Руханият • 16 Қараша, 2020

Үш ғасырдың куәгері

527 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті және Қ.Сұлтанқожаұлы атындағы Қазақ Проскопия академия­сының атсалысуымен Құртқа тәуіп Сұлтанқожаұлының 250 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Үш ғасырдың куәгері

Үш ғасырдың куәгері, 136 жыл ғұмыр кешкен Құртқа Сұл­тан­қожаұлы – тәуіп-емші, сынықшы ғана емес, халықтың бірлігін ой­лаған қайраткер тұлға. Ел арасын бітістіріп, жаугершілік замандарда шашырап кеткен ағайынның басын қосудағы қайраткерлік еңбегі өз алдына бір төбе. Сондықтан да ел арасына «Ел иесі – Құртқа» деп танылған.

Алқалы жиында сөз алған ректор Такир Балықбаев «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық уни­вер­ситеті еліміздегі мұғалім кадр­ларын даярлайтын бас оқу орны болғандықтан, болашақ мамандарды тұлғалық қасиеттерге тәрбиелеу мен оның әдіс-тәсілдерін айқындау жауапкершілігі осы оқу орнына зор міндеттер жүктеп отырғаны белгілі», деп атап өтті. Осы бағытта университетте ашылған «Ұлы дала тұлғалары» орталығының жұмысына тоқталып өткен Т.Балықбаевтың айтуынша, еліміздің даму, кемелдену тарихында өз орны бар көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, ұлт батырлары, ақындар мен би-шешендердің өмір жолы мен ұлтқа сіңірген еңбегін, тарихи мұраларын зерттеп, дәріптеуді мақсат етіп келеді. Орталықта әрбір оқу жылы сайын кем дегенде 20-дан астам танымдық дәріс өткізіледі.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияда филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебе­генов, С.Асфендияров атын­­­­дағы Қазақ ұлттық меди­цина университетінің ректо­ры Тал­­ғат Нұрғожин Құртқа Сұл­тан­­қожаұлының медицина сала­сындағы еңбектеріне тоқталса, тарих ғылымдарының докторы, академик Мәмбет Қойгелді Құртқа тәуіп тәлім алған Әбу Әли ибн Сина еңбектерінің тарихи рөліне ерекше мән берді. Профессор Жолмұхан Түрік­пенұлы, Қазақстан емшілер қауым­дастығының өкілі Нұргүл Өте­­баева және басқа да ғалымдар тарихи тұлғаның қызметіне тоқталып, Құртқа Сұлтанқожаұлының өмірі мен емшілік қызметін тереңнен ашып көрсету мақсатында Бұқараға, Са­мар­қандқа, Египетке және Петер­бургке арнайы экспедиция­лар жібе­ріп, архив деректерін зерт­теу ісін жал­ғас­тыру туралы ұсыныстарын ортаға салды.

Конференция аясында Мырза­хан Ахметов жетекшілік ететін Қоғаммен байланыс бөлімі Жетісу және көр­шілес қырғыз еліне аты мәлім болған, араб-парсыша хат таныған халық ем­шісі Құртқа Сұл­танқожаұлы жа­йындағы қосымша деректерді ұсынды. Сонымен бірге белілі киножурналист және режиссер Доқтырхан Тұрлыбектің «Үш ғасырдың куәгері» деректі фильмі көрсетіліп, жиынға қатысқан ғалымдар университет бас­пасынан шыққан Құртқа тәуіп туралы кітаппен танысты.

 

АЛМАТЫ