Экономика • 18 Қараша, 2020

Картоп еккеннің қалтасы толады

778 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Етек-жеңі жиылған 2020 жылға Алматы облысының диқандары дән риза. Қазір аймақта ауылшаруашылық дақылдарын жинау толық аяқталып, қамбаға түскен өнімге тоқмейілсіп қарайтын сәт туды. Нәтиже ойдағыдай. Шаруаның көңілі тоқ.

Картоп еккеннің  қалтасы толады

Жалпы, биыл өңірде ауыл­шар­уа­шылық дақылдары егістігі 7 мың гек­тарға кеңейіп, 969 мың гектар­ға жетті. Оның ішінде қант қызыл­ша­сы­ның алқабы 16 мың гектарға, жү­гері 87 мың гектарға ұлғайған. Осы санатта ел аузын­да «екінші нан» атан­ған картоп өсіру де ілгерлеп келе­ді. Мә­ліметке сүйенсек, қазір облыс­тың кар­топ өсірумен айналысатын шар­уа­шылықтары 790,1 мың тонна өнім жинап, әр гектарға шаққандағы өнім­ділікті 196 центнерге жеткізген. Ал егіс алқабының көлемі 40,3 мың гек­тар­ға ұлғайған. Түсім де өткен жылға қа­ра­ғанда ілгері.

Бүгінде қарқын ала бастаған картоп шаруашылығымен 17 аудан мен 2 қаланың шаруалары айналысады. Бірақ отандық сауда нарығында брендке ай­нал­ған Нарынқолдың картобы әлі де даңқынан ажыраған жоқ. Райымбек ауда­нындағы картоп өсіру ісі бір жыл­­дары тоқырауға ұшырағаны рас еді. Кейінгі үш жылдың жүзінде бұл сала­ға қайта жан бітті. Қазір Нарынқол то­пы­ра­­ғында өскен «екінші нан» облыс­тан асып, республика көлеміндегі картоп өнімділігі бойынша табысқа жетіп отыр. Егіс көлемі де күрт өсе бастаған. Мысалы, 2018 жылы ауданда 5,6 мың гек­тардан 111,8 мың тонна өнім жиналса, 2019 жылы егіс аумағы 6 мың гектарға жетіп, түсім 125 мың тонна болды. Биыл да 6 мың гектарға түйін көм­ген нарынқолдық шаруалар 130 мың тонна картоп жинады. Өнімнің ор­та­ша түсімі гектарына 215,2 центнерден айнал­ды.

Өңірдегі картоп өсіру ісінің кең қанат жаюына мемлекеттік қолдаудың оң әсе­рі тигені анық. Мәселен, 2018 жылы «Алматы облысының Райымбек ауданында картоп сорттарын жаңарту үшін элиталық тұқым сатып алу» атты арнайы жоба әзірленіп, «Жетісу» әлеу­меттік кәсіпкерлік кор­порациясы арқылы 112,6 млн тең­ге қаржы бө­лін­ген. Бұл қаржыға Нидер­ландтан кар­топтың «Санте» және «Агрия» сорттарының элиталық тұ­қым­да­ры­ның 238,9 тоннасы сатып алынып, Райымбек ауданының «Өркен» шаруа қожалығына қарасты 70 гектар алқапқа себілген болатын. Сол сияқты 3 сервистік-да­йын­дау орталығы құ­ры­лып, оларға жалпы сомасы 430 млн теңге болатын 214 бір­лік арнайы техника сатып алынды. Оның ішінде то­пы­рақ өңдейтін, себетін, жинайтын және тиейтін техникалар, тракторлар, та­сымалдау техникалары бар.

Нәтижесінде, 2018 жылы ауданда 2100 тонна І репродукциялы тұқымдық картоп жиналды. Ал 2019 жылы егістік көлемі 607 гектарға ұлғайтылып, оның 17 гектарына тағы Голландиядан алын­ған элиталық тұқым себілсе, қалған алқап­қа осы топырақта өнген репродукциялы тұқым егіліпті. Күзде бұл жерден 16 740 тонна картоп алынған.

Жалпы, биыл Алматы облысындағы картоп егілген алқаптардан жиыны 790 мың тоннадан асатын өнім алынып, орта­ша түсім 196 центнерден айналды. Ал аймақтағы егістік көлемі 40,3 мың гектарға жетті. Мұндай нәтижеге жетуге картоптың жоғары өнімділікті сорт­тарын қолдану мен заманауи техникаларды пайдалану ықпал екені сөзсіз. Яғни, картоп шаруашылығын дамыту мен картопты өндірістік деңгейде өсіру ісі об­лыста одан әрі жалғаса бермек.

 

Алматы облысы