Үкімет • 16 Қараша, 2020

Риэлторлық қызметке талаптар күшейтіледі

395 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2020 жылдың соңына дейін риэлторлық қызметке қажетті талаптар көзделетін ұлттық стандарт қолданысқа енгізіледі, деп хабарлайды Egemen.kz

Риэлторлық қызметке талаптар күшейтіледі

Бұл туралы Сенат депутаттарының сауалына орай ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің жауабында айтылған.

"Бүгінде риэлторлық қызметке Кәсіпкерлік, Азаматтық және Салық кодекстері, "Жеке кәсіпкерлік туралы", "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы", "Тұрғын үй қатынастары туралы" және "Жарнама туралы" заңдар қолданылады. Алайда риэлторлық қызмет саласын реттейтін қолданыстағы құқықтық база біліксіз және заңсыз жұмыс істейтін риэлторларды анықтауға толық мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты 2018 жылы Қазақстанның Біріккен риэлторлар қауымдастығы Ыстанбұлда Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының риэлторлық қызметтегі бірыңғай ұлттық стандарттар туралы конвенциясына қол қойды", деді Үкімет басшысы.

Оның атап өтуінше, 2019 жылы Техникалық реттеу және метрология комитетінің "Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты" РМК тізілімінде салалық техникалық комитет тіркелді.

Комитет міндеттеріне риэлторлык қызмет нарығында кәсіби стандарттарды ілгерілету кіреді.

"Осы жылдың соңына дейін риэлторлық қызметке қажетті талаптар көзделетін ұлттық стандартты қолданысқа енгізу жоспарланған. Осы салада жұмыс істейтін мамандар аталған ұлттық стандарт бойынша оқудан өтеді және тиісті сертификат алады. Осылайша ұлттық стандарттарды енгізу азаматтарды білікті емес қызметтерден қорғауға мүмкіндік береді. Дамыған елдерде (Ұлыбритания, Испания, Бельгия, Нидерланды және басқалары сияқты) риэлторлық қызмет нарығын реттеу функциялары жосықсыз қатысушылар үшін кедергілер белгілейтін өзін-өзі реттейтін ұйымдарға берілгенін атап көрсетеміз. Осы фактіні ескеріп, қазіргі уақытта мүдделі мемлекеттік органдар халықаралық тәжірибені ескере отырып, риэлторлық қызметті өзін-өзі реттеуді енгізу мәселесін қарап жатыр", деді Асқар Мамин.


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://www.inform.kz/kz/rieltorlyk-kyzmetke-talaptar-kusheytiledi_a3718998