Аймақтар • 16 Қараша, 2020

Шымкент әкімі темір-бетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорын жағдайымен танысты

197 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

"DALA-CONSTRUCTION.KZ" ЖШС – қаладағы ірі темір-бетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорын. 2002 жылы құрылған зауыт бүгінде 210 адамды жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкент әкімі темір-бетон бұйымдарын өндіретін кәсіпорын жағдайымен танысты

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, жұмыс барысын аралап көрді.

Кәсіпорын жылына 240 мың шаршы метр темір-бетон бұйымдарының жабын плитасын, 85 мың шаршы метр құрама-каркасты үйдің темір-бетон бұйымдарын, 32 мың шаршы метр өндірістік ғимараттар дайындауға қауқарлы.

Сондай-ақ, 4,5 мың дана су шаруашылығы құрылысына арналған темір-бетон науалары, 4,8 мың дана темір-бетон электр желілерінің бағандары, 6 мың дана металл есіктер шығарады.

Зауыттың жалпы жер учаскесінің аумағы – 20 га. Кәсіпорын басшысының айтуынша, дайын өнімдер 100% ішкі нарыққа жөнелтілуде. Сондай-ақ, заманауи құралдармен жабдықталған кәсіпорын арнайы және қосалқы 100-ден астам техникамен қамтылған.