Отбасында 6 жасар қыздан бөлек екі бала бар. Бүгінде олар "Қамқор" әлеуметтік оңалту орталығына уақытша орналастырылды.
"1993 жылғы әйел бірге тұратын адамымен және үш баламен қала шетіндегі саяжайда тұрып келген. Қолайсыз отбасы ретінде полиция есебінде болған. Бұл отбасы білім бөлімінің қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің бақылауында. Бүгінде екі бала "Қамқор" әлеуметтік оңалту орталығына уақытша орналастырылды. Қайғылы оқиға болған күні бала әжесінің қарауында болған", - дейді әкімдік өкілдері.
Қайғылы оқиға болғаннан кейін әкім орынбасары Дәуір Жүнісбеков марқұмның отбасына барып қайтқан. Қаладағы ветеринарлық станция қаңғыбас жануарларды аулау мен атуды жүйелі түрде жүргізіп жатқанын хабарлады.
Еске салайық, бүгін қаңғыбас иттер 6 жасар қызды талап тастағаны жөнінде хабар тарады. Ата-анасы қыздың дауысын естіп көшеге шыққан. Жедел жәрдем қызметкерлері тез жеткенімен, кішкентай қыз қайтыс болған.