған, екінші, үшінші даңқ ордендерінің иегері М.Қарашов: «Нарын құмының астындағы суды алу, мына тұнып тұрған орманға қауіпті, кері әсерін тигізеді. Соның ішінде мына қарағайды жойып аламыз. Бұл қарағайлы орман ата-бабаларымыздың бізге қалдырған аманаты, оған қиянат істеуге болмайды. Болашақта кешірілмейтін қателікке айналуы мүмкін»,- деп халықтың алдында ашынып сөйлегені біздің есімізде.

Сол кезде жұртпен әлденеше рет кездесу өткізген билік, Нарын құмының астындағы суды алып пайдалану уақытша ғана, тек қана ауыз судың қажеттілігін өтейді, басқа бағытқа пайдалануға рұқсат жасалмайды деп, халықтың наразылығын басқан болатын.

Ал қазіргі кезде Бөкей Орда және Жәнібек ауданының жұртшылығы Орда топтасқан су құбыры барып тұрған жерде, суды жаппай үйге кіргізіп, ішкі қажетке толықтай пайдалануда, тіпті бақша егуге, мал суаруға, автокөлік жууға дейін, яғни су не қажетке керек, соған қолдануда. Оған тиым салып, ауыз су мәселесі жаhанда күрделеніп жатқанда, я болмаса, судың да сұрауы бар дегендей түсінік жұмысы жүргізілмейді. Ауыз суға қажеттілік жылдан-жылға артуда және Орда топтасқан су құбырының құрылысын жалғастырып, елді мекендерген қосу жоспарда бар. Бұл Нарын Құмы үшін қауіптің төнген басты шарттарының бірі.

Жалпы қай жерде, қай мезгілде болмасын, табиғаттың өзгерісін, ерекше құбылыстарды бірінші байқайтын тұрғылықты жұрт сезіп, дабыл қаға бастайды. Неге десеңіз, табиғаттың алғашқы жанашыры сол жерді мекендеушілер. Нарын құмының астындағы суды сорып, игілікке жұмсалғанына отыз жыл болды. Оны негізгі мақсаттан басқа қажетке жұмсау, белгіленген нормативті басшылыққа алмаудан, судың ысырапқа ұшырауына жол берілуде.

Орда топтасқан су құбыры 1986 жылдан бастап, ұзындығы 232 км. «Нарын-Құмының» «Аймекен» деген жер асты су көзінен басталып, Бөкей Орда және Жәнібек аудандарының елді мекендерін ауыз сумен қамтып тұр.

Бөкейліктер елге тұщы судың қажеттілігін жақсы түсінеді. Жердің асты, үстіңгі табиғи байлықтардың халықтың ортақ меншігі, оны ысырапсыз өмірдің қажетіне пайдалануға халықтың толықтай құқы бар. Ал егер, оны жөнсіз пайдаланудың барысында, экологиялық апатқа ұшырайтынын эксперттік орта, экологтар мен мамандар анықтап, дәлелдесе, әрине, онда жергілікті қауым суды соруды тоқтатуды сұраса, үкімет тиісті шарасын алуға міндетті.

Нарын құмының астындағы суды алып пайдалану, орманға кері әсерін тигізеді деген сөздің ақиқатына байланысты, топтасқан су құбырын іске қосқаннан кейін, оншақты жылдан соң әңгіме айтыла бастады. Жергілікті халық барлық қажетке құдық суын пайдаланады. Бұрын 1-1,5 м. тереңдіктен су білінетін болса, кейін оның тереңдігі 2,5-3 м. дейін төмендеген. Ертеректе елдің айтуынша, көңіл аударсақ, Нарын құмының ішіндегі кез келген шұңқырдан қамшының сабындай тереңдіктен су білінеді дейтін. Сондықтанда қарағайларды әуел бастан шұңқырлы жерген еккен.

Орман алқабындағы қарағайлар қылқан, ақ теректер жапырақ жаймай қуарып, кейінірек жаппай құлағанын көріп, халық мазасызданып, аудан басшыларына айтып, мән-жайды анықтауды сұраса, ол жағдайға сіздердің жұмыстарың болмасын деп аудан әкімі Н.Рақымжанов тиым салған.

Орал шаhарында, зейнеткерлікке дейін ауданда жұмыс жасап, соңғы кезде қалаға қоныс аударған ардагерлер бар. Солардың басын біріктіріп, 136 зейнеткерлерден құралған «Бөкей Орда ардагерлері» қауымдастығы жұмыс жасайды. Олардың құрамында, бұрын Одағы кезінде жұмыс жасаған партия, кеңес қызметкерлері, совхоз басшылары, халық шаруашылығының әр саласында жұмыс жасаған мамандар мен еңбек озаттары бар.

Елдегі бірге жұмыс жасаған азаматтар ауылдағы орын алып отырған кемшіліктерге байланысты әртүрлі мәселелерді көрсетіп, жергілікті басқарушы биліктен қолдау жоқтығын айтып, неге қоғамдық ұйым облыстың басшы органдарына біздің ой-пікірімізді жеткізбейсіңдер деп өтініш білдіргеннен кейін, қауымдастықтың отырысын өткізіп, өтініш бойынша көкейтесті мәселелерді жинақтап, «Нұр Отан» партиясына хат әзірлеп түсірдік. Онда Нарын құмының тозып бара жатқандығы, әсіресе орман шаруашылығы жөнінде, қарағайлар мен ақ теректердің құлап жатқандығын көрсетіп, фото-суреттердің, көл табандардың сусыз қалғандығы, құм көшкінінің елді мекендерге қауіп туғызып отырғандығы, тіпті тұтас құм астында қалу қаупі бар екендігі, және қожалықтардың малына қасқырдың үлкен зиян келтіріп тұрғандығы жөнінде көрсетілді.

