Жаңа маусымның ашылуына арнайы қатысқан Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жөндеуден өткен театрдың ғимаратымен танысып, ұжым жұмысына сәттілік тіледі. Ел көлеміндегі жалғыз өзбек театры осыдан 17 жыл бұрын, яғни 2003 жылы 12 қазанда ашылған болатын. Театрдың ашылу салтанатына Елбасы Н.Назарбаев қатысып, өзбек ағайындардың қуанышын бөліскен-ді. Сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысында тұратын 600 мыңға жуық өзбек диаспорасы үшін театрдың ашылуы тілін, салт-дәстүрін сақтап қалуға, ұлтаралық татулықты нығайтуға ықпал еткені анық. Осы жылдар аралығында көрермен қауымға 80-нен астам спектакль ұсынған театр репертуарында бүгінде 50-ден аса қойылым бар. Әр жылдары Қазан қаласында, Бакуде және Қырымның шығысындағы Керчьте өткен халықаралық фестивальдерге қатысып, жүлделі орыннан көрінген театр ұжымы пандемия кезінде де жұмысын тоқтатпай, онлайн форматта өнерсүйер қауыммен байланысын жалғастырды. Театрда үлкен – 480 орынды және кіші – 80 орынды залдар бар. Штат саны – 53, оның ішінде шығармашылық қызметкерлер саны – 31.
Жаңа сахнада, жаңарған көрермен залында өткен жаңа маусымның ашылу салтанатында театр ұжымы қатысушыларға бірқатар спектакльдерден үзінді, концерттік бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ іс-шара барысында Шыңғыс Мұқан 2013 жылдан бері театр директорының қызметін атқарып келген Икрам Хашимжановты зейнеткерлікке шығуымен қала әкімі Мұрат Әйтеновтің атынан құттықтап, иығына шапан жауып құрмет көрсетті. «Тетардың тарихы тереңде, сонау 1929 жылы Шымкенттегі драма театр жанынан орыс және өзбек труппалары ашылған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін өзбек труппасы Қызылорда қаласына көшіріліпті. Алайда арада 3 жыл өткен соң бірқатар, оның ішінде актерлердің барып-келуі сынды қиындықтарға байланысты жабылған екен. Еліміз Тәуелсіздік алған соң 2013 жылы өзбек драма театры ашылды. Бұл елімізде өмір сүріп жатқан өзбек халқы үшін үлкен мәртебе әрі қолдау болды. Қазақстан мен Өзбектан арасындағы мәдени байланысты нығайтуға да зор септігін тигізді. Біздің театр көрші елдің бірқатар облыстарында гастрольде болып, өнер көрсетті. Өз кезегінде Өзбекстанның Қазақстандағы жылы шеңберінде көрші елдегі әріптестеріміз де гастрольдік сапармен келді. Бүгінгі іс-шараға, яғни жаңа маусымның ашылуына Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінен құттықтау хаттар келіп жатыр. Әлемді әбігерге салған пандемия да өтер, яғни көрші мемлекеттермен байланыс жалғасын табары анық», дейді Икрам Хашимжанов. Зейнет жасына жетіп, жастарға орын беруді жөн санаған Икрам Хашимжанов енді бас директордың кеңесшісі ретінде театрдың дамуына үлес қоспақ.
Шымкент