Семей мемлекеттік университеті, дипломнан кейінгі білім беру кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ревматологтары ассоциациясы және Ресей федерациясы остеопороз ассоциациясының мүшесі, атақты ревматолог-дәрігер Райфа Латыпқызы Ивановамен сұхбатта ревматологияның өзекті мәселелері әңгімеге арқау болды.
Семей мемлекеттік университеті, дипломнан кейінгі білім беру кафедрасының меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ревматологтары ассоциациясы және Ресей федерациясы остеопороз ассоциациясының мүшесі, атақты ревматолог-дәрігер Райфа Латыпқызы Ивановамен сұхбатта ревматологияның өзекті мәселелері әңгімеге арқау болды.
– Адамның буыны мен сүйегі қақсап ауырған кезде жанын қоярға жер таба алмай, қиналатыны сөзсіз. Сөйте тұра, ревматизм сырқаты ұзақ жылдар бойы кардиологияның көлеңкесінде қалып келеді. Неге бұлай?
– Дәрігерлік қызметті таңдағаныма жарты ғасырдан асқан болса, соның соңғы 30 жылында ревматология мәселесімен шұғылданып жүрмін. Расын айту керек, Қазақстандағы ревматологияның екінші тынысы енді ғана ашылды. Оның біраз себептері бар.
Әдетте, кардиолог, терапевт мамандар сүйек-буын сырқаттарын емдейтін ревматолог дәрігерлікке қарай біртіндеп ауыса бастайды. Біз қазіргі таңда Ресей ғалымдарымен бірге қызмет етіп, еліміздегі ревматолог мамандығын жетілдірудеміз. Өз басым кандидаттық және докторлық диссертацияны көрші мемлекетте қорғадым. Қазір Қазақстанда кардиолог мамандар көбейіп келеді. Алайда, бұл салада әлі де болса кемшіліктер мен проблемалар жеткілікті.
Нарықтың өтпелі кезеңінде отандық денсаулық сақтау жүйесінде ревматология саласы бойынша белсенді жетекшінің болмауынан көптеген кемшіліктер орын алды. Мәселен, сол кезде «қаржы жетпейді» деген сылтаумен кез келген облыстардағы бас ревматолог қызметі қысқартылды. Денсаулық сақтау саласының басшылары обыр, жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, құрт ауруы сияқты сырқаттарды емдеуге назар аударды да, ревматологияны көзден таса қылып алды. Егер шындыққа жүгінсек, ревматизм аса қауіпті сырқат. Әлеуметтік маңызы жөнінен, тіпті, дамыған мемлекеттерде басты орын алып отыр. Обыр, жүрек-қан тамырлары және қант диабеті сырқатынан кейін біз сөз қозғап отырған ауру төртінші орында. Ревматойд артриті айлакер, аса қауіпті ауру. Бұл сырқат әдетте жастарға үйір, сондықтан жедел әрі дұрыс емдемесе арты қайғылы оқиғаға соқтырып жатады. Сол үшін медицинаның соңғы жетістіктері нәтижесінде пайда болған қымбат дәрілерді сәтті таңдап, емдеу курсын тағайындағанда ғана оң нәтижеге жете аламыз. Денсаулық сақтау министрлігі шетелдің қымбат әрі сапалы дәрілері мен дәрумендерін сатып алып, әр облыс орталықтарында ревматология бөлімдеріне жағдай жасағанда ғана ең қымбат адам өмірін сақтап қаламыз.
– Райфа Латыпқызы, Өскеменнің қалалық бірінші ауруханасында ревматология бөлімі бар. Оны білімді де білікті дәрігер Мұқан Сәрсембаев басқарады. Семейде де бұл сырқатты емдейтін бөлімдер бар. Ал, аудандарда сырқатқа шалдыққандар өңірдің екі басты қаласына келіп емделуге тырысады. Алайда, төсек санының жетіспеуі мен дәрі тапшылығының бар екеніне тұрғындардың көзі жеткен. Осы мәселе жайлы ойыңызды білсек.
– Дұрыс айтасыз. Кешегі Кеңес заманында ревматизм ауруымен сырқаттанғандарға барлық жағдай жасалатын, тегін дәрі беріліп, диспансерлік бақылауда тұратын. Олардың ауруханада жатып, емделуі қамтамасыз етілетін. Нәтижесінде сырқат жандар сауығып шығатын. Сол кездегі басшылар ревматологиялық сырқаттармен күресуге бел шешіп кіріскен соң, оң нәтижеге жететінбіз. Нарық кезінде дәрігерлер мен білікті мамандардың тапшылығы сезілді, оның үстіне ревматизмді емдеу, оның алдын алу көлеңкеде қалып келді. «Ештен кеш жақсы» демекші, Денсаулық сақтау министрлігінің басшылары соңғы кезде жіті көңіл бөле бастағандықтан, алға жылжу байқалады. Соңғы бірнеше жылдан бері министрлікке өз саласының білікті маманы, еліміздің бас ревматологы Ғалымжан Тоғызбаев келгеннен бері бұл салаға қан жүгіре бастады. Қызмет бабымен Ресей ревматологтары ассоциациясы және Қазақстандағы ревматологтардың қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған халықаралық, республикалық конференциялар мен форумдарда жиі боламын, сол кезде көпшілікті толғандырған артрит сырқатының алдын алуда елімізде соңғы бірнеше жылда бірқатар игі істердің жүзеге асқаны жайлы естимін де, қуанамын. Ревматолог дәрігерлер білімдерін жетілдіріп, курстарда оқуға қол жеткізді.