Бұдан бұрында Нарынның экологиялық жағдайы жөнінде 1914 жылдан бері әлденеше рет айтылып келеді, тіпті «Орал өңірі», «Приуралье» газеттері бетіне мақалалар жарияланды. Бөкейліктер ұйымдасқан түрде облыстық әкімшілікке хатта жолдаған болатын. Әйтеуір бір мешеу тыныштық. Барлығыда есерусіз қалады, болмаса, бір-біріне қағаз жазумен, әр-түрлі жағдайға сілтеме жасаумен шектеледі.

Бұрынғы кеңес үкіметін қылышынан қан тамған деп қаралаймыз. Ол кезде газет бетіне, мейлі қай жерде болсын, халық шаруашылығының әр саласында орын алған кемшіліктер мен жауапсыздықтар жайлы мақала көрінсе, ертеңіне ақ қылышын сүйретіп жететін еді. Жан жақты тексеріліп, оны жою жөнінде нақтылы шаралар қабылданып, ал егер көрсетілген жағдай елдің экономикалық, әлеуметтік дамуына зиян келтіргені анықталса, жауапты жолдастар жұмысымен қоштасатын.

Біздің «Нұр Отан» партиясына жолдаған хатымызға байланысты, қабылданатын күні белгілі болғаннан кейін, ауданның жағайын жақсы білетін жолдастардан комиссия құрып, оның құрамына, бұрынғы Орда ауданының партия комитетінің екінші хатшысы, аудандық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы, совхоз директоры, «Орал өңірі» газетінің жауапты қызметкері және Орда ауданынан қазіргі заманның шаруа қожалығының жетекшісін кіргізіп баратын болдық. Қабылдануға бір күн қалғанда келетін адамдардың аты-жөнін, мекен-жайын, ИИН-ін, телефон номерлерін тез хабарлаңыз дегесін, бердік. Сөйтіп, барлық сақтық шаралары толықтай қамтылғаннан кейін, қабылдауында болдық.

Бірден-ақ әңгіменің барысы көңілімізден шықпады. Біздің ойымызша, көрсетілген мәселелер бойынша ауданның әкімі, облыстағы жауапты ведомстволардың басшылары шақыртылып, тиісті тапсырмалар берілетін болар деп есептегенбіз. Себебі, көрсетілген жағдай бір күнде туындаған мәселе емес қой, айта-айта жауыр болған тақырып, болмаса біздерден тереңірек ақпарат алатын болар деп ойлағанбыз. Бұдан біздің ұққанымыз, көтерілген мәселелер жол-жөнекей іске асырылар деп ойлаған болар, себебі әңгіменің барысы ошақ басындағы әңгіме дәрежеде өрбігені бізді таң қалдырды. Кешікпей жауап алдық, «ауданға хабарланды, ал егер бұған қанағаттанбасаңыз, азаматтық кодекстің статияларын көрсеткен, сонымен қаруланып сотқа беруіңізге болады» дегесін, біздер түсінбей, бөлім басышсынан кімді сотқа береміз деп, телефон шалып едік, ол сіздің қалауыңыз деп қысқаша жауап берді.

Біздің өкінгеніміз ең болмағанда, Нарын құмының астындағы аудан нәр алып өсіп тұрған ғасырлық өмірі бар қарағайлар мен ақ теректердің жаппай құлауына байланысты арнайы экологтар мен орман шаруашылығы мамандарының қатысуымен комиссия құрылып, себебін анықтап, жергілікті халыққа ақпарат берілмегені.

Мен ойлаймын, Оралдағы «Нұр Отан» партиясының көсемі, осы біз халықтың атынан мәселе қозғап отырған «Нарын Құмын» біле ме екен деп.

Аудан бойынша мәселелерге жергілікті биліктің көңіл бөлмегені шектен шыққан соң барып, жағдайдың «Нұр Отан» партиясының дәрежесіне дейін көтеріліп отырылған жоқпа. Ауданға бұрынғыша қағаз жазып хабарлағаннан, не шығады.

Аудан әкімінің таққа отырғанына сегіз жыл болды. Осы уақыттың ішінде округтің орталығына барып қайту, міндетті жылына бір рет жиналыс өткізу болмаса, ауданның түгел территориясын аралап көрген жоқ. Халықтың көкейінде жүрген ойларымен бөлісу, оларға пәтуалы сөз айтуды білмегесін, кездесуге құштар емес. Оларды шешу үшін нақтылы қадам жасамаған адам, ешқашан пәрменді жұмыс жасай алмайды.

Оралдағы ардагерлер қауымдастығы ауданның әкіміне әлденеше рет, қажет болса бірігіп халықтың сауалына жауап беріп, күн тәртібіндегі мәселелерді реттейік деп хат жолдасақ, қалада отырып алып менің үстімнен арыз жазып жатыр деп елде әңгіме жүргізіпті. Сонда оған тапсырылған жұмыс күн көрістің қамы емес, ауданды басқарып, елдің экономикасын дамыту, болашақты ойлап ауқымды мәселелердің іске асуы үшін, солардың жолын табу керектігін ойлағаны жөн емес пе? Әкімнің көңіліне қарамай, кейбір жұмыстар жөнінде ұсыныс жасасаң көңіліне ауыр алып, менің жұмысыма араласпаңыз дегендей ой білдіріп, қазір демократия деп, қалайда өзінің пікірінде қалады.

Бұрынғы ауданды басқарған жолдастардың жұмысынан хабарлымыз. Ауылшаруашылық жылында қаншама науқанды жұмыстар бар, мал қыстауға әзірлік, көктемгі жұмыстар, қой төлдеу және қырқу, мал азығын дайындау, өте жауапты жұмыс. Мал өнімдерін мемлекетке өткізу, қаншама мәдени шаруаларлы ұйымдастыру, оқу ағарту, медицина саласындағы, айта берсек жалғаса береді. Тіпті, қоймадағы тұқымның көктемгі егіске жарамдығы жөнінде жоғары партия, кеңес органдарының мәжілісінде жылына екі рет қаралатын. Осылардың бәріне аудандағы бүкіл мемлекеттік органдардың атынан бір адам жауап беріп, керек жерінде сол адамның қолы тұратын.

