Руханият • 18 Қараша, 2020

Ерекше қабілет

466 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ел ішінде кез келген сөзді кері қарай оқитын қабілет иелері сирек болса да бар. Кезінде осындай өнерімен грузин қызы Майя Датунашвилидің көпшілікті таңдандырғаны ел есінде. Қарапайым халық мұны сенсация ретінде қабылдаған. Шындығында барлық адам үшін кез келген сөзді теріс оқу мүмкін емес. Бірақ табиғат ерекше қабілет берген жандар үшін бұл мүмкін екен.

Ерекше қабілет

Тараз қаласының тұрғыны Бесте­рекбай Бекберовтің де кез келген сөзді соңынан басына қарай оқитын қабілеті бала күнінде байқалған. Оның тағы бір ерекшелігі – ол тек жекелеген сөздерді теріс оқып қана қоймай, естіген сөйлемін де кері оқып бере алады. Тіпті, ол осы тәсілді қолданып, өлең оқып, ән де сала береді екен. Газет, кітап дегендеріңізді де соңынан басына қарай оқи алады. Біз де ерекше кейіпкердің өзімен жолығып, өнерін тамашаладық. Бұл күнде Бестерекбай Бекберовтің жасы жетпістің төңірегіне жетіпті. Кезінде көптің көзіне түсуді аса қаламаған ол осы күнге дейін бар өнерін болмысына жасырып жүріпті. Өнерін шағын ортада ғана болмаса, жалпақ жұртқа көрсетіп жар салмапты. Тек кезінде жергілікті басылымдар жазып, телеарналар көр­сетіпті. Өзінің айтуынша, ол сөздерді кері айтуға бала күнінде машықтанған. Оған кино көруге деген құштарлығы себеп болыпты. «Бір күні ауылға кино келді. Мұндайда ауыл балаларының клубты жағалайтын әдеті ғой. Бір топ баламен біз де клубқа бардық. Бұл жолғы кино – ежелгі грек батыры Спартак туралы. Киноның аты да «Спартак». Ере­сек адамдар кіріп болған соң, билет тексеруші апай бізге де назар аударды. Бірақ бізде билет жоқ. Содан ол кісі есік­те ілулі тұрған киноның жарнамасын нұсқап, бізге «Мына сөзді кім бірінші оқыса, сол кіреді», деді. «Спартак» деп жа­рыса жауап берген екі бала ішке кіріп кетті. Содан мен «Апай, мен сол сөзді теріс оқып берсем бәрімізді де те­гін кіргізесіз бе?», дедім. «Ал айта қой­шы» дегенде, «Катрапс» дедім. Апай жар­намаға бір, бізге бір қарады да, бәрі­мізді ішке кіргізіп жіберді», дейді ол. Кейіп­керіміздің жасы бұл кезде 12-де екен.

Әскерден келген соң Бестерекбай Бекберов облыстық «Колхозаралық құры­лыс» мекемесіне жұмысқа орналасады. Мұнда ол қатардағы есеп жүр­гізушіден құрылыс шебері, прораб дәрежесіне дейін көтеріледі. Әр жылдары Тараз қаласындағы «Хим­мон­таж», Қызылорда қаласындағы «ЛукОйл», Атырау қаласындағы «ТеңізШевройл» ұйымдарында қызмет етеді. Өндірістік жетістіктері үшін құры­лысшы Бес­терекбай Бекберовтің есімі 1981 жылы Қазақ КСР-нің «Ал­тын Кітабына» жазылады. Күнделікті тір­шілікпен жүріп ол бұл қабілетін танытуға көп ден қой­майды. Тіпті кезінде таныстары оған Майя Датунаш­вилиді сөзсайысқа ша­қыруға да кеңес беріпті. Бірақ оның бәрі де сөз күйінде қалған. «Ел іші – өнер кеніші» дейді қазақ. Бұл да көп кездесе бермейтін өнердің бір түрі болса керек. Егер Бес­терекбай сияқты қабілетті азаматты ел танып жатса, кезінде өздері таңданған Датунашвилидің өнерінен бір де кем соқпайтынын көрер еді. Бұл күнде Бестерекбай Бекберовтің арманы Майя замандасы сияқты Гиннестің рекордтар кітабына ену екен. Оның өнерін тама­шалаған адам бұған шәк келтіре қоймас.

 

Жамбыл облысы