Оқиға • 18 Қараша, 2020

Ұлы мұра Мысырда ұлықталды

324 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республи­касының елшілігінде «Абай» ақпараттық-мәдени орталығының ашылуы аясында Абай Құнанбайұлының араб тіліндегі кітабының тұсаукесері мен «Абай және рухани мұра» атты халықаралық кітап көрмесінің ашылу рәсімі өтті.

Ұлы мұра Мысырда ұлықталды

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында жарияланған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақ­стан» атты мақаласында шет мемле­кеттердегі елшіліктер жанынан «Абай» орталықтарын ашу керек­тігін атап өткен еді. Осыған орай ха­кім атындағы рухани орталық Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі, Сыртқы істер ми­нис­­трлігі және Қазақстан Респуб­лика­сының Мысыр Араб Респуб­лика­сының Төтенше және өкілетті елшісі Қайрат Қайырбекұлы Лама Ша­рифтің қолдауымен жүзеге асырылды.

Абай шығармаларын шетелдік ғалымдардың зерттеуіне ықпал етіп, қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына үлес қосуды мақсат тұт­қан игі шара алдағы көптеген әде­би-мәдени жобаның бастауы болмақ. Аталған орталық қазақ әде­биетінің көркемдік әралуандығын дәріптеуге, ақын мұ­раларын ақпарат құралдарында жариялау сынды жұмыстарды атқа­ратын болады.

Онда бірнеше кітаптар мен электронды ақпараттық ресурстармен таныстыратын CD-дискілер, мерзімді басылымдар мен ғылыми ақпараттар қойылған. Сондай-ақ қазақстандық толық мәтінді мәліметтер базалары да қолжетімді. Мәселен, келушілер Қазақстанның Ұлттық электронды кітапханасы – ҚазҰЭК базасындағы Абай туралы 800-ден астам басылымды еркін оқи алады.

Ал иллюстративті кітаптар көр­месінде «Абай» энциклопедиясы, «Қарасөздері», шығармалар жи­­­на­ғының 2 томдығы, «Қалың елім қазағым...» өлеңдер жинағы, «Сти­­хи, поэмы, проза», «Абай тілі сөз­дігі», М.Әуезовтің «Абай жо­лы» ро­­маны, Латиф Хамидидің «Абай», «Двад­цать стихотворений на трех язы­ках», Д.Омаровтың «Абай­­дың рухани мұрасы», Ғ.Есім­нің «Ха­ким Абай» және «Абай туралы фило­со­фиялық трактат», Ш.Құ­дай­бер­діұлы шығармаларының жи­нағы және тағы басқа кітаптар таныстырылды.

«Абай әлемі» атты фотокөрмеде ақын шығармашылығы мен өміріне қатысты тарихи ескерткіштер мен табиғат көріністері, хакім дүниеге келген қасиетті мекен туралы және қазақ елінің мәдени өміріне қатысты мол мағлұматтар берілген. Атап айтсақ, Ә.Қастеевтің «Жас Абай» (1945), «Абай» (1954), «Абайдың жас­­тық шағы» (1968), А.Волощиктің «Ба­ла Абай жыр тыңдап отыр» (1948), Е.Си­доркиннің «Абай мен әжесі Зере» (1960) және «Абай», «Мұхтар Әуезов» пен «Мұхтар Әуе­­­зов­тің «Абай жолы» ро­маны­на салған иллюстрациялары, Ү.Әжиев­тің «Бала Абайдың оқудан оралуы» (1969), Л.Леонтевтің «Абай Се­мей қала­сының кітапханасында» (1954), «Абай және балалары» (1896) жә­не тағы басқа 50-ден астам карти­налар қо­йылды.