Жоғарыда айтылған Орда ауданының әкіміне жолданған бір хаттың жауабының мазмұнында, ауданда істелген жұмыстарды шұбыртып айта келіп, ішінде қисайған босағаны түзетіп, есік қондырғанын, әйнегі сынған терезенің көзделгенін айта келіп, соңында он екі кісінің қолы тұр. Өзінен басқа, орынбасарлары, аудандық мәслихаттың жауапты қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясының жетекшісі, аудандық ардагерлер кеңесінің, қызыл крест, әйелдер ұйымының және сақшылар ұйымының қол таңбалары бар. Тек қана құқық қорғау органдарының басшыларының қолы жоқ.

Бөкейліктерде ертеден қалыптасқан, Нарынның жылы жай табиғатына сыйынып, арқаны кеңге салып, қыста малды жайып шығамыз деген пікір бар. Соның нәтижесі болар, өткен қыс ауданда өте ауыр жағдайда өтті. Кейбір шаруа қожалықтарында шөп таусылып қалып, мал көп шығынға ұшырады. Жағдайды есітіп ауданның басшыларына неге хабарласпайсыңдар десек, олардан ештеңе шықпайды, мал түгел қырылып қалсада. Көмек қайдан болсын, ең болмағанда, малшыларды аралап көріп, моральды көмек беруге де жарамады. «Қайран Нарынның» табиғаты көмектеспегенде, таяғымызды ұстап қалатын едік деп реніштерін білдіреді.

Нарын құмына байланысты уақыт өткен сайын әңгіме жасайтын мәселелер жетерлік, және оған көңіл аудармаса, бірден-бірге күрделеніп барады.

Біріншіден, Нарынды қорғау, тоздырмай пайдалану, сонау заманнан бері жалғасып, оның өзектілігі соңғы кезге дейін жоғалған емес. Орманды құм алқаптарының арасындағы ашықтық жерлер аридтық жайылымдарға жатады, яғни, шөлейт және жартылай шөлейттік алқаптар деп аталады. Ондағы өсімдіктердді қорғау, тіпті жойылып кетпеуі үшін әдейі күтім, қамқорлық керек, себебі, олардың тамырлары тереңде емес. Ол үшін ежелден келе жатқан ең жеңіл, әрі тиімді шара жайылымды алмастыру, малды жайлауға шығарып, ашықтық жерлерді мал аяғының таптауынан босатып, тынықтыру.

Екіншіден, босаған жерлер шабындыққа айналып, қысқа мал азығын жасақтаудың тиянақты кепілі болып саналады.

Бұрын, Нарын бойын жағалай орналасқан Орда ауданының шаруашылықтары қар еріп кеткен бойда, сәуірдің 10-15 дейін, 70-80 шақырым қашықтыққа, Капустин Яр полигонының басшыларымен келісе отырып, қатқыл бетке жайлауға шығарылатын. Бұл қалыптасқан жағдай. Малшылар осы шараға күн ілгері әзірленіп отыратын еді. Совхоздар малшы-шопандарға арнап қаншама жазғы орындар салды. Сумен қамтамасыз жасау үшін, ағашпен шегенделген құдықтар қазылды және скважиналар соғылды. Мамырдың 15-не таман жайлауға түгел шығып орналасқаннан соң, халықтың көңіл күйін көтеру үшін, жан – жақты сұраныстарын қамтып, жылма-жыл жайлау тойы өткізіліп, бұл жиынға Капустин Яр полигонының басшылары, Атырау облысының көрші аудандары қатысып, кейбір жылдары облысымыздың Жайықтың бергі бетіннің аудандарының басшылары әдейі шақыртылып қатысып, ұлттық ойындар, концерт беріліп, еңбекшілерді бір желпіндіріп тасталынатын.

Жайлаудан малшылар қыркүйектің басына таман, балалар оқуға барар шамада, кейін қыстақтарына көшіп келіп, абыр-сабыр, алдағы қыстақтың әзірлігіне қамданып жататын.

Бұл жағдайды, қазір, баяғыда сондай қызықты заман болып еді, деп еске алу болмаса, ұмтылды.

Нарыннан малдың жайлауға шықпағанына 27-жыл болды. Соның әсері болу керек, мал азығын дайындаушылар, қазір шөптің өнімділігі азайды, тіпті, өсімдіктер дүниесінің ботаникалық құрамыныңда өзгергенін, бұрын құм бойында байқамайтын, мал азығына қажеті жоқ өсімдіктердің пайда болғанын айтып жүр.

Бөкей Ордасы елге танымал интеллектуалды орталық. Оған бұрын республикадан облысқа келген қоғам қайраткерлері, жазушылар, ақындар, атағы бұрынғы Одаққа жайылған әртістер ат басын бұрмай кеткен емес. Жұмыспен, болмаса әдейі көру үшін келетін еді.

Облыстық партия комитетінің бірінші хатшылық қызметіне келген М.Ихсановтың, Қазақ Республикасының Москвадағы елшісі болып жұмыс жасаған С.Жаданов әдейі келіп, «Құм Нарынды» аралап көргеннен кейін, алған әсерін таңдана айтқанын естігенбіз. Бұл жолдастар еліміздің кең байтақ жерінде болған, көрген, табиғатты бағалай білетін азаматтар ғой.

