Руханият • 19 Қараша, 2020

Бельгер бейнесі – ел жүрегінде

420 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Қазақтың қуанышы – менің қуанышым» деп өткен қабырғалы қаламгер, көрнекті аудармашы Герольд Бельгер ақтық демі қалғанша әдебиетке деген адалдығынан танған жоқ. «Ұлтым неміс болса да, қазақтың жанын бір кісідей түсінем» дейтін жазушыны қазақ халқы да жүрегінде әлдиледі. Өмірден көшсе де көңілден өшпейтін із қалдырған тұғырлы тұлғаның Алматыдағы 40 жыл бойы тұрған үйінің қабырғасына ескерткіш тақта орнатылды. Былтыр арманына қанат бітірген ару қалада дарын атына көше берілген еді.

Бельгер бейнесі – ел жүрегінде

Жазушының есімі тасқа ба­сылған тақтайша Бельгер тұр­ған үйдің белгісі ғана емес, әрлі-берлі өткендерге Гер­аға­ның өмір өткелдерінен сыр аңда­тып тұр­ғандай. Себебі дәл осы қабырғада жазушы шы­ғар­машылығындағы ең бір шуақты жылдар өтті. Елу­ден астам прозалық, әдеби-сын кі­тап­­тардың авторы 200-ге тарта қазақ қаламгерінің отты шы­ғар­­маларын орыс және неміс тіл­дерінде сөйлетті. Руха­ни тұтас­тық пен ұлтаралық тату­лық­ты ту еткен туындыгер қоғамдағы түйінді мәселелерге де азаматтық үн қосты. Ізгілік шамы сөнбесе деп тіледі. Мемориалдың ашылу салтанатына келген зиялы қауым өкілдері Герольд Бельгер салған соқпақ алып даңғылға айналғанын айтады.

Салтанатты шараны ашып берген ақын Олжас Сүлейменов, қаламгердің өмір өрнегіне тоқ­тала келіп: «Қандай адам Қазақ­станның символына айнала алады?» деген сауалға еш бө­гел­местен Герольд Бельгер деп жауап берген болар едім. Нағыз интернационалды тұлға біздің Қазақстанның барлық этностық шығу тегі мен мәдени шығу прин­циптерін біріктірді. Қай тілге болса да қамшы салдырмайтын, алған бетінен қайтпайтын Герольд Бельгер секілді жазушы әлемде кемде-кем. Ол қазақ хал­қының ұлы досы. Біз оған мәң­гілік қарыздармыз», деп игі басқосудың мән-маңызын, да­рынның әдебиеттегі ауыр сал­мағын саралап берді.

Шығармалары оқырман жү­регіне жол тапқан талант иесінің рухын аспандатқан басқосуда Герольд Бельгердің жазушылық қыры мен азаматтық сыры да айтылмай қалған жоқ. Қаламгердің қанаттас-қаламдастарымен қа­тар, әдебиеттегі ізін басқан іні­лері де ізгішуақ лебіздерін жолдады.

– Қазақ әдебиетінің бірнеше авторын орыс тіліне аударған Герольд Бельгер Абай әлеміне де терең бойлап, Гете мен Абай туын­дыларының өзара үндестігін зерттеді. Қазақ үшін оның ор­ны бөлек. Өйткені ол өмір бо­йы қазақтың мәдениеті мен әдбиетіне, қазақтың тіліне қызмет етті. Қазақ жазушыларының ішін­де өзінің библиографиясын жасап кеткен, өзінің өмірбаянын түзіп, шығармасын тізімдеп, қаттап-шоттап кеткен бір адам болса, ол – Герольд Бельгер. Оның «Қазақ дәптері» деген кітабы бар. Онда халқымыздың мәдениетін, тілін, жан дүниесін керемет ашып көрсеткен. Қазақтың жүрегін қазақтан артық түсінген бір адам болса, ол тағы да Бельгер деп ойлаймын, – дейді Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов.

Шынында да саналы ғұмы­рының сәулелі сәттерін әдебиет әлеміне бағыштаған Бельгердің қазақ халқына деген махаббаты шығармалары арқылы көптеп көрініс табады. Оған жазу­шы­ның «Абай и Гете» зерттеу ең­бегіндегі: «Менің Абайды тануым Гетені түсінуден басталуға тиіс сықылды еді. Қаншама қазақша оқып, қазақ ауылында өстім дегенмен, неміс емеспін бе? Бірақ бәрі керісінше болып шықты. Мен әуелі Абай арқылы Гетені таптым. Бұл әншейін ай­тыла салған жылтырақ сөз емес. Басқасын былай қойғанда, Гете­нің әйгілі «Жолаушының түнгі жыры» атты өлеңін мен әуелі Абайдың «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлеңін оқып барып, Лермонтовтың «Тау шың­дары» арқылы бойыма сіңі­ріппін», деген жолдары дәлел.

«Герольд 2015 жылдың 7 ақпанында мәңгілік мекеніне аттанды. Сол кезде оның жаназасына соншама жұрт жина­лады деп ойлаған жоқ едім. Ол өте қарапайым адам бола­тын. Өзін ешқашан жоғары ба­ғаламайтын. Тіпті маған бірде: «о дүниеге кетсем бір-екі жылдан соң-ақ ұмытыламын» деп айтқаны бар. Бірақ олай емес екен. Еңбегі еленіп, халықтың, қоғамның есінде екеніне міне, бүгін куә болып отырмын», дейді жазушының жары Раиса Хисматулина.

Г.Бельгер 1934 жылы 28 қа­занда Саратов облысындағы Энгельс қаласында дүниеге келген. 1941 жылы ол ата-анасымен бірге неміс ұлтының өкілі ретінде Қазақстанға жер аударылған. Ол осыдан бастап Солтүстік Қазақстан облысындағы қазақ ауылында өсті. Осында қазақ тілін жетік меңгеріп шықты. Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетін бітіріп, еңбек жолын Жамбыл облысында орта мектепте орыс тілі мен әдебиетінен сабақ беруден бастады. 1971 жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке қабылданып, ұлт әдебиетінің тасын өрге дөңгелетуге сүбелі үлес қосты. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, неміс мәдени қоғамы Алматы қаласындағы бөлімшесінің төр­­ағасы, Қазақстан немістері кеңесінің мүшесі және Қазақстан Республикасы Президенті жа­нындағы Мемлекеттік саясат жөніндегі ұлттық кеңестің мүшесі секілді жауапты қызметтерді де алғаусыз атқарды. Осыдан бес жыл бұрын жазушыны ақ­тық сапарға шығарып саларда сөй­леген сөзінде Әбіш Кекілбаев: «Қазақ әдебиетіндегі Бельгер соқпағы да уақыт өте келе, күні-түні жүрісі тоқтамайтын нағыз күре жолға айналғанын көріп отырмыз. Халықтар, қоғамдар, мә­дениеттер арасындағы жыл­дан-жылға жиілей түскен үн­қа­тысуларға үзбей атсалысып келе жатқан, қайсарлана алға ұмтылып, қайраттана ой тол­ғаған айтулы азаматтың, кемел тұл­ғаның асқақ даусы барған сайы­н саңқылдай түсері анық. Ендеше, ол өлмейді. Өзі болмаса, сөзі мәңгі өшпес өмірмен бірге жасай бермек», деп тебіреніп еді.

Бельгер әлемінің бір белгі­сіндей болған ескерткіш тақ­тайша дана Әбіш тілге тиек еткендей, рухани тұлғаның ел жү­регіндегі екінші өмірінің бас­талғанын айғақтай түседі.

 

АЛМАТЫ