27 Қараша, 2013

Уран – үрей емес, жасампаз қуат көзі

1090 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Атом энергетикасының негізгі отыны саналатын уран жасампаз қуат көзіне айналды. Бір кездері «уран» деген атының өзінен ат үркетін өндіріс саласы бүгінде бейбіт мақсатқа бағынып, ортақ қазынаға қомақты үлесін қосып отыр. Барланған уран қоры жөнінен Қазақстан әлемде Австралиядан кейінгі екінші орында болса, уран өндірісі жөнінен дүниежүзілік көштің басында келеді. Еліміздің ұлттық атом операторы – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ әлемдік абырой, атағы дардай азулы компаниялардың алдына шыққалы қашан. Бір сөзбен айтқанда, уран өнеркәсібіндегі Қазақстанның үстемдігіне қазір дос қуанып, дұшпан күйінетіндей жағдайда. Бұл негізсіз де емес.

Қай кезде де ішке бүккен құпиясы көп сала қазір бағаның құлдырауына байланысты қиын кезеңді бастан кешуде. Табиғи уранның бір фунтының споттық бағасы (шұғыл ақы төленіп, тез жеткізілетін нақты тауар) $35 төңірегінде тұрғанына қарамастан, Қазатомөнеркәсіп әлемдегі санаулы ғана табысты компаниялардың қатарынан табылып отыр. Бейбіт атом саласындағы Қазақстанның орны мен үлесі қандай және саланың бүгіні мен болашағынан не күтеміз деген тақылеттес сұрақтармен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасының төрағасы Владимир ШКОЛЬНИКТІ сұхбатқа тартқанбыз.

Атом энергетикасының негізгі отыны саналатын уран жасампаз қуат көзіне айналды. Бір кездері «уран» деген атының өзінен ат үркетін өндіріс саласы бүгінде бейбіт мақсатқа бағынып, ортақ қазынаға қомақты үлесін қосып отыр. Барланған уран қоры жөнінен Қазақстан әлемде Австралиядан кейінгі екінші орында болса, уран өндірісі жөнінен дүниежүзілік көштің басында келеді. Еліміздің ұлттық атом операторы – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ әлемдік абырой, атағы дардай азулы компаниялардың алдына шыққалы қашан. Бір сөзбен айтқанда, уран өнеркәсібіндегі Қазақстанның үстемдігіне қазір дос қуанып, дұшпан күйінетіндей жағдайда. Бұл негізсіз де емес.

Қай кезде де ішке бүккен құпиясы көп сала қазір бағаның құлдырауына байланысты қиын кезеңді бастан кешуде. Табиғи уранның бір фунтының споттық бағасы (шұғыл ақы төленіп, тез жеткізілетін нақты тауар) $35 төңірегінде тұрғанына қарамастан, Қазатомөнеркәсіп әлемдегі санаулы ғана табысты компаниялардың қатарынан табылып отыр. Бейбіт атом саласындағы Қазақстанның орны мен үлесі қандай және саланың бүгіні мен болашағынан не күтеміз деген тақылеттес сұрақтармен «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқармасының төрағасы Владимир ШКОЛЬНИКТІ сұхбатқа тартқанбыз.

– Ресми ақпараттан әлемдік уран өндірісіндегі еліміздің үлесі 35% екенін білеміз. Бұл, үстіміздегі жылдың бі­рінші жартысының қорытындысы бойынша дерек, ал жыл соңына дейін 38%-ға жетеді деген болжам бар. Осындағы Қазатомөнеркәсіптің жеке үлесі қанша?

– 2013 жылдың қорытындысы бойын­ша Қазатомөнеркәсіптің әлемдік уран өндірісіндегі үлесі 21,1%-ды құрамақ. Бұл, әрине, былтырғыдан біршама көп. Демек, біз салада көшбасшылық орнымызда қала береміз. Бұған әлеуетіміз толық жетеді.

– Көшбасшы болу оңай емес, оны сақтап тұру одан да қиын екені мәлім. Сол үшін 2014 жылы өндіріс көлемі қазіргіден де көп бола ма?