Ел иесімен танылады. Ол үшін әуелі елдің басшысы танылу керек. Сонда барып ел танылады, ондай Бөкейлікті басқарған азаматтар көптеп саналады. Берідегі, 1972 жылы, аудан жиырма жылдан кейін қайта құрылғанда, ұмыт қалған Орда ауданының атағын орнына келтірген құрметті Р.Егізбаев, М.Насимуллин, Т.Мырзағалиев, М.Зұлқашев сияқты азаматтарды елдің халқы жақсы біледі. Аудан ажырап жиырма жыл бос қалған жерге, көршілес Ресей, Атырау облыстарының малшылары көшіп келіп, орналасып, орнығып қалған елді. Ауданның территориясынан оларды шығару, ауданның шекарасын анықтау, оңай болған жоқ еді. Ол ерлердің артында атқарылған іс қалды. Айтылған аталық, өткір сөздері қалды. Олардың бәрі халықтың алдында, жадында.

Облыстың аудандарына болып жатқан жаңалықтарды теледидардан көріп, газет бетінен оқып біліп отырамыз. Әр түрлі тақырыпта форумдар, кездесулер, мәдени шаралар, елінде жұмыс жасаған, қазір өмірден озған азамат, азаматшаларға ескерткіш, бюст орнатып, еске алу, бұрынғы тұрған үйлеріне ескерткіш тақта ілу, ауданның атынан сол елдің жерінде орын алған тарихи оқиғаларға байланыстырып, кітап шығарумен айналысып жүрген азаматтарға алғыстан басқа не айтасың.

Жұмыс жасап, өскен елің болғасын, кейде ойлайсың, осы «Хан Ордасы» оның атындағы аудан облыстың картасынан алынып қалған жоқпа екен деп? Неге десеңіз, кезінде дүрілдеп тұрған ауданда, ауыз толтырып айтарлықтай іс-шаралар естілмейді. Кезінде елге қызмет істеген Нарынның топырағынан жаратылған азаматтар жоқ емес, бар. Ауданды Р.Карин басқарғанда салынған мәдени, оқу ағарту, халыққа қызмет көрсету нысандарынан басқа, аудан орталығында Сайхында салынған батырлар аллеясы, Ордада Ұлы Отан соғысына қатынасып, майдан даласында қалып, елге оралмаған боздақтарға арналған ескерткіш, ауданды елімізде тоқырау кезінде басқарған, кейін Жаңақала ауданында жұмыс жасап, қазір облыс орталығында қызметте, Бөкей Орда ауданына байланысты көптеген мәселелерге мұрындық болып жүрген Л.Рашит ұлын айтуға тұрады.

Болашақта Бөкей Орда ауданы бойынша аталып өтетін айтуға тұрарлықтай оқиғалар күтіп тұр. Мысалы, хан заманынан бері жұмыс жасап келе жатқан білім шаңырағы. Ол мектептің табалдырығын батыр да, ақын да, ғалым да, қоғам қайраткерлері де аттап өткен. Оған 180-жыл толады, одан кейін ауданның құралғанына 50-жыл. Осы жұмыстар жөнінде, ауданның әкіміне құлақ қағыс жасалса, оған қолдау жасауды жөн көріп отырған жоқ. Қазіргі кезде заман өзгерді, оған байланысты адам өзгерді.

Қазіргі кезде заманның талабына қарай, жаңа қоғам қалыптасты. Соған байланысты осы кеңістікте өмір сүріп жатқан адамның қоршаған ортаға көзқарасы өзгерді. Әсіресе, экологиялық мәселеге басымдылық беріле бастады. Бұл заңды құбылыс, жаhандану дәуірі. Ол көшке ілеспей қалуға болмайды.

Бірақ бізде ықылым заманнан жалғасып келе жатқан, бойымызға сіңген құндылықтарды жоғалтпай отырып, соның ішінде Жер анаға деген көзқарасты мәңгілік кемітпеуіміз қажет.

Менің айтайын дегенім, Нарынды білетін, оның қадірін бағалайтын жанның, әсіресе, үлкендердің азайып бара жатқаны соңғы кезде байқалып жүр. Олай дейтінім, Нарынды бағалайтын, сол жерде жұмыс жасаған, табиғатына байланыстырып, шаруашылықты ұйымдастырған адам ғана біледі.

Сондай Бөкейліктің тумасы, жасы тоқсанды төңкерген, Алматыда тұратын, Бөкей Орда ауданының құрметті азаматы, мемлекеттік марапаттың неше түрін омырауына таққан, соның ішінде ауыл шаруашылығына еңбек сіңірген үздігі медалінің иегері Т.Мырзағалиев ақсақалмен ішінара хабарласқанда, елдің амандығынан кейін, Нарынның жағдайын сұрайтын. Орда ауданының қайта құрылуы шешілмей, Орда поселкесін орталық жасап совхоз құрылғанда, ұйымдастырумен айналысып он алты жыл жетекшілік жасап, одан кейін алты жыл ауданда басқарды. Нарынның ой шұңқырын жатқа білетін, алыста болса да, Бөкейліктің көкейтесті мәселелерінен хабарлы, жаны ашитын болуы керек. Неге десеңіз, өмірінің ең қызықты шақтары Нарында қалды ғой.

Елдің аузында жүрген бір мақал ойға келе береді, «Ат аунаған жерде, түк қалады» деген. Олай болса, Бөкей Орда ауданын басқаруға келіп таққа отырғанына, Н.Рақымжановтың сегіз жыл болды. Әлі де қанша болатынын бір құдайдың өзі біледі. Бірақ, кете қалған күнде ойлай ма екен, бөкейліктер айтып жүретіндіктей не істедім, артымда не қалдырдым деп. Халыққа есеп беру жиналысындағы баяндамасын тыңдасаң, әрине, қол қусырып отырмағаны белгілі ғой. Бәрін тізіп айта келіп, болашақтада жалғасын табады деп аяқтайды екен. Бізде өткен ғасырда болашақта болатын коммунизмді күте-күте шаршағанымыз еске түседі.

Бір кездері бөкейлікті батырлар елі депте атады. Жауға шауып, қылышын қанға боямағанмен, еңбек майданында қажырлы еңбегімен, міндеттелген жұмысқа аса жауапкершілікпен қарап, еліне сол мезгілдегі қоғамға танымал болған еңбек ерлері жетерлік.

