Оның үстіне Жетісу топырағанда Ұлы дала тарихында ізі қалған батырлар мен ақындарға деген құрметтің өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Биылдың өзінде өскелең ұрпақтың бастама көтеруімен бірнеше батыр бабалардың ескерткіші бой көтеріп, тарихқа тағзым ету шарасы өтті.Соның бірі Жамбыл ауданының Аққайнар ауылында ашылған Жанай батырдың ескерткіші.
Тарихшылардың айтуынша, Жанай Шонайұлы 1536 жылы туып, Хақназар ханнан тұсында өткен жігіттік шағында-ақ ерлігімен көзге түскен екен. Ал Тәуекел хан мен Есім ханның тұсында қолына найза алып, жауға шапқан батырлардың санатында болған. Жазба деректері бойынша Жанай батырдың бастауында болған Шапырашты мен Дулат руларының біріккен қолы жарты ғасырға жуық аттан түспей, ел қорғанына айналған екен. Көне көздерден қалған шежіре Жанай батырды Қарасай батырды соғыс өнеріне баулыған ұстаз ретінде суреттейді. Жасы жетпістен асқан шағында қолының қуат қайтқан батыр екі рулы елдің әскеріне қолбасшылық етуді жас пері Қарасайға табыстаған көрінеді. Жанай батыр туралы Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме шейін» атты жазбасында біраз дерек бар. Тарихшының сипаттауынша батыр орта бойлы, сұсты адам болған-мыс. Жөпшеңді адам бетіне тура қарай алмайтындай түксиген қабақты әрі үйде де, түзе де белінен қылышы мен қанжарын тастамайтын жаужүрек бейнесінде суреттелген...
Жанай батырдың ескерткіш-бюсті Аққайнар ауылындағы Ардагерлер саябағына қойылды. Бұл саябақ өткен жылы ашылған болатын. Ауылдың ажарына көрік қосқан алаң «Туған жерге тағзым» бағдарламасы аясында басталып, осы ауылдан түлеп ұшқан азаматтардың қаржысына салынған еді. Батыр бабаның тұғырдағы бейнесі де ел-жұрттың күш біріктіруімен бой көтерді. Ал тарихи тұлғаға құрмет көрсету шарасына Мәжіліс депутаты Серік Үмбетов бастаған қонақтар келді. Ескерткіштің ашылуында ауыл ақсақалдары Бердіқұл Құрманғалиев, Тұрар Нүсіпов, Ертарғын Қарсақбаев, Қамбархан Үмбетов, Бақберген Шалабаевтар мен Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы Рәтбек Терлікбаевтар өткеннің өнегесі жайында сөз өрбітті.
- Өткен тарихтан сабақ алған халықтың келешегі кемел болатынын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ««Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақласында кеңінен таратып айтқан болатын. Яғни, тарих тұңғиығында жатқан батыр бабалардың ерлігі бүгінге үлгі болуы тиіс. Ұлт тарихын ұлықтауда көне шежіренің сырын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу – көзі ашық, көкірегі ояу әрбір аға буын өкілінің абыройлы міндеті. Мені үнемі батыр бабаға лайықты құрмет көрсете алдық па деген ой мазалап жүретін еді. Сонау Есім ханның кезінде осы Суықтөбе аймағынан жасақталған қолды бастап, ерлік туын көтерген Жанай батырдың ханға тіреу болғанын, талай жекпе-жекте жауын аттан түсіргенін бүгінгі буын біздің іісімізден танып, білуі керек. Ескерткіштің ашылуында Жанай батырды мәңгілікке есте қалдырудың бір шарасы орындалғанына аққайнарлықтардың шын қуанғанына қарап куә болдым, - дейді батырдың ұрпағы, Мәжіліс депутаты Серік Үмбетов.
Алматы облысы