– Біз биылғы межені сақтап қалу ниетіндеміз. Қалғаны нарықтағы жағ­­дайға байланысты болмақ. 2012 жылы жоспарлық көрсеткіштерге сай Қазақстанда уран өндіру көлемі 20,9 мың тоннаға жетті. Біз сөйтіп, алдын ала есептеулер бойынша 55,7 мың тоннаны құраған бүкіләлемдік уран өндірісіндегі өз үлесімізді арттырдық.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес және тәуелді кәсіпорындардағы қатысу үлесін қоса есептегенде 2012 жылы 11,9 мың тонна уран өндірді, бұл бүкіләлемдік өндірістің 20%-дан астамына тең. Қазатомөнеркәсіптің келісімшарттар бойынша экспорт көлемі 9,26 мың тонна уран концентратын құрады.

– Жапониядағы «Фукусима-1» атом электр стансасындағы апаттан кейін уран өнеркәсібіндегі ахуал да, оған деген көзқарас та біраз өзгерді. Бұл, бірінші кезекте бағаға әсер етті. 2011 жылдың қаңтарында бір фунт уранның бағасы шамамен 75 долларды құраса, қазір 35-ке түсіп қалды. Баға екі есе құлдыраған жағдайда Қазатомөнеркәсіптің жылды табыспен қорытындылағалы отыр­ғаны таңғалдырады. Мұны немен түсіндіресіз?

– Компанияның табысты екені рас. Дегенмен, табыс та баға жоғары болған кездегіден әлдеқайда төмен. Тіпті, кей кәсіпорындарымыз әйтеуір зиян шекпей жұмыс істеудің шегінде тұрғанын да жасырмаймын. Бірақ тұтастай алғанда компания қоржыны қомақты. Мұндай жағдайда өндіріс көлемін ұлғайтудың қажеті шамалы, қазіргі өнімдеріміздің барлығы алдағы 5-10 жылға келісілген шарттар негізінде өткізіледі.

Бағаның төмендеуіне байланысты барлық шығындарды қысқарту жоспарын жасап, соны басшылыққа алдық. Бағдарламаның жұмыс істей бастағанына біраз уақыт болды және мұны бюджетті жай ғана кезекті қысқарту деп түсінбеген абзал. Ол бәрінен бұрын өнімнің өзіндік құнын азайтуға қызмет ететін болады. Бұған қолданыстағы технологиялық үдерістерді жетілдіру арқылы қол жеткізуді көздеп отырмыз. Мәселен, уранды пероксидті тұндырудың жаңа технологиясын алайық, соның арқасында едәуір арзан, алайда, барынша тиімді реа­генттер көмегімен өнімді ерітіндіден металл өндіріле бастады. Бұл өндірістің экологиялық қауіпсіздігі және ондаған миллион долларды үнемдеу тұрғысынан да тиімді.

– Әдетте, көп компаниялар табыс азайған тұста өндіріс көлемін арт­­­тыруға кіріседі. Сіздің сөзіңізден Қаз­атомөнеркәсіп мұндай қадамға бармайтынын аңғардық. Бұл компания болашағына кері әсер етеді деп қорықпайсыз ба? Өйткені, жаңа нарықтарды өзгелер иеленіп кетеді деген қауіп те жоқ емес дегендей.

– Өнім бағасы төмендеген тұста әр компания тығырықтан шығарар жолды әрқалай таңдайды. Өнімінің өзіндік құны ең төмен деген споттық бағадан да жоғары тұрған кәсіпорындар баршылық. Әлбетте, олардың мұртын балта шаппайды. Десек те, тұтастай алғанда уран өндіруші компаниялар өндіріс көлемін ұлғайтып жатқаны рас. Мұны олар әрқалай түсіндіреді. Бұған түрткі болған себептер де әртүрлі. Біреулері өнім жеткізіп беруші үшін қолайлырақ кез келгенше нарықтағы босаған орынды сақтап қалуға тырысады, басқаларының келісімшарттар бойынша немесе банктер алдындағы борыштары бар. Ал біздің жөніміз бөлек. Нарықтағы қатысу үлесімізді кеміту жоспарымызда жоқ. Бұл берік ұстаным, сондықтан жағдай қашанда бақылауда десем, асыра айтқаным емес.

– Қазатомөнеркәсіп құра­мында өнімінің өзіндік құны нарықтағы бағадан жоғары кәсіпорындар бар ма? Бар болса, олардың күні не болмақ?