Жоғарыда Нарында 48 колхоз, жылқы және түйе зауыты болды деген едік. Осы шаруашылықтарды басқарған, болмаса, қатардағы малшылар, шопандар және жылқышылар еңбектің ең жоғарғы дәрежедегі көрсеткішіне ие болғаны үшін, мемлекет тарапынан бағаланып, 24 бөкейлікке Социалистік еңбек ері атағы берілді.

Қарапайым жұртшылық Нарынды «сыртың дала, ішің пана деп» қадірлейді. Өйткені, қақаған қыста Нарынның қалыңдығына кіріп кеткен мал, өздігінен өсіп өніп жүре береді.

Бірде, қар қалың, Нарын құмы ішіндегі мал бағып отырған еңбеккерлерді аралап жүріп, ботасын мойын шудасымен жауып, мойынының астына алып, шөгіп жатқан інгенге тап болдық.

Бізді көріп, үркіп түрегелді. Ал, ботасы болса, үстіндегі мамық жүні бұрқырап, бізге пысқырып қарап тұрды. Біздің байқағанымыз, төлдегеніне 4-5 күндей болуы керек, інгеннің жатқан жерінің қары еріп, қарайып көрініп жатыр. Сонда Нарынның малға, жанға қамқорлығын қанша айтсақта, артықшылығы жоқ.

Біздің қазақ халқы қандай жағдайда да, үлкеннің ықпалынан шықпаған, аталық сөзге тоқтаған. Әрбір сөздің мағынасына, астарына аса көңіл аударған.

Махамбеттің «Қайран Нарын» деген бір ауыз сөзіне түсінген жанға, көңілінде ұялаған, еліне деген сағынышты қызғанышты, мақтаныш пен жоқтауды сыйғызып тұр ғой. Исатай мен Махамбеттің атақ, ерлік даңқы Нарында басталды. Дейтұрғанмен, батырлар еліміздің қай жерінен болсада, елімізге, халқымызға ортақ батыр. Оларды бөлектеуге болмайтынын бөкейліктер жақсы түсінеді.

Бірақ, бертін келе, күні кешеге дейін, көрші Атырау елі қаланың көрнекті жерінен Исатай мен Махамбетке ескерткіш орнатқанда бөкейліктер оған қызғанышпен қарап, облыс басшыларына ренішін жасырған жоқ. Одан кейін қос батырдан бұрын, Орал қаласында Жәңгір ханға есркерткіш қойғанда, бөкейліктер оған да сын көзбен қараған болатын.

Тәңірге шүкіршілік етеміз, өткен жылы көңілдегі көптен бері шешілмей жүрген түйін тарқатылып, мүсіншілер қос батырдың бейнесін сомдап, ескерткіш орнатылды. Бірақ, жалпақ Нарынға, кәрі Жайық пен қазақтың арманына айналған Еділдің арасындағы сары далаға сыймаған Исатай мен Махамбетке жер жетпегендей, бір қуысты мәңгілік мекеніне айналдырды. Ең болмағанда, Хан Ордасына апарып орнатқанда, бүкіл бөкейлік көздің қарашығындай бағып, күтіп, бойлай да басына барып тағзым жасап, қажет болса, соған жұмсалатын қаржыны халық өз мойнына алатын еді.

Мәселе онда тұрған жоқ, қос батырдың орны көрнекті жер болу керек еді. Әсіресе, жастар, өскелең ұрпақ көріп білуі керек қой. Соңғы кездері киелі орындарға жаңадан отау құрған жастар, мектептен оқу бітіріп жан-жаққа мамандық іздеп жолға шығатын жас түлектер барып шығу, жақсы үрдіске айналды. Исатай мен Махамбеттің қазіргі тұрған жері, қалаға келіп кететін жолаушылардың есебін алып тұрған пост МАИ-дың міндетін атқарып тұрғандай көрінісі, көңілге кірбің ұялатады. Біздің соңғы кездері санамызға белгісіз бір күштің бар екені дендеп енді. Басына қиыншылық түскенде, бірінші қамқоршым деп есептеп, алладан рақымшылық сұрайды.

Сол сияқты, бөкейліктерде жаратқанға жалбарынып, қос батырға жан бітіруді өтініп, Нарынға келіп, жағдайды көріп, Исатай қынабынан қылышын суырып, жауапты шенеуніктерден орын алған жауапсыздықты жою үшін, тез шара алуды талап етсе, қатқан сең еріп, қозғалар ма еді, қайтер еді.

Мақаланың негізгі арқауы суға байланысты болғаннан соң, қазіргі уақытта Мұратсай су қоймасындағы бар судан, аудан ешқандай пайда көріп отырған жоқ. Оның жақсылығын Ресейдің Волгоград облысының көрші аудандарынан келіп, балық аулауға, дем алуға келгендер ғана қайырын көріп отыр. Күні бүгін қоймада болжам бойынша, 5-6 миллион куб су бар деп есептелінеді. Жалпы сиымдылығы 18 млн куб, мұны бір қажетке жарату керек қой. Оны ойластырып қасында бұрынғы Мұратсай совхозының орталығы болған ауыл бар. Соның халқын кәсіпке тартып, ұйымдастыратын адам көрінбейді.

Мен бір мысал келтірейін, Жамбыл облысының Қордай ауданына жол түсіп, ағайын қуалап барғанымда, кеңес үкіметі кезінде совхоз бөгеген, су қоймасын екі ағайынды жігіт жалға алып, балық өсіріп, өздерінің нәпақасын тауып, әрі ауданның сұранысын өтеп отыр. Қызығушылық танытып сұрастырып қарағанда, олда оңай шаруа емес екен. Бірақ, аудан тарапынан қолдау баршылық, қаржы алуға көмектесетін көрінеді. Басқа да қажетті көмек берілетінін айтып отырды. Ал ойлап қарасаң, осында да мұндай шаруа ұйымдастыруға болады. Қазіргі плотинадағы 5-6 млн. куб су аз су емес, тек ұйымдастырып қолдауды қажет етеді.

