Ақтөбе топырағында тұратын татарлар қоныс аудару уақытына және қай жерден келгендеріне қарай сан алуан. Мұнда қазандық, уфалық және қасымдық татарлар, Нижегород және Саратов губернияларынан қоныс аударған мишарлар тұрады. Қазақ халқымен қашаннан қарым-қатынасы қалыптасқан татарлардың татулық тамыры тым тереңде жатыр. Олар негізінен сауда-саттықпен, ұсақ шаруашылықпен айналысқан. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Ақтөбе өңірінде татар көпестері саудамен шұғылданды, делдал болды, тілмаштық қызмет атқарды.
Ақтөбе топырағында тұратын татарлар қоныс аудару уақытына және қай жерден келгендеріне қарай сан алуан. Мұнда қазандық, уфалық және қасымдық татарлар, Нижегород және Саратов губернияларынан қоныс аударған мишарлар тұрады. Қазақ халқымен қашаннан қарым-қатынасы қалыптасқан татарлардың татулық тамыры тым тереңде жатыр. Олар негізінен сауда-саттықпен, ұсақ шаруашылықпен айналысқан. Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан Ақтөбе өңірінде татар көпестері саудамен шұғылданды, делдал болды, тілмаштық қызмет атқарды.
Татар көпесі Мурзахат Ғаббасов – Ақтөбеде алғашқы қасапхана ашқан, жел диірменін пайдалануға берген өңірге белгілі адам. Кезінде татар слабодасының старостасы болған. Қазір де татарлар өздерінің елге белгілі қандастарын мақтаныш тұтады. Татар ақыны Мұса Жәлилдің серіктесі, Ақтөбедегі тұңғыш татар мектебінің директоры, қаза тапқаннан кейін I дәрежелі Ұлы Отан соғысы орденімен марапатталған Ғайнан Құрмашевті, Кеңес Одағының Батыры Рауф Кутуевті тек қана татарлар ғана емес, ақтөбеліктер де құрметтейді. Құрмет тұтқаны сол, облыс орталығында екеуінің атында да көше бар, ал Ғайнан Құрмашевтің аты қаладағы орта мектептердің біріне берілген.
Біз әңгімелескен «Шатлық» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің төрағасы Равиль Құрбанғалиевтің ата-бабалары да XVIII ғасырдың басында қазіргі Алға ауданының Ильин елді мекені маңына қоныс аударған екен. Бір үйдің апалы-сіңлілі үш қызына үйленген ағайынды үш жігіт шаруасын жүргізіп, қазақ ағайындарымен тіл табысып, тамырын тереңге жайған.Ұзақ жылдар наркологиялық диспансерді басқарған Равиль Құрбанғалиев зейнетке шыққан соң өзі туып-өскен ауылға барып, шаруа қожалығын ұйымдастырып, ата-баба кәсібіне балаларын, немерелерін жұмылдырып жатыр екен. Осында тоған шаруашылығын ашып, бағбандықпен айналысуда. Трактор сатып алды, ауыл шаруашылығымен айналысуға бағыт ұстауда.