– Уайымшылдар бізге де тегін «кеңестерін» беріп, сендер сатуды қысқартсаңдар, баға өседі дегенді айтып жүр. Өзіңіз ақылға салып көріңіз, компаниямыздың қызметі табысты, инвестициялық бағдарламалары мүлтіксіз орындалып жатыр, міндеттемелері бойын­ша ешқандай қарызы жоқ. Сөйткен Қазатомөнеркәсіп уран жеткізуді кілт тоқтатып, тұрақсыздығы үшін айы­бын төлеп, нарықтан кетсе не бол­мақ?! Рас, баға бірден аспандап шыға келеді, ал біздің нарықтағы орнымызды сол сәтте-ақ басқалар иеленіп үлгереді. Ал біз ол кезде ақша табу, демек жұмыс беру және салық төлеу мүмкіндігінен айырыламыз. Біз де қамсыз отырғанымыз жоқ. Мамандарымыз компанияның болашақтағы дамуының бірнеше сценарийін жасап шықты. Уран өнімдерінің бағасы тым төмен болатын кезеңдер де ескерілді. Нарықтағы ахуалға қарай әрекет ететін боламыз, яғни сол сценарийлердің қайсысы қолға алынары шығарылатын өнім бағасына да тікелей байланысты.

Бағаның құлдырауына байланысты компания өндірістен бастап, әкімшілік шығындарға дейінгі толып жатқан қаржы ағынына талдау жасап, оңтайландыруға көшкен. Сіз сұрағандай жекелеген табыссыз активтер қызметін тоқтату ең соңғы шара ретінде ғана қаралады. Әзірге мұндай қажеттілік байқалмайды.

– Әлемдік нарықта азулы бәсе­келестеріңіз аз емес. Атом саласы­ның өз алыптар тобы бар десек, сіз­дің пікіріңізше, солардың арасынан қай­сысына ойыннан шығып қалу қаупі көбірек төніп тұр?

– Бұған жауапты ғаламтордағы «бәрін білгіш» Google-ден-ақ табасыз. Осы таяуда ғана канадалық Uranium One компаниясы бағаның төмендігіне және операциялық шығындардың жоғарылығына байланысты Оңтүстік Австралиядағы Honeymoon кенішіндегі уран өндірісін тоқтататынын хабарлады. Әрине, өнімнің өзіндік құны сатылу бағасынан асып кеткенде кәсіпорынды жабудан басқа жол қалмайды. Нарық заңы қатал.

– Қазатомөнеркәсіп өнімінің өзіндік құнын ашық айта аласыз ба?

– Бұл енді құпия ақпараттар қатарына жатады, оны былайғы жұрттың білмеуі біздің әлемдік нарықта сенімді әрекет етуімізге мүмкіндік береді. Құпияны ашар болсақ, бәсекелестеріміз күшейіп кетеді. Арғы жағы түсінікті, сондықтан өзіндік құн туралы деректер ешқашан айтылмайды.

Бұған бір қосарым, Қаз­­атомөнеркәсіп кәсіпорын­дарын­дағы өзіндік құн бүгінгі таңдағы споттық бағадан төмен. Арғы жағын есептеп ала беріңіз...

– Қазатомөнеркәсіп уран өндірісінен басқа да жобалармен шұғылданады. Негізгі табыс көзі уран екені күмәнсіз. Сонда басқа салалардың компания табы­­­сындағы үлесі қандай?

– «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ тобындағы кәсіпорындар бойынша пайызға шаққанда, табыстың шамамен 65% табиғи уран концентратын (табиғи уранды ядролық отынға өңдеудің аралық өнімі) сатудан түседі; 10% қуат ресурс­тарын өткізуден құралады; 7% тантал, бериллий және ниобий өнімдерінің еншісінде; 5% бұрғылау және көлік қызметтерін көрсетуден түседі. Бұлардан басқа сирек жер металдар мен күн панельдері саласындағы жобаларымыз бар. Бірақ олардың дені әлі даму және үмітті нарықтарды зерттеу деңгейінде болғандықтан табыс туралы айтуға ертелеу.