Жалпы, Жәнібек ауданы арқылы жыл сайын Еділден Палласовка ауданындағы су жүйесі арқылы 26 млн куб су келеді. Содан Орда ауданына тек қана 2,6 млн куб беріледі. Неге келген су тең бөлініп 13 млн берілмеске? Бұл суды жіліктеп бөліп отырған кім? Бұл жөнінде Орда ауданының әкімдігі мәселе көтеріп, шұғылданып отырған жоқ. Қазақта сұрамаған балаға, тамақ берілмейді деген сөз бар. Болмаса, ауданға қажетті мәселелерді көтеріп, жоғарыдағы басышының басын қатырғанша, үндемеген адам үйдей пәледен құтылады дегенді жөн болады деп отырған болуы керек.

Аудан әкімінің есеп беру жиналыстарында, болмаса ауданда облыстық маслихаттың депутаты бар, облыстық маслихаттың сессияларында жоғарыдағы жағадайларға байланысты бірде біреуі мәселе көтермеген. Сонда олардың жұмысына жоғарыда әңгімелер кірмей ме? Оларды қазіргі атқарып отырған жұмысына барарда, тағайындалғанда жергілікті халық қолдады ғой.

Жәнібек ауданы болса да болашаққа қосымша 6 млн куб сұрап мәселе көтеріп отыр, сонда алдағы жылдан бастап 32 млн су келуі мүмкін.

Облыста Мұратсай су қоймасы арқылы, «Шолақ Қопа» көліне су айдау үшін айналма канал қазу керек деген ұсыныс бар. Ол деген қисынсыз сөз. Ол үшін қоймадағы судың көлемін 18 млн кубқа жеткізу керек және бойлайда сол деңгейде ұстап тұру қажет. Бұл жоспар іске аспайтын жұмыс.

Соңғы қырық жылда бір рет көктемгі еріген қар суының келгені соншалық, плотинаны бұзу қаупі болғанда, айналма канал арқылы суды бөгеттің екінші жағына суды ағызып, сайдағы судың деңгейін төмендеткеннен кейін, бөгеттің аман қалғанын біз жақсы білеміз.

Қазіргі жағдайда плотинадағы суды «Шолақ Қопа» көліне ағызу мүмкін емес. Бөгеттің биіктігі су деңгейінен әлдеқайда биік. Ол үшін плотинаға түбегейлі реконструкция жасау қажет.

Бөгетті бұзбай сайдың табанын тереңдетіп қазып, бөгеттің астына шлюз орнату арқылы суды ағызуға болады. Сонда ғана мәселе шешіледі. Бірақ бұл жұмыс күрделі.

Болмаса, екінші жолы бар. Жәнібек ауданы арқылы Еділдің суы орда ауданының шекарасына келіп тұр. Соны 23 шақырымдай қазып жалғастырып, «Шолақ Қопа» көліне су құюға болады.

Ол үшін Орда ауданы тиісті жобалау мекемелері арқылы каналдың жобасын жасатқызып, әзірлесе облыс орталығына «ҚазСушар» мекемесі жұмысты бастап кетуге күні бүгін әзір екенін айтып отыр.

Соңғы кезде ақпараттық кеңістікте, әр-түрлі басылымдарда экологиялық жағдайды жақсартуға мемлекет тарапынан үлкен басымдылық берілуде. Нақтылы шаралар қабылдануда. Оның орындалуы үшін қомақты қаржы бөлінуде.

Осы мүмкіндікті пайдаланып қалу үшін, жергілікті құзырлы органдар күні бүгінге байланысты ауданның қажеттілігін анықтап, оған керекті құжаттарды дайындап, жобаны жасайтын мекемелерге тапсырма беріп, алдағы жылдың жоспарына кіргізуге артынан қалмай жүріп облыстың алдына қойып жұмыс жасаса бәріде шешіледі.

Нарын құмының астындағы су жөнінде қаладағы «Бөкей Орда ауданының ардагерлер» қауымдастығы елдің өтініші бойынша мәселе қозғап, оған облыс басшысының көңіл аударуын сұрауы орынды. Бұл мәселе қазір айтылып отырған жоқ. Бұрыннан ол суды қозғамау керектігін, ол түгел Нарын құмына, әсіресе орманға әсері болады деген көзқарас бұрыннан бар. Оның үстіне, қарағайлар мен ақ теректердің жаппай құлағанын көріп, жағдайды анықтауды сұрағанда, Орда ауданының әкімі жалпы су деңгейінің төмендеуін, аудан көлемінде мал басының бұрынғы совхоз кездегіден көбейіп кеткенінен деген пікір білдірген. Ол жолдастың жер үстіндегі елдің өркендеуіне қажет шаруамен айналысқаны, елдің тарихымен тереңірек танысқаны жөн болар. Жеті қабат жердің астына түсіп несі керек.

Бөкейліктің байларының төрт түлік мал басын қатар өсіріп, пәлен мыңдап жылқы айдаған, Шамақ байдың бір өзі мыңнан астам түйе өсіріп, осы малдардың бәрі қауға тартып, құдық суымен суарылған кезде ешқандай судан тапшылық көрмеген.

Сонымен қатар, саясатқа да көңіл аудару керек. Мал көбейіп кетті деген не сөз? Біздің кейбір облыстарымыз Канададан, басқа елдерден өнімді көп беретін ірі қара мал тұқымын ұшақпен тасып, көбейте алмай жатқанда, біздің жергілікті қожалықтардың мал басын көбейткенін қолдау керек.

Мемлекттің азық-түлік қауіпсіздігіне байланысты шағын бизнесті дамыту,соның ішінде мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарына қолдауды төмендетпеуді тапсырып, ол жұмыс әдейі бақылауда ұсталуда. Неге десеңіз, біздің мемлекеттің экспортқа шығарылатын мал өнімдерінің басты түрі мал еті, соның ішінде ірі қара, қой етіне сұраныс көп.

