Қоғам • 19 Қараша, 2020

Қашықтан қызмет көрсетеді

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы жылдың 17 қа­ра­шасынан бастап республикалық ма­ңызы бар қалалар мен облыс орта­­лықтарының тұрғындары үшін тес­тілік режімде халықты жұмыспен қам­ту орталықтарының қашықтан қыз­мет көрсету функциясын іске қосты.

Қашықтан қызмет көрсетеді

Қазақстандықтар Электронды еңбек биржасындағы (ЭЕБ) «жеке кабинетінде» жұмыс іздеп жүрген адам ретінде есепке тұра алады, мемлекет субсидиялайтын бос жұмыс орындарын өз бетінше таңдай алады және көптеген қызметке қол жеткізеді. Аталған қызметтерді онлайн-режімде алу үшін электронды цифрлы қолтаңбаны пайдалана отырып, ЭЕБ-да тіркелу қажет.

«Электронды еңбек биржасындағы қанатқақты жоба жұмыссыздарды тіркеу рәсімдерін жеңілдету және жұмыспен қамтуды қолдау бойынша мемлекеттік қызметтерді, оның ішінде жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді алуды жеңілдету үшін іске қосылды. Енді барлығын тек интернет, компьютер және электронды цифрлы қолтаңбаның көмегімен жасауға болады», дейді «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ президенті Дәулет Арғындықов.

Интернет немесе компьютер болмаған жағдайда қызметтерді халықты жұмыспен қамту орталығында өзіне-өзі қызмет көрсету аймағын пайдалана отырып алуға болады. Бұл азаматтарға ХЖҚО маманына қабылдауға кезек күтпеуге және COVID-19 індеті жағдайында физикалық байланыстарды азайтуға мүмкіндік береді.

«Қызмет толықтай автоматтан­ды­рыл­ған. Бұл дегеніміз, егер портал үш жұмыс күні ішінде адамға лайықты жұмыс таба алмаса, онда Электронды еңбек биржасы жұмыссыз ретінде автоматты түрде тіркейді. Осылайша, адам факторы толығымен алынып тасталады», дейді Д.Арғындықов.

«Жеке кабинетте» қазақстандықтар өздерінің тіркелу кезеңдерін қадағалай алады. Жұмыссыз мәртебесін алғаннан кейін азаматтар онлайн-режімде ЭЕБ-да жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемге өтінім бере алады және мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарын – жас­тар практикасында, әлеуметтік жұмыс орындарында, қоғамдық жұмыстарда бос жұмыс орындарын өз бетінше таңдай алады.

Жұмыс іздеп жүрген адам жұмыссыз ретінде тіркеу, мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жіберу, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алу бойынша қызмет көрсету туралы толығырақ ЭЕБ порталынан немесе халықты жұмыспен қамту орталығынан білуге болады.