– Қараша айының ба­сында Ека­­теринбургте өткен шекаралас мемлекеттердің аймақаралық ынты­мақтастығының Х форумында Қазатомөнеркәсіп пен Росатомның бірлескен жобасы – Уран байыту орталығының (УБО) жұмысы таныстырылды. Бұған дейін жобаның жай-жапсары туралы көп айтыла бермейтін, енді кедергі жоқ шығар. Жаңа кәсіпорын бізге не береді?

– Бұқаралық ақпарат құралдарында хабарланғанындай, екі ел басшыларының қатысуымен өткен аймақаралық ынты­мақтастық форумы аясында ұйым­дастырылған көрмеде Қазақстан-Ресей бірлескен уран байыту кәсіпорны қызметіне арналған стенд ұсынылды. Бұл осыған дейін айтылып жүрген Қазақстан мен Ресейдің атом өнеркәсібі және энергетикасы саласындағы стра­тегиялық ынтымақтастығының кешенді бағдарламасына сәйкес екі елдің тең қатысуымен құрылған Уран байыту орталығының таныстырылымы еді. Форумның ашылуы Уран байыту орталығы маркасымен өнім шығарудың басталуымен тұспа-тұс келді. 300 мың БЖБ (бөліс жұмысының бірлігі – 1 кг уранды белгілі деңгейге дейін байытуға жұмсалатын электр қуатының сипаты) көлеміндегі алғашқы партия тұтыну­шыларға жол тартты. Енді нық сеніммен кәсіпорын жұмыс істеп жатыр деп айта берсек болады. Бұл сондай-ақ, сатылас интеграцияланған компания құру жөніндегі стратегиямызға сай жасалған кезекті батыл қадам ретінде де маңызды.

– Қазатомөнеркәсіптің барлық өнімі сыртқа сатылатыны құпия емес. Компания үшін жаңа өнім болып табылатын бұл өнімнің тұтынушылары кімдер екенін білу бізге де қызық.

– Бұған бір-ақ ауыз сөзбен «батыстық жарты шардағы тұты­нушылар» деп жауап қай­тарайын. Айтулы оқиғаның біз үшін тағы бір маңызы сол, ол Қазақстан мен Ресей арасындағы ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасының орындалғанын, тіпті нақты аяқталып қалғанын аңғартады. Желкемізден ауыр бір жүк түскендей жеңілдеп қалдық.

– Сіз кешенді бағдарламаны ауыз­ға жиі алдыңыз. Құпия болмаса, бағ­дар­лама нені қам­тығанына кеңірек тоқтал­саңыз...

– Ресейлік серіктестермен ынтымақ­тастығымыздың мысалы бір бұл емес. Осы кезге дейін уран өндіретін үш бірлескен кәсіпорын құрғанбыз. Олар 2017 жылға қарай жылына 6 мың тонна уран өндіретін болады. Осынша көлемді ядролық отын өндірісіндегі шикізатқа айналдыру үшін 5 млн. БЖБ жұмсау қажет. Мұның аз не көптігін аңғару үшін, осы 6 мың тонна уранның қуаты 1 000 МВт-тық 40 реакторды бір жыл бойы отынмен қамтамасыз етуге жететінін айтсам жеткілікті шығар.

– Өнім өндіру бар да, оны өткізу бар. Бізде көбіне осы жағы ақсап жатады. Қазатомөнеркәсіптегі ахуал қалай?

– Қол қойылған келісім­шарттарға сәйкес біз ресми опе­ратормыз және бірлескен кәсіпорындарда өндірілген уранды сыртқы нарыққа шығарумен өзіміз шұғылданамыз. УБО өнімдерін байыту, өткізу және маркетинг жұмыстарын ресейлік серіктестеріміз іске асырады. Келісім солай.

Соған қарамастан, мысалы, егер дербес отын немесе отын элементтерін әзірлеу үшін бізге байытылған уран қажет бола қалса, біз оны алуға құқылымыз. Екінші тараптың да осындай құқы бар. Егер ресейлік әріптестерімізге уран сату үшін емес, өз атом стансаларының қажетіне керек болса, онда олар да бірлескен кәсіпорындардан уран концентратын алуы мүмкін. Қайталап айтамын, олар уранды сол күйінде сатуға емес, одан жоғары бөлістегі өнім әзірлеу үшін ғана алады.

– Мұның да шектеулі мөлшері бар шығар?