Көрші мемлекттердің біздің мал өнімдеріне қызығушылық танытуды жылдан жылға көбеюде, және экологиялық тазалығы жағынан сапасы жоғары болып есептелінеді. Оның басты себебі, малдарымыздың басым көпшілігі даладағы табиғи шөппен қоректеніп, ет жинайды. Соған байланысты үкімет малдың аяқтай шет жерге шығарылуын шектеді.

Совхоздар тарап, шаруа қожалықтары құрылып, жеке-жеке өз алдына жұмыс жасай бастағанда, олардың қарауындағы сол кездегі малдың басына қарай, орманды алқаптардың арасындағы ашықтық жерлер әр түрлі көлемде жер тілімдері жеке меншіктеріне беркітілді. Қазіргі кезде шаруа қожалықтырының шаруасы өрге басып, мал басы көбейді. Ірі қараны 500-1000, жылқы 1500-2000 басқа дейін жеткізіп бағып отырған кәсіпкерлер жетерлік. Олардың экономикалық, қаржылық мүмкіншілігі жоғары, шаруаға қажетті техниканың қай түрінде сатып алып, болмаса жалға алып пайдаланып отыр. Бұл қуанарлық жағдай.

Бірақ қазірдің өзінде жердің тарлығына байланысты келеңсіз жағдайдың шеті көріне бастады. Зоотехникалық ережеге байланысты 1га жер 7-8 теңестірілген мал басына есептелінсе, ал қазіргі малдың басына шаққанда бірнеше есе өсті. Бұл жағдай мемлекет тарапынан реттелмесе болашақта жақсылыққа апармауы әбден мүмкін.

Ауданда жер жоқ емес жетеді. Жекеге алған жері Нарын құмының ішінде болғандықтан, халық одан алыстап ешқайда барғысы келмейді. Қорытып айтқанда, елдің барлық малы құм бойында. Осының барлығы келіп экологиялық жағдайдың қиындауына әкеліп соқтырып отыр.

Нарын құмының бойындағы өрмекшінің торындай шарлаған жол, малдың шұбырынды іздері ашықтық жерлердің жоғарғы қабатын ірітіп, құмның қозғалуына әсер етіп, құм көшкінінің пайда болуына әкелді. Қазірдің өзінде бұрынғы Искра совхозының №2, орда кеңшарының №2,3,4 бөлімшелерінің орталығын құм басуға айналды. Болашақта елді көшіріп басқа жерге қоныстандыру мәселесі туындауы әбден мүмкін.

Жол түсіп Хан Ордаға бара жатқанымызда, Бисен ауылынан шығып жүретін төте жолдар түгел құм астында қалған. Жолшыбай Орда совхозының екінші бөлімшесінің қасында қабақ басында, үлкен қауым зират бар еді. Сондағы мәңгілік тыныштықта жатқан жерлестерге дұға бағыштайық деп бұрылсақ, түгелге жуық құм басқан. Зираттардың төрт құлағы шошайып, суға батқан адам қолын ербеңдетіп көмек сұрағаны сияқты көріністі елестетті.

Бұл қауіптің алдын алудың бірден - бір жолы Хан Ордасындағы ғасырдан астам уақыт жұмыс жасап келе жатқан Орда орман шаруашылығы мекемесінің жұмысын дұрыстап жолға қою қажет. Бұл мекеменің жұмысы жөнінде жоғарыда айтылды. Ал осы уақытта талапқа сай жұмыс істеп жатқан жоқ. Ауданның жалпы жағдайы жөнінде «Нұр Отан» партиясында болғанымызды, бұл мекемеге жаңадан барған басшысының кіретін үйі жоқ, көрінген үйдің босағасынан сығалап жүргенін естідік. Осы заманда бұл не масқара, болыстағы бұл мекеменің басты органы қайда, болмаса, ауданның әкімшілігі көмектесуі керек емеспе?

Аудан орталығы Сайхын, Орда поселкесі облыстан 550-560 шақырым қашықтықта орналасқан, бұрын жол қатынасы қиын болғандықтан, Одақ кезінде көрші Астрахань, Волгоград облыстарының, оның жақын аудандарымен қатынасып, көптеген мәселелер шешіле беретін, тұрмысқа керекті бұйымдар, азық-түлік, тіпті құрылыс материалдарын алатынбыз. Темір жол қатынасы жақсы болды. Кейін іргеміз бөлектенгеннен кейін жағдай қиындады, облыс орталығымен үзбей қатнынас жасауға тура келді.

Орал қаласына баратын тас жол екі-үш ауданның территориясынан өтетін болғандықтан, жолдың күтімі тиісті деңгейде болмайтын, оның үстіне жазда жаңбыр, қыста боран, көктемде қар еріген кезде балшық, жүрісті қиындатып, жолдың қияметін жолшы біледі дегендей, жүйкені жегідей жеп, қиындық туғызғанына қанша заман болды. Бұл жолдың қиыншылығы мен азабынан қанша жанның өмірі қиылды. Қанша адам мүгедектікке ұшырады. Ұзақ жолда келе жатып, жолдың екі жағындағы әр жерде қазаға ұшыраған адамға қойылған белгіні көргенде, атасына нәлет, енді қайтіп жүрмеспін деп ойлайсың. Бірақ, өмірдің талабынан аттап кете алмайсың, жүруге тура келеді.

Мың бір түн хикаясын оқығаным бар, жылға айналдырсаң үш жыл екен. Ал, бұл жылдың тарихы бірнеше мың бір түнге жетеді. Есімде бұл жолды салу облыста әңгіме болғанда, дүниеге келген балалар қазір ер жетті, енді сол балалар қолына күрек алып кіріспесе, бұл жолдың аяқтар мезгілі бұлыңғыр.

