– Якуп Бериш мырза, «Egemen Qazaqstan» газетіне сұхбат беруге келіскеніңізге алғыс айтамыз. Сөз басын ұйымның қызметі төңірегінде өрбітсек. Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы жұмысының басымдықтары қандай?
– Қазақстандағы жұмысымыздың басты бағыты – ұлттық даму басымдықтары. Тұрақты даму мақсаттарына және «ешкімді артта қалдырмау» қағидатына сүйеніп, осал топтарға, оларға дағдарыстың әсерін азайтуға баса назар аударамыз. Мүмкіндігі шектеулі адамдар құқығын қорғаудан биоалуандықты сақтауға дейінгі мәселелерді түрлі іс-шараларда көтеріп, адамдарға жаңа мүмкіндік беруді мақсат етеміз. Жұмысымыздың негізгі өзегі – адам дамуы тұжырымдамасы.
Ұйымымыз сынақтар не проблемаларға ғана емес, мүмкіндіктерге де назар аударады. Сол арқылы түрлі мәселені қарастырып, күрделі түйткілдерді шешуге жаңа жол табылады деп сенеміз.
Сынақтар мен проблемалардың шешімін кешенді түрде қараған жөн. Яғни, жалпы үкіметтің шешімдері мен жалпы қоғамдық әрекет арқылы. Мемлекеттік органдар мен қоғамдағы түрлі топтар арасында үйлестірудің болмауынан жиі мәселе туындайды. Оларды бірге қарастыру арқылы бұрын мүмкін болмаған шешімдер шығады.
Біз мәселенің «не» екеніне ғана емес, оны «қалай» шешуге назар аударамыз. Біз үшін «қалай» сұрағы маңызды. Әрине жұмыстың бағыттары айқын. Бірақ БҰҰ Даму бағдарламасының өзгешелігі сол, оны қалай атқаратынымыз өзекті. Ұйымды үкіметтің сенімді серіктесіне айналдыратын нәрсе – мүдделі топтарды жақындастыруға септесу, ресурстарды тарту, әртүрлі тараптарды жұмылдыру, бірлескен іс-әрекеттерді ілгерілету. Осылайша, мәселелерді экономикамен, барлық басқа да салалармен байланыстырамыз.
Даму мәселелерін жекелеген салалар немесе тақырыптар арқылы емес, нақты тұрғыда қарастырғанда ғана жетістікке жететінімізді аңғардық. Тұрақты даму мақсаттарының үйлестірушісі ретінде бұл қадам бүкіл сала бойынша ойлануға, оларды қолдауға, ресурстарды жұмылдыруға және техникалық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл трансформациялық жұмыс істеуге жол ашады. Біз әрдайым көлемді не үлкен сандарға негізделген нәрсе емес, өзгеріс әкелетін әрекеттерді іздейміз. Кейде бұл қаржыға емес, іс-әрекетке байланысты. Кейде түрлі қатысушыларды біріктіруді қажет ететін ерік-жігер басты орынға шығады.
– БҰҰ ДБ мен Қазақстан Үкіметі арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары қандай? Қандай жобалар іске асырылып отыр?
– Қазақстан Үкіметімен серіктестігіміз бірқатар негізгі стратегиялық құжатқа негізделген. Оның ішінде «Қазақстан-2050» ұлттық стратегиясы, 2030 жылға дейін тұрақты даму саласындағы күн тәртібі бар. Сондай-ақ стратегиялық құжатымыз – «Елдік бағдарлама» да басымдыққа ие. Сол арқылы Қазақстан Үкіметімен, сондай-ақ мемлекетте жұмыс істейтін басқа да ұлттық және халықаралық серіктестермен ынтымақтастығымыздың басым бағыттары айқындалады.
БҰҰ ДБ 1993 жылы Қазақстандағы жұмысын бастағалы елдегі шешуші реформалық процестерді қолдап келеді. Атап айтқанда, олардың қатарында мемлекеттік басқару реформалары, мемлекеттік қызмет, сот және полиция реформалары, мүгедектер мен гендерлік теңдік, климаттың өзгеруіне төзімділік, табиғи ресурстардың тұрақтылығы және төмен көміртекті аз тұтынуға бағытталған әлеуметтік саясат бар.
БҰҰ Даму бағдарламасы тұрақты дамуға арналған жеке сектор инвестицияларын қолдау үшін инновациялық қаржыландыру құралдарын енгізеді. Мысалы, көміртегі бөлінуін азайту, энергия тиімділігін арттыруды субсидиялау, «жасыл» несиеге кепілдік беру тәсілдері бар. БҰҰ ДБ халықаралық қаржы институттары қаржыландыратын бағдарламаларды іске асыруға қолдау көрсету тәсілдерін сынақтан өткізді. Бұл елдегі тұрақты дамуды қолдауға бағытталған мемлекеттік және жеке ресурстарды біріктіретін кешенді қаржыландыру стратегиясын жүзеге асыру үшін маңызды рөл атқарады.