Соңғы екі жылда ғана еліміздің бас ревматологы Ғалымжан Асылбекұлымен бірге Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап шықтық. Қауіпті сырқатты емдеу, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде алға жылжу бар. Бір ғана мысал. 2012 жылдың басында елімізде небәрі 84 ревматолог болған екен. 17 миллион халқы бар кең-байтақ елімізге бұл аздық ететін. Қазір салаға көңіл бөлу нәтижесінде Қазақстанда ревматолог дәрігерлердің саны 300-ге жетті. Рас, олардың барлығы ревматологтар емес, басқа мамандықты жетілдіріп, оқып, үйреніп келгендер. Ендігі мақсат – Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан көңіл бөлінсе, жоғары оқу орындарында ревматолог мамандығын оқытуға мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізу болып табылады. Біздің кафедра соңғы 15 жылдан бері остеопороз және ревматойд артриті сырқатының құпиясын зерттеп, медицинада оны қалай емдеудің қыр-сырын жас мамандарға үйретуде. Айта кету керек, бұл мамандық жауапты әрі күрделі болған соң жастар терапевт, балалар дәрігері немесе хирург болуға назар аударады. Сондықтан қиындықтан қорықпайтын, батыл әрі тез шешім қабылдайтын жастарды ревматолог мамандықтарына баулимыз.
– Буын, сүйек сырқаттары неден пайда болады, оның алдын қалай алуға болады?
– Бұл сауал көпшілікті толғандырады. Әсіресе, осы сырқаттар әйелдерде көп кездеседі. 50 жастан асқан соң остеоартроз асқынып, сырқаттардың буындары, қол, аяқ, иық сүйектері қақсай бастайды. Адам ағзасында потологиялық ауытқушылық пайда болып, қауіпті аурудың белгілері көріне бастайды. Ревматизм тұқым қуалауы да мүмкін. Қатты суыққа ұрынғандар мен жүйкесі шаршап, сыр бергендер алдымен шалдығуы мүмкін? Сондықтан кез келген адамдар өзін күтіп, сүйектері қақсай бастаған кезде дәрігерлерге көрініп, тексерілсе қауіптің бұлты сейілетіні сөзсіз. Тағы да ескертемін, ревматойд артриті аса қауіпті, оған салғырт қарауға болмайды, ерік-жігеріңді жанып, емделгенде ғана діттеген мақсатқа жете аласыз.
– Өңірде медицина жоғары оқу орны, ревматология кафедралары болса, қауіпті аурудың алдын алуға болатыны сөзсіз. Егер ондай оқу орындары, кафедралар болмаса не істеу керек? Мәселен, солтүстік, батыс облыстардың тұрғындары сырқатқа шалдықса не болмақ?
– Біз ревматолог мамандарды даярлаудан, қолұшын беруден қашпаймыз. Олар талаптыларды бізге оқуға жіберсін. Өскемен, Павлодар, Петропавл қалаларында болған кезде осы салаға қажет мамандардың жетіспейтініне көз жеткіздім. Мәселен, біз бір мезетте он терапевті ревматолог мамандығына баулып шығара аламыз. Олар әрі кеткенде екі айда мамандыққа төселіп кететіні белгілі. Олар өз емханаларына оралған соң қызығушылық танытқан дәрігерлерді де мамандыққа баулып шығады. Тек ынта-жігер болса жеткілікті. Қазіргі таңда аудандарда ревматолог дәрігерлер мүлдем жоқ, оны қалпына келтіру қиын шаруа. Жақында Семей мемлекеттік медицина университетінің ректоры Т.Рахыпбековтың бастамасымен, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қолдауымен Өскеменде жоғары оқу орнының филиалы ашылды. Оған бюджеттен 80 миллионнан астам теңге қаржы бөлінді. Ендігі жерде осы сырқат көп кездесетін Кенді Алтайда ревматолог мамандығы бойынша бөлім жұмыс істей бастаса, нұр үстіне нұр.
Қазіргі таңда балалар арасында да қауіпті сырқаттың кездесуі әрбір ата-ананы ойландыруы тиіс. Бүгінде қаланы былай қойып, ауыл балалары да сүт тағамдарын ас мәзірінен шығарып тастаған. Олар адам ағзасындағы кальцийді құртып жіберетін кока-кола, түрлі қауіпті сусындармен өз денсаулықтарын құртып жатыр. Азаматтық борышын өтегісі келетін кейбір жастардың табаны жалпақ болғандықтан әскерге жарамай жатуында не сыр бар? Меніңше, дұрыс тамақтанбаудың салдары. Демек, кез-келген отбасындағы басты тұлға өз балалары мен немерелерінің болашағын ойламаса, соңы жақсылыққа апармайды.
– Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында кез келген ел азаматтарының дұрыс емделуіне жағдай жасау қажеттігі айтылған. «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөлінуде. Қазір бір кездері армандаған жүрек, бүйрек, басқа да сырқат түрлеріне операция жасау, тіпті, адам организмін ауыстыру жүзеге аса бастады. Қазақстан әлемдегі озық 50 мемлекеттің қатарына қосылды. Соңғы сауал болсын. Өз шәкірттеріңіз туралы да айтып өтсеңіз.
– Медицина саласында қызмет еткен 53 жылда онға тарта ғылым докторларын, кандидаттарды әзірлеп шығардым. Шәкірттерімнің арасында Астанада қызмет ететін медицина ғылымдарының докторы, профессор Сәуле Әбішева, Өскемендегі білікті дәрігер Мұқан Сәрсембаев, Г.Ибраева, басқа облыстарда жемісті қызмет етіп жатқандар бар. Олардың барлығы халықтың алғысына ие болып келеді. Алдағы уақытта да Қазақстанның көркейіп, адамдардың сергек, денсаулығы мықты болуына үлес қоса береміз.
Әңгімелескен
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
СЕМЕЙ.