Қазақстанның әлемдегі маңызды оқиғаларды талқылауда, тараптар арасында сындарлы диалог орнатып, түйткілді мәселелерді шешуде бірегей алаңға айналғаны белгілі. Еліміздің бейбітшілік орнатып, дамыған қоғам қалыптастырудағы бұл рөлі халықаралық ұйымдар мен әлем көшбасшыларынан тиісті бағасын алып келеді. Елбасының Орталық Азияны мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен келісім алаңына айналдыру туралы бастамасы сәтті жүзеге асып, Қазақстанда өткен белді сарапшылардың, мемлекет басшыларының басын қосқан ірі халықаралық шараларға әлем жұртының назары ауды. G-Global жобасы да барша мемлекетке ортақ ғаламдық дағдарыстарды еңсеруді көздейді. Ол үшін байланыс алаңында айтулы ғалымдар, сарапшылар, қайраткерлер мен жауапты органдардың өкілдері бас қосады. Биылғы конгресс Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылып отыр. Келелі жиында көтерілетін тақырыптар қоғамда қордаланған мәселелерді қамтиды.
18-20 қараша аралығында конгресс жұмысына бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары, халықаралық қаржы ұйымдары мен ірі бизнес басшылары, әлемдік деңгейдегі жаһандық сарапшылар, Нобель сыйлығының лауреаттары қатыспақ. Экономика мен сауданың тұрақты өсуінің, қаржылық дамудың, сондай-ақ қалалардың білім мен инновацияның халықаралық орталығы ретінде әлеуетін өсірудің жаңа жолдары қаралатын болады.
Одан бөлек жиынды қорытындылай келе, қазіргі жағдайда жаңа сын-тегеуріндерге қарсы тұру бойынша жетекші сарапшылардың ақыл-кеңестері ескерілген ұсынымдар әзірленбек.
Жалпы, осы үш күнде «Бір белдеу – бір жол» жобасын іске асыруда блокчэйннің рөлі, қала мэрлерінің форумы, экономика, сауда, инвестициялар қазіргі жағдайдағы қаржылық саясат және тұрақты өсу стратегиясына арналған 7 онлайн шара өтеді. Сондай-ақ іргелі жиынның соңғы күні университеттердің жаһандық конгресімен аяқталады. Іс-шараны ұйымдастыруға ЮНКТАД, ЭКОСОС, «Мадрид клубы» Дүниежүзілік көшбасшылар альянсы, BBC World News, жаңартылған Бреттон-Вудс комитеті атсалысқан.
Конгрестің алғашқы форумы «Блокчейн: «Бір белдеу – бір жол» жобасын іске асырудың тиімді тәсілі» тақырыбына арналды. Сарапшылар осы озық технологияны қолданудың ерекшеліктерін, үкіметтер мен технологиялық компаниялардың бастамалары мен тәжірибелерін ортаға салды. Блокчейн технологиясы соңғы жылдары, әсіресе криптовалюта саласында кеңінен қолданыла бастады. Алайда бұл тәсілді қаржылық операциялар, ақпараттық технологиялар, киберқауіпсіздік секілді өзге де салаларда қолдануға болады. Блокчейн ең алдымен банк мекемелері мен үкіметтік ұйымдар үшін өте тиімді екен. Шараны EuroMed Capital төрағасы Дэйв Пулис пен IBM Blockchain компаниясының серіктесі Энтони Дэй жүргізді. Д.Пулис интернет әлемді өзгертті десек, блокчейн интернеттен де үлкен әсер туғызатынын жеткізді.
«Біз қазір бұл саланың бастауында тұрмыз. Құрамын зерттеп, пайдасын таразылауымыз керек. Бұл технологиямен таныс емес адамдар үшін бұл саланың әлеуеті мен көлемін түсіну қиын соғып жатады. Біз бүгінгі форумда блокчейн жұмысын қалай реттеуге болатынын, табыс табу тетіктерін және үкіметтік ұйымдар мен жеке секторда енгізудің ерекшеліктеріне тоқталамыз», деді сарапшы.
Қос секторда да жұмыс істеп жүрген IBM Blockchain компаниясының серіктесі Энтони Дэй блокчэйннің болашағына сенетінін айтты. «Бұл – ауқымды технология. Деректерді үйлестіру, тауар жолда ма, актив иесі кім болады деген секілді ақпаратты баршаға бір мезетте таныстыру секілді ақпарат алуға қатысты бірыңғай жүйені қалыптастырады», деді спикер.
Мальтадағы цифрлы инновация жөніндегі басқарманың төрағасы және LEdger Үйлестірілген Технологиялық институттың басшысы Джошуа Эллул бастапқыда қаржы секторында пайдаланылған блокчейн технологиясы қазір денсаулық, білім беру секілді әлеуметтік салаларда да пайдалана бастағанын және сұраныстың көбейгенін алға тартты. Мәселенің құқықтық жағын қарастырған заңгер Макс Ганадо АҚШ, Қытай, Жапония секілді елдер технологияға қарсы болғанын айтады. Сол себепті технологияның әлеуетін қарастыра келе, заңдастыру мәселесін қолға алған.
Келесі шара қала мэрлерінің форумына ұласты. Жібек жолы бойындағы елдердің қала мэрлерінің басын қосқан бұл алаңда өңірлердің сапалы өсуі мен дамуының жаңа мүмкіндіктері талқыға түсіп, қатысушылар өз тәжірибелерін ортаға салды. Дәстүрлі алаң жұмысында сөз алған G-Global халықаралық хатшылығының басшысы Серік Нөгербеков «Еуропа мен Азияны байланыстыратын ортақ платформа құруды мақсат еттік. Бұл форум үшінші рет өтіп отыр. Шара арқылы қала басшыларының өзара ынтымақтастығын арттырып, білім мен ғылым саласындағы инновациялар арқылы өңірлердің дамуын, инвестиция тартуына серпін бергіміз келеді», деп атап өтті.
Форумға қатысқан Қазан қаласының мэрі Ильсур Метшин, Париж мэрінің орынбасары Арно Нгача, Украинадағы Хмельницкий қаласының басшысы Александр Симчишин, Самарқан қаласының әкімі Б.Облакулов, сондай-ақ Бішкек пен Қытайдың Сиань және Харбин қалаларының өкілдері әлемдегі жаңа жағдайда қалалық инфрақұрылымды дамыту, инновациялық шешімдерді енгізу, смарт-туризм, қалалардың экологиясы, сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» жобасын ілгерілету мәселелерін талқылады.
Алдағы күндері жаһандық мәселелерді көтерген беделді алаңда дағдарыс жағдайында қаржы, экономика саласын дамытудың, Еуразия құрлығының өзекті мәселелерін шешудің жолдары көтеріледі. Сондай-ақ отандық және шетелдік жоғары оқу орындарының басшылары, ғылым академияларының, ЮНЕСКО және білім беру қорларының өкілдері қазіргі жағдайда салада қордаланған мәселелер мен мүмкіндіктерге қатысты орамды ойларын ортаға салады.