Аймақтар • 18 Қараша, 2020

Жедел жәрдем арнаулы көлікпен толықтай қамтылды

210 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Басы ауырып, балтыры сыздаған жанның бәрі алдымен жедел жәрдемге жүгінеді. Алайда жедел жәрдемнің кешігетіні бар. Бұрын мұның себебін мамандар арнайы көліктің тапшылығымен түсіндіруші еді. Енді мұндай сылтау айтылмайтын шығар.

Жедел жәрдем арнаулы көлікпен толықтай қамтылды

Соңғы кезде өңірдегі жедел жәрдем стансасына жаңа көліктер лек-легімен беріліп жатыр. Жақында ғана 18 көлік берілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел жәрдем көліктері науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсетуге арналған қажетті құ­рал-жабдықтармен қамтамасыз етіл­ген. Медициналық жедел жәрдем көліктері «ҚДБ-Лизинг» есебінен алынды.

– Жаңа көліктердің сегізі аудандар­дағы емдеу мекемелеріне жіберіледі. Ал 10 автокөлік Атырау қаласындағы тұрғындардың жедел шақыртуына қызмет көрсетеді. Қазір облыста 93 жедел жәрдем көлігі бар. Биыл 46 көлік алынды. Жедел жәрдем стан­­сасын арнайы көлікпен қамту 100 пайызға жетті. Мұндағы жедел жәрдем көліктерінің 70 пайызы жаңарды. Ескілерінің өзі екі-үш жыл бұрын келген, – дейді облыстық ден­сау­лық сақтау басқарманың басшысы Асхан Байдуәлиев.

Оның айтуынша, келесі жылы республикалық бюджет қаражатының есебінен қосымша 60 санитарлық автокөлікпен қамту жоспарланып отыр.

 

Атырау облысы