Туризм • 16 Қараша, 2020

Курорттық аймақ қысқы маусымға қамдануда

355 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Үзіліп түскен моншақтай әсем көгілдір көлдер мен қолдың саласындай тізілген ақ қайыңдар, мәңгі жасыл қарағайлар көмкерген, ауасы жұпар курорттық аймақ жазғы демалыс маусымына жап-жақсы әзірлік жасағанымен, төрткүл дүниені тегіс есеңгіретіп тұрған жаман тұмау үйдегі ойды бұзып кетті. Қазір өңірдегі демалушыларға қызмет көрсететін туризм саласындағы 500-ден астам кәсіпорын қысқы туризмге әзірлік жасауда.

Курорттық аймақ қысқы маусымға қамдануда

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР, «EQ»

Алдымен өңірдің табиғи мүмкін­дігінің мол екендігін айта кетелік. Ит тұмсығы батпайтын сыңсыған орма­ны мен мөлдір сулы шалқарлар. Оған көзі қарақты, көкірегі зерделі адамның жан сарайын сәулелендіріп, көкірегіне тылсым сыр ұялататын табиғи есерткіштер қаншама. Мәдени-тарихи кластерге 900-ден астам осындай ескерткіш енгізілген. Олардың көпшілігі мемлекет қамқорлығына алынған. Өңір­­­ге келушілерге 73 туристік бағыт ұсы­ны­лады. Осы бағыттармен жүрсеңіз, аруақ қонып, нар шөккен қасиетті Көк­ше топырағындағы көне та­рихтың көм­­бесін ақтарып, санаңызды соң­ғы мә­ліметтермен жаңғыртуға мүм­кіндік алар едіңіз.

Көркі көз сүйсіндіретін құйқалы өңір­­­де туризмнің кеңінен қанат жайған жері – Щучинск-Бурабай курорттық ай­мағы. Оған Аршалы, Ақкөл, Шор­танды, Целиноград аудандарындағы емдеу-сауықтыру шипажайлары мен тынығуға мол мүмкіндігі бар орындарды қосыңыз. Ал киелі өңірдің келбетін көргіңіз келсе, Қорғалжын мен Ерейментау бауы­рындағы ескі соқ­пақ­қа түсуге болады. Табиғаты тамыл­жыған Зеренді мен адам аяғы көп баса бер­мейтін Сан­дықтаудың сы­ланған қойнауы өз алдына бір төбе.

Биылғы деректерге қарағанда, ты­нығушылардың жолын жаман тұмау кескендіктен, оқталғанымен ойға алға­нын орындай алмағандар көп. 1934,5 млн теңгенің ғана қызметі көрсетілген. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 32 пайызға төмен. Келушілер саны 88,8 мың адам төңірегінде. Оны түсінуге де болады, жаман тұмаудың алғашқы легінде шет мемлекеттерді былай қойғанда, ел ішін­дегі адамдар жазғы демалыста қауіп­тен қор­ғалап, қарға адым жер аттап шыға алмады.

Өткен сегіз ай ішіндегі негізгі капи­талға салынған инвестиция көлемінің көр­сеткіші 2019 жылдың сәйкес мер­зімімен салыстырғанда, төрт есе төмен­деген. Сөйтіп 3,8 млрд теңгені ғана құ­рап отыр. Инвесторлардың салған қаражаты уақытында игерілмеуі, межеленген жоба­лардың уақытылы ат­қарылмай, созылып кетуіне де осы індет себеп болып отыр. Тұтастай алғанда 2020 жылдың алғашқы жартыжыл­ды­ғында өңірдегі туризм саласында кері көрсеткіш басым.

Әйтсе де туризм саласы мүлде тұра­лап қалды деуден аулақпыз. Мәсе­лен 2019 жылы туризм саласы­ның бір жобасына 2 млрд теңге қаражат бөлініп, 204 төсек орындық «WyndhamGarden» қо­нақ­­үйі салына бастады. Сол жылғы 31 мамыр күні Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы қабылданды. Елі­міздегі туризм саласын дамытуға ар­нал­­ған мемлекеттік бағдарлама бо­йын­ша қыруар жұмыс қолға алынды. Са­лаға серпін беруге тиісті жаңа жобалар курортты аймақтың келбетін ке­шегіден де ажарландырып, бүгінгіден де баянды етуге септігін ти­гізуде. Об­лыстық әкімдіктің осы бағыт­тағы бағ­дар­ламаларына сәйкес жалпы құны 46,8 млрд теңгені құрайтын 27 іс-ша­раны жүзеге асыруға шешім қа­был­данды. Республикалық бюджеттен 3,3 млрд теңге қаржы бөлініп, курортты ай­мақтың өңі әбден кіріп қалса, осы саладағы шағын бизнеске де 0,9 млрд теңге қаражат бөлініп, демеу көрсетілді.

