Nature журналының қарашадағы санында жарияланған, 20 ғалым бірігіп әзірлеген ғылыми-зерттеу мақалада тышқандарға зерттеу жасалғаны жазылған. Тышқандарда жүргізілген жаңа зерттеудің қорытындысында иммундық жасушалар алдымен ішекте патогендерді (саңырауқұлақ, вирус, бактерия секілді микроағзалар) тануға және оларға қарсы тұруды үйреніп, содан кейін ағзаны қорғау үшін мидың бетіне қоныс аударатыны анықталды.
Ғалымдардың айтуынша, әр минут сайын ми арқылы 750 миллилитр қан өтеді, сол сәтте бактериялар, вирустар ағзаны бүлдіруі мүмкін. Көбіне вирус жұқтырушыларды немесе ағзаны бүлдірушілерді ми қабығы ұстап тұрады. Ми қабығы – ми мен жұлынның айналасын қоршап, физикалық тосқауыл қызметін атқаратын үш мембраналық қабат. Егер патоген осы тосқауылды бұза алса, зерттеушілердің пікірінше, ішекте жаттыққан иммундық жасушалар антиденелер батальонын шығару арқылы шабуылға дайын болады.
Кэмбридж университетінің иммунологы Менна Клатворти: «Қоздырғыштар ең көп жағдайда ішек жолдары арқылы қанға өтеді. Сондықтан иммундық жасушалардың ішекте болатын заттарды тану үшін білуі, жаттығуы және таңдауы өте үлкен мәнге ие. Демек, бұл ми қабығында не болатынын, ненің бар екенін анықтауда ішектің жұмысы қаншалықты маңызды болатындығының керемет көрінісі болды», дейді.
Өзі де осы зерттеуге қатысқан және жоғарыда аталған журналдағы мақаланы жазуға атсалысқан ғалым М.Клатвортидің мәлімдеуінше, зерттеушілер тышқандардың ми қабығындағы шабуылдың микроскоптық суреттерін түсірді, оны ішекте жаттықтырған плазмалық жасушалар басқарды. Тышқандардың қанына команда көбінесе ішекте кездесетін патогенді саңырауқұлақты қондырғанда, саңырауқұлақ ми қабығындағы қан тамырларының қабырғалары арқылы миға енуге тырысқан. Алайда мембраналардағы плазмалық жасушалар патогеннің айналасында IgA антиденелерінен жасалған тор құрып, оның енуіне кедергі жасапты. Плазма жасушалары қан тамырларының бойында орналасқан, олар тез қоздырғыштарға шабуыл жасай алады.
Бұл зерттеудің қорытындысы қарапайым адамға ішек жолдарының бұзылысына бейжай қарамау керегін ескертетіндей.