БҰҰ Даму бағдарламасы қалыптасқан аймақтық және жаһандық желілері мен сараптамалық әлеуеті арқылы Қазақстанның өңірлік және халықаралық бастамаларына қолдау көрсетеді. Олардың қатарында Алматыда Халықаралық апаттар қаупін азайту орталығын құру, ЭКСПО-2017 көрмесіндегі БҰҰ павильонын қолдау, Жаһандық тұрақты даму күн тәртібіндегі Қазақстанның рөлін ілгерілету мақсатында халықаралық және аймақтық деңгейде тақырыптық іс-шаралар ұйымдастыру, Астана мемлекеттік қызмет хабын қолдау, зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмнің алдын алу бойынша жетекші аймақтық бастамалар қамтылған.
Сондай-ақ 2011 жылдан бастап БҰҰ ДБ «Дамуға ресми көмек» ұлттық жүйесінің негізін қалауға сараптамалық қолдау көрсетіп келеді. Ауғанстанды, сондай-ақ Орталық Азия және Африка елдерін қолдау бойынша бірлескен нақты бастамалары бар. Оларды Сыртқы істер министрлігі және басқа да донорлар қолдап отыр. Мұның бәрі Қазақстанның Алматыдағы БҰҰ Тұрақты даму мақсаттары орталығын іске қосуға қолдау көрсетуге жақсы негіз болмақ.
Қазақстанның ұлттық басымдықтарын жүзеге асыруына қолдау көрсетуді жалғастыра береміз. Олар мына салаларды қамтиды: экономикалық өсудің және жоғары өнімділіктің жаңа моделін іздеу; бизнес ортаны дамыту және секторлар бойынша жаңа технологияларды ілгерілету; негізгі мемлекеттік және салалық бағдарламалар мен бюджеттердің институционалдық тиімділігін арттыру; құқық қорғау және сот жүйелерін жаңғырту; білім беру мен денсаулық сақтаудың сапасын арттыру; аймақтық, әсіресе шалғай аудандарда экономикалық дамуды қолдау.
Қазақстан Үкіметімен бұрыннан келе жатқан әріптестігіміз бен ынтымақтастығымыздың, бұған дейінгі табысты бастамаларымыздың негізінде 2021-2025 жылдарға арналған жаңа бағдарлама әзірледік.
2021-2025 жылдарға арналған жаңа «Елдік бағдарлама» ұлттық басымдықтарды қамтып, экономиканы әртараптандыру, мемлекеттік институттарды жаңғырту, теңсіздікті азайту және табиғи ресурстарды тұрақты басқару арқылы Үкіметтің даму жолын орнықтыру жұмыстарына арналған.
– БҰҰ Даму бағдарламасы Қазақстан Үкіметіне COVID-19 пандемиясына байланысты қандай қолдау көрсетті?
– COVID-19 пандемиясы денсаулық саласына бұрын-соңды болмаған дәрежеде әсер етті. Сондай-ақ әйелдер, мүгедектер, жұмыссыздар және өзін өзі жұмыспен қамтитындар секілді осал топтар арасындағы бұрыннан бар теңсіздікті күшейте түсті. Ел экономикасы мен халқы үшін ауыр зардап әкелді. Оның экономикалық құлдырауға әкеліп соқтыратын қаупі әлі де жоғары.
Осал топтарға дағдарыстың кері әсерін азайтып, қысқа және ұзақмерзімді кезеңде онымен күресу әлеуетін арттыру үшін БҰҰ ДБ тарапы ұсыныс әзірледі. Онда шешім қабылдаушыларға қалпына келтіруді ғана емес, 2030 жылға дейін тұрақты даму саласындағы күн тәртібі бойынша іс-әрекетті жеделдететін жолдарды таңдауда көмек беру тәсілі ұсынылған. «BuildForwardBetter» («Болашақты бұдан да жақсы етіп қалпына келтір») деп аталатын ғаламдық бастаманың аясында Қазақстанда бірнеше жобаны жүзеге асырдық.
