Оның ең басты қасиеті – дымқылды жерден қорықпайтындығы. Қандай дымқылда тұрса да ламинацияланған фанерден жасалған заттар мен бұйымдар бүлінбейді. Сонымен қатар оның сәнділігі де жоғары талапқа сай. Ламинацияланған фанердің тағы бір қасиеті – беріктігі. Қатты тығыздалғандықтан, ол ауыр салмаққа да, температуралық режімге де шыдайды.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің соңғы отырысында «Радуга» ЖШС енді 20 күннен кейін осынау сапалы өнім – ламинацияланған фанера шығара бастайтын зауытын іске қосатыны белгілі болды. Сондай-ақ осы кәсіпорын базасында электртехникалық өнімдер, кірпіш, полипропилен ыдыстар жасайтын өндірістер де ашылмақ.
Қазақстан рыногында 1994 жылдан бері келе жатқан осы кәсіпорын еліміздің солтүстігінде ғана емес Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Шымкент, Өскемен, Қостанай, Көкшетау сынды еліміздің 12 қаласында және Ресей қалаларында өзінің филиалын ашқан. Алдымен еден сырлайтын түрлі сырлар мен бояулар шығаруға маманданған кәсіпорын қазір құлашын кеңге жайған. Бүгінде компанияның қарамағында 2 мыңға жуық адам жұмыс істейді.
Жалпы, Солтүстік Қазақстан облысы 2020 жылдың аяғына дейін 287 млрд теңгедей инвестицияны өндіріске құймақ. Соның ішінде жоғарыда аталған ламинацияланған фанер шығаратын зауыт та бар. Сонымен қатар жылыжай кешенін, май экстракциялайтын зауыттарды да іске қоспақшы. Қазірдің өзінде тартылған инвестиция көлемі 202 млрд теңгеден асқан. Бұл былтырғы жылдың сәйкес мерзімінде тартылған инвестициядан 33,5 млрд теңгеге артық. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов биылғы инвестиция көлемі былтырғыдан 20 пайызға артық болатынын атап өтті.
– Өндіріске салынған әрбір 4 теңгенің 3-еуі жекеменшік инвестициялар. Бүгінгі таңда барша әлем жаман індеттің кесірінен түсініксіз жағдайға қалып, ертеңгі күннен қауіп күтіп, өздерінің іскерлік белсенділігін төмендетіп отырғанда бізде қарқын артқаны қуантады. Бір кезде біз де бастаған жобаларымызды аяқтай алмай қалармыз деп қауіптенген едік, бірақ кез келген тығырықтан шығудың жолдары болады екен. Ол үшін тіпті артық тәуекелдерге де барудың қажеті жоқ. Тек қолға алған ісіңнің халыққа, елге пайдалы болатынына деген сенім керек екен, – деді ол.
Өндіріске инвестиция тарту бойынша қазір Солтүстік Қазақстан республикалық орташа көрсеткіштен жоғары қатарда келеді. Өсім облыс орталығында ғана емес, барлық аудандарда да бар. Қолға алынған жобалардың тоқтап қалғаны жоқ, бәрі алға жылжуда. Сондықтан жаман індет өндірісті аяқтан шала алмады деп айтуға толық негіз бар.
Солтүстік Қазақстан облысы