Өнер • Кеше

Келісті ғой кимешек кестесімен

362 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өнер атаулының бәрі заманауи стильге көшкен бүгінгі толқында түрлі бағыт, түрлі қолтаңба кездеседі. Әр қолтаңбаның өз ерекшелігі, өз бояуы, өз дауысы бар. Қазір өнерде де тарихқа терең бойлап, ескіні көрсету, көнені жаңғырту үрдісі белең алып келеді. Бұл өткен мен бүгіннің арасын көркемдік тұрғыда, шеберлік аясында байланыстырады. Мәселен, қазақтың этнографиялық киімдерін қалпына келтіріп, қайта жаңғыртып жүрген Қолөнершілер одағының мүшесі, этнодизайнер Тілек Сұлтанның кимешектер сериясын айтамыз.

Келісті ғой кимешек кестесімен

Әже тәрбиесінде өскен қолөнерші кесте тігу, аңыз-әңгімелер мен ертегіні көп тыңдаған соң бала кезінен-ақ көнеге, әдемілікке құмар болды. Бүгінде оның қорында қазақтың әр руының бірнеше кимешегі бар. Көне, стилі ерекше кимешек көрсе, коллекциясына қосып, түпнұсқаға ұқсатып кестелейді екен. Бүгінге дейін 30 кимешектің түпнұсқасын жинақтай алған.

Иә, Атыраудан Алтайға дейінгі атырапты алып жатқан елде әр өңірдің табиғатына байла­ныс­ты, үш жүз рула­рының өзіне ғана тән кимешектері болған. Яғни әр рудың өзін­дік ерекше стилі бар. Тұңғышын бо­сан­ғаннан бастап кие­тін ки­мешекке қарап-ақ қай елдің анасы, жас мөл­шерін, тұрмыс-жайын, тіпті жүріс-тұ­ры­сына дейін анық ажыратып алуға болады. Сондықтан аналарымыз ақ кимешегін кір шалдырмай қадірлеген.

ва

«Мәселен, жақ кес­тесі түрлі-түсті жіппен ою­ланған, моншақ-күміспен сән­­делген кимешекті көбіне жас келіндер киген. Балалары есейіп, келін түсірген аналарымыз кимешектерінің жақ кестесіне сары түсті зер қосқан, қазақ шығармаларында 40-50 жастан асқан әйелдерді «сары жақ» деп сипаттайтыны осыдан. Жесір әйел кимешектің жағын сәндемей, тек сырып тігетін, «ақ жақ» болған. Сондай-ақ дін ықпалды өңірлерде кимешектің кестесі «жұтаңдау» келеді, молдалар әсіре безендіруге, көз тартатын әшекей-бұйымдарға тыйы­м салған. Мұндай өңірлерде кимешекті бірыңғай ақ матадан тігіп, жақтың айналасына бір жолақты иекше таспа тартқан, бұлар иекшенің түсімен ғана ерек­шеленген», дейді Тілек Сұлтан.

Жалпы, көпшілік кимешекті қазақ халқының ұлттық бас киімі деп қана таниды. Десек те оның тарихы терең, бағзыда кимешек әсемдік пен мәдениеттің үлгісі ғана емес, көшпелі халықтың әлеуметтік және философиялық астарға толы элементі болған.

Шебердің айтуынша, ки­мешектің әр руда өзіндік ерек­шелігінің болуы – бөлініс емес, керісінше, этнографиялық мұрамызды байытуға ықпал еткен. Мәселен, Жетісу өңірін мекен еткен рулардың кимешек жағындағы ою-өрнектері гүл, өсімдікті болып келсе, орта жүз руларының кимешектері қошқар мүйіз, арқар мүйіз сияқты өрнектермен безендірілген. Бұдан бөлек көшпелі қазақ халқының этно­графиялық киім-кешегі оның құжаты іспеттес болған. Ерлердің тымағына, белбеуіне қарап, ал әйелдің кимешегіне қарап оның қай рудан екенін айқындай алған. Бағзы қолөнершілеріміз кимешекті зер кесте, жібекпен оқалап кес­телеу, баспа кесте, кейіннен XIX ғасырда айқыш кестелеу сынды түрлі техникамен әрлейтін болған. Айқыш техникасының қиындығы соншалық, бөз матаның әр үш көзін санап отырып кестелеген, майдалығы сондай, көздің нұрын жейтін жұмыс. Сонда да ең аяулы, нәзік кестелерді кимешектің жағына салатын болған.

«Ұлы жүз руларының киме­шектерінің өзі формасы жағынан бір-біріне ұқсас болғанымен, үстінен орайтын күндіктері әртүрлі болған. Күндіктің өлшемі 7-8 метрден бастап кей өңірде тіптен 40 метрге дейін созыла­тын бөз матадан оралады. Оның ортақ өлшемі – 26 метр, өйткені әйел адамның киімі осы өлшемге сай келеді. Көшпелі халық үшін күндік тұрмысқа қолайлы болған. Мә­селен, көш барысында оқыстан біреу жарақат алса, жарасын таңатын байлау ретінде, яки ай-күні жетіп қалған әйел босанып қалса – жөргек, тіптен ажалы жетіп, біреу жазатайым дүние сал­ғанда осы күндікті кебін есебінде іске жаратқан», дейді этнодизайнер.

Күндікті орау фор­масының да әр өңірде, әр руда ерекшелігі болғаны ай­қын. Бірақ бұл этно­графиялық жәдігердің бәрі бірден бүгінге жете қоймады. Қолөнерші тек екі-үш түрін ғана қалпына келтіріп, халыққа насихаттап жүр. Со­ның бірі – Әулие ата өңіріне тән дулаттардың күндігі. Ал Албан руының ки­мешектерінің төбелдірілігіне дейін маржандап, түрлі тастармен көмкерілетін болған. Орта жүз руларында кимешек және сыртқы орамасы – шылауыш, кей өңірде оны «зере жаулық» деп те атайды.

Қазір кимешектің қалыбын бұзбай сақтап киіп жүрген көбіне Қытай, Моңғолия жерін­дегі қазақтар екенін білеміз. Ал еліміздің ұлан-байтақ дала­сындағы алуан түрлі кимешек үлгілерін қайта жаң­ғырту өте күрделі еңбек екені де сөзсіз. Мұрағаттардағы тарихи суреттерге зер салсақ, кимешектер мен күндіктердің сантүрлілігіне, сән-салтанатына таңғалмау мүм­кін емес.

Айта кетейік, қолөнерші тіккен қазақ қызының үкілі тақиясы ЮНЕСКО-ның дүние­жүзілік қолөнер кеңесінің Сапа белгісі бойынша жүлделі орын алған еді.