Біріншіден, 2025 жылға дейінгі Ұлттық даму стратегиялық жоспарын қайта қарастыру кезінде оның Тұрақты даму мақсаттарына сәйкестігін қамтамасыз етіп, талдау мен сараптамалық қолдау көрсеттік. Екіншіден, елдегі дағдарыстан кейінгі қалпына келтіру шараларын жетілдіру үшін осал топтағыларға COVID-19 пандемиясының әлеуметтік-экономикалық әсерін сараптап, бағаладық. Пайымдауымызша, зерттеу нәтижелері Үкіметке атқарып жатқан іс-шаралар тиімділігін арттыруға көмектеседі. Үшіншіден, дағдарыстан көбірек жапа шеккен осал топтағы жастарды жұмыспен қамтуға жол ашу үшін үш айлық ақысы төленетін тағылымдама бағдарламасын енгіздік. Соның аясында әртүрлі дағдыларды қалыптастыратын тренингтер және менторлық кездесу өткіздік. Бағдарламаға Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан және Қарағанды облысынан қатысқан осал топтағы 150 жас оны табысты аяқтады. Төртіншіден, Үкіметтің қашықтан қызмет түрлерін ұсыну әлеуетін күшейту үшін мемлекеттік қызметкерлердің цифрлы және басқа да маңызды дағдыларын арттыру бойынша бірқатар тренинг бастадық. 2020 жылдың маусымынан тамыз айына дейін әртүрлі мемлекеттік органдардың 1000 маманы мен орта деңгейдегі менеджері, оның ішінде 400-ге жуық мүмкіндігі шектеулі мемлекеттік қызметкері дәріс алды.
Сонымен бірге Нұр-Сұлтан қаласы Физиопульмонология орталығына инфекциялық қалдықтарды өңдейтін қондырғылар (автоклав) мен оларды қауіпсіз жинауға арналған контейнерлер жеткіздік. Оған қоса медициналық қалдықтармен айналысуға қатысты қауіпсіз процедуралар бойынша емхананың 122 негізгі қызметкеріне тренинг өткіздік. Үкіметтің өтініші бойынша халықты қолдау мақсатында жедел жәрдем көліктерін жеткіземіз.
Соңғы айта кететін мәселе, таза және жаңартылатын энергия, экономиканың декарбонизациялануын жеделдету және елдің табиғи байлығын қорғау саласы бойынша Қазақстанды қалпына келтіру жолында тұрақты және көміртекті-бейтарап қағидаттарды интеграциялауды басты назарда ұстаймыз.
– Сіз Қазақстанның COVID-19 пандемиясымен күресу әрекеттерін қалай бағалайсыз?
– COVID-19 пандемиясы шынымен оның жаһандық екенін және оның кез келген нақты ел ауқымынан шығатынын көрсетті. Бұл жаһандық ынтымақтастықты да, ұлттық деңгейдегі жүйелі күш-жігерді де қажет етеді. Әрине ешкімге оңай болған жоқ. Қазіргі қабылданып жатқан шаралардың нәтижесі тек алдағы уақытта көрінеді. Қазақстан халықтың әлеуметтік осал топтарына қолұшын созып, әлсіз жақтарын уақтылы анықтап, тиісті жолмен шеше алды.
Қысқаша айтқанда, даму деңгейлеріне қарамастан COVID-19 пандемиясына ешкімнің айтарлықтай дайындығы болған жоқ. Денсаулық саласының дағдарысын ғана емес, әлеуметтік-экономикалық күйзелісті да бастан өткердік. Мұндай күрделі жағдайда пандемия зардаптарын үкімет және жалпы қоғам бірлесіп қана шешеді.
Әрине COVID-19 пандемиясынан зардап шеккен кез келген елдегідей, шешімі табылуы тиіс кемшіліктер мен қателіктерді байқадық. Дегенмен, мұны ел басшылығы нақты әрі ашық мойындап, дағдарысқа қарсы жүйелер мен институттар құрумен қатар, пандемияға қатысты мәселелерді шешуге бағытталған іс-шаралар қабылдады. Түйіндей келгенде, пандемияның елге және адамдарға тигізген күрделі қиыншылықтары және ауыр салдарына қарамастан, Қазақстанның оларды шешуге арналған құралдарды, жүйелерді, институттар мен саясатты біріктіріп, дұрыс жолда келе жатқанын аңғару қиын емес. БҰҰ ДБ Қазақстан Үкіметіне әрдайым қолдау көрсетеді.
– Цифрландыру қазіргі уақытта күн тәртібінде тұр. Үкімет тіпті «Цифрлы Қазақстан» атты бағдарламасын қабылдады. БҰҰ ДБ осы бағдарламаның орындалуын қалай бағалайды және осы бағытта Қазақстанға қандай қолдау көрсетеді?
– Цифрландырудың қазіргі таңда аса маңызды орын алатындығы заңды. Бұл кез келген мәселені шешудің жауабын цифрландыру арқылы шешілетінін дәлелдеді. Бірақ мұнда да кей түйткілдер бар. Сондықтан Үкіметтің цифрландыру бойынша жоспарын «Цифрлы Қазақстан» стратегиясы арқылы қалай дұрыс жүргізу керектігі туралы белсенді түрде пікір алмасамыз. Оның қандай да бір жаңа дағдыларға қолжетімділігін, осындай бағыттарда теңсіздік тудырмау жолдарын қарастырамыз. Цифрландыруды адамдардың, әсіресе шалғай аудандардағы осал топтағы тұрғындардың дамуы мен жаңа дағдыларды қалыптастыруының, бизнесті өркендетудің жаңа мүмкіндігі ретінде көреміз.
