Аймақтар • 17 Қараша, 2020

Өмірзақ Шөкеев: Түркістанды дамытуда алдағы жыл – шешуші кезең

305 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Түркістан облысы әкімінің «Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы» тақырыбындағы баспасөз конференциясы облыс орталығындағы Конгресс-холл ғимаратының арнайы алаңында өтті. Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз мәслихатының бірінші ерекшелігі де осы. Екіншіден облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Жолдауды іске асыру аясында атқарылған істер мен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы қысқаша баяндап, журналистердің сұрағына және жауапқа басымдық берді.

Өмірзақ Шөкеев: Түркістанды дамытуда алдағы жыл – шешуші кезең

Әр салада өсім бар

Облыс әкімі мәлім еткен деректер бойынша, экономиканың басты көр­сеткіші болып табылатын жалпы өңірлік өнім көлемі биылғы II тоқсанда 4,2%-ға артып 770,2 млрд теңге болған. Жыл қорытындысы бойынша өсім қарқыны осы деңгейде сақталады деп болжануда. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 434,5 млрд теңгені құрады. Бүгінде өңірде 142,3 мыңға жуық шағын және орта бизнес субъектілері 224,1 млрд теңгенің өнімі шығарылған. Маңызды жобаларды іске асыру бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде облысқа 480,9 млрд теңге инвестиция бағытталған. Қолайлы инвестициялық ахуал құрып, іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін барлық шаралар жасалуда.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауында айтыл­ған ауқымды мәселелердің барлығы елі­міз­дің эконо­ми­калық өсімі мен тұрмыстық әл-ауқа­тының жақсаруына бағытталған. Жол­дауды іске асыру бойынша облыста іс-шаралар жоспары бекітілген. Үкімет дер кезінде қабылдаған антикризистік шаралар, кәсіпкерлікке, отандық та­уар өндірушілерге жан-жақты қолдау көр­се­ту нәтижесінде биылдың 10 айының қоры­тындысында өңірдің оң серпінді дам­уы сақталып, маңызды әлеуметтік-эко­номикалық көрсеткіштердің өсіміне қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығында 635,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 101,8% болды. Жалпы, 831,2 мың тонна өнім экспортталып, 90,5 млн АҚШ долларын құрады. Өнімділікті 2,5 есеге арттыру үшін, оны 3 негізгі бағытта дамытуға басымдық беріп отырмыз, – дей келе, облыс әкімі әр бағыт бойынша атқарылып жатқан істерге жекелей тоқталды.

Мысалы, бірінші бағыт аясында Түр­­кістан қаласы аумағында азық-тү­лік белдеуін қалыптастыру бойынша құны 25,2 млрд теңге болатын 7 ірі ин­вес­­тициялық жоба жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта қала аумағында 1 458 шаруа қожалығын 9 кооперативке бірік­ті­ру арқылы 11 мың гектар алқапқа тамшылатып суару машиналарын орна­ту жос­парлануда. Екінші бағыт бойынша, «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жо­ба­сы шеңберінде биыл 127 ауыл окру­гінен 5,2 мың гектар аумақта 1 999 жоба іске асырылып, 141 мың тонна бі­рін­ші өнім, 109,3 мың тонна екінші өнім алынды. Бүгінде агроқұрылымдар 1,6 мың гектардан үшінші өнім алуға кіріс­ті. Сондай-ақ облыс әкімі есепті ке­зең­ге құрылыс жұмыстарының көлемі 194,5 млрд теңге болып, 78,3%-ға ұлғай­ғанын атап өтті. Пайдалануға берілген тұр­ғын үйдің жалпы алаңы 492,4 мың шаршы метр болып, өткен жылдың сәй­кес кезеңіне 107,9%-ды құрады. Ауыз су­мен қамтамасыз ету мақсатында, 56 нысанның құрылысына 18,9 млрд теңге қарастырылған. Тұрғындарды ауыз сумен қамту деңгейі 82,7% болды. Табиғи газбен қамту бойынша биыл 43 нысанға жүргізуге 14 млрд теңге бөлініп, биыл 20 нысанның құрылыс жұмыстары аяқта­лады. Нәтижесінде 423 елді мекен неме­се 1 млн 275 мың тұрғын табиғи газбен қамтылады.