Шараға Мысыр Араб Респуб­ликасының саяси және мәдени элитасы өкілдері – Конституциялық сот­тың төрағасы Саид Мерей, Кон­ституциялық сот төрағасының орын­басары Адэль аш-Шариф, Әділет министрі Омар Марауан, Ақ­парат министрі Осама Хайкал, Бас прокурор Хамада ас-Сауи, соны­мен қатар әлемнің 20 елінің елшілері (ТМД, Еуропа, Африка) және қазақстандық делегация өкіл­дері: М.Әуезов атындағы Әде­биет және өнер институтының директоры К.Матыжанов, Қазақстан Жа­­зушылар одағы төрағасының орын­басары Б.Жақып және Ұлттық ака­демиялық кітапхананың басшысы Ү.Мұңалбаева қатысты.

Бүгінде хакім шығармалары әлемнің 44 тіліне тәржімаланғаны белгілі. Әсіресе осы жылы ел Пре­зи­дентінің тапсырмасына сәй­кес Абай Құнанбайұлының 175 жыл­дығын мерекелеу аясында ақын­ның шығармалары ағылшын, араб, қытай, испан, италиян, неміс, орыс, түрік, француз және жапон тілдеріне ауда­рылды. Ал араб тіліндегі тұсауы кесілген жаңа жи­­наққа ақынның 145 өлеңі, үш поэмасы мен қарасөздері еніп отыр. Бұл аударма жинағын Араб Мемлекеттері Лигасының мәдениет, білім және ғылым істері жөніндегі ұйымының (ALECSO) баспа үйі ұсынған. Тәржіма жұмыстарына келсек, мәтіндерге жолма-жол аудар­малар мен түсініктемелерді Каир университетінің оқытушысы Рабиға Төлебай, шығыстанушы Құрманғазы Садыбаев және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті шығыс­тану факультетінің деканы Палтөре Ықтияр дайындады. Өлеңдердің әдеби аудармасымен Мысыр әде­биетшілер одағының көрнекті мү­шелерінің бірі, ақын Саурат Селлам, ал прозаның көркем редакциясымен мысырлық Лингвистика және философия профессоры Халед Елсайед айналысқан.

Орталықтың ашылу салтанатында сөз сөйлеген Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Бауыржан Жақып ақын өлеңдерінің көркемдік қуатына тоқталып: «Абай поэзиясының көркемдігінің тағы бір қыры – оның бейнелілігі, образ­дылығы. Абай өлеңдерінің бей­нелілігі ондағы көркемдік құрал­дардың мол қолданылуынан аң­ға­рылады. Ұлы ақын жырларынан теңеу мен эпитеттің, метафора, ме­тонимияның, синекдоханың, аллитерация мен ассонанстың, басқа да бейнелеу құралдарының сан алуан үздік мысалдарын тауып көрсетуге болады. Соның бәрі тек Абайдың өз жан дүниесінен төгіліп түскендігімен де бағалы», деді. Ал филология ғылымдарының докторы Кенжехан Матыжанов: «Абай тіршілік иесін адам және пенде деп екіге бөліп қарайды. Ақын үшін ең қымбат асылы – алғашқысы. «Адам деген даңқым бар», «Атымды адам қойған соң...» деп оны ерекше әспеттейді және сол адам деген құрметті атқа лайық болудың басты қасиеттерін санамалап жырға қосады. «Адам болам десеңіз, оған қайғы жесеңіз», «бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деп көрсетеді. Қашық болуға үндеп отырғандары: өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, бекер мал шашпақтық. Бұл адамға дұшпан жағымсыз істен қазіргі қа­зақ қоғамы да, жалпы адамзат та әлі арылып біткен жоқ. Ал үлгі ететін бес асыл ісі – «талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым» да күні бүгінге дейін адамзат тәрбиесінің күн тәртібінен түспей келе жатқан өзекті мәселелер. Ұлы ақын осы ой­ларын үнемі жетілдіре келіп, ақырында өзінің «Толық адам» ілімін қалыптастырған» деп Абай фило­софиясының адамзаттық мәселелерді қаузағанын атап өтті.