Қазіргі күні жалпы құны 6,3 млрд теңгені құрайтын 6 жоба жүзеге асырылды. Таратып айтатұғын болсақ, Бурабай кентіндегі суағарларды жөндеуге 386 млн теңге қаражат бөлініп, толық игеріл­ді. Щучинск қаласының ішіндегі су құ­быр­ларын жаңғыртуға бағытталған
1 млрд теңгенің жұмысы толық аяқталды. Қатар­көлдегі канализация коллекторын ауыстыруға 2,6 млрд теңге жұмсалды. Осындай шаруалар жалғыз қалада ғана емес, ауданда, яки курортты аймақта сә­тімен сабақталып, жүзеге асырылды.

Тағы бір мәнді шаруа – жол жайы. Бұл туризм саласын дамыту үшін әбден қажетті мәселе. 15,4 млрд теңге қаражат жұмсалған, жалпы ұзындығы 80 шақырымды құрайтын Щучье-Зеренді бағытындағы тас жолдың салынуы екі көрікті өңірді бір-бірімен төтеден жалғастырып, курортты өңірге келімді-кетімді жолаушылар үшін қысы-жазы қолайлы жағдай туғызып отыр. Бурабаймен бірге Зеренді бауырындағы курортты аймақтың сәні мен салтанаты, емделіп, демалуға келген адамдар үшін көрсетілетін қызмет сапа­сы жақсарып келеді. Тіпті, осыдан он жыл бұрынғы қау­қар мен қауметті көз ал­дыңызға елес­­тетсеңіз, айырмашылығын бір­ден аң­ға­рар едіңіз. Таратып айтатұғын бол­сақ, бұл өңірде жол бойындағы елді мекен­дердің маңы көгалдандырылып, су, жылу құбырлары жаңғыртылып, төрт құбыла тегіс абаттандырылып, көр­ген көз сүйсінерлік болып қалды.

Шаруаның оңынан оңғарылуына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы үлкен әсер еткендігін екпін түсіріп айта кетуге болады. Осы бағдарлама бойынша курортты аймақтың өңін кіргізуге 1,3 млрд теңге қаражат бөлініп, толық игерілді. 2020 жылы Зеренді селосын көгалдандыруға, шағын архитектуралық мүсіндерді орнатуға 50 млн теңге қаржы бөлінді. Осы мол қаржының арқасында селоның сәулеті бұрынғыдан да арта түсті.

Облыстық маңыздағы екі жолға ор­таша жөндеу жүргізілуі де өңірдегі ту­ризмнің дамуына игі ықпалын тигізеді деп күтілуде. Әсіресе қысқы туризмді да­мытуға көп көмек болары сөзсіз. Ай­та­лық Еленовка-Чистополье-Есіл бағы­тындағы жолдың 17 шақырымы 618 млн теңгеге, Зеренді-Красный Кардон бағы­тындағы 36 шақырым жол 1,7 млрд тең­геге жөнделді.

–Жазғы маусымға дайындық барысында Зеренді көлінің жағалаулары мұқият тазаланды,–дейді облыстық ту­ризм және демалыс индустриясы қауым­дастығының төрағасы Шынарбек Батыр­ханов, – облыстық әкімдікпен және «Көк­шетау» ұлттық табиғи паркімен келісе отырып ерекше күзетілетін табиғи аймақ­тың бос жер телімдерін инвесторлар­ды тартуға пайдалану жөнінде келісім жасал­ды.

Мамандардың айтуына қарағанда, биылғы жазда өңірдегі туризмді дамыту бағытында өте маңызды іс-шаралар түзіл­ген екен. Тек әттеген-айы, жаман тұ­мау жол бермеген.

Ендігі үміт – қысқы туризмді дамыта отырып, жаздағы олқылықтың орнын толтыру. Биыл өңірге туристердің келу көрсеткішін 107,5 пайызға дейін өсіріп, 427-430 мың адамға жеткізу көз­делген екен. Енді бұл деңгейге қашан жететініміз белгісіз. Ол үшін әрине, курортты аймақта індеттің ізі байқалмауы керек. Көкшенің қысы да көрікті. Сы­қырлаған сары аязда жұпар ауа тіпті мөлдір, дем алсаң көкірегіңді кернеп кете­тіні бар. Ту сонау тау басынан шаң­ғымен сырғанаудың өзі естен кетпес ға­­жайып қызық. Сондықтан Қазақстан Лапландиясының игілігін көруге сенім зор. Ашылу салтанатына әзірлік жүріп жатыр. «WinterFestBurabay» фестивалін ұйымдастыру да межеленген. Сондай-ақ, көк айдында балық аулаудың ләззатын түсінетіндер үшін арнайы шаралар ұйымдастырылмақ. Бұл орайда бизнестің де қамы ескерілуде. «Қысқы ертегі» кон­курс­тық бағдарламасы өткізіле қал­са, бизнес өкілдері де нәпақа тауып қа­луы әбден мүмкін.

Туризмнің дамуы ел басына төнген, жалғыз біздің елдің ғана емес, төрткүл дүниенің тағдырына тегеурінді әсер етіп отырған індетке байланысты болып отыр­ған жайы бар. Әйтсе де, жақ­сылық­тан үміттіміз. Ал жақсы үміт жама­ғатты ал­дамайды ғой.

 

Ақмола облысы