Өнер • 18 Қараша, 2020

Кенептегі кемеңгер бейнесі

626 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Абай бейнесі – қаншама қылқалам шеберін терең толғанысқа түсір­ген та­қырып. Бірде белгілі сурет­ші Жұмақын Қайрамбаймен әңгіме­лескенімізде: «Абайдың болмыс-бітімін, даналық келбетін кенепке сыйдыру қиынның қиыны. Бұл мақсатқа жету үшін суретшіге ас­қақ рух керек», деген еді. Адам­дық­тың асыл мұратын арқау еткен ақын­ның арман-тілегін расында да бір картинаға сыйдыру мүмкін емес.

Кенептегі кемеңгер бейнесі

Отандық бейнелеу өнерінде бүгінге дейін жүздеген суретші Абай кейпін сомдауға хал-қадерінше үн қосыпты. Солардың көш басында қазақтың тұңғыш кәсіби суретшісі Әбілхан Қастеев тұр. Ол алғаш болып 1945 жылы «Жас Абайдың портретін» акварельдік мәнерде орындап шықты. «Жастықтың оты жалындап, Жас жүректе жанған шақ. Талаптың аты арындап, Әр қиынға салған шақ» деп жырлаған хакімнің жастық жалынын, көңіл күй ырғақтарын дәл беруге талпынған туынды бұл күні Қастеев мұражайының төрінде тұр. Ал өнер иесінің 1971 жылы салған «Жайлаудағы Абай» шығармасында қазақ ауылының маңында отырған егде Абайдың ойлы бейнесі суреттеледі. Даңқты суретшінің Абай портретін сомдау үшін ақын туған топыраққа арнайы ат басын бұруы тегін емес. Дала рухын сезініп, ғазиз әлемге Абай көзімен үңілгісі келген шебер сол сапарында «Шыңғыстаудағы жаз», «Қарауылтөбе» шығармаларын сәтті орындап шықты.

1960-1967 жылдары «Абай әндері» фильміне «Айтыс», «Ажар мен Айдар», «Билер соты» секілді топтамалық но­бай­лар жазған Айша Ғалымбаева ұлы ойшыл заманының шуағы мен көлең­кесін қаз-қалпында бедерлеуге тырыс­ты. Ғалымбаева қаламындағы Абай Алатаудай айбынды тақырыпқа айналды. Сол секілді Нағымбек Нұрмұхаммедовтің 1971 жылғы «Абай портретінде» хакімнің монументалды денесі шығарма шегіне сыймай тұрғандай. Ол осы арқылы Абайдың рухани қуатын жеткізгісі келді. Талантты шебер Тоқболат Тоғысбаев болса өзінің «Ойшыл Абайын» Жер ша­рының жартысына орналастырып, ақын бейнесін біздің планетамыздың үлкендігімен теңестірді. Сол арқылы Абай тұлғасын ғаламдық деңгейдегі кемел биіктен көрсеткісі келді.

Ресей және Қазақстан сурет­шісі Евгений Сидоркинді де Абай тақырыбы ерекше ынтызар етті. Ше­бердің М.Әуе­зовтің «Абай жолы» романына екі рет тоқталып, 1960 жылы «Абай мен әжесі», «Тоғжан», «Аналар», «Құ­нанбай», «Бәйге» сынды топтамалы иллюс­трациялар сомдауы бұған дәлел. Айтулы дарын иесі Исатай Исабаев 1970 жылдары автолитография техникасында Абайдың «Қаламқас», «Ескендір», сондай-ақ жыл мезгілдеріне арналған өлеңдерінің желісі бойынша иллюстрацияларын көркем түрде өмірге әкелді. Абай өлеңдеріндегі лирика тілін терең түйсінген Қадірбек Каметов 1986 жылы «Алтыбақан», «Көш», «Барымта» атты литографияларды жазды. График өлең жолдарын өздігінше елестетіп, өткен тарихтың бұлыңғыр естелігі секілді бедерледі. Мүсіншілер Ескен Сергебаев пен Вагиф Рахманов та Абай образын ақын-философ ретінде сомдады.

1

Жоғарыда біз тілге тиек еткен шы­ғар­малардың бәрі де Алматыдағы Ә.Қас­теев мұражайының ең бір құн­ды жәдігерлеріне айналған. Күні ке­ше көрерменге жол тартқан «Абай – халық даналығы» атты айрықша көрме кенептегі Абай бейнесіне тереңнен үңілуге шақырады. «Абай бей­несі – Қазақстан суретшілерінің көзі­мен» топтамасы музей қорындағы ақын өмірі мен шығармашылығына қа­тысты шоқтығы биік шығармаларды қам­тыған. Мұндағы армян мүсіншісі Е.Годжабашянның музей қорына сыйға тартқан Абай бюсті де көрерменді бейжай қалдырмайды.

– Көрме қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушы-философы, композиторы, көр­кемсөз шебері Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орайластырылып отыр. Ойшыл қарапайым халқының жоғын жоқтап, ауыртпалығына бірге қайғыра білді, халық өмірін өте жақсы түсіне алды. Өнер музейі қорынан алынған бұл шығармаларда тек Абайдың өмір жолы қарастырылмай, ХІХ ғасырдағы халықтың ұлттық мінезін, тағдыр-тәлкегін, тұрмыс-тіршілігін, кеңдігі мен сұ­лулығын, жалпы көшпелі және оты­рық­шы дала өмірінің түгелдей көрінісін баян­­дайды. Көрмеге жетпістен астам Абай бейнесі мен шығармашылығына арналған әр кезеңдегі суретшілердің кескіндемелік, графикалық, мүсіндік шығармалары қо­йылған, – дейді өнертанушы Ақбота Алимхожина.

 

АЛМАТЫ