Мемлекеттік басқару тұрғысынан цифрландыру мемлекеттік мекемелерді қайта конфигурациялау және тұрақтылығын күшейту жолын ұсынады. Себебі бейімділік пен икемділік дағдарысқа жедел жауап беру кезінде өте маңызды қасиет екенін коронавирус індеті көрсетті. Бірақ бұл осымен ғана шектелмейді. Мемлекеттік қызмет көрсетуді цифрландыру арқылы күшейтуге мүмкіндік бар. Яғни, халықтың ең осал топтарын қамтуда жаңа тәсілдер мол. Бизнес қауымдастықтар үшін, әсіресе микро, шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін цифрландыру мүмкіндіктер мен тұтынушыларды тартудың мүлдем тың және жаңа әдістерін ашып берері сөзсіз.
«Цифрлы Қазақстан» – керемет іргетас, қажетті біртұтас тәсіл екені сөзсіз. Бірақ стратегиядан іске асыру фазасына көшу керек. Бұл кезең бізге және Үкімет арасындағы ынтымақтастықтың бірқатар мүмкіндігін ашып береді. Қазіргі уақытта БҰҰ ДБ Үкіметпен әлеуметтік қызмет, білім саласы, цифрландырудың дағдыларды қалыптастырудағы мүмкіндіктері туралы тұрақты келіссөздер жүргізіп келеді.
Цифрландыру инвестиция құюды талап етеді. Өзіміздің бірқатар (қаржылық және техникалық) ресурсымызды жұмылдыра алдық және Үкіметпен басқа да даму серіктестерімен үнемі диалог жасай отырып, нәтижесінде үлкенірек инвестициялар тарта аламыз деп үміттенеміз.
– Көп мәліметке қанық болдық. Соңғы сұрақ. Қазақстандағы тағы қандай проблемалар БҰҰ ДБ назарына лайық болар еді?
– «Жасыл экономиканы» Қазақстанмен жұмыстағы басым бағыттардың бірі ретінде қарастырамыз. Бұл жөнінде Үкіметпен тығыз жұмыс жасайтындығымызды атап өткім келеді. «Жасыл экономика» – экономиканы да, қоршаған ортаны да қамтиды. Осылайша жұмыс орындарын құрып, бизнеске, осал топтарға, шағын кәсіпорындарға жаңа мүмкіндік ашылады. Сондай-ақ елге жаңа инвестицияларды тартуға жағдай жасайды. Сондықтан осы бағыттарға басым назар аударып отырмыз.
«Жасыл экономика» – қоршаған ортаны қорғау мәселелерін елдің экономикасына инвестициялау мен оның тұрақты экономикалық дамуына ықпал ететін мүмкіндікке айналдыру тәсілі. Осылардың маңыздылығын ескерсек, жасыл экономика – бір-екі салалық министрліктің ғана емес, бүкіл Үкіметтің назарын аударатын мәселе. Өйткені экономикалық әртараптандыруды ынталандырады, жаңа инвестицияларды тартады, жұмыс орындарын құрып, жаңа кәсіпорындар ашады. Бұл бағыт Қазақстанның өсуін қолдау және тұрақты өсу үшін дұрыс мүмкіндік екені даусыз.
Әрине Қазақстанның территориясы ауқымды. Ең алыс елді мекендерге бірдей назар аудару оңай емес. Ауқымды территорияға қатысты нақты сын-тегеуріндерді ескере отырып, жергілікті дамуға кешенді түрде қарау бүкіл салада маңызды. Бұл ауыл шаруашылығында, кәсіпорындарда, отбасыларға, ерлер немесе әйелдерге жаңа мүмкіндік беретін маңызды элемент. Өйткені шалғай аудандар тұрғындары жалпы дағдарыстар кезінде оған қарсы тұруы қиын.
Жергілікті даму – БҰҰ Даму бағдарламасы назарындағы аса маңызды сала. Осы мәселелерді шешуде Үкіметпен ғана жұмыс істеу жеткіліксіз. Сондықтан нақты қажеттіліктерге көмектесу үшін жергілікті әкімдіктермен тікелей жұмыс істеуге назар аударып отырмыз.
Біздің ойымызша, «жасыл экономиканы» жандандыру мен жергілікті жерді дамыту арқылы әлеуметтік осал топтарға қолдауды арттыруға мүмкіндік мол. Бұл қадам оларға әлеуметтік көмекпен ғана емес, мүмкіндік жасау арқылы жәрдемдеседі.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»