Аймақтар • 17 Қараша, 2020

Таразда 18 мың оқушы дәстүрлі түрде білім алуда

349 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Тараз қаласындағы мектептерде оқу жылының екінші тоқсанынан бастап кезекші топтардың саны артты. Бірінші тоқсанда тек бастауыш сынып оқушылары ғана дәстүрлі форматта оқыса, енді бесінші сынып оқушылары да осы тәсілге көшті. Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қаладағы мектептерді аралап, олардың жаңа басталған екінші тоқсанға дайындығын тексерді, - деп жазады Egemen.kz

Таразда 18 мың оқушы дәстүрлі түрде білім алуда

Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Саясат Есеевтің айтуынша, бірінші тоқсанда 1683 кезекші топ болса, екінші тоқсанда олардың саны 1779-ға жеткен. «Қазір Тараз мектептерінде дәстүрлі түрде барлығы 18 мың ғана оқушы білім алуда. Оның 1300-і жаңа тоқсанда қосылған бесінші сынып оқушылары. Сабақтар әртүрлі уақытта басталады. Сондықтан оқушылардың топталуына жол берілмейді», дейді ол. Бердібек Сапарбаев мектептерде санитарлық-дезинфекциялық және маска режимінің сақталуын, балалардың шахматтық тізбекпен отыруын және әлеуметтік арақашықтықтың сақталуын қадағалауды тапсырды. Ал, №17 орта мектептің директоры Мұхтар Досмаханұлының айтуынша, мұнда дәстүрлі негізде 160 бала оқиды. Барлық кабинеттер дезинфекциялық құралдармен жабдықталған. Кіреберісте автоматтандырылған өткізу жүйесі бар турникет орнатылған. Ата-аналар баласының мектепке келгені немесе үйіне қайтқаны туралы SMS хабарлама алып отырады екен. Биыл аталған білім ошағында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жылыту, кәріз, сумен жабдықтау жүйелері жаңартылған. Барлық ішкі және сыртқы әрлеу жұмыстары мерзімінде аяқталыпты. Сондай-ақ, әкім №17 мектеп ғимаратында орналасқан №11 сайлау учаскесін аралап көрді. Учаске сайлаушыларды қабылдауға дайын. Үй-жайда мүгедектігі бар азаматтар үшін де жағдай жасалған. Ал, облыс орталығында орналасқан №24 мектеп-гимназиясындағы 15 кезекші сыныпта 216 бала оқиды. Мектеп директоры Марина Гладченконың айтуынша, антисептик пен термометрлер алдын ала сатып алынған. Мұғалімдер әлеуметтік арақашықтықтың сақталуын қатаң қадағалайды. Бердібек Сапарбаев кабинеттер мен спорт залын аралап көріп, кітапхана жұмысына қызығушылық танытты.

Сол сияқты, дарынды балаларға арналған «Дарын» мамандандырылған мектеп-интернатында барлық оқушылар қашықтықтан білім алуда екен. Оқушылар компьютерлермен, ноутбук, планшеттермен қамтылған. Ал, бүгінде Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия ғимаратына жапсарлас салынған нысанның құрылысы аяқталған. Жаңа ғимаратта 12 сынып және 2 мультимедиялық кабинет орналасқан. Мұнда тек 296 бастауыш сынып оқушысы білім алуда. Сонымен қатар, әкім №20 орта мектептің құрылысымен де танысты. Ол мердігер компанияның басшылығына жұмысты сапалы әрі жедел атқаруды тапсырды. Бүгінде аталған білім ошағының оқушылары №40 орта мектепке қатынап оқып жүр.

 

Жамбыл облысы