– Тең жартысы, тараптардың келісімі болғанда, одан да көп көлемде алуы мүмкін. Мәміленің әділдігі де осында.

– УБО қызметіне қайта оралсақ. Жаңа жобадан компания қанша табыс тапты?

– Кәсіпорын жұмыс істегелі бері өткен үш ай ішінде $8 млн. көлемінде табыс берді. Бұл 300 мың БЖБ түскен табыс екенін аңғарып отырған боларсыз...

– Дұрыс екен... Ынтымақ­тастық тақырыбын сабақтай түссек, таяу­да ғана Қазақстан мен Канада атом­ды бейбіт мақ­сатта пайдалану туралы келісімге қол қойды. Кана­да­лық Cameco компаниясы Қаз­атом­­өнеркәсіппен бірлесіп уран өнді­реді, енді оны өңдеудің бір сатысы – конверсияға жол ашылғалы тұрған сияқты ма?

– Екі ел арасындағы келісім Кана­даның уран байыту технологиясын Қазақстанда қолдануға заңды мүмкіндік береді. Сонымен қатар, құжатта техно­логиялық тізбектің кең шоғыры бойынша Канадамен ынтымақтастық жасауға құқымыз бар екендігі қамтылған. Нақты айтқанда, біз канадалық үлгідегі реакторларды құра аламыз, ал технологияларды сату немесе басқаға беру мәселесі қалай келісуге байланысты іске асырылады. Бұл жолы келісімге қол қойылды. Бұған дейін, яғни 2012 жылы Cameco мен Қазатомөнеркәсіп Өзара түсіністік туралы меморандумға қол жеткізген болатын. Біз сонда екі ел арасындағы келісімге қол қойылған соң Канададан Қазақстанға технология трансферттеуді іске асыруға және елімізде бірлесе уран өндіру көлемін жылына 2 мың тоннадан 4 мың тоннаға жеткізуге уағдаласқанбыз. Мұнымен бірге уран өндіруші кәсіпорындағы Қазатомөнеркәсіптің қазіргі 40% және Cameco-ның 60% үлестері «елуге елу» болып өзгереді. Меморандумда сондай-ақ, зауыт салу, өнім өткізу және Порт-Хоуптағы канадалық зауытта уран өңдеу мәселелері қамтылған. Бұған қоса, Меморандум Порт-Хоуптағы зауыттың өзіміз қалаған бөлігін сатып алуға да мүмкіндік береді. Алдымыздан қандай көкжиектер ашылып отырғанын аңғарған боларсыз...

Нәтижесінде тепе-теңдік орнап, Қазатомөнеркәсіп пен Cameco Қазақстан мен Канададағы бірлескен жобаларда бірдей табыс табады. Тараптар өздеріне керегін алады: канадалықтар уранға, ал біз конверсия бойынша технологиялық қызметтерге қол жеткіземіз.

Бізге керегі де сол. Конверсия және уран байыту бойынша бөлістерге қатыса отырып, Қаз­атомөнеркәсіп техно­логиялық тұрғыдан бай, қаржылық тұрғыдан тұрақты компанияға айналады. Біз енді жай уран өндіруші ғана емеспіз, оның үстіне нарық та жиі құбылып тұрады. Компания ядролық отын циклының барлық буындарына қатысар болса, бір бөлісте ұтылсақ та, есесіне екіншісінде көбірек ұтатын болады. Компаниямыз біртіндеп әлемдік атом саласының ірі ойыншысына айналып келе жатқанының бұл да бір жарқын мысалы.

– Қазір дүние жүзінде 435 атом энергиясы блогы жұмыс істеп тұр, тағы 71 блок құрылысы жүріп жатыр. МАГАТЭ құзырындағы PRIS энергия блоктар базасы осындай деректер келтіреді. Жеті жаңа блоктың құрылысы басталған: оның үшеуі АҚШ-та, екеуі Қытайда, қалған екеуі БАӘ мен Оңтүстік Кореяда. Демек, әлем жұртшылығы атом энергиясынан мүлде бас тартқан жоқ?

