Кеше облысқа бір күндік жұмыс сапарымен еліміз Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев келді.
Кеше облысқа бір күндік жұмыс сапарымен еліміз Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев келді.
Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарын Екібастұздағы өндіріс орындарын аралаудан бастады. Алдымен «Орика Қазақстан» АҚ-та болды. Бұл өндіріс ошағы өндіріске қажет жарылғыш заттарды, яғни эмульсиялық матрица өндіреді. Жалпы жобалық қуаты жылына 21 тонна. Биылғы жылы 10 мың 500 тоннаның өнімін шығарған кәсіпорын 2015 жылы өңір Бозшакөл тау кен байыту комбинаты іске қосылған кезде толық қуатына шыға алады. Қазір «Ориканың» өнімдерін «Богатырь-Көмір», «Шығыс», «Майкөбе» көмір кеніштері пайдалануда.
Бұл зауыттың ашылуы қазіргі заманғы технологияларды пайдаланып өнім көлемін арттыруға, инновацияны тереңірек игеруге, жарылыс кезінде қоршаған ортаға тигізетін зиян көлемін азайтуға, тасымалдау, қуаттау кезінде жарылғыш заттардың қауіпсіздігі мен сақталу сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Бұдан кейін бірінші вице-премьер Бақытжан Сағынтаев ҮИИД бағдарламасы бойынша іске асып жатқан «Проммашкомплект»» ЖШС-да болды. Бұл серіктестік теміржол доңғалақтарын жасап шығарады. Өткен жылы бірінші кезеңі іске қосылған жобаға тартылған қаржы 9,5 млрд. теңге. Кәсіпорынның жылдық жобалық қуаттылығы – 1 мың бағыттамалы бұрма, 1 мың айқастырма, 48 мың дөңгелекті кешенді жөндеу және өңдеу. Зауыт өнімі Тәжікстан, Қырғызстан мен Өзбекстанға экспортталуда. Өндіріс орнында озық технологиялар мен құрылғылар қолданылады. Олар Италия, Германия, Ресей, Украинадан әкелінген. Бүгінде өндіріс орнында 469 жұмысшы еңбек етуде.
Бақытжан Сағынтаев былтыр ашылған Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде жүзеге асқан музыкалық мектепте білім алып жатқан балалармен де кездесті.
Келесі кезекте облыс орталығындағы «Мұнай химия зауыты» АҚ-қа барып, алдағы жылдарға арналған зауытты жаңғырту жұмысымен танысты. Зауыт румындық «SR Rominserv SRL» компаниясымен бірлесіп құрылыс-монтаж жұмыстары өндірісін құру жөніндегі келісімге қол қойған. Бұл келісім іске асырылу үстінде.
Бірінші вице-премьер «Павлодар» арнайы экономикалық аймағында болды. Аймақта қазір 2 зауыт салынып, тағы сегіз жобаны іске қосу жұмыстары жүргізілуде. Мұнда Бақытжан Сағынтаев «УПНК-ПВ» ЖШС мұнайлы кокс өндіретін зауыт құрылысымен танысты. Мұндағы мұнайлы кокс отандық шикізатты қолдану арқылы алынады. Ал, бұл жоба іске асырылғаннан кейін еліміздің қалайы өндіру саласы алға басары сөзсіз.
Жұмыс сапарының соңында еліміздің Премьер-Министрінің бірінші орынбасары «Павлодар» еркін экономикалық аймағын дамыту бойынша кеңес өткізді. Кеңес қорытындысында облыс әкімдігіне арнайы экономикалық аймақтың жобасын іске асыру бойынша жұмысты жандандыруды және белгіленген мерзімде кәсіпорынды іске қосу үшін барлық шараларды қолға алуды тапсырды. Кәсіпкерлікті қолдау шараларын күшейтуді, облыстағы даму және қаржы институттары қызметін жандандыруды міндеттеді.
Фарида Бықай,
«Егемен Қазақстан».
Павлодар облысы.