Ведомство басшысы жаңа жүйені енгізудің басты мақсаты көпшілік үшін білім саласындағы қаржыландырудың ашықтығын және тиімділігін бақылауды қамтамасыз ету екенін жеткізді.
«Бухгалтерияны, кадрларды, есепке алу мен бюджетті жоспарлауды автоматтандыру сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін алдын алуға және қаржыны тиімді пайдалануды арттыруға жағдай жасайды. Яғни, мектептің бюджетіне, оның әрбір жұмсаған теңгесіне қатысты ақпаратқа біздің министрлік, басқа құзырлы мемлекеттік органдар және азаматтық қоғам өкілдері қол жеткізе алады. Бұл – маңызды бастама. Білім беру саласын қаржыландыру жылдан жылға артып келеді.
Әрине, оның қаншалықты жеткілікті немесе жеткіліксіздігі жөнінде көп айтуға болады. Алайда сол бөлінген қаражатты тиімді пайдалану маңыздырақ», деді А.Аймағамбетов.
Министр өз сөзінде көпшіліктің «мектептерді, балабақшалар мен колледждерді Білім және ғылым министрлігі республикалық бюджет есебінен қаржыландырады, сондай-ақ жалақының уақтылы, дұрыс есептелуі, оқулықтарды сатып алу немесе білім беру ұйымдарындағы жөндеу жұмыстарын да министрліктің өзі тікелей жүргізеді», деп қате ойлайтынына тоқталды.
«Заңға сәйкес бұл жұмыс – әкімдіктердің құзырында. Елімізде білім беруді басқару органдарының саны 200-ден асады, яғни қаржыландыру да сол қалалар, аудандар мен облыстардың бюджетінен өтеді. Әкімшілендіру деңгейі әртүрлі әрі көп болған соң оларды қадағалап отыру өте қиын. Сол себепті облыстық білім басқармаларының өзі көп жағдайда жалақыны уақтылы төлеуге, оқулықтарды сатып алуға немесе мектеп, колледждерді жөндеу жұмыстарына қатысты проблемаларды бұқаралық ақпарат құралдарына шыққанда немесе шағымдар келіп түскенде біліп отырады. Бұл мүлдем дұрыс емес. Ата-аналар мен мұғалімдерге орын алған проблемаларға кім жауап беретіні, неге бұлай болғаны емес, олқылықтардың орын алмауы маңызды ғой. Сондықтан қаржыландыру механизмдерін енгізу және барлық қаржыландыру жүйесін цифрландыру бойынша бастаманы қолға алдық», деді министр.
Аталған жүйе осы уақытқа дейін елорда мен Павлодар облысындағы білім беру ұйымдарында пилоттық жоба ретінде апробациядан өтіпті. Нұр-Сұлтан қаласы білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова бас шаһардағы білім беру ұйымдарының 2018 жылдан бері осы жүйемен жұмыс істейтінін айтты.
«Ең алдымен, бұл жүйе бізге бухгалтерлер санын 40 пайызға дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ қаржыға қатысты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етеді. Себебі ақпарат қолжетімді. Білім беру ұйымының басшысы қай операцияның қашан және кім орындағанын біліп отырады. Елордада бюджет қаражатынан бірнеше млрд теңге үнемделіп, білім беру ұйымдарының қаржылық қызметі реттелді. Бухгалтерлік және салық есебіне алу барысында бұзушылықтар саны едәуір қысқарып, шығындар бойынша тәуекелдер азайды. Аталған жоба жалақыны дұрыс есептемеу, қаржылық бұзушылықтар, жоспарлау, қаржыландыру кезіндегі субъективизм сияқты проблемаларды шешуге және білім беру мекемелерінің қаржылық жағдайына жедел мониторинг жүргізуге жағдай жасайды. Бухгалтериямен қоса бюджетті жоспарлау, мемлекеттік сатып алу, тарификациялау, жұмысқа алу процестері де автоматтандырылады», деді Ш.Қадырова.
Министрліктің мәлімдеуінше, жаңа жүйеге көшу үшін жеткілікті уақыт берілген, алдағы қаңтар айынан бастап бұл жоба барлық білім беру ұйымдарына енгізіледі. Қарапайым тілмен айтқанда, «Бұлтты бухгалтерия» жүйесі жемқорлықтың алдын алады, мұғалімдердің жалақысына және мекемелерге сатып алынатын жабдықтарға (мысалы, соңғы кездері сатып алынған компьютерлердің құнына) қатысты түрлі даулы пікірлерге де нүкте қоймақ.