– Бүкіл әлемде қуат тапшылығы белең алып келеді. Бейбіт атом бағдарламаларын тоқтатамыз деп жариялаған елдердің көбі бұл көзқарастарын уақыт өте келе өзгертуі де ғажап емес. Мұнайға бай деген Сауд Арабиясының өзі 30 ГВт-тық станса салу туралы шешім қабыл­дағанын мәлімдеді. ҚХР-дан жетіп жатқан хабарларға қарағанда, шығыстағы көршіміз 2030 жылға дейін елдегі энергия блоктарының санын 200-ге жеткізетін сыңайлы.

Жалпы, 2013-2014 жылдары Қытайда 14, Оңтүстік Кореяда 3, Үндістанда 2 АЭС іске қосу жоспарланған. 2013 жылы қосылған қос энергия блогының біреуі – Үндістандағы Куданкулам, екіншісі – Қытайдағы Honguanche. Биыл АҚШ-та 3 энергия блогы түпкілікті жабылып, Жапониядағы барлық атом стансалары тоқтап тұр. Мұның бәрін келтіріп отырған себебім, атом стансалары жұмыс істеп тұрғанда негізгі отын – уранға сұраныс сақталады.

Қазатомөнеркәсіп өткен жылы АҚШ-та өз өкілдігін аш­ты. Мұндағы көздел­ген мақ­сат қандай?

– Өкілдік алдына АҚШ-тағы энер­гети­калық компаниялармен тікелей келіссөздер жүргізу міндеті қойылған. Алып елде өз өкілдігіміздің болуы атом электр стансаларына ие энергетикалық компаниялармен келісімдер әзірлеуді қолға алуға мүмкіндіктер ашып отыр. Бұл реттегі Қазатомөнеркәсіптің ұстанған саясаты біреу, ол – біз уран сатудағы делдалдық қызметтен толықтай бас тарттық. Бұл нақты мақсатпен іске асырылды. Егер 2008 жылы өз өнімдеріміздің 42%-ын трейдерлер арқылы сатқан бол­сақ, қазір олардың қолында биыл бітетін, бәлкім келер жылға да өтетін жекелеген келісімшарттар ғана қалып отыр. Жаңадан жасалған келісімдердің бәрінде біз өнімді өзіміз сатамыз. АҚШ-тың энергетикалық компаниялармен болған осындай ынтымақтастықтың арқасында сатылатын өнім көлемін 10%-ға жеткіздік.

Мұнан бірнеше жыл бұрын Қазатом­өнеркәсіптің АҚШ нарығындағы үлесі нөлге тең еді. Қазіргі үлесіміз 4-5% тө­ңі­­регінде деп айта аламыз. Компа­ния­ның АҚШ-тағы өкілдігі осы үлесті 20%-ға жеткізу жолында белсенді жұмыс жүргізуде.

– Басқа елдердегі тұтыну­шылардың үлесі қай мөлшерде?

– Орта есеппен, компания өнімінің 40%-ы Қытайдың еншісінде, 25%-ы Еуро­­­падағы тұтынушыларға, 10%-ы Құ­рама Штаттарға, қалған бөлігі Жа­пония, Үндістан және Оңтүстік Кореяға жеткізіледі.

– Заманауи электр техника­сының негізгі өзегі болатын сирек металдар саласында да Қазатомөнеркәсіптің бір­қа­тар жобалары барын білеміз. Солар­дың қазіргі халі қалай?

– Қазақстандағы сирек жер металдар (СЖМ) бағдарламасының, жалпы саланың болашағынан үміттіміз. Өзімізде минералдың техногендік пайда болуынан қалыптасқан шикізат базасы анықталды.

Жапондық серіктестермен бірге СЖМ өнімдерін шығаратын зауыт салдық. Жоба барлық сатыдан өтті: жобалау құжат­тары, өндіріске рұқсат беретін құжаттар алынды, технологиялық реттеу аяқталып, биыл дайын өнім шығаруды бастадық.

Жоғарыда айтқанымдай, бұл өзі бола­шағы бар сала. СЖМ өнімдері әлемнің жоғары технологиялық нарығында жоға­ры сұранысқа ие. Қазақстанның осы на­рық­қа шығып, өз орнын иеленуіне мол мүмкіндіктер бар. Әрине, Қытайға жете алмаспыз, бірақ өз орнымыз боларына күмәнім жоқ.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Қонақбай САТТАРОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Соңғы жаңалықтар