– Облыста 9 мыңнан астам татар тұрады. Біздің бірлестікке келсек, он бір адамнан құрылған бастамашы топтың ұйғарымымен құрылып, 1999 жылы ресми тіркелді. Бірлестік құрудағы мақсат ұлттық тамырынан ажырап бара жатқан кейінгі жас ұрпаққа этностық құндылықтарымызды, мәдениетімізді үйрету, ана тілімізді сақтау және өз халқымыздың салт-дәстүрін дамыту болып табылады. Бірлестік жұмысының бірден-бір басты бағыты екі халықтың – татарлар мен башқұрттардың өзіндік мәдениеті мен салт-дәстүрлерінің аражігін ажыратпай, ілгері күнге жеткізу. Екі халықтың өзара байланысу тамыры тереңде жатыр. Осы заманғы зерттеулердің өзі екі халықтың тілі, салт-дәстүрі, мәдениеті ғана ұқсас емес, гендік деңгейде де бірдей екенін көрсетуде. Сондықтан да болар, бәлкім, қоңсылас қонған қос халықтың бірлігінің белгісіндей бірлестік эмблемасында башқұрттың ұлттық батыры Салауат Юлаев пен татар ханшайымы Сүйінбикенің бейнесі бедерленген. Қазір біздің алдымызда тұрған міндет – жастарға ата-баба ұстанғанның барлығын беру. Біз ежелгі қазақ жерінде үлкен достық жағдайында тұрып жатырмыз. Мерекелерімізді, тойларымызды және сабантойларды бірігіп өткіземіз. Сабантой аясы кеңейе түсті. Бұрын еліміздегі татар-башқұрт этностарының өкілдері ғана жиналатын, соңғы сабантойға Татарстанның Премьер-министрі келді, Башқұртстан Үкіметінің жауапты адамдары қатысты.Осында тұрып жатқан халықтармен достық қатынастамыз, көбісімен қыз алысып, қыз берісіп, құда-жегжат та болып кеттік. Әсіресе, қонақжай қазақ халқымен бір атаның балаларындай татулықтамыз. Мұсылман халықтарының басты мерекесі – Құрбан айтты ортақ тойлаймыз. Бұл бағытта этномәдени бірлестік жанынан құрылған ақсақалдар кеңесі ақыл-кеңес беріп, көмектеседі. Ақсақалдарымыз жастарды ана тіліне, ділі мен дініне, тарихи отанына, мәдениеті мен салт-дәстүріне құрметпен қарауға тәрбиелейді, – дейді бірлестік төрағасы Равиль Құрбанғалиев.
Бірлестікте ұрпақтар сабақтастығына айрықша назар аударылады. Бірлестік белсенділері соғыс және еңбек ардагерлеріне, аз қамтылған отбасыларына қайырымдылық көмек көрсетеді. Қазір олардың да қатары сирей бастаған. Бұрын бірлестік қамқорлық жасайтын елуге жуық соғыс ардагері болса, соның 36-сы ғана қалды. Бірлестік белсенділері Ұлы Жеңіс мерекесінде, басқа да атаулы күндері оларға арнап қайырымдылық шарасын өткізеді, жас ұрпақтың жадында олардың ерліктері мен ерен еңбектерін жаңғыртады. Бірлестіктің ұйытқы болуымен облыс орталығында Ғайнан Құрмашевқа орнатылған ескерткіш бюстті жаңартып, жаңғырту да кейінгі ұрпаққа өнеге болар іс деу орынды. «Шатлық» орталығының арқасында жүздеген ақтөбелік балалар мен қыздар өздерінің тарихи отанында болып қайтты. Ал, көптеген мектеп түлектері Татарстан мен Башқұртстанның жоғары оқу орындарында білім алуда.
«Достық» үйінде жексенбілік мектепте балалар ана тілдерімен қатар, мемелекеттік тілді оқып-үйренуде. Бұрындары бұл мектепке баратындар саны 100-ден асып жығылатын. Қазіргі таңда жексенбілік мектепте 67 бала оқиды. Бұрын татар тілінен сабақ беретін мұғалім тегін жұмыс істейтін. Бес жылдан бері мемлекет қаржыландырып отыр. Қалада 1964 жылы драма үйірмесі құрылып, ол елімізге белгілі көркемөнерпаздардың ән-би ұжымына айналды. Мақсут Хисамутдинов жетекшілік ететін «Язгы моннар» ансамбліне 1988 жылы халықтық атағы берілді. Ал кейін оның тағы бір жетекшісі Лилия Ибрагимова мәдени саладағы жетістіктері үшін Қазақстан Президентінің Алтын медалімен марапатталды. 1995 жылы ансамбль жанынан «Сайлян» балалар ұжымы құрылды. «Язгы моннар» ән-би ансамблі еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасының Қазақстанда тұратын этностардың мәдениетін дамытуға деген сарабдал саясатының нәтижесінде шығармашылық қызметін жалғастырып, барлық мерекелік шараларға, жыл сайын өткізілетін Қазақстан халқының достығы фестивальдеріне қатысып, ұлтаралық келісім мен бейбітшілікті, бірлікті нығайтуға қызмет етіп келеді.
Бірлестіктің ұйытқы болуымен жыл сайын дәстүрлі өтетін татар ақындары Ғабдолла Тоқай, Мұса Жәлилдің әдеби кештері, «Чак-Чак пати» ұлттық тағам мерекесіне этностар өкілдері ғана емес, бүкіл қала тұрғындары қатысып, туысқан татар халқының әдебиеті мен мәдениетінен рухани азық алады, көңіл көтереді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.