 

Індетпен күресудің жоспары жасалды

Коронавирус инфекциясының екін­ші толқынына дайындық бары­сын­да облыстың медициналық ұйымдарын дә­рілік заттар мен арнайы қорғаныш құ­рал­дарымен қамтамасыз ету мақсатында 2,1 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде рес­пуб­ликалық бюджеттен 1,4 млрд теңге, облыстық бюджеттен 0,8 млрд теңге қарастырылды. Атал­ған қаржы­ның 361,8 млн теңгесіне дәрі­­лік заттар, 1,6 млрд теңгеге меди­ци­налық бұйымдар, 185 млн теңгеге де­зин­фекциялық ерітінділер сатып алын­ған. Өкпені жасанды желдету аппа­рат­тарының саны 178-ден 337-ге дейін, оттегі стансасының саны 2 есеге артып, қосымша 4 станса орнатылған. Жалпы, облыс аумағында 557 бөлшек сауда дәріханаларының қызмет атқара­тын 238-імен өзара әрекеттесу туралы ме­морандумға қол қойылған. ПТР зерт­ха­наларының саны 3 бірліктен 9-ға дейін өсті.

Аудандар жылжымалы медициналық кешенмен толық қамтамасыз етілген. Жедел жәрдем қызметіне 122 автокөлік са­тып алу жоспарлануда. Бұл жедел жәрдем қызметі паркін 96,0%-ға жаңар­ту­ға мүмкіндік береді. Облыс әкімі, сондай-ақ әлеуметтік салада атқарылған жұ­мыстарға, жастарды қолдау бағы­тын­да­ғы өзгерістерге тоқталды.

«Мемлекет басшысы Жолдауында білім саласындағы басты мәселенің бірі – ұстаздар жалақысының аздығы екенін айта келе, 2021 жылдың қаңтар айынан бастап мұғалімдердің еңбекақысын 25 пайызға көбейту жөнінде шешім қабылдағанын мәлім етті. Бұл мақсатқа алдағы үш жылда қосымша 1,2 триллион теңге бөлінетінін атап көрсетті. Сонымен бірге Президент кәсіби білім бе­рудің бүкіл жүйесін еңбек нарығында сұ­ранысқа ие білікті мамандар қалыптастыруға бағыттау қажеттігін айтты. Осы орайда, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру мемлекеттік ұйымдары педагогтерінің еңбекақысын ұлғайтуға 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында үш жылға жалпы сомасы 489,3 млрд теңге бөлу көзделген. Нәтижесінде, орта білім беру ұйымдарындағы педагогтердің жалақысы кезең-кезеңмен 2 есеге артады. Ал аз қамтылған отбасынан шыққан студенттер үшін 5 мың грант бөлінбек. Түркістан облысына Ұлттық қордан мақ­сатты трансферт арқылы көп бала­лы және әлеуметтік аз қамтамасыз етіл­­ген отбасылардың балалары үшін 2019-2020 оқу жылына жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған 1 345 білім гранты бөлінді. Сондай-ақ 10 жо­ғары оқу орнына мемлекеттік тап­сы­рыс орналастырылған. Конкурс нәти­же­сі­мен көпбалалы және әлеуметтік аз қам­та­масыз етілген отбасылардың балалары болып табылатын 1 018 талапкерге грант тағайындалған. Бүгінгі таңда, атал­ған грант негізінде табысы төмен отба­сылардан шыққан 1 040 жас білім алуда. Жұмысшы мамандығына оқып жатқан студенттердің шәкіртақысын көбейтуге биыл жалпы сипаттағы трансферт есебінен 829,9 млн теңге қаралды», деді Өмірзақ Естайұлы.

Сондай-ақ облыс әкімі Мақтаарал ауданындағы апат кезінде атқарылған жұмыстарды да еске салды. «1 мамырда Өзбекстан Республикасы, Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті бұзылып, орталық бетпақдала коллекторынан тасыған су салдарынан Мақтаарал ауданының 5 елді мекенін (6 211 тұрғынды) су басты. Төтенше жағдай салдарынан 1030 тұрғын үй, 3 мектеп, 5 бала бақша, 4 денсаулық сақтау, мәдениет үйі, 10 сауда объектілері, автомобиль жолдары, көпір, 5 695 га егістік пен жайылым жерлер су астында қалды. Бүгінгі таңда, аудандағы Жеңіс, Жаңатұрмыс, Достық елді мекендерінің тұрғындарына, Мырзакент кентінде жаңадан бой көтерген ықшам ауданында 386 жеке тұрғын үйдің құрылысы толық аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар Фирдоуси мен Өргебас елді мекендерінде жалпы 504 тұрғын үйдің 494-нің құрылысы аяқталып, 10 үй жақын арада табыс етіледі», деді облыс әкімі.

