28 Қараша, 2013

Заң жобасы «ешкімнің қалауына» мүмкіндік бермейтіндей тас түйін әзірленуі тиіс

264 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында депутаттар 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет, еңбек көші-қоны, мемлекеттік сатып алу, агроөнеркәсіптік кешен, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелеріне қатысты заң жобаларын қарады.

Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында депутаттар 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет, еңбек көші-қоны, мемлекеттік сатып алу, агроөнеркәсіптік кешен, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелеріне қатысты заң жобаларын қарады.

Үстіміздегі жылдың 15 қа­за­нында қайтыс болған Орал Бай­ғонысұлы Мұхамеджановтың де­путаттық өкілеттігін Орталық сайлау комиссиясының ұсынысымен мерзімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылданды. Мәлім болғанындай, Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сәйкес «Нұр Отан» партиясының мүшесі Әсима Бимендина Мәжіліс депутаты болып тіркелген. Жалпы отырысқа келіп қатысқан жаңа депутатты спикер әріптестерімен таныстыра келіп, қызметіне табыс тіледі. Ә. Бимендина бұған дейін Астана қалалық Білім бас­қармасының төрайымы қызметін атқарған.

Сондай-ақ, депутаттар «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасына Сенат енгізген өзгерістер мен толықтыруларға өз келісімдерін берді. «Балапан» бағдарламасы бойынша мемлекеттік тапсырысты орындауға, Алматы қаласындағы метрополитеннің бірінші желісінің екінші кезегін салуға, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғыртуға және ауыз су бойынша қызметтер бағасын субсидиялауға қаржы қарастырылыпты. Жо­ба­лар­ды іске асыруға 2014 жылы – 51,3 млрд. теңге, 2015 жылы – 12 млрд. теңге, 2016 жылы 6,2 млрд. теңге қосымша қаражат бөлінеді деп күтілуде. Енді заңдық құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.

Сол сияқты, Сенат түзету­лер енгізген «Қазақстан Респуб­ликасының кейбір заңнамалық актілеріне еңбек көші-қоны мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы да депутаттар тарапынан қолдау тапты. Заң жобасы еңбекші көшіп келушілерді заңдастыруға және көші-қон үдерістерін мемлекеттік реттеуді жетілдіруге бағытталған. Жеке тұлғаларда жұмыс істеу үшін еңбек мигранттарына рұқсат беру тәртібі айқындалып отыр. Бұл ретте еңбекші көшіп келушілерге жеке табыс салығын айлық есептік көрсеткіштің 2 еселенген мөлшерінде салу көзделеді. Заңдық құжатқа енгізілген өзгерістерге сәйкес елімізге келіп, заңсыз еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдіктер заңдастырылады, олардың елде болуын бақылаудың тиімділігі артады. Жеке тұлға үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар беріледі. Этностық қандастарымыздың Қазақстан азаматтығын алу үшін елімізде міндетті түрде бес жыл тұруы мерзімі төрт жылға төмендетілді.

Депутаттар «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура­лы» заң жобасын бірінші оқы­лымда мақұлдады. Заң жобасымен мемлекеттің қатысуы бар заңды тұлғалардан тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу кезінде олардың жасырын монополиясын болғызбау, тауарларға, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерге бағалардың бірыңғай ақпараттық жүйесін құру қарас­тырылады. Әсіресе, сыбайлас жемқорлықты азайту, өнім берушіні біліктілік тұрғыдан іріктеуге бақылауды күшейту шаралары көзделеді. Ең бастысы – мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мен өт­кізу үшін Үкімет, облыс, республикалық маңызы бар қала мен Астана әкімдіктерінің мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушысын құру ұсынылады.

Тағы бір айта кетерлігі, 2014 жылдың 1 қаңтарынан ен­гізілетін Ұлттық режім бойынша мемлекеттік сатып алуларға отандық өндірушілермен қа­тар, шетелдіктер де қатысуы қа­растырылады. Үкіметтің мем­лекеттік сатып алу үдерісіне тыйым салуды және шектеуді белгілей алатын құзыреті де назардан тыс қалмаған. Мұндай сатып алуларға Кеден одағы елдері өнім берушілерінің ғана қатысуы көзделген.

Вице-премьер – Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, жеңілдіктер Кеден одағының өнім берушілеріне ғана ұсынылады. Министрдің сөзінен мәлім болғанындай, заң жобасында мемлекеттік сатып алулар барысында бағамен айқындаудан сапасына қарай көшу көзделеді. Техникалық ерекшелікті бағалау кезінде өнім өндірушілердің ең жақсы ұсыныстарын іріктеу ұсынылса, бұл сапасыз тауарларды және қызметтерді сатып алудың жолын кеседі деп күтілуде. Сонымен қатар, заң жобасында әлеуетті өнім өндірушілердің жекелеген санаттарына, атап айтқанда, еліміздегі мүгедектер қоғамдық бірлестіктерін құрған тауарлар өндіретін, жұмыстар орындайтын ұйымдарға, түзеу мекемелерінің мемлекеттік кәсіпорындарына, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне мемлекеттік сатып алуларда артықшылықтар беру көзделеді.

Жалпы, заң жобасы бәсекелестікті қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлықты төмендетуге, сатып алулардың тиімділігін арттыруға бағытталады. Мәжіліс Төрағасы құжаттың қазіргі Парламент қоржынындағы ең «атышулы» заң жобаларының бірі екенін атап кетті. Өйткені, мемлекеттік сатып алу төңірегінде сұрақтар көп. Сондықтан да, заң жобасы «ешкімнің қалауына» мүмкіндік бермейтіндей тас түйін әзірленуі тиіс. Спикер қазақстандық өндірушілер тауарын алуға міндеттеу туралы қағидатты алға тарта отырып, бұл отандық тауар өндірушілерді қолдауға қызмет ететінін атап көрсетті. Мәжіліс Төрағасы әрі қарай бүгінгі күні барлық мемлекеттік органдар, соның ішінде, Парламенттің шаруашылық басқармасы да көліктерді жаңалауда деп сөзін сабақтай түсті. Спикердің сөзіне қарағанда, Өскемендегі отандық тауар өндірушілерден сатып алынатын сол көліктің бағасы жоқ жерден 4 миллион теңгеге дейін қымбаттап шыға келетін көрінеді. Осыдан кейін-ақ ол өзінің бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады. Өйткені, Кеден одағындағы Ресейден шығарылатын дәл сол санаттағы «Toyota Camry» көлігі біздегіден әлдеқайда арзан. «Осы жағдайда мемлекеттік орган не істеуі керек? Сол үшін бұл заңның әрбір жолы егжей-тегжейлі саралануы керек», деді Нұрлан Зайроллаұлы.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешен мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары екінші оқылымда мақұлданды. Және де «2005 жылғы 26 қазандағы Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Төтенше жағдайларды жоюда көмек көрсету кезінде өзара іс-қимыл жасау туралы келісімге хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да қолдау тапты.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар