Қоғам • 17 Қараша, 2020

Кептелек туындатпаудың кепілі

337 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қалалық жерлерде жол-көлік оқиғасының салдарынан кептелек туындайды. Патрульдік полиция келіп, хаттама толтырғанша, оқиға орны қозғалысқа айтарлықтай кедергі келтіреді. Осы мәселеге назар аударған Өскемендегі жоғары оқу орындарының ғылыми қызметкерлері мән-жайды анықтаудың оңтайлы жолын ұсынып отыр.

Кептелек туындатпаудың кепілі

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақ­стан техникалық университетіндегі ғылыми қызметкерлердің айтуынша, жол-көлік оқиғасы соқтығысқандардың ғана емес, басқа да көлік жүргізушілерінің, жолаушылардың алтын уақыттарын алып қояды. Мамандардың мөлшерлеуінше, полиция қызметкерлері өлшеп, хаттама толтырғанша кем дегенде бір, бір жарым сағат уақыт өтеді. Ал технологияның дамыған заманында оқиға себебін анықтаудың жедел жолдары бар.

– Жол-көлік оқиғасында кінәлі жақты анықтау үшін әр сантиметр маңызды. Сондықтан барлық өлшемдер дұрыс болуы керек. Біз коптер арқылы әуеден фотоға түсіріп, оқиға көрінісін модельдеуді ұсынып отырмыз. Содан кейін деректер негізінде автотехникалық сараптама жүргізуге болады. Ең маңыздысы, бұл әдіс полицейлер мен жолаушылардың уақы­тын үнемдейді, – деді «Veritas» озық даму ор­талығының бас маманы Андрей Охотенко.

Әуеден жасалған фототүсірілім ар­қылы қажетті параметрлер автоматты түрде есептеледі екен. Нақтырақ айтсақ, ав­то­­­көліктің зақымдануы анықталады, кө­ліктің тоқтаған жолы өлшенеді. Қажет болған жағдайда автокөлік пен ұшып кеткен сынықтар арасындағы қашықтық есептеледі.

«Veritas» орталығы маманының пікі­рінше, әуе фототүсірілім рәсімінен кейін со­ғылып қалған көліктерді жолдан алып тастауға болады.

Облыстық прокуратура мамандары қатысқан жиында ұсынылған жобаға полиция департаментінің қызметкерлері қызығушылық танытты. Қосымша жол-көлік оқиғасы болған жерлерді белгілеу үшін 3D форматта компьютерлік модельдеуді қолдану керектігі айтылды. Жоба қабылданып, жүзеге асып жатса, Полиция департаменті ұш­қышсыз ұшу аппараттарымен, қосымша бағ­­­дар­ламалармен қамтылуы керек. Сондай-ақ әрбір жол патрульдік полициясы коптер ұшыруды меңгеруі тиіс.

 

ӨСКЕМЕН