Өткен жолы жолды тездетіп бітіру үшін, жолдың аяқталар жағынан кері қарай салу керек дегенді естігенде, бұлда бір ойлап тапқан әдіс, жолдың бітуі сондай ұзаққа созылатынын сезгенбіз.

Бұл ұзын жолмен мен көп жүрдім. Жаңағы қиыншылықты айтқанмен жүріп келе жатып, жолдың екі бетіне көзің түссе, ыңырсыған мал, үйір-үйір жылқы, ірі қараның табындары, бақшада пісіп жетілген қарбыздай домалап жатқан қой отарлары. Соны көргенде көңілің жәй тауып, бәріде ұмытылатын. Ал, қазір бұл жолға шықсақ, көзге көрінетін аспанда қалықтап ұшып бара жатқан қара құс, жемтік іздеген түлкі, бұрын малмен араласып жүргенін көретінбіз. Енді ол тоқтап саған қарап тұрып, сол жағдайға әкелеген сендер дегендей құйрығын бір бұлғап, өз бағытына кете барады.

Бөкейліктер не көрген жоқ, бәрі де өтті, ұмтылды. Бірақ, тіленшіге жол қарсы деген сөз бар. Қазір қасқар деген пәлеге тап болды. Нарын құмы қасқырдың ұясына айналды. Өсіп өнуіне өте қолайлы. Мал өз алдына, енді адамға қауіп төндіре бастады. Нарынға барсаң мылтық асынған бір адам, біреуі иығында болса, екіншісі тақымында. Енді бір төтенше жағдайды еске түсіреді. Өткен уақытта Ордада қасқыр адамға шабуыл жасап, екі кісіні жарақаттап, дәрігерлердің көмегімен аман қалғанын ел біледі.

Бұрын әрбір шаруашылық қасқыр аулайтын аңшы ұстап, еңбек ақысын тағайындап, бұл аңның көбейіп кетпеуі үшін әдейі жұмыстанатын. Қазір құмның арасында ондап өріп жүр, шаруа қожалықтарының малына зиян келтіруде, әсіресе ірі қара мен жылқы малының төлін қырып жеп жатыр. Әрбір шаруа иелері 30-40 бас төлден айырылып, не істерін білмей түңілуде.

Бұл мәселе жоғарғы жаққа жеткізілгенмен, ешқандай шара алынып жатқан жоқ. Неге десеңіз, олардың малы түгел ғой. Бізде жаман әдет қалыптасқан, қасқырдың шабуылынан жарақаттанып адам сарапшылар арқылы дәлелденіп, заңды тіркелмей ешкім қозғалмайды, және қасқырды атуға мемлекет тарапынан тиым салынған деген тәртіп бар деп құлақ аспайды. Бұл сөздің төркіні қайда жатыр, соны білмей халық шаршады. Газет бетінен, басқада ақпарат құралдарынан құндыз, ондатр, бұлған, түлкі, қоян өсіріп, олардың терілерін өңдеп, ішкі қажетке болмаса, экспортқа шығарып, мемлекет аралық сауда-саттықпен айналысып қыруар қаржы түсіреді дегенді білеміз. Ал, қасқыр өсіріп табысқа кенелдік дегенді естіген жоқпыз.

Қазір, соңғы уақыттарда газет бетінде көп жарияланып жүрген тақырып жемқорлық, парқорлық, ұйымдасқан қастандық, болмаса қазіргі жер бетін жайлаған індет екі аяқтының бәрін ешқайда шықпай төрт қабырғаның ішінде отыруға шақырғанда, сыртқа шықса індетке душар болып, шыбындай жанын қайда қоярын білмей қиналғанда, қолда бар дәрі-дәрмекті жасырып, я болмаса бірнеше есе өсіріп, қымбатқа сатылғанын естіп жатырмыз. Бұл да қастандық. Ауылдағы халықтың бар күнкөрісі, малға қарап отырғанда, қасқырды атуға тыйым салуда қастандықтың бір түрі емеспе екен деген ой келеді.

Бұл жаман ауру ауылға да бойлап кіріп, тып-тыйыш отырған елді де, ашық айтылмаса да, әбігерге салғаны анық. Сонда бүкіл ғұмыры Нарында өткен бір үлкен кісіміз, сіздерге не болған, ас-суларыңды алып, бәрібір жұмыс жоқ мына біздің Нарынға келіп, ормандағы өсіп тұрған қарағайды құшақтап неге жатпайсыңдар. Ешқандай дәрінің керегі жоқ, Нарынның бір жұтым ауасы сіздерді жаманаттан құтқарады дегенде естігенбіз. Бұл ақырында шындыққа айналды.

Жоғарыда бөкейліктерді толғандырып отырған ақуалды қағаз бетіне түсіре келе бір емес, он емес, бір тайпа елдің үнін еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемел ұлы Тоқаевтың халық үніне құлақ асатын үкімет болу керек деген тұжырымдамасына байланысты, үкіметтің құлағына шалынса, мәжілісте отырған Батыс Қазақстан облысынан жұртшылықтың қолдауымен сайланған депутаттары естіп, қолдаса, жағдай өзгерер деп ойлаймыз.

Әр адам өзінің туған өлкесінің көркейгенін, тозбағанын, елдің аузында айтылып жүргенін көксейді. Сондай жердің бірі жалпақ Бөкейліктің мақтанышы, «жұмаққа» теңеген «Нарын құмы» болашақта мемлекеттік қорыққа айналса, үкімет тарпынан әдейі бағдарлама жасалып қорғалса, Батыс Қазақстан облыстық «Хан Орда» тарихи мәдени архитектуралық этнографиялық музейіне қосылып, туристердің келіп тамашалайтын орнына айналар еді. Бұл мәселелерді шешуді үкіметтің билігіне қалдырып, қорытындысын күтеміз.

 

 

Мұқас СПАНДИЯРОВ,

Оралдағы «Бөкей Орда» ауданының ардагерлер қауымдастығының жетекшісі