Ел жайы есінен шықпайтын Мейрамбек аға Ұлы Отан соғысының 65 жылдық мерейтойына орай, сазгер-жауынгер Рамазан Елебаевтың туғанына 100 жыл, Құдықағаш ауылының құрылғанына 80 жыл толуына арналған «Рамазан Елебаевтың елі» деп аталатын кітабын шығарды. Аталмыш жинақта аудан мен ауылдың белгілі адамдары жайында сөз болады. Бұл ауыл – көкірегіңді мақтаныш кернеп, кеңінен қамтып айтуға тұрарлықтай елді мекен. Шоқ жұлдыздай шағын елді мекеннен екі бірдей Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, екі ғылым докторы, бес ғылым кандидаты шыққан екен. Олардың өмір жолы, істеген істері кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы мерекесі қарсаңында ел ақсақалы Мәлтай Жүнісовпен бірлесе ауыл ортасындағы ескерткішті жаңартып, үлкен іс-шара өткізді. Шоқ жұлдыздай шағын ауылдан ұшып шығып, әрқайсысы әр қиырда еңбек етіп жүрген осы жердің перзенттері түгелге жуық жиналды.
Ауылдың кіре берісінде «Құдықағаш 1929» деген жазуы бар, биіктігі 17 метрлік аспанға ұмтылған стелла тұр. Бұл стелланы тұрғызған осы ауылдың тумасы Өмірбек Елубаев. Бір қуаныштысы, ағайынды Асылхан, Сейілхан Шәріповтер өз қаражаттарына жаңа мешіт салып берді. Той барысында қаншама шаруа атқарылды.
Мейрамбек аға Алаштың айтулы азаматы, ғұлама ғалым Қаныш Сәтпаевтың белсенді насихатшысы. Жалғыз насихатшысы ғана емес, зерделей зерттеген зерттеушісі. Ұлыны үлгі етудің арқасында 2006 жылы ғалымды өнеге тұтқан, солай болмаққа ұмтылған 19 мектеп түлегі Семейдегі кен барлау колледжіне оқуға түсті. 2011 жылдан бері «Алтын сақа» ұлттық ойынын жандандыруда әлденеше сайыс өткізілді. Облыс тұрмақ республикалық деңгейде. Бұл арада ұлтымыздың ұмыт болған салт-дәстүрін тірілтсем деген мақсат жатыр.
– «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасының негізгі мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында барша қазақстандықтардың ортақ мәдени кодының, біртұтас құндылықтарының және жалпыұлттық тарихи санасының негізінде халықтың бірлігін нығайту, – дейді Мейрамбек аға, – «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы бұл жоба қазақтың мәдениетін, тарихын, сондай-ақ, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын насихаттауға бағытталып отыр. Оның ішінде қонақжайлылық, сенім мен достық сияқты қасиеттерді дәріптеу арқылы жастардың бойында елжандылық сезімін ояту.
Алғашқыда Қазақстан халқы Ассамблеясының орталық аппаратынан хат келіп, «Рухани жаңғыру» – «Қазақтану» атты үлкен ғылыми-ағартушылық жобасының жұмысын жүргізу ісі Мейрамбек ағаға тапсырылған. Өйткені, ағаның бүгінге дейін атқарып келе жатқан жұмысы қазақ тілі мен мәдениетін жас ұрпақтың санасына сіңіру.
Әлбетте, жоба аясында көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. Қазақ халқының құндылықтарын түсініп, насихаттау үшін белсенді түрде жастарды тарту – жобаның негізгі міндеттерінің бірі болып саналады.
Көкше жұртшылығының көзі үйренген бір сурет бар. Ұлтқа қатысты, болашаққа байланысты кез-келген үлкенді-кішілі жиынның нақ ортасында ел мұратын көксеген, жұрт бірлігін армандаған тынымсыз бір жан жүреді. Ол – Мейрамбек Қиықов. Пенде ғұмыр – соқтықпалы соқпақ. Адам – жолаушы. Іздеген жоғы елінің есте жоқ кезеңдегі інжу-маржан іспетті салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы.
КӨКШЕТАУ