Аймақтар • 18 Қараша, 2020

Алматыда індет жұқтырғандардың 30 пайызға жуығы аға буын өкілдері

144 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев коронавирус жұқтырған науқастардың 30%-ға жуығының аға буын өкілдері екендігіне алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атап айтқанда, КВИ жұқтырған науқастар арасында 40-59 жастағылар – 288 (32%) адам, 60 жас пен одан жоғары жастағылар – 240 (27%) адам.

Сондықтан Б. Сағынтаев қала тұрғындарын егде жастағы жақындарына жанашырлық танытуға шақырды.

«Жастар санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік шараларын сақтамай, адамдар көп шоғырланған жерлерге барып, вирусты үйге әкеледі, ата-аналары мен туыстарына жұқтырады. Сондықтан мен баршаңыздан қырағылық пен сақтық танытуларын сұраймын», - деді Б.Сағынтаев.

Эпидемиологиялық зерттеулер нәтижесінде 1 қазаннан 16 қараша аралығында КВИ инфекциясының жұқтыру оқиғасының 53%-ы қоғамдық орындарда болғандығы анықталды, олар: сауда және ойын-сауық орталықтары, дүкендер, базарлар және қоғамдық көліктер. Үйдегі науқаспен, симптомсыз жұқтырушы, жастармен байланыста болғандардың 23%-ы КВИ инфекциясын жұқтырған. Жұмыста КВИ науқасымен байланыста болғандардың 17%-ы инфекция жұқтырған. 4%-КВИ-ді шетелден әкелгендер.

Б. Сағынтаевтың айтуынша, Алматы қаласының тұрғындары мен қала қонақтары санитарлық-эпидемиялық қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаулары тиіс.

Б.Сағынтаев КВИ пандемиясының ықтимал екінші толқынына дайындық туралы айта келіп, Алматыда ковидтік госпитальдерде резервтік орындардың құрылғанын еске салды. Қуаттылығы 7226 төсек-орын болатын 32 ковидтік стационар әзірленді, оның 250-і жансақтау орындары.

Соңғы айлар ішінде екі жаңа емхана салынды – 500 төсек-орынды инфекциялық госпиталь; 300 төсек-орынды жаңа модульді стационар.

АМСК жұмысы күшейтілді. 74 емханада 298 мобильді бригада жұмыс істейді. Телемедицина орталығы құрылды. Қауіпті топтағы науқастармен телемедицина орталығының жетекші мамандары жұмыс істейді.

Фармпрепараттар және медициналық заттарының 10 млрд теңгені құрайтын тұрақтандыру қоры жұмыс жасауда. Тұрақтандыру қорның аясында 2021 жылдың ақпанына дейін қажетті 68 атаулы дәрі-дәрмек қоры жасалған.

Алматы әкімі Б. Сағынтаев КВИ ахуалының нашарлауына қаланың дайын екенін, бірақ азаматтардың өздері жеке жауапкершілік танытып, белгіленген карантиндік ережелерді сақтаулары тиіс екенін атап өтті.