 

Құрылыс қарқыны қатты

Ал Түркістан қаласында құрылыс жұ­мыстары қарқын алып, биыл облыс ор­та­лы­ғын дамыту мақсатында мем­лекет­тік бюджеттен 161 нысанның құрылысына 124,2 млрд теңге бағытталған. Соның аясында, құрылыс алаңына айналған көне шаһардың әкімшілік-іскерлік орталығында 14 нысанның құрылыс жұмыстары аяқталды. Тұңғыш Пре­зи­дент саябағы, Н.Назарбаев аллеясы, Қожа Ахмет Ясауи мен Рәбия Сұлтан Бегім кесенелерін қалпына келтіру, Әзірет Сұлтан қорық мұражайының аума­ғын абаттандыру, Күлтөбе көне қоны­сының тарихи орындарын қалпына кел­тіру, желілік саябақ, дендросаябақ және жеке кәсіпкерлер тарапынан «Керуен - Сарай» кешені, 3 халықаралық стан­дартқа сай қонақүй, мешіт сынды ірі жобалардың құрылыстары қарқынды жүр­гізілуде. Өңірдің әлеуеті мен туризм саласын көтеретін бірден-бір ірі мем­­ле­кеттік-жекеменшік әріптестік аясын­да жүргізіліп жатқан Түркістан қала­­сының халықаралық әуежайының құ­­ры­лысы өткен жылдың шілде айында басталып, биыл қыркүйек айында тех­никалық тұрғыдан іске қосылған бо­латын. Енді 1 желтоқсаннан бастап Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларынан Түркістан қаласына әуе рейстері ұша бастайды. Сондай-ақ Өмірзақ Шөкеев әкімшілік іскерлік орталығында жалпы ауданы 773,6 мың шаршы метр немесе 9 052 пәтерді құрайтын 177 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жат­қа­нын, жыл қорытындысымен 40 үйдің құ­рылысы аяқталып, 1 822 пәтер пай­да­лануға берілетінін атап өтті.

Журналистердің сұрағына берген жауабында облыс әкімі Түркістан қаласын әлемдік стандартқа сай дамыту бағы­тын­да атқарылып жатқан жұмыс­тар­ға тоқталды. «Түркістан қала­сы­ның құрылысы – мемлекеттік маңызы бар міндет, бұл Елбасының тапсырмасы. Түркістан облыс орталығы ретінде ғана емес, түркі жұртының рухани орталығы ретінде де қалыптасуы тиіс. Яғни барлық ғимараттар, құрылыстар, коммуникация­лар – қаладағы барлық инфрақұрылым халықаралық талаптарға сай болуы керек. Сондықтан алдағы жыл болашақта қаланы одан әрі дамыту үшін база құру жағынан шешуші жыл болады деп санаймыз», деді Өмірзақ Естайұлы. Сондай-ақ облысы әкімі келесі жылы Наурыз мерекесі кезінде түркі мемлекеттерінің Саммитін өткізу жоспарланып отырғанын мәлім етті. Оған дайындық жұмыстары жүргізілуде, шаралардың бір бөлігі мәдени орталықта өтеді. Биыл өнімі мол мақта дақылының бүгіні мен ертеңіне қатысты мәселе де назардан тыс қалмады. «Мақтаның бағасы әлемдік нарыққа байланысты. Бұл орайда оның өнімділігін артыру маңызды. Гектарынан 25 центнер және одан жоғары өнім алатын шаруалар шығынға батпайды. Яғни өнімділікті артыру қажет. Иә, соңғы жылдары мақта басқа дақылдарға қарағанда тиімсіз болып отыр. Сондықтан шаруаларға егістікті әрта­раптандыру жолдары ұсынылуда. Жал­пы мақта дақылын дайын өнімге дейін жеткізу маңызды және бұл орайда кластер құру, көптеген іс атқару қажет», деді облыс әкімі. Сондай-ақ брифингте өңірдегі су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, Түркістандағы ағын су тапшылығы мәсе­лесін шешу бағытындағы атқарылып жат­қан жұмыстар айтылды. Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылындағы мал база­ры­ның жұмысына қатысты түсінік­теме берілді. Ордабасы ауданында қазақ­тың біртуар ұлы Қажымұқан Мұңайт­па­совқа арналған кешен салу бойынша тиіс­ті құжаттар әзірленіп, Үкіметке ұсыныл­ға­ны хабарланды.

Брифингте облыс әкімі Президенттің Қазақстан халқына Жолдауын іске асы­ру бойынша өңірде бекітілген іс-ша­ралар жоспары аясындағы міндет­те­мелер жүйелі түрде орындала­ты­нын айтты. «Біздің мақсат – Мемлекет бас­шы­сының Жолдауында көрсе­тілген әртарап­тандырылған және техно­логия­лық дамыған экономика құру. Бұл ең алдымен халқымыздың тұрмыс-жағда­йын одан әрі жақсартып, облыстың эконо­ми­ка­лық қуатын арттырары сөзсіз», деді Өмірзақ Шөкеев.